1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №49 (16235)   20 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
20 маусым 2017
Елдос ЖҰМАҚАНОВ, дзюдошы: ЕНДІ ЕСЕ ЖІБЕРМЕУІМІЗ КЕРЕК

– 2016 жылдың соңында 73 келіге қайта ауысып, үш жарысқа қатысып, Ақтаудағы Тұрар Жолдыбаев турнирінде жеңіске жеттіңіз. Қалған екі әлемдік жарыста бұл салмақта жолыңыз болмады. 2017 жылғы алғашқы жарысты қайта 66 келімен бастап едіңіз, Азияның күмісін алдыңыз. Бұл салмаққа оралдыңыз ба, әлде уақытша ма?
– Рио олимпиадасына дейін 66 келіде күрестім, одан кейін денсаулығыма байланысты 73 келіге ауыстым. Саған құпиямды ашайын, маған сол кезде демалыс керек болды. Еркіндік қажет еді. Содан өзім 73 келіге уақытша, «ол, мүмкін, бір жыл, әлде жарты жылға жуық уақыт болады» деп белгілеп, келесі салмаққа белгілі бір уақытқа дейін өту туралы байламға келдім. Аллаға шүкір, өзім ойлағандай, 66 келіде Азия чемпионатына қатыстым, келесі меже – әлем және олимпиада ойындары. Мен қанша салмақ қоссам да, 73 келіге жетпейтінмін. Басқа салмақтың аты – басқа салмақ. Ірі екі турнирде жеңілдім. Париждегі Гранд-сламда олимпиаданың күміс жүлдегері, әзірбайжан Рустам Оруджевке жол бердім. Енді, Алла бұйыртса, 66 келіде тұрақты түрде күресемін.
– Өзіңіздің күнделікті жаттығуларыңыз қалай жүргізіледі? Демалыс күндеріңіз қалай?
– Күніне екі уақыт жаттығу жасаймын. Таңертең жүгіріп, денешынықтыру жаттығуларын жасасам, кешкісін міндетті түрде татамиге барамын, сол жерде тер төгемін. Одан тыс, жаттығу залдарына барып тұрамын. Демалыс күні деп тек жексенбіні айтамын, оның өзінде жеңіл жаттығулар жасаумен қатар, жүгіру міндетті бағдарламамда бар. Демалысты өзіңе-өзің жариялап жатып алуға да болады, бірақ еңбек етіп, тер төкпеген спортшының жеткенінен жетпегені көп болады.
– Өзінің алдына мақсат қоя білетін спортшылардың қатарынансыз. Әр жарыстан кейін бір жоспардың туындайтыны белгілі. Ендігі жоспар қандай?
– Әрине, кез келген спортшының жарыстан кейін мақсаты мен міндеті айқындалып, алға қарай ұмтыла түсетіндігі белгілі. Менің мақсатым айқын, ол – олимпиаданы жеңу, әлем чемпионы болу. Өз еліңді тұғыр биігінде көк туды көтеріп, әнұранды ойнату арқылы өзге мемлекетке таныстырып жатсаң керемет емес пе? Ол – спортзалда тер төгіп жүрген кез келген спортшының арманы. Алланың қалауымен бәрі болады деген үміттемін.
– Сіз ұнататын спортшы. Ол несімен ерекшеленеді?
– Ұнату мен ұқсау кішкентай кезімде болды, қазір жоқ. Балалық шақта әлемдік жарыстарда топтан қара үзгендердің бәрін жақсы көресің ғой (күліп). «Солар сияқты қашан жүреді екенбіз?» деген балалық арман болды.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Жолдастарыммен бірге өткіземін. Әр мезгілге қарай сол уақытқа сай келетін спорт түрлерімен шұғылданамын. Мәселен, жазда футбол ойнаймыз, қыста сноубордпен айналысамыз.
– Рио олимпиадасының жолдамасына сынық сүйем қалған тұста сүріндіңіз. Келесі олимпиадаға қатысу мақсатыңыздың бірі екендігі анық. Токио татамиіне шығу үшін қандай еңбектер мен ерліктерге барып жатырсыз? Басты қарсыластарыңызды жіктеп, олардың әр әдіс-тәсіліне тоқталыңызшы...
– Иә, Рио олимпиадасына қатыса алмадым. Олимпиада басталардан үш ай бұрын жарақат алып, одан кейін екі жарысқа қатысып, жолым болмады. Рейтинг бойынша есепке алсақ, мен де олимпиадаға жолдама алдым, бірақ басшылық алдымда тұрған Жансай Смағұловтың баратындығы туралы шешім қабылдады. Сол бір кеткен қателіктер енді қайталанбауы керек. Бұйыртса, келесі төртжылдықтың басты додасына үлкен дайындықпен қатысамын деген үміт бар. Қателіктерден қорытынды шығарып, осыған дейін дұрыс қолдана алмай келе жатқан әдіс-тәсілдерді пысықтап еңбектеніп жатсам, өзімді күн сайын жаттығуға салып, жалқаулықты жеңу арқылы ерлік көрсетіп жатырмын деп есептеймін. Басты қарсылас деп татамиге шыққан кез келген балуанды атап көрсетуге болады. Сол жапон Масаси Ебинума, үш дүркін олимпиаданың қола жүлдегері, өзбек Ришад Сабыров, италиялық Фабио Базиле деп кете береді. Кез келген балуанның әдісі, техникасы өзгеше болады. Негізі, бәрін көрсететін – татами. Ал жаттығудағы кей әдістеріңді іске асыра алмай, ойлап шыққаның болмай, басқа тәсіл сәтті шығуы мүмкін. Сондықтан нақты тоқталу мүмкін емес.
– Азия чемпионатының финалында олимпиаданың күміс жүлдегері Ан Ба Улумен (Оңтүстік Корея) кездесуге тоқталсақ. Күш болды, физика жағы әлсіздеу болып қалғандай. Жалпы, өз кемшіліктеріңізбен қаншалықты жұмыс жүргізесіз?
– Жоқ, бәрі болды: техника да, физика да, күш те... тек кездесу алдында ойлап шыққан айла-тәсілімді дұрыс қолдана алмадым. Басқаша жоспарлап шығып едім. Енді алдағы уақытта жіберген қателіктен қорытынды шығарамын. Жеңсем шүкіршілік етемін, жеңілген сәтте сабырлық сақтаймын. Өткенді қанша қалап тұрсаң да, өзгерте алмайсың. Тек бір жеңіске болмаса жеңіліске бола жаттығуды үзуге болмайды. Өз басым күнделікті жаттығуды белгілі бір себептермен болмаса, үзген емеспін. Спорт – менің өмірім.
– Бүгінгі күні Қазақстанда дзюдо қарқынды түрде дамып келеді. Балуандар арасындағы бәсекелестік те арта түсті. Біздің балуандардың өзгелерден артық тұсы мен кем жері қандай?
– Иә, бүгінде қазақ жерінде дзюдо өте жоғары деңгейде дамып келеді. Артымызда өсіп келе жатқан іні-қарындастарымыздың да жетістігі жақсы, көңіл қуантады. Біздің балуандардың ерекшелігі – кез келген салмақтағы балуан классикалық үлгіде де, дене арқылы жасалатын әдістерге де шебер. Жапондықтарды, корейлерді алып қарасаңыз, классикалық үлгіде жақсы күрессе, грузиндер, жалпы, тау халықтары керісінше. Біздің қазақтың балуандарында бәрі бар. Тек әдіс-тәсілді дұрыс ойластырып, еңбектену керек.
– Биыл тамыз бен қыркүйекте Венгрия астанасы Будапеште дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. 2015 жылы Астанада жіберген қателіктерді ретке келтіретін сәт. Өзіңіздің және командадағы ұл-қыздардың дайындығы қалай?
– Жеке өзімнің дайындығым жақсы. Аллаға шүкір, жарақат жоқ, толық бабымдамын, енді бақ бұйырса әлем чемпионатында да жақсы нәтиже көрсетемін деген үміттемін. Командаластарымның да дайындығы өте жақсы. Тоғыз балуан сақадай сай тұр, екі салмақта екі балуан бақ сынайды. Осындай мүмкіндіктер беріп жатыр. Астанадағы әлем чемпионатымен салыстырғанда жақсы нәтижеге жетеміз деген ойдамын.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: Елдос ЖҰМАҚАНОВ
1990 жылы 29 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл өңірінде тұратын ата-әжесінің қасында өтті.
Дзюдомен 10 жасынан айналысады.
Бірінші бапкері – Орынбек Пұшпақбаев. Қазіргі жаттықтырушысы – Сейдолла Қалиев.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітірген.
Дзюдодан әскерилер арасында әлем чемпионы (2013), әлемдік гран-придің жеңімпазы (2013) және қола медальдің иесі (2016), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2017).
 

Сұхбаттасқан Серік ҚАНТАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар