1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №49 (16235)   20 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
20 маусым 2017
Алғашқы қарсыластар белгілі

Кеше Швейцарияның Ньон қаласында 2017 жылғы еурокубоктардың жеребесі тартылды.

«АСТАНАНЫҢ» ҚАРСЫЛАСЫ – «СПАРТАКС»

«Астана» командасы биыл Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінен сынға түседі. Бұл кезеңде елордалықтар Латвияның 2016 жылғы чемпионы «Спартакс» командасымен кездесетін болды.
«Спартакс» 2006 жылы құрылған. 2012 жылдан бері Латвияның жоғары лигасында ойнайды. 2016 жылы ел чемпионы атағын жеңіп алып, Латвия кубогының финалында өнер көрсетті. Еурокубоктарға 2015 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Будучность» (Подгорица, Черногория) командасын 0:0 және 3:1 есептерімен артқа тастап, екінші кезеңде «Войводинаға» (Сербия) жол берді – 1:1, 0:3. 2016 жылы Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен сапарын аяқтады. «Спартакстың» жолын «Динамо» (Минск, Беларусь) кесті – 0:2, 1:2.
«Спартакс» қазақстандық футболшыларды қатарына тартуымен танымал. Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Сергей Гридин 2015 жылы бұл команданың сапында 6 кездесу өткізіп, 2 гол соқты. Ал Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Ринат Хайруллин 2016 жылы юрмалалықтар сапында өткізген 6 кездесуде бір рет мергендік танытты. Қазір «Спартакс» құрамында Аян Ермеков және Абылайхан Дүйсен есімді жас футболшыларымыз ойнайды.
Қазақстандық командалар еурокубоктарда Латвия ұжымдарымен бір рет кездескен. 2006 жылы Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» Даугаваның «Металлург» коман-
дасынан ұтылды – 0:1, 1:1.
Өткен жылы «Астана» еурокубоктарда табысты өнер көрсетті. Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық турниріне жолдама алып, ел қоржынына 5 ұпай қосты.
«Астана» – «Спартакс» кездесулері 11-12 және 18-19 шілде күндері өтеді. Елордалықтар латыштарды әуелі өз алаңында қабылдайды.

«ҚАЙРАТ»: ЕЖЕЛГІ «ДҰШПАНМЕН» ЕГЕС
Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының сапарын бірінші іріктеу кезеңінде Литваның «Атлантас» (Клайпеда) командасымен бастайтын болды. Бұл ұжым 1927 жылы құрылған. Литва чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері, алты рет қола жүлдегері атанған, екі рет Литва кубогын ұтып алған. 2016 жылғы маусымды клайпедалықтар төртінші сатыда аяқтады. 2000 жылдан бері еурокубоктарға қатысып келе жатыр. Ең жоғары көрсеткіші – 2014/2015 маусымда екінші кезеңге шығуы. Бірақ сол кезеңде «Атлантас» жолына Қарағандының «Шахтері» тап болып, клайпедалықтар 0:0 және 0:3 есептерімен ұтылды.
«Қайрат» өткен жылы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Тель-Авивтің «Маккаби» (Израиль) командасынан жеңілген болатын – 1:1, 1:2.
«Қайрат» – «Атлантас» кездесуі 29 маусымда – Алматыда, 6 шілдеде Клайпедада өтеді.
«Атлантастан» бөлек, Литва командалары арасынан «Жальгирис» командасы біздің өкілмен кездесіп көрді. Өткен жылы вильнюстіктер Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астанамен» жолығып, екі ойын қорытындысында жол берді – 0:0, 1:2.

«ШИРОКИ БРИЕГ» ТЕ ЕКІНШІ РЕТ КЕЛЕДІ
«Ордабасы» да Еуропа лигасына бірінші іріктеу кезеңінен кіріседі. Өткен жылы шымкенттіктер осы кезеңде Сербияның «Чукарички» командасына жол берген болатын. Биылғы қарсыласы – Боснияның «Широки Бриег» командасы.
«Широки Бриег» 2013 жылы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Ертістен» айла асырып кеткен-ді. Павлодардағы ойында «Ертіс» 3:2 есебімен жеңіске жетсе, қарымта ойында босниялықтар жауапсыз екі гол соқты. Өз тарихында еурокубоктарда ең алысқа ұзағаны да сол жыл. Бірақ үшінші кезеңде «кеңжағалаулықтар» Италияның «Удинезесінен» екі ойында 1:7 есебімен ұтылды. Өткен жылы «Широки Бриег» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Биркиркарадан» (Мальта) жеңіліп, жанкүйерлерін жерге қаратты.
Бұл команда 1948 жылы құрылған. Босния және Герцеговинаның екі дүркін чемпионы, ел кубогының үш дүркін жеңімпазы. Өткен маусымды «Широки Бриег» қола жүлдемен қорытындылады.
Босниялық клубтар біздің командалармен сәтті ойнауды дәстүрге айналдырып келеді. 2010 жылы Мостар қаласының «Зриньски» командасы Қостанайдың «Тобылын» екі кездесуде де 2:1 есебімен жеңіп, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне өткізбеді.
«Ордабасы» «Широки Бриегті» 29 маусымда өз алаңында қабылдайды. Қарымта кездесу 6 шілдеде өтеді.

ЕҢ ЖҰМБАҚ ҚАРСЫЛАС – «ЕРТІСТЕ»
Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Павлодардың «Ертісі» Болгария кубогының финалисі «Дунав» командасымен кездесетін болды. 1949 жылы құрылған бұл команда өз тарихында бір-ақ рет еурокубокқа қатысты. 1974/75 жылы «Дунав» УЕФА кубогының іріктеу кезеңінде Италияның «Рома» командасымен жеңіс алмасты – 0:2, 1:0.
Болгария командалары бұған дейін біздің өкілдермен үш рет кездесіп, екі рет үстем болды. 2003 жылы «Левски» УЕФА кубогына іріктеуде «Атырауды» 4:1 және 2:0 есептерімен ойсырата ұтты. Ал 2013 жылы «Ертіс» «Левскиді» жолдан шығарды. Павлодарлықтар сырт алаңда 0:0 есебімен тең ойнап, қарымта кездесуде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал «Ботев» командасы 2013 жылы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Астананы» 5:0 және 1:0 есептерімен артта қалдырды. Ол кезде «Ботев» тізгінін астаналықтардың қазіргі бас бапкері Станимир Стойлов ұстап тұрған болатын.
«Ертіс» те биыл алғашқы кездесуін өз алаңында 29 маусым күні өткізеді. Қарымта ойын 6 шілдеде Русе қаласында жоспарланған.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар