1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
11 шілде 2017
Екеу – алға, біреу – артқа

Қазақстан командалары еурокубоктардың алғашқы іріктеу кезеңін табысты аяқтады. «Ордабасы» ғана орта жолға жетпей малтыққаны жанға батады. Шымкенттіктер соңғы үш жылдағы нәтижесін айна-қатесіз қайталап, қарсыласынан жарты ұпай ғана жырып қалды. Бұл ел чемпионатында кемі қола жүлдеге ұмтылып отырған команда үшін нашар нәтиже десек қателеспейміз.
«Ордабасы» 2015 жылы Израильдің «Бейтар» командасынан сырт алаңда жеңіліп (0:2), өз алаңында тең түсті (0:0). Өткен жылы Сербияның «Чукаричкиіне» де осындай нәтижемен жол берді (0:3, 3:3). Биыл Босния және Герцеговинаның «Широки бриег» командасы алынбас қамал болды. Бұл жолы да шымкенттіктер сырт алаңда есе жіберді (0:2), өз алаңында есеп аша алмай тарқасты. «Ордабасы» өз тарихында еурокубоктарға төрт рет қатысып, 10 ойын өткізді. Соның бесеуін өз алаңында өткізгенімен, бірде-бір рет жеңіске жете алмапты.
«Ертіс» дәл еурокубок бәсекелері алдында орталық қорғаушыларын толықтай ауыстырып, көңілімізді біраз алаңдатып қойған-ды. Л.Двалидің жалға алынған мерзімі бітіп, еліне оралды, ал И.Воротников «Ертіспен» келісімшартты жақында үзді. Олардың орнын серб М.Маслач пен Д.Дәуітов («Ақтөбе») басты. Аз уақытта осы жауапты позицияның осал тұсын тәжірибелі бапкер Д.Димитров ретке келтіре алған секілді. Павлодарлықтар өз алаңында Болгарияның «Дунав» командасын қинала жеңген секілді еді (1:0). Сырт алаңдағы кездесуде «Ертіс» қарымтасыз екі гол соғып, келесі кезеңге тамаша нәтижемен шықты. Бұл ойында алғашқы допты М.Маслач соққаны да көңіл тойдырды.
«Қайрат» Литваның «Атлантасын» екі бүктей салады» деген пікірлер аз болған жоқ. Іс жүзінде солай болып шықты. Алматылықтар өз алаңында «Атлантасты» 6:0 есебімен жеңді. Бір аптадан кейін Клайпедада алаң иелері «Қайрат» қорғанысынан осал тұс тапқан секілді еді, бірінші тайм түгесілмей-ақ алматылықтар таразы басын өзіне аудара алды (2:1). Осылайша «Қайрат» Қазақстан клубтарының еурокубоктардағы бірнеше рекордын жаңартты. «Қайрат» ең ірі жеңіске (6:0) жетті, Ж.Гоу осы екі кездесуде үш гол соғып, қазақстандық командалардың еурокубоктардағы бас мергені (10 гол) атанды.
Екінші іріктеу кезеңінде «Ертіс» Сербияның «Црвена Звезда» командасымен кездеседі. Бұл – сыралғы қарсылас. 2003 жылы «қызыл жұлдыздар» УЕФА кубогының алғашқы іріктеу кезеңінде «Қайратты» екі ойын қорытындысында 5:0 (2:0, 3:0) есебімен жеңген-ді. 2015 жылы «Қайрат» сол есені қайтарды. Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде алматылықтар «Црвена Звезданы» соқыр ұпайсыз қайтарды (2:0, 2:1). Демек, бұл жолы сербиялықтар біздің елге ерекше жігермен келетіні анық.
«Қайратқа» да көзтаныс қарсылас тап келді. Екінші іріктеу кезеңінде оңтүстік астаналықтар Албанияның «Скендербеу» командасымен ойнайды. 2013 жылы «Скендербеу» Еуропа лигасының ІІІ іріктеу кезеңінде «Шахтермен» (Қарағанды) кездесіп, жеңіс алмасқанымен, доп айырмасына қарай жолда қалды. «Шахтер» өз алаңында «Скендербеуді» 3:0 есебімен жеңді, сырт алаңда 2:3 есебімен жеңілді.
«Қайрат» бұған дейін албаниялық қарсыластарын екі рет айналып өтті. 2014 жылы «Кукесиді» 1:0 (1:0, 0:0) есебімен жеңді, 2016 жылы «Теутаны» 6:0 (1:0, 5:0) есебімен ойсырата ұтты. Биыл да осы дәстүрді жалғастыратынына сеніміміз мол.
«Астана» жарысқа ертең қосылады. Чемпиондар лигасының ІІ іріктеу кезеңінде елордалықтар Латвия чемпионы «Спартакпен» кездеседі.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар