1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №56 (16242)   13 шілде, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
13 шілде 2017
Тарқамайтын базар

10 шілде күні Қазақстан премьер-лигасында трансферлік үзіліс аяқталды. Біраз футболшы келді, біразы кетті. Өкінішке қарай, көктемде кіл жарауларын көрсеткен кейбір командалар төрт ай өтпей жатып құрамын түгел өзгерткендей болды. Бұл неден? Қашан бізде таза кәсіпқой футбол өндірісі болар екен?
Құр айғайға баспай дерекпен сөйлесек, мәселе төмендегідей:
«Астана». Үш дүркін чемпиондар барымен базар болып келе жатқалы біраз уақыт. Сондықтан осы жазғы үзілісте елордалықтар жалға берілген ойыншыларын қайтарып алуды негізгі шаруаға айналдырды. С.Малый, А.Тағыберген және Д.Деспотович «Тобылдан» оралса, жас қақпашы А.Дүйсен «Спартак» (Юрмала, Латвия) сапарына жарты жылын арнады. Жаңа келгендердің екеуі де (Л.Кляйнхайслер, Венгрия және В.Томасов, Хорватия) жыл соңына дейін «Астанаға» жалға келді. Жартылай қорғаушы Б.Шайықов елордаға қайта ат басын тіреді. Ал кеткендер арасында Н.Максимовичке қатысты өкініш басым екені сөзсіз. Өткен жылы ғана 4-5 млн евроға бағаланған талантты футболшы «Валенсияға» (Испания) су тегін кетті. Д.Жалмұқан мен А.Ллуллаку «Тобылға» жалға берілді, А.Жүнісов пен Г.Наджарян да «Ақтөбе» мен «Шахтердің» жейдесін жарты жылға киюге мұрсат алды. АПОЭЛ-де жарты маусым өткізіп, Кипр чемпионы атанып үлгерген Р.Каньяс та «Астанаға» оралғанымен, тез арада жаңа команда іздейтін секілді. Оның алаңдағы орнын осы жартыжылдықта С.Граховац пен И.Маевский көп жоқтатқан жоқ. Бас бапкер С.Стойлов еурокубок уақыты келгенде бір футболшы үшін команданың қалыптасқан ойын нұсқасын өзгерте салмайды. Сондықтан қазақ футболына еңбегі сіңген Каньяс басқа өріс іздеуге мәжбүр.
«Қайрат». Алматылықтар үшін негізгі мәселе – орталық қорғаушылар. Ш.Батоның Ресейден, «Крылья Советовтен» шақырылғаны да содан. Трансферлік кезеңнің соңғы күнінде «Қайраттың» бірінші лигадағы командасына котдивуарлық С.Гогуа мен М.Конатені тіркелді. Бірі – орталық қорғаушы, бірі – шабуылшы. Олардың бас командаға көмектері тиіп те қалатын болар. Қызылжарлық А.Соколенко де қосалқы командаға алынды. Ал Ч.Анене, А.Елек, А.Аршавин секілді белгілі футболшылардың басқа тарапқа кететіні көп сөз болды да, ақыры бәрі орнында қалды.
«Ордабасы». Еуропа лигасынан «ұшып кеткен» командаға С.Вуяклия, О.Петрак, В.Фомичев секілді легионерлер, отандық В.Ли келді. Кеткендер көп: Бөлешев, Адырбеков, Гогуа, Абдулиндер «Оқжетпеске» ауысты, Рендулич мүлде босатылды. Марцваладзе Грузияға кетті.
«Ертіс». Жеті футболшысын (Двали, Бандо, Ткачук, Жұмасқалиев, Джа Джедже, Воротников, Чернышов) жіберіп, павлодарлықтар сегіз жаңа футболшы (Маслач, Дәуітов, Огиря, Рамазанов, Бугаев, Төлеев, Стаменкович, Цирин) алды. Осы сегіздің ішінде кемі төрт-бесеуі негізгі құрамда ойнап та үлгерді. Бұл да бас шайқататын мәселе екені сөзсіз. Дегенмен «Ертіс» негізгі құрамындағы Двали мен Ткачукті жалға алу мерзімі біткен соң жібергенін ұмытпаған жөн.
«Тобыл». Тоғыз футболшымен қоса, бас бапкер О.Тетрадзе де кетті, олардың орнын тоғыз жаңа футболшы басты. Н.Квеквескири (Грузия) мен Е.Вух (Чехия) бірден негізгі құрамнан орын тапты. Жарты жыл сайын жаңарған команда енді үздік үштікке кіруді тіпті армандамайтын да болар.
«Қайсар». Маусымды қызылордалықтар тәуір бастап еді, артынша бір орында тығылып қалды. Олар үзіліс кезінде төрт футболшысымен қош айтысып, бес футболшы шақырды. Бесеудің төртеуі (Омаров, Азука, Джа Джедже, Жаңғылышбай) отандық командалардан ауысты. Қосылғыштар өзгергенімен, қосынды өзгере ме?
«Оқжетпес» пен «Ақтөбе» – 11, «Шахтер» – 8, «Атырау» – 6, «Тараз» бен «Ақжайық» бес футболшыдан жаңартыпты. Енді олар премьер-лигада қалу үшін ғана жанталасатыны анық. Жыл басында «Тараз» бен «Ақжайықтан» басқасының бәрі кемі үздік алтылықты көздейтінін айтып еді, сөз бен іс қабыспады. Жаңа футболшылар ұшпаққа шығара ма, әлде жарты жолдан кейін командаларымыздың құрамы тағы да түбегейлі өзгере ме?

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар