1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16248)   8 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
8 тамыз 2017
Болт жеңіліп кетті ме?

Ұлыбритания астанасы Лондонда жеңіл атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионаты жұртшылыққа ә дегеннен жайсыз жаңалық ұсынды. Жақын қашықтықтар королі Үсейін Болт 100 метрге жүгіру жарысында мәреге үшінші болып жетті. Оның алдын америкалық қос спринтер – Жастин Гатлин мен Кристиан Коулмен орап кетті. Осы әлемдік дода алдында Болт спортты доғаратынын айтып еді. Жанкүйерлер оның соңғы жарысынан күмәнсіз жеңіс күтті. Болттың өзі де сөреден кеш аттанғанымен, мәреге алақайлап бірінші жететініне жұрттың бәрін әбден үйретіп алған-ды. Бірақ бұл жолы олай болмады.

ДАЙЫНДЫҚ
Болт спорттан кететінін күні бұрын жариялады. Сондықтан оның кез келген жарыс жолындағы нәтижесіне назар ерекше ауатыны өз-өзінен түсінікті. Болт жыл басынан бері үш жарысқа қатысып, үшеуінде де топ жарды:
Кингстон Гран-приі (Ямайка). 10.06.2017 ж. І орын (10,03 сек)
Острава Голден Спайк (Чехия). 28.06.2017 ж. І орын (10,06)
«Жақұт лига» кезеңі (Монако). 21.07.2017. І орын (9,96)
Дегенмен мамандар да, журналистер де жеңіл атлетикадағы Болт дәуірінің мәңгі тұра бермейтінін емеуріндей бастаған-ды. Оның үстіне биыл Остравадағы жарыс алдында Үсейін арқасындағы жарақатын емдеу үшін «Бавария» футбол клубының бас дәрігеріне қаралған. Әрине, ел назарында жүрген жылдардың бәрінде Болттың жарақаттан зардап шеккен сәті аз емес. Әйтсе де спорттан кететін жылы оның мұндай көмекке жүгінуі тегін емес екенін айтушылар аз болған жоқ. Сондай-ақ Болттың жыл басынан бері жарыс жолына үш-ақ рет шыққаны да көптің көңілін көншітпеді. Оның әрбір жарысы шынайы бәсеке дегеннен гөрі спорттан кетер алдындағы еркелеу, шығарып салу жиынына көбірек ұқсайтын-ды. Тек Монакодағы «Жақұт лига» кезеңінде ғана Болт 100 метрді 10 секундқа жетпейтін уақытта жүгіріп өтті. Бұл да түрлі сөзге азық болды.
Биыл Үсейіннің жақын достарының бірі, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының жүлдегері Жермейн Мейсон мотоцикл апатынан қаза тапты. Бұл жай да Болтқа аса ауыр тиген сияқты. Жерлеу кезінде оның жаны езіле егілгенін бүкіл әлем көрді. Бұл жайт та желаяққа үлкен психологиялық соққы болғаны сөзсіз.

ЖАРЫС
Лондондағы әлемдік дода қарсаңында дүниежүзінің ақпарат құралдары күңірене бастады. Иә, шынында да, Болтпен бірге жеңіл атлетиканың теңдессіз дәуірі көшіп бара жатқаны күмәнсіз еді. Бір өзі бір театр Болттай адам жеңіл атлетикада жоққа тән-ді. Иә, үнемі басы дауға шатылып жүретін Жастин Гатлин (Америка), 2012 жылдан бері жеңіліп көрмеген үш секіруші Катерина Ибарген (Колумбия), 5 және 10 шақырымдардың королі Мұхаммед Фара (Ұлыбритания) секілді мықтылар бар. Бірақ олардың ешбірі Болт секілді толық стадион жинай алмас еді. Ал Үсейіннің бір рет эфирден жалт ете қалуының өзі жеңіл атлетикаға таптырмас жарнама болатын. 2002 жылы Кингстонда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында көзге түсіп, содан бергі 15 жылда Үсейін Болт «спорт падишасының» бет-бейнесіне айналды. Тұра қалып, қолымен жеңіскер рухын бейнелейтін желаяқты құрметтемейтіндер кемде-кем еді. Ол жарыс жолына шыққан сайын жұрт «жеңе ме екен?» деп емес, «әлем рекордын жаңартар ма екен?» деп күтетін жағдайға жеткен-ді.
Болт осынша сенімнің бәрін ақтады. Ол жеңіп алуға болатын жарыстардың бәрінде дара шықты, олимпиада мен әлем чемпионаттарының алтынын қидай сыпырды. 2013 жылдың 6 маусымында Римде (Италия) өткен «Жақұт лига» кезеңінде Гатлинге есе жіберген соң, ол төрт жыл бойы ешкімді шаңына ілестірген жоқ.
Лондондағы әлем чемпионатында Болттың спорттағы осынша даңқты ғұмырына әдемі нүкте қойылса керек еді. Ешқандай шарттылықсыз, ешқандай шегініссіз. Өйткені Үсейін соған лайық еді. Іріктеу жарысында ол жарыс жолына алтыншы топта шығып, 10,07 сек. нәтижемен жартылай финалға жолдама алды. Жарыстың бұл кезеңінде Болт жұрт алдына үшінші топта бой көрсетіп, америкалық К.Коулменмен бір сәтте мәре сызығын қиып өтті. Ақылды техника Коулменнің Болттан 0,01 секунд жылдам болғанын айғақтап, Үсейінді екінші ретпен тіркеді. Бірақ оған ешкім назар қойған жоқ. Бастысы, Болт финалға шықты. Яғни тағы бір алтынға сенімді қадам жасады.
Ал финал алдында Үсейін аяқ тіреуіштерінің тым жұмсақ екенін айтып шағым жасады. Бірақ ИААФ (Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы) мұны құлағына ілген жоқ. Тіреуіштер 2015 жылғы әлем чемпионатынан бері өзгерген емес.
Финалда Болттың олимпиялық стадионға келуінен бастап, жарыс жолына шығуына дейінгі әрекеттерінің бәрі тікелей трансляцияланды. Шынында да, осынша аңыз адамның соңғы жарысының, тіпті соңғы үлкен жеңісінің әрбір сәтін есте қалдырғанға не жетсін!
Команда берілгенде Болт тағы да сөреден кеш аттанды. Әдеті солай. Сосын бірте-бірте жер апшысын қуырып, бәрін артта қалдыруға тиіс. Олай болмай шықты. Жан дәрмен ұмтылған желаяқтар ішінде Болт көптің бірі болып бара жатты. Тіпті кіл үздіктер ішіндегі жалғыз азиат Биңтиан Су да қалысар емес. Алға суырылған К.Коулмен тіпті жеткізер болмады. Дегенмен Болт қарқынын күшейте бастады. Міне, Коулменді қуып жетті...
Бірақ бұл сәтте сегізінші жарыс жолындағы Гатлиннің екпіні тау жығардай еді. Ол ағызып отырып мәреге ұмар-жұмар жеткен топтан сирақ оздырғанын бәрі көрді. Әуелі камера Болтпен мәреге қатар жеткен Коулменді қуалап әуреленіп еді, артынша нәтиже белгілі бола салысымен Гатлинге ұмтылды.
Сөйтіп, Болт жеңілді. Гатлин – 9,92, Коулмен – 9,94, Болт – 9,95...

БӘРІБІР ОЛ – АҢЫЗ
ИААФ президенті Себастьян Коу жарыс жеңімпазын жақтырмайтынын бірден байқатып алды.
Жастин Гатлиннің 100 метрліктегі жеңісі – аса кемел сценарий емес. Допингпен екі рет ұсталған адамның әлем чемпионатындағы бас жүлдені жеңіп алғанына қатты қуанып тұрғаным жоқ. Бірақ Гатлин бұл жарысқа қатысуға әбден құқылы болды. Біз бәрібір оған құрмет білдіруіміз керек, – деген басшының сөзінде өкініш жатқанын байқау қиын емес еді.
Болттың өзі ер сөзін айтты. «Мен әлемге ұлы спортшылардың бірі екенімді дәлелдедім. Сондықтан бұл сәтсіздік бірдеңе өзгертеді деуге келмейді. Спортшы ретінде барлық табысқа қол жеткіздім. Спортты бұрын болмаған биікке көтердім десем де болады. Бүгін маған ренжуге болмайды, өйткені қаншама адам қолдап, жігерлендіріп тұр», – деді ол.
Иә, Болт тарих беттерінде аңыз-адам болып қала береді. Бір сәтсіздігіне бола оны «спорттан жеңіліп кетті» деуге болмас. Үсейін Болт – 8 дүркін олимпиада чемпионы, 11 дүркін әлем чемпионы, 100 (9,58 сек) және 200 (19,19) метрлерге жүгіруден әлем рекордшысы.
Дегенмен Лондоннан Болт алтын жүлдесіз қайтпауы да мүмкін. Ол әлі 4х100 эстафетасына қатысады. 12 дүркін әлем чемпионы атанып барып қана Болт спортқа қол бұлғайтын шығар. Сол жақсы болар еді...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар