1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №63 (16249)   10 тамыз, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
10 тамыз 2017
Алтыннан да бағалы

Ұлыбритания астанасы Лондонда жеңіл атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында Ольга Рыпакова Қазақстан қоржынына қоладан олжа салды. Әлемнің үздік үш секірушісі арасында Рыпакова алға Ю.Рохас пен К.Ибаргенді ғана салып, үшінші тұғырға көтерілді.
Ольганың іріктеу кезеңінен аса сенімді өткенін бұған дейін де оқырмандарға хабарлаған едік. Финалға да ол тас-түйін дайын шықты. Дегенмен бұл жолы негізгі екі қарсыласының мықты болғанын мойындауымыз керек. Жыл басынан бері Рохас пен Ибарген жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Олардың шаужайына бір жармасса, біздің Рыпакова мен ямайкалық К.Уильямс жармасады делінген-ді. Алайда Уильямс финалға кіші жолдамамен өтіп, үш рет қана секіруге мүмкіндік алды. Алғашқысында 14,01 метрге секірген соң-ақ оның қимылы үйлеспеді. Сөйтіп, биылғы маусымның үздік нәтижесінің иесі жарысты доғарды.
Бұл кезде венесуэлалық Ю.Рохас алтыннан дәмелі екенін танытып үлгерген-ді. Шынын айту керек, алтын жүлде үшін негізгі егес осы Рохас пен төрт жылдан бері жеңіліп көрмеген К.Ибарген арасында өтті. Екі спортшының алты мүмкіндікті қалай пайдаланғанына көз салсаңыз, тартыстың, шынында да, керемет болғанын байқайсыз.
1. Ю.Рохас (Венесуэла) 14,55-14,82,-14,83-13,69-14,91-14,50
2. К.Ибарген (Колумбия) 14,67-14,69-14,89-14,80-14,71-14,88
3. О.Рыпакова (Қазақстан) 14,45-х-14,77-14,32-14,52-14,36
Кестеден аңғарғандарыңыздай, Рохас пен Ибарген де Рыпакованың осы сайыстағы үздік көрсеткішінен (14,77) үш рет жоғары нәтиже көрсеткен. Демек, бұл екеуінің алтыннан үміттенуі бекер емес. Ольга екінші кезегінде өте жақсы секірді. Алайда сөре сызығын басып кеткендіктен, нәтижесі есепке алынбады. Әйтпесе отандасымыздың кемі 14,87-14,90 метрді маңайлағаны сөзсіз еді.
Ю.Рохас бірінші рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Ол бұған дейін жабық залдардағы әлемдік додада топ жарған-ды. 2016 жылғы Рио олимпиадасында Рохас Ибаргенге есе жіберіп, күміс медаль иеленген болатын. Міне, енді 21 жастағы қыз спорттағы ең жоғары биігіне қол жеткізді.
Қазақстан атынан осы сынға жалғыз үмітіміз болып аттанып, сол сенімді ақтаған Ольганы қалай мақтасақ та жарасады. Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында ол Тегуде (Оңтүстік Корея) – күміс, Мәскеуде (Ресей) қола жүлде жеңіп алған-ды. Жүлде тағы көбейді. Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихында Рыпакова ең атақты спортшы екені сөзсіз.
– Әлем чемпионатына негізгі дайындықты «Жақұт лига» кезеңдеріне қатыса жүріп өткіздім. Лондонға кетер алдында Португалияда жаттығып, уақыт айырмашылығына бой үйреттім. Сондықтан Лондонда әлсіздік сезінгенім жоқ, бабым келісті болды. Римдегі «Жақұт лига» кезеңінде биылғы ең үздік нәтижеммен (14,64 м) қола жүлде иеленген едім. Әлем чемпионатында осы деңгейден төмендемеуді мақсат етіп қойдым. Негізгі межем – үздік үштікке ену болды. Рохас пен Ибаргеннен бөлек, ямайкалық Уильямсты және португалиялық Патрисия Мамонаны негізгі қарсылас санадым. Сондай-ақ күтпеген біреудің де бой көрсетуі мүмкін еді. Іштей осының бәріне дайын болдым. Өз өнеріме және қола медальға көңілім тоқ. Жыл басындағы жоспарымды толық орындадым десем де болады. Енді 20 тамызда Бирмингемде өтетін «Жақұт лига» кезеңіне қатысамын. Одан кейін Цюрихтегі кезеңде өнер көрсету де ойымда бар, – дейді Ольга.
Иә, Рыпакова биыл да әлем чемпионатынан олжа салатын жалғыз саңлағымыз болатын секілді. 200 метрге жүгіру бағдарламасында Азия чемпионы Виктория Зыбкина сәтсіз өнер көрсетіп, жартылай финалға да шыға алған жоқ.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар