1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16257) 7 қыркүйек, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
7 қыркүйек 2017
Қазақтың намысын жыққан жоқ

ҚАРКЕН АҒАНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ
Республика спортын 12 жыл басқарған Қаркен Ахметұлы 1971 жылы Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметіне ауысуына байланысты республиканың спорт басшылығына Аманша Ақбаевты ұсынады. Иә, Аманша Сейсенұлын комитет төрағасы қызметіне бүкіл ел ардақ тұтқан Ахметовтің өзі лайық деп таныды. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев бұл ұсынысты қабыл алды.
Аманша Ақбаевтың алдында Қаркен Ахметовтай тарихи тұлғаның жеңісті жолын лайықты жалғастыру міндеті тұрды. 1971 жылы КСРО халықтарының IV жазғы спартакиадасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тұңғыш рет алтыншы орынға көтерілді. Кеңес Одағының бұған дейінгі үш спартакиадасында республика спортшылары 11-13 орындарды қанағат тұтқан еді. Енді, міне, қазақстандықтар Одақтағы мықты құрамалардың қатарына қосылды. Бұл Қаркен Ахметұлының ұзақ жылғы ізденісі мен маңдай терінің, тамаша басшылық қызметінің жемісі еді. Ақбаевқа бұл міндетті орындаудың тым ауыр соғатынын спорт мамандары жақсы білді. Аманша Сейсенұлы да мұны терең түсінді. Табиғатынан кең пейілді, жаны жомарт Қаркен Ахметұлы жасы отыздан жаңа асқан Аманша Сейсенұлына қолынан келген көмегін аяған жоқ. Қажет кезде ақыл-кеңесін айтып, ағалық қамқорлығын жасады. Соның жарқын бір дәлелі: 1972 жылы Алматыда конькиден Кеңес Одағының чемпионаты өтті. Осы чемпионатқа Қаркен Ахметов КСРО спорт комитетінің төрағасы Сергей Павловты арнайы шақыртты. Сондағы мақсаты – Павлов пен жас төраға Ақбаевты жақын таныстырып, екеуінің арасына дәнекер болу. Кеңес Одағында ғана емес, әлемдік спортта беделі зор Сергей Павлов Қаркен Ахметовтің шақыруын қабыл алып, Алматыға келді. Сол жолы Павлов Ахметов пен Ақбаевқа әбден риза болып аттанған екен. Павлов пен Ақбаевтың ұзақ жылдарға созылған достығы осылай басталды.
1972 жылы Мюнхен олимпиадасына барған Кеңес Одағы делегациясының сапында Ресей, Украина, Белоруссияның спорт басшыларымен бірге 35 жастағы Аманша Ақбаев та болды. Бұл Мәскеу тарапынан Қазақстан спортын, оның басшысы Аманша Ақбаевты мойындау деп білуіміз керек. Аманша Сейсенұлы Одақ спортының жетекшілерімен, федерациялардың төрағаларымен тығыз қарым-қатынас орната білді. Әсіресе КСРО спорт комитеті төрағасының орынбасары қызметін ұзақ уақыт атқарған Анатолий Колесовпен достығын баса айтуымыз керек. Колесов пен Ақбаев студент кездерінен сыйласып, өмір бақи араларынан қыл өтпестей дос болды. Колесов – Қазақстан спортшыларынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы. Ол кісі Мәскеуде жүрсе де, Қазақстан спортына тілеулес болды. Ал Кеңес Одағына қараған 15 одақтас республиканың спорт басшылары арасында Ақбаевтың беделі жоғары болғанын айтуға тиіспіз.
Аманша Ақбаевтың тағы бір қасиеті – адам тани білуші еді. Ақбаев сырт көзге қатал, талапшыл көрінгенімен, ішкі жан дүниесі сезімге толы, адамға мейірімді, досқа адал, қажет кезінде дұрыс әрі әділ шешім қабылдайтын іскер басшы болатын. Аманша Сейсенұлы республика спортының төрағасы қызметіне дейін жауапты жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына көп араласқан жоқ. Ал басшы болғаннан кейін спорттың ішкі иірімдерін білуге ерекше ынтамен кірісті. Жаттықтырушылармен, мамандармен және спортшылармен жиі кездесіп, әр саланы ерінбей зерттеді. Соның арқасында уақыт өте келе осы саланың білікті маманына айналды. Аз сөзбен көп ой айта білетін, нақты әрі тура сөйлейтін, ойға бай, сөзге шешен, көпшілікті үйіріп алатын мықты басшы болды.

«СОВЕТ СПОРТЫН АЛАЙ БАЗАРЫНА АЙНАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ!»
1983 жылы КСРО халықтарының VII жазғы спартакиадасында өзбек ағайындар Қазақстан құрамасынан қайтсек те озамыз деген мақсатпен Ресейдің екінші нөмірлі спортшыларын Өзбекстанның атынан жарысқа қосады. Бұл ешкім күтпеген жағдай болатын. Бұған дейінгі спартакиадаларда қазақтардан қалып қойып, әбден күйінген өзбек құрамасы бұл жолы жүлдесі көп жеңіл атлетикадан, тағы біраз спорт түрінен басым түседі. Жалпыкомандалық есепте де Өзбекстан құрамасы Қазақстанның алдына шығады. Алғашында қатты күйінген Аманша Сейсенұлы сабыр сақтап, ақылға келеді. Ол кісі өзбекстандықтар сапындағы ресейлік спортшылар туралы бұлтартпас дәлел жинап, спартакиаданың қорытынды жиынына Мәскеуге аттанады. Жиынға Кеңес Одағы Коммунистік партиясы орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Егор Лигачевтің арнайы келіп, басшылық жасауынан сол тұстағы Кеңес өкіметінің спартакиадаға қаншалықты мән бергенін аңғаруға болады. Алқалы жиынның күн тәртібі бойынша одақтас республикалардың спорт басшыларына сөз берілмейді. Оңтайы келді-ау дегенде Аманша Ақбаев сөз сұрайды. «Регламент бойынша рұқсат жоқ» дейді төрде отырғандар. «Уақыттарыңызды алмаймын. Бір минут жетеді», – дейді Ақбаев табандап. Лигачев басын изейді. Жедел басып трибунаға шыққан Аманша Ақбаев Өзбекстан құрамасына заңсыз енген Ресей спортшылары туралы бұлтартпас дәлелдер келтіріп, сөзін «Совет спортын Алай базарына айналдыруға болмайды!» деп түйіндейді. Жұрт ду ете қалады. Президиум мүшелері осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтасын деген тоқтамға келеді. Ақыры Өзбекстан құрамасына төтеннен қосылған ресейлік спортшылардың ұпайлары шегеріліп, олардың осы жарыста олжалаған медальдары заңсыз деп табылады. Спортшылар Ресейге қайтарылады. Қазақстан құрамасы Өзбекстанның алдына шығады. Ал Аманша Сейсенұлының «Совет спортын Алай базарына айналдыруға болмайды!» дегені қанатты сөзге айналып, Одақтың әр қиырына тарап кетті.

КӨРШІНІ МОЙЫНДАТУ
1995 жылы Ташкентте бірінші Орталық Азия ойындары өтті. Қазақстанның спорт басшылары Өзбекстан астанасына негізінен жас спортшыларды жіберді. Себебі біраз спорт түрінен біздің белді спортшылар Жапониядағы Бүкілдүниежүзілік студенттер ойындарына және Италиядағы әскерилер арасындағы әлемдік ойындарға қатысуына байланысты Орталық Азия ойындарына барған жоқ. Ал өзбек ағайындар болса өз үйіндегі сында Қазақстан құрамасын қалайда ұтуды көздеп, барлық мықтыларын осы жарысқа жұмылдырды. Ал Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Аманша Ақбаев біздің делегацияның алдына бір-ақ мақсат қойды: Қазақстан құрамасы Ташкентте өзбек спортшыларын жеңуге тиіс!
Ежелден бір-біріне есе жіберуді қаламайтын екі елдің спортшылары арасындағы бәсеке шүу дегеннен қыза түсті. Негізінен, жастардан жасақталған біздің құрама өзбектің тәжірибелі спортшыларына қатты қарсылық танытты. Егер екі жақтың тартысы әділ жағдайда өтсе, ұтылатындарын сезген өзбек ағайындар спорттық принципті белден басып, әртүрлі қитұрқы әрекеттерге жол берді. Қазақстаннан барған халықаралық дәрежедегі төрт ауыр атлетика төрешісін жарыстан шет қалдырды. Жүзуден топ жарған бірнеше қазақстандық спортшының заңды жеңісін есептемей тастады. Төрешілер алқасы қазақстандық спортшыларға көпе-көрінеу қысым жасай бастады. Бұл әрекет өз нәтижесін берді. Өзбектер командалық есепте алға озды. Жарыс осылай жалғаса берсе, алаң иелерінің жеңетінін сезген Аманша Ақбаев шұғыл түрде жиын өткізді. Жиынға Қазақстан делегациясы тегіс қатысты. «Өзбектер бізді төрешілердің көмегімен жеңгісі келеді. Бұған жол беруге болмайды, – деді Ақбаев көпшілікке жағалай көз тастап. – Бұл бассыздық тоқтамаса, жарысты жалғастырудан ресми түрде бас тартып, бәріміз бір адамдай елге қайтқанымыз дұрыс. Бұған қалай қарайсыздар?» Әркім өз ойын айтты. Біраз адам «бәсекені орта жолдан тастап, елге қайтайық, бұл қадам алаң иелеріне соққы болады» деді. Ал Ақбаевтың көздегені басқа еді. Аманша Сейсенұлы осы шұғыл әрі үлкен жиындағы әңгіменің Өзбекстан үкіметіне жеткенін қалады. Ол кісі, бір жағынан, алқалы жиын ашып, екінші жағынан, Ташкенттегі Қазақстан елшілігімен кеңесті. Мәселені елшілік деңгейінде көтеріп, екі елдің ресми орындарының Орталық Азия ойындарына назарын аударды.
Ақыры Ақбаев дегеніне жетті. «Қазақстан делегациясы жарысты ұйымдастырушылар мен төрешілерге наразы болып, елдеріне қайтқалы жатыр» деген әңгіме Өзбекстан үкіметіне жетсе керек, әділқазылардың әділетсіздігі сап тыйылып, алаң иелері белден басып, тартып алған бірнеше медаль қазақстандық спортшыларға қайтарылды. Осы жеңіспен қанаттанған Қазақстан құрамасы әрі қарай қамшы салдырған жоқ. Бірінші Орталық Азия ойындарының командалық бас бәйгесі біздің спортшыларға бұйырды.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА ТАРЛЫҚ ЕТЕДІ»
1994 жылы Аманша Ақбаев Кувейтте болған Азия олимпиадалық кеңесінің (АОК) кезекті сессиясына қатысты. Осы сессия үстінде АОК басшылары Кеңес Одағы тарағаннан кейін тәуелсіздік алған бес мемлекеттің есебінен Орталық Азия аймағы құрылатынын және Азия олимпиадалық кеңесі президентінің бұл аймақ бойынша вице-президенті лауазымына Аманша Ақбаевты лайық көріп отырғандарын жеткізді. Олардың айтуынша, құрлықтағы мұсылман мемлекеттерінің арасында, оның ішінде Орталық Азия спортындағы көшбасшы ел – Қазақстан, ал дербес бес мемлекет – Қазақстан, Өзбестан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан әлемдік деңгейдегі ірі жарыстардың жолдамасын өзара сарапқа салып, мықтыларын анықтайды. Орталық Азия аймағы спортының тізгіні Аманша Ақбаевтың қолында болады. Болашақта бұдан да басқа перспективаларға жол ашылады. 40-тан аса Ұлттық олимпиада комитетін біріктіретін Азия олимпиадалық кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президенті болу кімге де болса зор абырой.
Бір қарағанда тамаша ұсыныс. Бірақ Ақбаев бұл мәселеге басқаша қараған екен. Енді Аманша Сейсенұлының сол сессиядағы сөзіне назар салайық. «Біздің елдегі спорттың даму деңгейі көршілерімізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұған биыл Хиросимада өткен жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионаттарындағы жетістіктеріміз дәлел. Егер Қазақстан Орталық Азия аймағында қалып қойса, онда аяғымызға тұсау салынады. Әрине, бір аймақта ұзақ жыл көш бастап, абыройға бөленген жақсы. Бірақ бұдан Қазақстан спорты ұтпайды. АОК-тың басшылық құрамына ену мен үшін зор мәртебе болар еді. Еңбегімді бағалап, сенім артқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бірақ біздің спортшыларға Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореямен бірге Шығыс Азия аймағында сынға түскен әлдеқайда пайдалы. Бұл мемлекеттермен бәсекелесе отырып, олардан көп нәрсені үйренер едік. Орталық Азия бізге тарлық етеді. Қазақстанның Шығыс Азия аймағына қосылуын қолдауларыңызды сұраймын».
АОК-тың алқа мүшелері Аманша Ақбаевты дұрыс түсінбесе керек, жоғарыдағы ұсыныстарын тағы қайталады. «Қазақстан спортшыларының Лиллехамер олимпиадасындағы нәтижесіне қараңыздар. (Бір алтын, екі күміс медаль – Т.Д.) Кейінгі әлем чемпионаттарындағы жүлделеріне назар салыңыздар, – деді Аманша Ақбаев. – Бізге бүкіл Азиямен сайысқа түскен қызық. Біз Еуропамен шеберлік таластырғымыз келеді. Азияда кенжелеп қалған спорт түрлері көп. Біз Азия мен Еуропаны тел емген елміз. Сондықтан Орталық Азиямен шектелмей, халықаралық аренаға төтесінен шыққымыз келеді».
Егер Ақбаевтың орнында аяғының астынан әріні көрмейтін, атаққұмар біреу болғанда «АОК-тың талабы осылай болды, біз бағынуға тиіспіз» деп, Кувейттен Азия олимпиадалық кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президенті шенін тағып, бес республика спортына қожа болып оралар еді. Аманша Сейсенұлы ел спортының болашағын терең ойлап, Отанын шын сүйетін азаматтың тірлігін жасады. Ол осы сапар туған халқының мәртебесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоюдың нағыз үлгісін көрсетті. Бүкіл Азия спортының алдында қазақтың намысын жыққан жоқ. Әрі сұңғыла дипломаттың деңгейінде көріне білді.
...1997 жылы Аманша Ақбаев бастаған Қазақстан құрамасы алғаш рет Шығыс Азия ойындарында сынға түсіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды.

МОЙЫНДАУ
1998 жылы Таиландтың астанасы Бангкокта Азия олимпиадалық кеңесінің Бас ассамблеясы болып, алқалы жиыннан кейін АОК президенті Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырза қонақтарға дастархан жайды. Азия спортының марғасқалары дастархан басына жайғасып болған соң, Ахмад әл-Фахад әл-Сабах осындай ірі халықаралық жиындардың қатаң тәртібін белден басып, Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Хуан Антонио Самаранч екеуі отырған төрдегі столға Аманша Ақбаевты арнайы шақырады. Ойлап қараңыз, мүйізі қарағайдай Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің спорт басшыларын емес, осыдан бес-алты жыл бұрын тәуелсіздік алған Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Аманша Ақбаевты жұрттан бөлек, салтанатты жағдайда төрге оздырады. Ұлан-байтақ Азияның барлық қиырынан жиналған спорт жетекшілері мен мамандар сол сәт Аманша Ақбаевтың осыншалық зор беделіне қатты қызыққаны анық.

СҰҢҒЫЛА
2000 жылғы Сидней олимпиадасының қарсаңында ҰОК президенті Аманша Сейсенұлы боксшы Ермахан Ыбрайымовты өзіне шақыртты.
– Ермахан, – деді Ақбаев әңгімеге төтесінен көшіп, – ұлттық құрамадағы қазақ жігіттерінің ішінде сенің орның бөлек. Алда – Сидней олимпиадасы. Олимпиаданың ашылу салтанатында мемлекеттің туын сен ұстасаң деген ойым бар. Жақында президент Нұрсұлтан Назарбаев олимпиадашыларды қабылдайды. Сол жиында мемлекет туын елбасының қолынан алып тұрып, «Сиднейден жеңіспен ораламыз» деп уәде беруіміз керек. Осы міндетті саған жүктесек... Қалай, дайынсың ба?
– Негізгі қарсыластарымның бәрімен қолғап түйістірдім. Барлығын әбден зерттедім. Кубалық Гутерьес пен румын Симионнан басқасын аса қиналмай ұтуға болады. Алла қаласа, бұл екеуіне де шамам жетеді. Биыл қыста кубалық жігітті еркін жеңдім. Тек аяқастынан оқыс жағдай болып қырсық шалмаса, өзіме сенімдімін, – деді Ермахан сабырлы қалыпта.
Аманша Ақбаевтың жүзі нұрланып сала берді.
– Жарайсың, Ермахан! Көк байрақты желбіретіп барып, биік ұстап қайтуың керек. Өзіңе сенесің бе?
– Сенемін, аға!
Ақбаев бұл жолы да қателескен жоқ. 130-дай олимпиадашының ішінен таңдап алған Ермахан Ыбрайымов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан көк туды алып тұрып, «Мемлекеттің намысын абыроймен қорғаймыз» деп уәде берді. Аманша Ақбаев денсаулығы күрт төмендегеніне қарамастан, спортшыларға тілеулес болып спорт ареналарында жүрді. Ермахан олимпиада чемпионы атанған сәтте жеңімпаз жігітті бауырына басып, емірене сүйді. Ал батыр жігіт Сиднейдегі жеңістен кейін көк туды президентке тапсырған кездегі Аманша ағаның бал-бұл жанған жүзін көрсеңіз...

Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Азия олимпиадалық кеңесінің вице-президенті, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар