1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 77 (16263) 28 қыркүйек, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
28 қыркүйек 2017
Бокстың, Моцарты!

Қадірлі оқырман! «Жас Алаш» кешегі Совет Одағы кезінде «Лениншіл жас» деген атаумен бүкіл Қазақ елінің сүйікті басылымы болды. Қалың оқырманды ерекше баурап алған оның атауы емес, негізінен, мәдениет пен спорт тақырыбындағы тамаша материалдары еді. Әсіресе спорт саласы басқа басылымдарға қарағанда көп насихатталды. «Жас Алаш» сол дәстүрді одан әрі жаңғыртуға бел буып отыр. Бүгіннен бастап әр бейсенбі сайын қазақ спортындағы толғаулы мәселелер және жеке тұлғалар туралы дүниелерді жариялап тұрсақ дейміз.
Бүгінгі тұсаукесті қадамды даңқты боксшы Серік Қонақбаев туралы мақаламен бастағанды жөн көрдік.


Серік Керімбекұлы – қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Еуропа (1979) және КСРО (1980) чемпионы, алғашқы Олимпиада жүлдегері (1980), әлем чемпионатының жүлдесін алған тұңғыш алаш боксшысы (1982), Кеңес одағы бойынша Әлем кубогын қатарынан екі рет олжалаған бірінші былғары қолғап шебері (1979, 1981). С.Қонақбаев 1981 жылдың қорытындысы бойынша дүниежүзінің ең үздік әуесқой боксшысы атанды. Мұндай дәрежеге кеңес одағы кезінде Серіктен басқа бірде-бір қазақ спортшысы жеткен жоқ.
Серіктің маңдайына олимпиада, әлем чемпионы болу жазылмаған екен. Бірақ Қонақбаевтың атақ-даңқы, спорт саласындағы беделі олимпиада, әлем чемпиондарынан кем емес. Неге дейсіз ғой? Себебі Серік шаршы алаңға ешкімге ұқсамайтын, Алла тағаланың өзі сыйлаған ерекше қолтаңбасымен келді.
1979 жыл әлемдік бокс үшін айрықша жыл болды. Бұған дейін дүйім жұртқа аты беймәлім бозбала, қимыл-қозғалысы сұлулық пен сәнге суарылған сырбаз ұлан шүу дегеннен бокс дүниесінің көзқұртына айналды. Бес бірдей олимпиада чемпионының томағасын сыпырып, жұмыр жердің ең білгір бапкері атанған даңқты Феликс Штамм Серікті шаршы алаңда көрген сәтте-ақ: «Мына бала бокс ғұламасы (гений)», – деп тамсанған екен. Серікке тамсанған поляк Штамм ғана емес, бокстың жілік майын шаққан Мәскеу мамандары мен комментаторлары Қонақбаевқа сұқтана қарап, сүйсіне сөйлейтін әдет тапты. Содан сол 79-шы жылғы Кельндегі Еуропа чемпионатынан кейін жұрттың аузында бокс десе Қонақбаев айтылатын болды.
Мәскеу комментаторы Борис Губин әр бокс бәсекесінде Серікке сүйсінген сайын танауымыз желп-желп етіп, жер-көкке сыймай кетеміз. Сөйтсек, Серікті мақтан тұтатын тек біз, қазақтар ғана емес екенбіз. Сонау Қиыр Шығыстағы жұдырықтай Костя Цзюдің анасы Серіктің нағыз жанкүйеріне айналыпты. Бір күні ұлы Костяға теледидар экранындағы Серікті көрсетіп: «Бокстың әліппесін Қонақбаевтан үйрен», – деп аналық ақ тілегін білдіріпті. Бұл жайлы Қонақбаевтың 50 жылдығында (25.10.2009 ж.) әуесқой бокстан әлем чемпионы, кәсіпқой бокстан дүниежүзінің сегіз дүркін чемпионы Константин Цзю ағынан ақтарылып айтты.
Сонау, 1979 жылы біз 17-дегі бозбаламыз, Қонақбаевтың бокс кеңістігінде төңкеріс жасағанынан хабарымыз жоқ. Феликс Штамм, Алсидес Сагарра (Куба), басқа да бокс майталмандары шаршы алаңға Серікпен бірге сұлу қимыл, өрісі кең өрнекті, өрелі бокстың келгенін мойындағаны анық.
КСРО бокс федерациясының сол тұстағы төрағасы, атақты ғарышкер Павел Поповичтің: «Бейнелеп айтсам, Қонақбаевтың рингтегі шеберлігі ғарыштық биіктіктер санатына жатады. Оның рингке шыққан сәті еліміздің (КСРО-ны айтып отыр. – Қ.Р.) спорттық өміріндегі айтулы оқиға саналатын. Мен Серікті өз ұлымдай мақтан тұтамын», – деген бір ауыз сөзі әр қазақтың жүрегін жылытпай ма?!
1979 жылдың 9 мамыры. Герман Федеративтік Республикасының Кельн қаласы. Еуропа чемпионатының жартылай финалы. Рингте – неміс боксшысы, әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа чемпионы Крюгер мен совет боксшысы Қонақбаев. Осыдан тура 34 жыл бұрын Совет Одағы Екінші дүниежүзілік соғыста Германияны жеңген болатын. Неміс жанкүйерлерінің көңіл күйінен, айқай-шуынан осы айқастың олар үшін қаншалықты маңызды екені сезіліп тұрды.
Бірақ 19 жастағы Серік Қонақбаев аса тартысты, өте шиеленісті жекпе-жекте ғажап техникалық шеберлігімен, тактикалық сауаттылығымен, өжеттігімен көзге түсті. Қазақ батырының талассыз жеңісіне сарай толы жанкүйерлер тік тұрып қол соқты. Бұл айқас осы чемпионаттағы ең бір тартымды, ең үздік жекпе-жектің бірі болып танылды.
Финалда итальян боксшысы Патрицио Оливаны ұтқан Қонақбаев Еуропа чемпионы атанды. Серіктің бұл жеңісі совет бұғауындағы Қазақ елінің рухын бір көтеріп тастады. Алаштың қанында бар батырлық қасиет оянып, байтақ дала дүр сілкініп еді. Бірақ дәл сол тұста қазақ боксының тұтас бір алтын кезеңінің қақпасы ашылғанын, сол қақпаның кілтін Қонақбаев ұстағанын екінің бірі аңғара қоймап еді. Серік Еуропаның алтын жүлдесін қанжығаға байлаған сәтте мыңдаған қазақ баласы дүрк етіп шаршы алаңға ұмтылды. Солардың қатарында Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов, Аркадий Топаев, Кәрімжан Әбдірахманов, Нұржан Сманов, Болат Ниязымбетовтердің болғанын кейін білдік. Жер түбіндегі Қиыр Шығыста жұдырықтай Костя Цзю қолғабының бауын тас қып байлап, құм толы қапты төпей бастаған.
Сол тұстағы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының ректоры Марс Үркімбаев институттағы 40 бала жаттығатын бокс тобы Қонақбаевтың жеңісінен кейін 600 балаға өскенін еске түсірсе, Серіктің серпінімен азуын тасқа қайраған немесе былғары қолғап киген лек-лек толқын арада үш-төрт жыл өткенде совет рингінде ғана емес, Еуропа, әлем рингінде дауыл тұрғызды. Серік Нұрқазов, Бейбіт Есжанов, Асылбек Қилымов, Эрик Хәкімов, Рашид Кабиров, Кәрімжан Әбдірахманов, Болат Манкенов, Болат Жараров, Александр Мирошниченко тәрізді батырлар 1981-1990 жылдар аралығында совет боксының байрағын ұстады, қазақтың намысын көтерді. Серік көзін ашқан алтын бастау күркіреп, бұрқ-сарқ қайнаған арналы өзенге айналды. Серіктің алтын бастауы олимпиада ойындарының алтын жүлделеріне ұласты.
Шүу дегеннен әлемдік бокстың ұшар басында ат ойнатқан Серік Қонақбаев 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында алтын жүлдеге тәуекел етті.
Сексеннің көктемінде КСРО чемпионатында жеке-дара шықты. Одақ чемпионатынан кейін бокс құрамасы Қара теңіз жағасында екі апта демалды. Екі апта еркіндік көп спортшының салмағының өсуіне себеп болды. Серіктер Кисловодскідегі оқу-жаттығу жиынында салмақ «қууға» кірісті. Күніне үш мәрте жаттығу. Бұған қоса, кеңестік идеологиялық жүйенің саяси лекциялары басталды. Жанкешті жаттығудан шалдығып шыққан спортшылар бірнеше сағат лекция тыңдайды. Лекциядан шығып, жаттығуға кіріседі. Боксшылардың жүйкесі жұқарып, спорттық бабы төмендей бастады.
Кисловодскідегі жиын біте сала құрама Киевке аттанды. «Динамо» футбол клубының базасында арнайы әзірлік жиыны басталды.
Серік таңертең бір жапырақ ет пен бір үзім нан жеп, бір стақан шәй ішеді. Содан екі мәрте жаттығу жасап, сілелеген бойда ұйқыға бас қояды. Күнде осылай. Оның үстіне кубалықтардың үрдісімен екі күнде бір рет сынақ жекпе-жектері өтеді. Маусымның ми қайнатар ыстығында Серік жел өткізбейтін жеңіл қаусырмамен айқасқа шығады, қарсыластары мәйкішең. Үш боксшы Қонақбаевқа кезек-кезек тап береді. Бір айналым аяқтала бере екінші айналым басталады.
Таңертеңгі қансорпа жаттығудан кейін «асқақ идеяларға» толы саяси лекциялар қайта жалғасады. Өзегің талып, көзің қарауытып отырғанда қайдағы саясат. Бірнеше күннен кейін бұл лекциялар спортшыларды әбден титықтатып жіберді. Сол лекциялардың орнына жігіттер бір сағат мызғып алғанда жүйкелері босап, кәдімгідей тыңайып қалар еді. Оның үстіне олимпиадаға түсетін спортшылардың есімі дода басталуға бір апта қалғанда ғана жария болды. Мұның өзі жігіттердің көңілін алаңдатып, жүйкеге тиді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: совет боксшыларының Мәскеу олимпиадасы басталған сәттегі бабы мәз емес еді.
Олимпиада тізгін қақты. Серіктің күні бойы талғажау қылатыны бір жапырақ ет пен бір тілім нан, бір стақан шәй. Екі айдан бергі ас-суы осы. Бар күш-жігерін жұдырыққа түйіп, намысын жаныған Серік жартылай финалға еркін жетті.
Ендігі қарсыласы – кубалық Хосе Агелар. Бейнетаспадан бірнеше айқасын тиянақтап көрген. Қара күшке бай, қос қолымен опырып ұрады, бірақ алып бара жатқан шеберлігін байқай қоймады. «Әдіс-айламен ұтуға болады, – деді Серік іштей. – Аса қиынға соға қоймас».
Жаңсақ ойлағанын рингке шыққанда бір-ақ білді. Агелар жолбарыстай жырынды, құйын-перен боксшы екен. Екпіні тау бұзардай. Бірінші раундта-ақ Қонақбаевты сол қапталдан ұрып, нокдаунға түсірді. Өмірінде мұндай күйге түспеген Серік есін тез жиды.
Екінші рет Хосе Серікті тура сол жақ самайдан ұрып құлатты. Дүние шыр айналды. Есеңгіреп қалған Серікке әуелі Агелардың аяғы көрінді. Сосын жарық дүние төменнен жоғары қарай түріліп, төрешінің бет-жүзін, шаршы алаңды, бүкіл залды көрді. Рингтегі төреші бапкерлер мен қапталдағы төрешілерді сабасына түсіргенше Серік есін жиып үлгерді. Тұла бойын бұрын-соңды болмаған ашу кернеді.
Көкжал қасқырдай дүр сілкінген Серік әрі қарай қалай айқасқанын білмейді. Агелардың алдаспандай жарқылдаған ақ қолғабынан табиғи түйсікпен жалтарып, жанталаса қимылдағанын біледі. Гонг ұрылып, өз бұрышына жеткенде КСРО құрамасының бас бапкері Алексей Киселевтің: «Жарайсың, Серік, азаматсың! Бар, қарсыласыңның қолын қыс», – деген сөзі құлағына талып жетті.
Серік қарсы бетке бір адым аттай бере теңселіп кетті. Содан сәл кідіріп, бар күшін жиып, қарсы бұрышқа жеткен. Куба бапкері Сагарра мұның терін сүртіп, иығынан қақты. Қайтарда екі аяқтың буын-буыны дірілдеп, әлі құрып, бір тоқтап барып өз бұрышындағы орындыққа сылқ ете қалды. Отырған бойда бас бапкерге: «Мені көтеріп әкетпесе, жиырма мың адамның алдында жығылып қаламын», – деді.
Енді әңгіме желісін Серік Қонақбаевтың өзі жалғасын.
«Төреші жеңімпаз ретінде қолымды көтерген сәтте сүлесоқ қалпымда тұра бердім. Себебі бойымда күш-қуат қалмап еді. Бәлкім, олимпиаданың бар қызығы осымен біткенін іштей түйсіндім бе, әйтеуір, серпіле алмадым.
Жігіттер рингтен көтеріп әкетіп, киім ауыстыратын бөлмедегі сәкіге жатқызды. Сең соққандай бір сезім. Бір кезде «Серік, тұр, анаң келе жатыр» деген дауысты естіп, зорға дегенде басымды көтердім. Олимпиада кешені мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қатаң бақылауында еді. Анамның мен жатқан бөлмеге қалай кіріп кеткеніне әлі күнге дейін таңғаламын.
Анамның екі көзі жасқа толып тұр. Мені кішкентай балаша құшақтап, басымнан сипап, еміреніп отыр.
Арада жарты сағат өткенде бөлмеге Александр Кошкин кіріп келді. Үсті-басы қып-қызыл қан. Шешем сол жерде талып қала жаздады. Саша абдырап, анамнан кешірім сұрап әлек.
«Ұлым, мұндай жағдай сендерде жиі бола ма?» – деді анам екеуміз жеке қалғанда. Ол кісіні шамам жеткенше жұбатуға тырыстым.
Ертеңіне төсектен зорға тұрдым. Тұла бойым зіл батпан. Екі қолым салдырап көтертпейді. Дәрігер, массажист бар. Бірақ бізге қарауға уақыттары жоқ па, әлде тапсырма солай ма, іскен, көгерген жерлерімізді өзіміз емдеп, біраз еңбектенуге тура келді.
Түсте анам екеуміз мейрамханаға бардық. Мен бір тілім ет жеп, бір кесе шәй іштім.
Ертең – финал».
«Капиталистік жүйе сол олимпиадаға байкот жариялады. Ал сол системаның олимпиадаға өз еркімен келген жалғыз боксшысы финалға шықты. Серіктің Патрицио Оливамен айқасын бейнетаспадан кемі он рет көрген шығармын. Серік Мәскеу олимпиадасының финалында ұтылған жоқ. Қонақбаевтың бірнеше соққысы есепке алынбады. Саясат Оливаны қолдады. Амал нешік...» Бұл – Серіктің бапкері Юрий Цхайдың сөзі.
1981 жылдың қорытындысы бойынша Серік Қонақбаев әлемнің ең үздік әуесқой боксшысы атанды. Серіктің артында АҚШ, КСРО, Жапония, Түркия, Германия секілді ірі мемлекет тұрса, мұндай асқаралы биікке елінің айбынымен, жұртының тегеурінімен жетті дер едік. Ол кезде қазақ жұрты КСРО-ның боданы, Мәскеудің қабағына қараған тәуелді республика болатын. Соған қарамастан, асыл туған Серік жұмыр жердің алдында қазағының маңдайын жарқыратып, мәртебесін асырды.
Сол жылы АҚШ алпауыттары кәсіпқой бокстан әлемнің ең үздік боксшысы, жеңілуді білмейтін Рэй Леонардо мен Серік Қонақбаев арасында Токиода жекпе-жек ұйымдастырмақшы болды. Қараңыз, кәсіпқой бокстың майталмандары коммунизм мен капитализм арасындағы әлемдік жекпе-жекке басқаны емес, біздің Серікті таңдап отыр.
Серік тәуекелге бел буған. Бірақ Мәскеу тоқтау салды. Мәскеудің құдіреті бұған жеткенімен, миллиондаған жанкүйердің Қонақбаевтың Алла сыйлаған ғажап өнеріне деген ыстық сезімін ауыздықтауға жетпеді.
«Серік Қонақбаев – ұлы боксшы!» – дейді даңқты киноактер Армен Джигарханян.
«Серіктің рингке шығарда тарап қойған шашы рингтен түскенде сол қалпында тұратын», – дейтін спортсүйер әр азамат.
«Қонақбаев – совет боксының Моцарты!» – дейді олимпиада жүлдегері, Еуропаның үш дүркін, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, ресейлік боксшы Виктор Рыбаков.
Біз Серікті артық мақтаудан аулақпыз. Қонақбаев қазіргі таңда Азия бокс федерациясының президенті. Кеше ғана шаршы алаңның шынары болған азаматымыздың Жер шарындағы ең алып құрлықтың бокс тізгінін ұстағаны – ұлтымыздың мерейі, еліміздің мәртебесі.

Қыдырбек РЫСБЕК

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Оспанов Д | 28 қыркүйек 2017 19:25
Ұлдарымызды, ұрпақтарымызды осындай асыл азамат Серік Қонақбаевтай болыңдар, содан үлгі алыңдар деп тәрбиелейік. Серік бар қазақтың мақтанышы, Аллах өмір жасын ұзақ қылсын!!! Мақтанса қазақ Серікпен мақтансын. Келбеті сұлу, мінезінде мін жоқ, жаман сөз ерімеген НАҒЫЗ ҚАЗАҚ деген атқа ЛАЙЫҚ ТҰЛҒА.
Гуля | 30 қыркүйек 2017 17:10
Қыз бала болсақ та Серіктің боксын қызыға қараушы едік сол жылдары. Міне қазақ деп көрсетуге ұялмайтындай сұлу да сырбаз еді жас кезінде. Алмастай жарқыраған қара көздері мен бұйра шаштары ерекше көрінуші еді... Иә, Серікпен мақтандық кезінде. Қазақтың осындай азаматтары аман жүрсін.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар