1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №78 (16264 3 қазан, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" спорт беті.
3 қазан 2017
Екі серке сүрінді

Қазақстан премьер-лигасы
29-тур
30 қыркүйек – 1 қараша
«Ертіс» – «Қайрат» – 1:1 (Фонсека, 23 – Гоу, 28)


Чемпиондық атақ үшін негізгі қарсыласы «Астанадан» бір күн бұрын ойнап, «Қайрат» Павлодарда тең нәтижеге қанағат білдіруге мәжбүр болды. Бұған дейін алматылықтар сегіз ойында қатарынан жеңіске жетіп, «Астананың» күнібұрын чемпион атануын мейлінше кешеуілдетіп келген-ді. Сондықтан қалған төрт турда жеңіске жетіп, «Астананың» сүрінуін күтуден басқа жолы қалмаған еді. Алайда В.Грозный басшылығымен енді ғана ес жиып келе жатқан «Ертіс» алматылықтарды аяқтан шалды. Фонсеканың голына Гоу араға 5 минут салып қарымта қайтарғанымен, «Қайрат» жеңіс кілтін таба алмады. Әрине, ойынның 45-минутында алаңнан Е.Ахметовтің қуылуы да «Қайраттың» бапкері К.Алос Феррердің жоспарын іске асырған жоқ. Тіпті «қайраттықтар» Ахметовке төреші Д.Измайловтың неге қаталдық танытқанын түсіне алған жоқ. Елдос болса биылғы маусымда алаңнан екінші рет қуылды. Ал Ж.Гоу биылғы маусымдағы 22-голын соғып, 2015 және 2016 жылдардағы нәтижелерін қайталады. «Қанша гол соққаным маңызды емес. Мен әр ойында өз командамның жеңгенін қалаймын», – деді ол. Гоу өзінің Қазақстандағы 96-шы дәл соққысын жасады. Ол енді төрт рет мергендік танытса, елімізде 100 және одан көп гол соққан легионер мергендер үштігіне (бұған дейін Ұ.Бақаев пен Н.Мендес 100-ден асыра гол енгізді) енеді.
«Қайрат» үшін кейінгі төрт жылда 29-тур ойындары өте сәтсіз болып жүр. 2014 жылы 29-турда «Қайсармен» – 1:1, 2015 жылы «Ордабасымен» – 0:0, 2016 жылы «Атыраумен» 1:1 есебімен тең ойнап, «Қайрат» чемпиондықтан үміт үзіп еді. Биылғы 29-тур да алматылықтарды аяған жоқ. Енді не боларын алдағы үш тур ойындары шешеді.
«Ордабасы» – «Ақжайық» – 3:2 (Төлебек, 38, Вуяклийа, 50, Йорданов, 90 – Одибе, 45+1, Главина, 73)
Қола жүлденің мәселесін күнібұрын шешіп қойса да, «Ордабасыға» бұл ойында жеңіс ауадай қажет еді. Шымкенттіктер кейінгі үш турда жеңіп көрген жоқ, соңғы екі турда негізгі қарсыластарынан («Қайрат» пен «Ертістен») 2:9 есебімен ұтылды. Сондықтан А.Петрушин өз шәкірттерін жеңіске жұмылдырды. Ал «Ақжайыққа» жеңіс ауадай қажет. Оралдықтар турнир кестесінің етегінде, І лигаға түсіп қалу шегінде тұр. Сондықтан бұл ойын өте қызықты өтті. М.Төлебек биылғы өзінің төртінші голын айып соққысынан соқса, оралдықтардың екі голға да қарымта қайтарғанына қарамай, П.Йорданов соңғы минутта жеңіс голын соғып кетті. Енді «Ақжайықтың» жағдайы нашар. В.Масудов шәкірттері келесі турларда «Қайратпен», «Қайсармен» және «Астанамен» кездеседі. Соның ішінде «Қайсармен» ойын ғана – өз алаңында.
Ал «Ордабасының» бас бапкері А.Петрушин «Ақжайыққа» қарсы ойынға биылғы чемпионатта мүлде алаңнан көрінбеген М.Мұхтаров пен жас футболшы С.Тұрсынбайды негізгі құрамда шығарды.

«Қайсар» – «Оқжетпес» – 2:1 (Мулдаров, 38, Жанғылышбай, 87 – Әмірсейітов, 13-өз қақпасына)
«Қайсар» қажетті жеңіске жетіп, премьер-лигада қалу мәселесін толық шешкендей болды. Ал «Оқжетпеске» қарсыластың автоголы да көмектеспеді. Көкшетаулықтар қатарынан алтыншы ойында ұтылды. Жақында Ақмола облысының басшылығы команда нәтижесіне реніш білдіріп, келесі жылы бюджеті қысқартылатынын айтып еді. Енді «Оқжетпеске» І лигаға құлдыраудан басқа жол жоқ секілді.
«Атырау» – «Шахтер» – 3:1 (Аблитаров, 14, Максимович, 55, Абдрахманов, 71 – Пикалкин, 22)
Екі команда үшін де премьер-лигада қалу үшін әр ұпай маңызды. Ресейлік бапкер С.Павлов отставкаға кеткен соң, «Атырау» ойыншылары жағдайды бұдан әрі ушықтырудың болмасын біліп, өздеріне қамшы басқандай. 26-турда «Астанадан» 0:7 есебімен жеңілген соң, мұнайшылар кейінгі үш турда 2 жеңіс, 1 тең ойынға қол жеткізді. Дегенмен премьер-лигада қалу мәселесін түбегейлі шешкен жоқ. «Шахтердің» жағдайы да осындай.
«Тобыл» – «Астана» – 1:1 (Молдақараев, 33 – Шомко, 41)
«Тобыл» еурокубок орны үшін «Ертіспен» егесіп келеді. Сондықтан оған жеңіс өте қажет. Ал «Астана» 11 ойында қатар жеңіп келе жатқан-ды. «Қайраттың» Павлодарда сүрінгенін білгесін, елордалықтар Қостанайдан үш ұпай алып қайтса, чемпиондық мәселесін шешіп тастары да сөзсіз еді. Алайда бұл ойын чемпиондарға оңай соқпады. П.Твумаси, С.Мұжықов ойын қарсаңында жарақаттанып қалды. Д.Деспотович, Л.Кляйнхайслер, С.Граховац, М.Аничич әлі қатарға қосылған жоқ. Сондықтан бас бапкер С.Стойлов барымен базар жасап, бір ұпай олжалағанға да риза болды.
«Тараз» – «Ақтөбе» – 1:0 (Морис, 17)
Аутсайдердер арасындағы егес қайнап жатыр. «Тараз» тікелей бәсекелесі «Ақтөбені» тізерлетті. Көне шаһардың аяқдопшылары 6 тур бойы жеңісті ұмытып еді, бұл үш ұпай біраз серпілтетіні анық. Ал «Ақтөбе» өз тарихында тұңғыш рет бір аяғымен І лигада тұр. Дегенмен В.Муханов жаттықтыратын команда қалған ойындарда тал қармап қана қоймай, жағада қалуға тырысып бағары сөзсіз. Қалған үш турда «пентакампеондар» Павлодар мен Алматыға қонаққа барады, өз алаңында «Ордабасыны» қабылдайды. Кестесі қиын, қалай дегенде де.

РУМЫНИЯМЕН КЕЗДЕСУГЕ МҰЖЫҚОВ ТА ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ
«Астана» командасының және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Серікжан Мұжықов 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңі аясындағы екі ойынға қатыса алмайды. Отандастарымыз 5 қазанда сырт алаңда – Румыниямен, 8 қазанда Астанада Армения құрамасымен кездеседі.
«Астана» командасының бас бапкері С.Стойлов Мұжықовтың 10 күндей дәрігер қарауында болатынын айтқан-ды. Ал румындармен ойынға қорғаушы Ю.Логвиненко мен жартылай қорғаушы Б.Исламхан айып өтеуіне байланысты қатыспайды. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы А.Бородюк жиынға астаналық қорғаушы С.Малыйды қосалқы тізімнен шақырды.
Румыния – Қазақстан кездесуіне швейцариялық төреші Сандро Шерер қазылық ететін болды. Оған Стефан де Алмейда мен Слободан Йосипович көмектеседі. Шерер 2016 жылы Чемпиондар лигасына іріктеу кезеңіндегі «Астана» – «Жальгирис» матчына төрелік еткен болатын.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар