17 қараша 2009
Алматылықтар алып та, шалып та жықты
Қызылордада еркiн және әйелдер күресiнен Қазақстан кубогы сарапқа салынды. Командалық жарыс бойынша өткен Сыр өңiрiндегi додада Алматы облысының еркiн күрес палуандары бас жүлдеге ие болды.
Алматы облысынан келген палуандар топтық белдесулерде Қарағанды, Қостанай облыстарының палуандарымен қатар, Алматы қаласының палуандарымен күш сынасқан-ды. Жалпы, Қазақстан кубогына елiмiздiң әр облысынан он команда және Алматы мен Астана қалаларының палуандары қатысты. Төрт-төрттен үш топқа бөлiнген командалардың арасынан Алматы облысының палуандары А тобынан үздiк болып танылса, В тобынан Маңғыстау облысының палуандары озып шықты. Маңғыстаулықтар Солтүстiк Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облысының палуандарымен бiр топта белдестi. Соңғы С тобынан оңтүстiкқазақстандықтар бiрiншi болып финалға жолдама алды. Олар Жамбыл мен Ақмола облыстарының палуандарымен қатар Астанадан келген палуандарды тiзе бүктiрдi.
А тобынан қара үзiп шыққан Алматы облысының палуандары финалда Маңғыстау мен Оңтүстiк Қазақстан облыстарынан келген палуандарды жеңiп, Қазақстан кубогына ие болды. Жүлделi екiншi орынды Шымқаланың жiгiттерi ұтып алды. Олар, Алматы облысының палуандарынан жеңiлген соң, маңғыстаулықтардан басым түстi.
Әйелдер арасындағы күрес те еркiн күрестiң ережесiмен өттi. Қызылордаға жиналған он екi команда төрт-төрттен үш топқа бөлiнiп, Қазақстан кубогының егесiн анықтады. Финалда Алматы мен Оңтүстiк Қазақстан облыстарының палуандарын жеңген Алматы қаласының бойжеткендерi Қазақстан кубогын қанжығаларына байласа, оңтүстiкқазақстандықтар күмiс, Алматы облысының палуандары қола жүлдеге ие болды.




