19 қараша 2009
Мишель Платини, УЕФА президентi: Хоккейдi онша түсiне бермеймiн

Өткен аптаның соңында УЕФА президентi Мишель Платинидiң Астанаға ат басын бұрғанын газетiмiздiң өткен санында жазғанбыз. “Шахтер” мен “Атырау” клубтары арасындағы Қазақстан кубогының финалдық кезеңiн тамашалаған президент ойыннан кейiн бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткiздi. Бүгiн оқырмандар назарына М.Платинидiң Қазақстан футболы жайлы айтқан пiкiрлерiн ұсынып отырмыз. Сонымен, Платини елiмiздiң аяқдопшылары жайлы не дейдi?
– Қазақстанға келгенiме қуаныштымын. Бұл менiң сiздердiң елiңiзге бiрiншi рет келуiм емес. Бұған дейiн де Қазақстанға бiрнеше рет ресми сапарлармен келiп кеттiм. Жаңадан бой көтерген стадион (“Астана-Арена” стадионы) менiң көңiлiмнен шықты. Естуiмше, Қазақстанда жас футболшыларды даярлауға келгенде де алдарыңызға жан салмайды екенсiздер. Ең маңыздысы да осы ғой...
– Алдағы маусымда елiмiздiң премьер-лигасында командалардың саны он екiге дейiн қысқарды. Бұған сiздiң көзқарасыңыз қандай?
– Бұл мәселенi Қазақстан футбол басшыларының өздерi шешедi. Ал мен бұл мәселеге оң көзбен қараймын.
– Сiз футболға бiраз өзгерiстердi енгiзудi қаладыңыз. Мәселен, алаңдағы төрешiлердiң санын бесеуге дейiн арттыру, екi кезеңнiн арасындағы демалыс уақытын он бес минуттан жиырма минутқа дейiн көбейту және ойын кезiнде төрт футболшыға дейiн ауысуға мүмкiндiк беру. Бұл туралы не айтасыз?
– Мұндай шешiмдi УЕФА емес, ФИФА-ның басшылары шешедi. Ойын арасындағы демалыс уақытын арттыру туралы ой қазiр күн тәртiбiнен алынып тасталды. Өйткенi, ойын ережесi туралы халықаралық одақ бұл пiкiрдi қолдаған жоқ. Алаңдағы төрешiлердiң санын арттыру жайына келер болсақ, қазiр Еуропа лигасының кейбiр ойындарына тәжiрибе ретiнде енгiзбекшiмiз. Болашақта нақты осылай болады деп дөп басып айта алмаймын. ФИФА басшылары қалай шешсе, солай болады. Менiң ойымша, төрешiлердiң санын арттыру дұрыс. Бiрақ мен ФИФА басшысы емеспiн ғой.
– Кейбiр дамыған елдерде футболшыларға өте көп ақша төленедi. Жалпы, соншама ақша төлеу дұрыс па?
– Футболшыларға ақша төлеу клубтың қаржылық мүмкiндiгiне байланысты. Егер клубтың бюджетi жақсы болса, неге төлемеске?! Бiрақ, ақшаны оңды-солды шашудың да қажетi жоқ кейде.
– Қазақстан футболдағы жемқорлыққа қатаң бақылау орнатты. Осы жағынан хабардар шығарсыз?..
– Әрине, Қазақстанның футболдағы жемқорлықпен күресiп жатқанына өте қуаныштымын. Шынымен де, қазiргi таңда футболдағы сыбайлас жемқорлықпен бiрлесiп күресуiмiз керек. Әйтпесе, футболдың қызығы кетiп қалатыны бәрiмiзге белгiлi. Егер кiмнiң жеңетiнiн алдын ала бiлiп отырсаң, онда футболға келудiң қажетi қанша? Футболдағы сыбайлас жемқорлықты жою үшiн УЕФА-ға кiретiн 53 мемлекетке 6 миллион еуродан бөлiп отырамыз. Және ол ақшаны қалай пайдаланды, не үшiн жаратты, оны да өз бақылауымызда ұстаймыз.
– Егер келiсiлген ойындарды немесе ойынды сатып жiберген футболшыларды байқап қойсаңыздар, оларға қандай жаза қолдануға болады?
– Жазаның түрi өте қатал болуы керек. Бiз әр елдегi iшкi бiрiншiлiктерге тексерiс жүргiзiп отырамыз. Егерде қандай да бiр олқылықтар болса, онда оны мiндеттi түрде тәртiп комиссиясында қараймыз. Кезiнде Македонияның бiр клубындағы футболшы өмiр бойы футболдан шеттетiлген.
– Егер Қазақстанға “Астана-Арена” сияқты тағы бiр-екi стадион салса, Еуропа бiрiншiлiгiн өткiзуге мүмкiндiгi бар ма?
– Сзiдерде, бiр-екi жақсы стадион бар екенiн бiлемiн. УЕФА-да стадиондардың қауiпсiздiгiн тексеретiн арнайы ұйым жұмыс iстейдi. Егер солардың тексерiсiнен өтiп жатса, неге халықаралық деңгейдегi ойындарды өткiзбеске?!
– Қазақстан құрама командасының немесе клубтарының ойынын соңғы рет қашан тамашаладыңыз?
– 2006 жылғы әлем бiрiншiлiгiнiң iрiктеу ойындары аясындағы Қазақстан – Грекия ойынын тамашаладым. Алматыдағы өткен ойын әлi есiмде. Қазақстан футболшылары сол кездегi Еуропа чемпионын ойынның 87-минутына дейiн 1:0 есебiмен жеңiп жатты. Өкiнiшке қарай, қазақстандықтар жеңiстi ұстап тұра алмады.
– Футболшы ретiнде қазақстандық футболшыларға қандай баға бересiз?
– Өкiнiшке қарай, мен қазiр футболшыларға көп мән бермеймiн. Мен көбiне төрешiлердiң жұмыстарын бақылаймын.
– Сiздiң ойыңызша, 2010 жылғы әлем бiрiншiлiгiнде қай команданың топ жаруы мүмкiн?
– Дөп басып айту қиын. Өзiм Еуропаның футболын басқарып отырғаннан кейiн әлем чемпионы еуропалық команданың болғанын қалаймын. Бiрақ, әр құрлықта әлем чемпионы деген атқа лайық кем дегенде бiр-бiр мықты команда бар.
– Осы жылдың “ең үздiк футболшысы” деген атқа кiм лайық?
– Испанияның “Барселонасында” өнер көрсететiн аргентиналық (Леонели Месси – ред.) шабуылшының үздiк атануға толық мүмкiндiгi бар.
– Сiз келген күнi “Барыс” пен “Автомобилист” хоккейшiлерiнiң арасындағы ойынды тамашаладыңыз. Ойын ұнады ма сiзге?
– Шынымды айтсам, хоккей туралы мағлұматым аз. Онша жақсы түсiне бермеймiн. Өйткенi, Францияда хоккей танымал ойындардың қатарына жатпайды. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.
– Франция футболшыларының ойынын жiбермей көретiн шығарсыз?
– Франция құрамасының ойынын көрмегенiме бiр жарым жылдай уақыт болды. Кеше (қарашаның 14-i – ред.) Ирландия мен Франция арасындағы плей-офф бәсекесiнiң алғашқы ойынын көрiп жатып, ұйықтап кетiппiн. Әрине, ұйықтап кеткен себебiм – ойын қызықсыз өткеннен емес, уақыты өте кеш болды.




