1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №71 (16153) 6 қыркүйек, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
6 қыркүйек 2016
Студент-ақпарат

ЖАЙЫҚ ӨЗ ЖIБЕГIН ТАҢДАДЫ

«Орал аруы – 2016»
Батыс Қазақстан облысында “Орал аруы – 2016” байқауы мәреге жеттi. Оған 12 үмiткер қатысқан. Маусым айында iрiктеуден өткен сұлулар үш ай бойы би мен актерлiк шеберлiкке үйренген. Бес кезеңнен тұрған сайыс барысында арулар өздерi туралы әңгiмелеумен бiрге, ұлттық киiмдермен сахнаға шығып, өз өнерлерiн көрсеттi. Қазылар алқасының сауалдарына жауап берiп, ой-өрелерiнiң қандай деңгейде екендiгiн танытты. Ұйымдастырушылардың бiрi Көркем Дауымованың сөзiне қарағанда, аталмыш байқауға қатысқан 16-22 жас аралығындағы үмiткерлердiң бәрi де тиянақты әзiрленген. Ең бастысы, ашық-шашық емес, ұлттық киiм киген қыздардың әдемi жүрiсi мен қимылдары, өнерi мен сауалдарға тиянақты жауап беруi жиналған көпшiлiкке жақсы әсер қалдырды.  Байқау қорытындысында Жәңгiр хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетiнiң студентi, 18 жастағы Айнұр Шаймарданова жеңiмпаз атанды. Оған сый ретiнде Парижге жолдама берiлдi. Ендi ол “Қазақстан аруы - 2016” байқауында облыс намысын қорғамақ.
 
ГЕРМАНИЯ «ЖЫЛ СТУДЕНТIН» АНЫҚТАДЫ
Жыл студентiн анықтауға қатысты байқау шарты өткен жылы тұңғыш рет жарияланған болатын. Мақсат – Германиядағы 2,5 млн студент пен шетелде бiлiм алып жүрген немiс жастарының арасындағы ең үздiк шәкiрттi анықтау. Бiрақ бұл байқауда үмiткерлердiң оқу үлгерiмi ғана есепке алынбайды. Олардың қоғамдық жұмыс­тар­ға атсалысу белсендiлiгi, қайырымдылық iстерге ұйытқы болуы, көпке пайдасы тиетiн өзге де шаруалармен шұғылдануы ескерiледi. Биыл 106 үмiткердiң арасынан Виттен-Хердеке университетiнiң 29 жасар студентi Кристоф Людеман үздiк деп танылып, “Жыл студентi” атанды.
Кристоф Людеман өзiнiң ниеттес достарымен бiрге құрған “L’appel Deutschland” ұйымы осыдан 3 жыл бұрын жұмыс iстей бастаған екен. Әлеуметтiк жобаны қолға алған жастар Африканың Руанда және Сьерра-Леоне елдерiндегi бiлiм, медицина, инфраструктура салаларының дамуына ықпал жасауды көздеген. Осының арқасында Руанда мемлекетiнде ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететiн станция ашылған. Ал Сьерра-Леоне елiнде эбола вирусының тарау қаупiне байланысты жабылған мектеп қайта ашылмақ. Сондай-ақ немiс студентi Африкадағы ең талантты да, дарынды жастарды қолдаудың жолын тапқан. Оның құрған ұйымында қазiр 30-ға жуық ерiктi жұмыс iстейдi. Олар Африканың дарынды жастарын Германияда оқытуға демеушi iздейдi. Қайырымды жандардан қаржы жинайды. Ұйым жұмысын бастаған үш жыл iшiнде 1 млн еуроға жуық қаржы жиналған. Ал Германияда тегiн бiлiм алуға қол жеткiзген африкалық жастарға қойылатын бiр-ақ талап бар. Олар оқуын тәмамдап, жұмысқа тұрғаннан кейiн Африканың тағы бiр баласының Германия­да оқуына жәрдемдесуi керек.
“Жыл студентiн” анықтаған қазылар алқасы Кристоф Людеманға шендесер ешкiм болмағанын айтқан. Ендi оған 5 мың еуро қаржылай сыйлық берiлмек. Болашақ онколог-дәрiгер қазiр осы шаруалармен қатар, диссертация жазып жатыр.
 
СТУДЕНТТЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДI
Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнде тұңғыш рет Студенттерге қызмет көрсету орталығы (СҚКО) ашылды.  Орталықтың мақсаты — бiр терезе принципi бойынша студенттерге жалпы саны 40-тан астам қызмет түрiнен сапалы және жедел қызмет көрсету. Орталық 2 қыркүйек күнi ашылды.
Студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, талапкерлерге және олардың ата-аналарына құжаттар қабылдау, оқуға түсу, оқудан шы­ғу, ауысу, бiлiм алудағы өзгерiстер, т.б. қа­жеттi мәселелерi бойынша қызмет көрсетiледi. Орталықта студенттердiң жеке iс құжаттары сақталып, бiлiм алушылардың студенттiк билет­терi, сынақ кiтапшалары, академиялық анықтамалары, транскрипттерi, оқу бiтiруi туралы дипломдары мен диплом қосымшалары, архив анықтамалары берiлмек. Сондай-ақ Студенттерге қызмет көрсету орталығының қызметi сту­денттердiң жеке оқу жоспарларының құры­луына, емтихан сессиясының өтуiне, курстан-курсқа көшуiне, университет iшiнде және университет­аралық ауысуына, қайта қабылдануына, академиялық демалысқа шығуы мен оралуына, тегiн ауыстыру сияқты жұмыстарға бағытталған. Бұл орталық студенттердiң негiзгi контингентiн, студенттердiң бiлiм сапасы мен үлгерiмiн анықтаумен де айналыспақ екен.
Орталықтың тiркеушi-кеңсе бөлiмiнiң басшысы Дариға Жарықбаеваның айтуынша, бiр студентке қызмет көрсетудiң уақыты – 15 минут.  Осы уақыт iшiнде қызметкер қажеттi құжаттарды, өтiнiштi қабылдап, басқа бөлiмдерге келi­сiмге жiбередi.
 
ЖАЛҒАН АҚШАМЕН ҰСТАЛДЫ
Жаңа оқу жылы дүкеншiнi алдамақ болған ақтөбелiк студент үшiн тым сәтсiз басталды. Ол “Дина” супермаркетiнен азық-түлiк алып, сатушының қолына жалған ақша ұстатқан.
“Бұл бала дүкенге түнгi 12-лер шамасында келген. Шамамен 7 мың теңгенiң көлемiнде тауар алған. Сосын кассадағы Айнур Уразованың қолына жалған 10 мың теңгелiк купюра ұстатқан. Ол ақшаның күмәндi екенiн бiрден сезiп, дереу супермаркеттiң күзет қызметiн шақырған. Полицейлер келгенде студент өз кiнәсiн мо­йындады” дейдi супермаркет директоры.Ж.Сатбаева.
Қазiр жалған ақшаның студенттiң қолына қайдан түскенi тексерiлiп жатыр.
 
12 ЖЫЛ БҰРЫН ЖОҒАЛҒАН
Осыдан 12 жыл бұрын Қытайға сапарлап барып, iз-түзсiз кеткен АҚШ студентi туралы жаңа ақпар шыға бастады. Кейбiр деректерге қарағанда оны әлдебiрлеулер ұрлап әкетiп, Солтүстiк Кореяға жеткiзген. Дэвид Снеддон Солтүстiк Корея көсемi Ким Чен Ынның ағылшын тiлiн үйрететiн жеке мұғалiмi болған. Бұл туралы “The Mirror” сайтына сiлтеме жасап, “nation-news.ru” хабарлады.
Дэвид Снеддон 2004 жылы тамыз айында жоғалған едi. Ал Қытай құқық қорғау органдары оны Юнань провинциясында қаза тапты деп хабарлаған. Соңғы деректер бойынша ол қазiр солтүстiккореялық әйелi және одан туған екi баласымен бiрге Пхеньян қаласында тұрып жатыр.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті