1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №103 (16185) 26 желтоқсан, дүйсенбі 2016
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
27 желтоқсан 2016
Нұрбек ЖАНАРБЕК, Моңғолдың Ұлттық Жоғары оқу орнының студентi: ҚАЗАҚСТАНҒА ХАН-ТӘҢIРIНIҢ ТӨБЕСIНЕН ҚАРАҒЫМ КЕЛЕДI

Жуырда Ұланбатыр сахнасында өнер көрсеткен 19 жасар қазақ баласы жұрт назарын ерекше аударған едi. Молдабайдың әнiн өзiндiк мақаммен ойнатып орындаған жас әншi телевизиялық шоуда тапқырлығымен де танылған болатын. Әлеуметтiк желi арқылы iздеу салып, шағын мақала жазсақ деген ойымыз кейiн өзгердi. Өйткенi әншiлiк өнер – Нұрбек Жанарбектiң бiр қыры ғана екен. Сегiз қырлы, бiр сырлы жiгiттiң әңгiмесiн үзiп-жұлмай толық жариялауды жөн көрдiк. Оның себебiн сұхбатты оқыған оқырман бек түсiнедi деген үмiттемiз.

– «Mongolia’s Got Talent» телевизиялық жобасындағы өнерiң жұртты ерекше сүйсiнттi. Сол оқиғаны тағы бiр еске түсiрiп көрейiкшi. Төрешiлер қатарындағы қыз бен сенiң араңдағы диалог моңғол тiлiнде болғандықтан Қазақстандағы жұрт әңгiменi толық түсiне алмады. Ол не дедi? Сен не айттың?
– Мен бұл жобаға Қазақтың қара домбырасын алып шықтым. Үш төрешi әндi де, күйдi де ғажап орындадың деп жоғары баға бердi. Әрi келесi кезеңге өтетiнiмдi айтты. Ал сiз сұраған төрешiнiң аты – Дэгий. Ол менiң өнерiм жайлы емес, махаббат жайлы әңгiме қозғаумен болды. Тiптi “Қазақ қызы мен Моңғол қызының қандай айырмасы бар?” – деп сұрады. Мен “бар зейiнiмдi оқуға бөлiп жүрмiн, қыздардың айырмасын анықтайтын уақытым болмапты, келесi кезеңге өткiзсеңiздер, бiлiп келер едiм” дедiм. Төрешiлер де, көрермен де күлкiге қарық болды. Бiрақ бұл әңгiме эфирдегi нұсқадан қысқарып кетiптi.
– Ғаламторда жүрген нұсқаның өзiнен моңғол тiлiн бiлетiн ел төрешi қыздың төрешiге лайықсыздау сауалын аңғарған секiлдi. Олар төрешi “Маған ғашық болмайсың ба?” деп сұрады дейдi. Әлде олай деген жоқ па?
– Иә, ол рас. “Маған қаншама жiгiттер ғашық болды, сен де бiр көргеннен ғашық болған жоқсың ба?” – деп сұрады.
– Сен не дедiң?
– “Сiз жарықтан шағылысып жақсы көрiнбей тұрсыз, жақынырақ барып көрмесем...” – деп қалжыңға бұрдым. Чука деген төрешi сахнадан түсiп, қазыларға жақындауыма рұқсат бердi. Және соны қалағандай көрiндi. Төмен түсiп, Дэгийдi көрдiм де, “Хобда қызы” деген өлеңнiң 4 жолын айтып жiбердiм. Мұным көрермендерге де, төрешiлерге ұнаған тәрiздi.
– Есесiне Дэгий сенiң жауабыңа қитығып қалғандай көрiндi. Талантыңды мойындай тұра, сенiң келесi кезеңге өткенiңдi қаламады. Бұл – өнерге қиянат. Мұндай бұра тарту Моңғолияда жиi болып тұра ма?
– Спорт саласында өзiн дәлелдеп жүрген қазақ жастары жеткiлiктi. Ал өнерде бұндай жобаларға қатысып жүрген қаракөздер көп емес. Сондықтан өнер саласында қазақ жастары жиi теперiш көредi деп айта алмаймын.
– Жоба ары қарай қалай жалғасты? Келесi кезеңiне өте алдың ба?
– Жобаның алғашқы iрiктеу кезеңiнде Нұрғиса Тiлендиевтiң “Баламишкасынан” бастадым да, әлем классиктерiнiң музыкасынан попури жасап, күй шерттiм. Iрiктеушiлер ерекше жылы қабылдап, қуана қол соқты. Бiрақ үмiткерлер өте көп едi. Сол себептен iрiктеудiң келесi сатысына қатысуға тура келдi. Бұл жолы “Көк шолақты” орындап, өттiм. Одан кейiнгiсi – өздерiңiз бейнежазбасын көрген 1-кезең. Дэгий маған ұпай бермегенiмен, үш төрешiнiң қолдауы менi келесi кезеңге өткiзген. Дегенмен кейiн келесi кезеңнiң iрiктеуiнен өтпей қалғаным хабарланды.
– Қап, әттеген-ай, ә! Бұл қалай болды?
– Мен оған бола өкiнген жоқпын. Басты мақсатым орындалды. Мен қазақтың қара домбырасымен қандай шоуға да қатысуға болатынын Моңғолиядағы қазақ жастарына көрсеткiм келген... көрсете алдым деп ойлаймын.
– «Mongolia’s Got Talent» телевизиялық жобасындағы өнерiңнен кейiн әлеуметтiк желiлер арқылы өзiңдi iздеп, бокспен шұғылданатыныңды байқадым. Спортта қандай жетiстiктерiң бар?
– Оқушы кезiмде бокс пен каратэден Баян-Өлгий аймағы бойынша бiрнеше мәрте чемпион атандым. Бокстан 2012 жылы Қазақстанда өткен Назарбаев атындағы ашық бiрiншiлiктен қола медаль иемденiп қайтқаным бар. 2013 жылы Шымкентте жалауын көтерген Жасөспiрiмдер арасындағы Азия чемпионатында 50 келiде бақ сынауға барған едiм. Бiрақ салмағым асып кетiп, 56 келiде өнер көрсетуге тура келдi. Жолымды бөгеген жiгiт –Қазақстаның талантты боксшыларының бiрi Абылайхан Жүсiпов. Қазiр Студент жастар арасындағы ел бiрiншiлiгiнен бокс, таеквонда, жүгiру спорты бойынша алдыңғы орындарды иеленiп жүрмiн. Бокстан жыл өте ересектер арасындағы жарысқа қатысуға әзiрлiктi бастап кеттiм. Нәтижесiн уақыт көрсетедi.
– Қай оқу орнында оқисың?
Моңғолдың Ұлттық Жоғары оқу орнында. Мамандығым – математика пәнiнiң ұстазы. Биыл 3-курстамын.
– Моңғолия үкiметi жастардың бiлiм алуына қаншалықты жағдай жасаған? Студенттердiң шәкiртақысы қанша? Жастар жатақханамен қамтылған ба? ЖОО-лардың ақылы бөлiмдерiнде баласын оқытуға қарапайым халықтың шамасы жете ме?
Моңғолия қазiр ЖОО-ларды жекеменшiк бағытта дамытып отыр. Жүздеген оқу орны осыған бет бұрды. Шетелдiң бес-алты оқу орны Моңғолияда арнайы бөлiмдерiн ашты. Бiр сөзбен айтқанда, оқудың бәрi ақылы. Оқу ақысы АҚШ ақшасына шақсақ, 750-2000 доллардың маңында. Әр жоғары оқуы орны өз шамасына қарай студенттерге жағдай жасайды. Соған сай, әр талапкер ЖОО-ны өзi таңдайды. Жақсы оқыған жастар мен спортта, өнерде топ жарған студенттерге оқу төлемiнен жеңiлдiк қарастырылған. Ал үкiмет барлық студентке ай сайын 35 доллардан шәкiртақы бередi. Қазақ жастары жатақханада тұрғаннан гөрi еркiндiк жағын қалап, өзара топтала бiрiгiп, пәтер жалдап тұрғанды қалайды. Шамасы жеткендер әлемнiң қай түкпiрiне барып оқимын десе де, еркiнде. Оған еш бөгет жоқ.
– Ата-анаң туралы да айта отырсаң, үйде қанша баласыңдар?
– Әке-шешем Өлгей қаласында тұрады. Анашым Кәкей ақынның тұңғышы Дiлда деген кiсi. Өлгейде балабақша менгерушiсi. Ал әкем Жанарбек Ақби орта мектепте ұстаз. Әпкем Сұңқар “Орыс-ағылшын тiлi пәнiнiң ұстазы” мамандығы бойынша оқуын биыл бiтiрдi. Қарындасым Лашын оқушы, бауырым Әлихан 5 жаста, сабаққа баруға дайындалып жүр.
– Бойыңдағы өнердiң қайдан өрбiп жатқаны ендi белгiлi бола бастады. Жанарбек Ақбидiң блогер, фотограф әрi альпинист, ең бастысы ұлтжанды азамат екенiн жақсы бiлемiз.
– Егер өнерге қатысты айтсаңыз, әңгiменi аталарымнан тарқатуға тура келедi. Осыдан бiрер ғасыр бұрын ел менiң аталарымның ауылын “Көп қалақшаның ауылы” дейдi екен. Себебi қай үйге кiрсе де, төрiнде қалақша құсап, бiр-бiр домбыра iлулi тұрыпты. Және әрқайсысы жанынан өлең шығарып, күй тартады екен. Сондықтан Төлек атаның Кәдiр тобынан тарайтын бiздiң ауылды жұрт “Бешең ауылы” немесе “Көп қалақша ауылы” атандырса керек. Өз аталарым Ақби, Қалым, Қапан, Аралхан деген кiсiлер Моңғолиядағы қазақ театрының қалыптасуына үлкен үлес қосқан.
Содан да болар, домбыра, гитара, пианино секiлдi саз аспаптарын жетiк меңгеру бiздiң үйдегi әр балаға парыз десем, артық емес.
– Әлеуметтiк желiдегi суреттерiңе қарап, шыңға өрмелеу спортында да шынығып келе жатқаныңды байқап едiм. Бiрақ әңгiме ауанына қарай, ол сұрақты кейiнге қалдыра тұрып, өнер тақырыбын жалғастырайық. Қазақстандағы әншiлермен таныс-бiлiстiгiң бар ма? Ән байқауларына қатысып көрдiң бе?
– Оқушы кезiмде Бекболат Тiлеухан аға Бай-Өлкеге келiп концерт қойған. Ол кiсi киiм ауыстырғанда тыңдарманды тостырмай, мен ән салып тұрдым. Бала емеспiн бе, өзiм үшiн бұл концерт Бекболат пен Нұрбектiң концертi секiлдi сезiлдi. Қазақтың күмiс көмей әншiсiмен бiр сахнада өнер көрсету маған үлкен шабыт бердi, алға жетеледi.
Биыл күзде Павлодарда өткен “Ұлы дала баласы” фестивалiне арнайы шақырумен бардым. Орайы келiп тұрғанда, осы сапардағы мына бiр қызықты да айта кетейiн.
– Қандай ән орындайсың? – дедi маған ұйымдастырушылардың бiрi.
– “Көкшолақты” дедiм мен.
– Жоқ, оны Ерлан Рысқали орындайды.
– Онда “Молдабайды”.
– Оны да Ерлан Рысқали орындайды ғой.
– “Жаяу Мұсаны” ше?
– Оны да!
– Онда несiне менен сұрап тұрсыздар? Ерлан Рысқали орындамайтын қандай ән бар, соны айтсаңыздаршы одан да дедiм мен.
Қысқасы, Моңғолия қазақтарының халық әндерiнен попури орындап бердiм де, елге қайттым. Түу, сонша жерден шекара асып, жол қаражатымды өзiм төлеп келгенде аузымды толтырып, бiрер ән айта алмағаным-ай деп көңiлiмнiң түскенi рас. Сахнаға көтерiлiп, көп алдына шыққан соң, ән арасында домбыраны шертiп-шертiп жiберген едiм. Сахнадан түсiп келе жатсам, аласа бойлы қара жiгiт менi тыпырши күтiп тұр екен.
– Берi кел, бауырым. Ән айтқанда, домбыраны көп шертпей жайырақ қақсаң болмай ма, қайдан келдiң дедi.
– Моңғолиядан.
– Алыстан келген бауырым екенсiң, Ерлан Рысқали деген ағаң мен боламын деп қолын ұсынды. Мен Ерлан ағаммен осылай таныстым.
– Ереке-ау, сонша жерден келгенде әннiң бәрiн өзiңiз алып қойыпсыз, “Молдабайды” бiр жолға маған қисаңызшы демедiң бе? Алыстан келген iнiм деп, көрерменге өтiнiш жасап, сахнаға қайта шығаруы мүмкiн едi ғой?
– Жоқ аға, менiң ондай мiнезiм жоқ. Оның үстiне “қонақ қойдан жуас” деген қазақтың баласымыз. Қонақ болып келген соң, қонақ болып кеткен дұрыс қой.
– Ендеше соңғы сауал осы болсын: сабақ пен жекпе-жек өнерiнiң арасында альпинистердiң де қатарына қосылып кететiн сияқтысың. Бұл хобби ма?
– Әкем шыңға өрмелеу спорты бойынша 2003 жылы спорт шеберлiгiн, 2007 жылы халықаралық дәрежедегi спорт шеберлiгiн қорғаған. Менi тауға шығуға бала жасымнан үйреттi. “Қорықсаң, домбыраңды тартып, етекте қала бер” деп менi шатырға тастап кететiн. Өсе келе тауға өрмелеу спорты менi өзiне баурап алды. Мұның мынадай тағы бiр себебi бар. Әкем альпинизмге тек спорт қана емес, қазақты әлемге таныту шарасы ретiнде де қарайды. Мәселен, өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, 550 тауға өрмелеу шарасын ұйымдастырды. Қызығушылардың, ынталылардың көп болғаны сондай, Қазақ хандығының құрметiне 600 шыңға шықты адамдар. Оның iшiнде Бес боғданың теңiз деңгейiнен 4 мың метр жоғарыдағы Хұйтэн, Наран, Малшы мұздықтары да бар. Биыл Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына 25 тауға өрмелеу жоспарланған едi. Оның басым бөлiгiне өзiм де атсалыстым. Әлемнiң әр түкпiрiнен келген альпинистердi Алтайдың мұзарт шыңдарына бастап барып жүрмiн. Және ұлтымның өнерi мен мәдениетiн дәрiптеймiн. Қайрат пен Төреғалидiң әндерiн домбырада орындап, альпинистердi билетiп те жiберемiз. Қысқасы, шыңға өрмелеу менiң өмiрiмнiң бiр бөлшегiне айналып бара жатыр.
Қазақстан туралы арманға берiлсем, ең алдымен ойыма таулары оралады. Болашақта Қазақ елiндегi барлық тауға шығу жоспарымда бар. Демеушi табылса, бұл мақсатым iске асар деп үмiттенемiн. Арманымды айтайын ба, сiзге? Қазақстанға Хан-Тәңiрiнiң төбесiнен қарағым келедi.
– Әңгiмеңе үлкен рахмет! Арманыңа жетуiңе тiлектеспiн!

Сұхбаттасқан С.НҰРБАБА

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті