1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №37 (16223)   11 мамыр, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
11 мамыр 2017
ҰБТ: Болашақтың сынақ алаңы

Қазақстанда реформа атаулыдан көзі ашылмай келе жатқан бір сала – білім саласы. Осы жақында «үштілділік» дейтін шу шығып, үлкен дауға айналып, ақыры ол да тыншыды. Министр де аман, үштілділік реформасы да аман. Енді ҰБТ басталады. Тағы да шу, қым-қиғаш оқиғалар, суицид, уайымға салынған ата-ана, болашағынан қол үзгендей үмітсіз жастардың мәселесі бірер апта елдің назарында болады. Сосын бәрі ұмытылады. Осыған дейін ҰБТ-ның кесірінен өз-өзіне қол жұмсаған өрімдей жастар да ұмыт болған. Тіпті олардың өліміне кінәлі ҰБТ-ға қатысты бәлендей өзгеріс болған жоқ.
Мамандар ҰБТ жастарды өлімге итермелейтін негізгі фактор деп есептейді. Себебі тестіде орта мектепті әупірімдеп жүріп бітірген оқушының жай әншейін белгілей салған жауаптарының дұрыс шығып, ал үздік оқушы барын салса да тестілеуден сүрініп кетуі көп кездеседі. Яғни ҰБТ нақты білім көрсеткішін айқындай алмайды. Бірақ мемлекеттің басты қазынасы – адам өліп жатса да, үкімет ҰБТ-дан бас тартпай отыр. Жыл сайын бірыңғай тестілеудің кесірінен болған бірнеше суицид фактілері тіркеледі. Ал министрлік өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының ҰБТ-ға қатысы жоқ дегендерінен танбай келеді. Біздің ойымызша, суицидке апарып отырған дүниенің бірі – тест нәтижелерінің ашық жария болуы. Мәселен, Францияда бірыңғай тестілеу деген атымен жоқ. Ол елде емтихан тапсырған әр баланың білім көрсеткішінің нәтижесі құпия саналады, жария етілмейді. Францияны айдан алып айтып отырғанымыз жоқ. ҰБТ енгізгенде үкімет азуын айға білеген біраз елдің атын тізіп, «міне, оларда бар, бізде неге жоқ» деп 2004 жылы тестілеуді бастап кеп жібергені елдің есінде. Міне, 13 жыл өтті, содан бері жылда жаздың алғашқы айында уда-шу: баласын уайымдаған ата-ана, сарыуайымға салынған бала және тағы да суицид... Мамандардың айтуынша, 13 жыл ішінде жауапты министрлік ҰБТ мектеп бітірушілердің психикасына қалай әсер етеді, кейінгі өміріне қандай ықпалы болады деген сынды сауалдар төңірегінде ешбір зерттеу жасамаған екен. Соның кесірінен жылда адам өлімі болып жатады. Мектепті үздік бітірген оқушылар тестіден құлап, болашағына деген үмітін кеседі. Жас адамның күйреуі тез, оңалуы қиын екені о бастан мәлім жайт. Осындай теріс әсерлеріне қарамастан, тестілеу тоқтамай тұр. Ал министрлік биылғы тестілеу бұрынғыдан өзгерек болады деп отыр. Ондағы өзгерісі мынау: мектеп бітіргелі отырған түлек орта білім аттестатын алу үшін емтихан тапсырады. Мысалы, ана тілі мен әдебиеттен эссе жазады, алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан тапсырады да, Қазақстан тарихынан билет сұрағына жауап береді. ҰБТ-ны жоғары оқу орнына түскісі келетіндер ғана тапсырады. Бұл жүйе биыл бірінші рет қолданылғалы отыр. Яғни білім саласы тағы да тәжірибе алаңына айналып отыр демеске лаж жоқ. Ал екі кезеңнен тұратын мұндай тестілеудің бұл өзгерісі қандай нәтиже берері әлі белгісіз.
Мектеп қабырғасында тапсырылатын жазбаша/ауызша емтихандарға сенім аз. Өйткені 11 жыл бойы сүйреген баланы мектептің өз ішінде өтіп жатқан емтиханнан сүріндіру мұғалімге сын. Оның сыртында «өз балаңыз ғой, көмектесіңіз» деп қылқылдайтын ата-ана тағы бар. Әйтеуір, баласы ел қатарлы емтиханды тапсырса, тапсырып қоймай, үздік нәтиже көрсетсе дейтін біздің елдің қашанғы әдеті. Ол баланың оқу үлгерімі нашар болса да, оза шауып келуі үшін барын салып бағады. Осы мінез министрліктің жаңашылдық деп кіргізіп отырған мектептегі емтихандарда бой көрсететінін бал ашпай-ақ білуге болады. Халық та билік сияқты сапаға емес, құр нәтижеге жұмыс істейді. Қандай жолмен де үздік болып көріну керек.
Әлгінде тестілеудің енгізілгеніне 13 жыл болды дедік қой, міне, осы жылдар ішінде 1 миллион 589 мың оқушы тест тапсырыпты. Бірақ көрсеткіштерге қарағанда, бірыңғай тестілеуге қатысушылар саны да төмендеп келеді. Мәселен, 2015 жылы мектеп бітірушілердің 66,9 пайызы тестіге қатысқан. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2 пайызға аз. Оның үстіне 50 балл жинай алмай, тестілеуден өтпей қалғандардың саны кемімей келеді. Ал бұл мектептегі білім беру ісінің кемшін тұстарының бірі болса керек.
«Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұловтың газетімізге берген сұхбатында: «Шындықты мойындау керек, мұғалімдер соңғы жылдары 8-9 сыныптардан бастап сабақ беруді қойып, оқушыларды ҰБТ-ға дайындаумен айналысып кеткені жасырын емес. Дайындағанда да сұрақ кітапшаларын сатып алып, зуылдатып жаттататындарды да естиміз», – деп айтқаны бірыңғай тестілеудің білім жүйесіне кері әсерін көрсетеді. Оқушыларды тестке дайындауға кіріскен мұғалімдер күнделікті оқыту жүйесін уақытша ұмытады деген сөз. Шынында да, тест жауаптарын жаттаумен ғана айналысып, соның арқасында 11 жыл алған білімінің нәтижесін емес, жаттап алған жауаптарының арқасында студент атанып шыға келетіндерден ертең қандай маман шығады? Бұл өз кезегінде болашақта ҰБТ тапсыратындарды ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге үйретпей ме? Әрі ҰБТ басталарда тест жауаптарының саудасы да қызады. Кейінгі жылдары «шпор» сату да қызу жүретін болды. Бұл дегеніңіз – тестілеу жүйесінің осалдығын көрсетеді. Саудагердің қолында сала-құлаш болып дайын жауаптары жүретін бірыңғай тест біліміне сенген қаншама баланың жолын кесіп, болашағына деген арман-мақсатын күл-талқан етеді. Сөйтіп, өмірге көзқарасы өзгеріп, еш нәрсеге сенімі қалмай, жастай семіп кетеді. «Біліміңмен биік шыңға шығасың» деген сөздің бекер екенін ә дегенде білген жастан білікті маман шықпайды. Дайын жауаптар мен жаттап алған тестінің көмегімен оқуға түскен баладан қандай болашақ күтесіз? Ол оқуға түскен тәжірибесін болашақта үлкен өмірде пайдаланады. Ал ол жалғасып, қазіргі жүйедегі әділетсіздіктер мен әлеуметтік теңсіздіктерді одан әрі тереңдетіп, білімдінің емес, пысықтың аты озатынын кезекті рет әйгілейді. Демек, ҰБТ болашаққа тәжірибе жасап, оны сынақ алаңына айналдырып отыр демеске амал жоқ. Ал сынақ атаулының бәрі сәтті бола бермейтіні тағы бар.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті