1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №37 (16223)   11 мамыр, бейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
11 мамыр 2017
«Мүмкіндігі шектеулі сөздер» қандай сөздер?

Білім және ғылым министрлігінің веб-сайтын қарап отырып бір қызыққа тап болдық. Асылы, қызық емес, «осы ғой енді» дейтін нәрсе. Сонымен, мектептерді мемлекеттік аттестациялау кезеңіндегі кешенді тестілеу деген сілтемені көріп, соған өттік. Ішінде қазақ, орыс бөлімдері бар екен. Қазақ бөлімінде 6 наурыз күні 11-сыныпқа арналған төрт пән бойынша тест сұрақтары жүктеліпті. ҰБТ сұрақтарынан ши шыққанын жиі естіп жүретіндіктен, тест сұрақтарын жүктеп алып, ары қарай шолып шықтық.
11-сыныпқа деп көрсетілген тест сұрақтарының жалпы саны 625 екен. Оның 32-сі ресми қатынас тіліне арналыпты. Мәселен, мынандай сұрақ бар: «Келісімшартта нотариалды түрде куәландырылып реттелетін әрекеттер». Мектеп бітіргелі отырған оқушыға мұндай сауалдың не керегі бар екенін түсінбедік. Мемлекеттік қызметкер қазақ тілінен емтихан тапсырса, онда ресми қарым-қатынас тілін қамтитын сұрақтар керек шығар, ал 11-сынып оқушысына оның қажеттілігі шамалы болса керек. Ең қызығы, 32 тест сауалдарының ішінде «Ресми-іскерлік қатынас тіліндегі мүмкіндігі шектеулі сөздер» деген сұрақ бар екен. Тест қандай аудиторияға арналса да, «мүмкіндігі шектеулі сөздердің» қандай сөздер екенін түсіну дүниедегі ең қиын іс.
Қазақ тіліне жасалған тестідегі «мүмкіндігі шектеулі сөздерді» көрген соң, Қазақстан тарихын жүктеп, оны да қарап шықтық. Сүзіп шықтық десек артық болар. Тарих пәнінде 384 сұрақ бар екен. Ол да қызық сауалдарға толы болып шықты. Мәселен, «Тіл және әдебиет институтында өрескел қателіктер туралы» қаулы шыққан жыл» деген сұрақ бар. Салалық тарихқа енетін институт қаулысының Қазақстан тарихына қатысты сұрақтар ішіне қалай еніп кеткенін құрастырушылар білмесе, біз біле алмадық. Негізгі тарихқа қатысы жоқ, көлденең сауалдар саны көп-ақ. Мысалы, Құрманғазы Сағырбайұлының екі күйі туралы сұрақ жүр. Осындай әр жерден теріп алғандай әсер қалдыратын әрі нақты тарихқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сауалдар молынан берілген тестіде Қазақстан тарихының ең айшықты беттері «Алаш» автономиясы, Алашорда өкіметі туралы бір ауыз сөз жоқ. Есесіне «Қазақстан одақтас республикалар арасында қой санынан алған орны», «1946 (1949) жылы Қазақстан КПОК-нің бірінші хатшысы болып тағайындалды», «КСРО халық депутаттарының I съезі болған жыл», «1955 жылы төртінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрамында болды», «Үшінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрамында болды» деп келетін Совет өкіметі тұсындағы тарихты бүге-шігесіне тәптіштей сұрайтын сұрақтардан аяқ алып жүргісіз. Жоғарыдағы сауалдар қандай тарихи қажеттіліктен қосылғаны белгісіз. Тест сұрақтарына жауап беретін 11-сынып оқушысы әлгіндей сауалдарға жауап беру үшін совет тарихын қайта танып шығады. Ол кімге керек? Тәуелсіздік жылдарында тарихтың бір жүйеге түспеуі, кейбір тарихи дүниелердің жаңа заман тұрғысынан қайта сұрыпталмауы баяғы таптауырын жолды жаңа ұрпақтың бойында қайта жаңғыртып жатыр. Советтік Қазақстан тарихынан жасалған тестке жауап беріп, соған дайындалып, сол тарихты миына құйып өскен ұрпақтан тәуелсіз азамат, ұлтшыл тұлға шығады деп үміттенуге бола ма? Жас ұрпақтың кінәсі жоқ. Бар кінә білім жүйесін бірізділікке түсіріп, жүйелей алмай отырған білім және ғылым министрлігінде. ҰБТ, үштілділікті жаңалық деп енгізуде жанталасатын министрлік тарихты жаңғыртып, жүйелеуде саусағын қимылдатпағаны көрініп тұр. Ал білім жүйесі – болашақтың кепілі. Біздің болашаққа совет тарихынан тест түзіп беріп отырған министрліктің бұл ісі болашаққа қарсы жасалған қылмыс деуге әбден болады.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті