1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №47 (16233) 13 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
13 маусым 2017
Құмар ойынға құмартпа!

Бүгінде аз ақша беріп, көп пайда тапқысы келетіндердің саны артып келеді. Ал мұны әлемдегі букмекерлік кеңселер өз пайдаларына өте ұтымды пайдалануда. Минут сайын біреу миллионды қолына ұстаса, біреу үйі мен отбасынан айырылады. Талай отбасының шаңырағы шайқалып, талай адамның қалтасы қағылып жатады. Мұның барлығы құмар ойынның салған әлегі. Бір өкініштісі, құмар ойынға құмартатындардың дені студенттер мен жастар. Ертеңгі елдің тұтқалары бүгінгі әбжыланның әріптесі болса не болмақ?!
Өз бастауын Еуропадан алатын бұл ойынды мыңдаған емес, тіпті миллиондаған адам ойнайды. Оспадар ойын түрін қазақтың қанына сіңіп кетпеді демейін десек, бүкіл ақшасын тігіп сан соққан ағаларды, темір тұлпарын жоғалтқан көкелерді, ата-анасын зар илеткен бейбақтарды көз көрді. Ескере кететін бір жайт, бәс қабылдайтын кеңселер студенттік жатақханалар маңында өте көп шоғырланған. Букмекерлікті кәсіп қылып отырғандар онсыз да жарып жүргені шамалы студенттерді біржола тонауға бел буған секілді. Тіпті құмарлыққа салынған кейбір студенттер ұялы телефон, ноутбук сынды бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігеді екен. Аузынан жырып берген азығын баласы арамның қолына апарып береді деп ата-анасы, әрине, ойламайды.
Ал өзге елдегі жағдайға көз жүгіртер болсақ, әлемнің бүкіл елінде ойын бизнесі салықтық және бақылау органдарының қатаң бақылауында. Яғни салық төлемеу, заңсыз ойын бизнесін жүргізу мүмкіндіктері тұрақты түрде қысқартылып отырады. Мәселен, Эстонияда лицензияның бағасын 120 мыңнан 1 млн евроға дейін өсірсе, Латвияда ойын мекемелері орналасқан жерлерден тыс жерде оларды жарнамалау қызметін жүргізуге тыйым салынған. Венгрияда болса шетелде ұйымдастырылатын құмар ойындарына қызығушылық мақсатында делдалдық қатысу, оларды ұйымдастыру, жүзеге асыру және шетелдегі құмар ойындарын жарнамалау, насихаттауға рұқсат етілмейді. Тіпті қытайлықтар да бұл бизнеске ерекше жүйе енгізген. Оларда анимациялық полиция әр жарты сағат сайын ең үлкен деп танылған порталдарға кіретін ойыншыларды заңсыз қызмет атқаратын сайттарға кіруден бас тартқызады. Сондай-ақ заңсыз жұмыс істегендерге айыппұлдан бөлек, 10 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыруды қарастырған. Өзімізге келетін болсақ, бізде барлығы басқаша, «біреудікі біреуге ай көрінер» демекші, болмайтын бір нәрсеге бәсті тігіңдер деп жарнаманы баттитып іліп, интернетте білек сыбана кіріс дегендей бар жағдайды жасап, аждаһаның алдын ораудың орнына жолын ашудамыз.
Қ
азақстанда бәс қабылдайтын букмекерлік кеңселердің қанат жайып кеткені соншалық – олардың жылдық ең төменгі ақша айналымы 30 млрд теңгеге жеткен. Таза табыстары 10-15 пайызды құрайды. 2007 жылдан 2013 жылға дейін ел бюджетіне аталмыш кеңселерден 3,2 млрд теңге салық түскен. Құмар ойынның құлағынан ұстағандар үшін бұл үлкен сома. Елiмiзде «Олимп» букмекерлiк кеңсесiнiң 180-нен астам нүктесi бар болса, Шымкенттiң өзiнде оның саны 60-тан асып жығылады. «Зенит», «Инбет», «Профит», «Гол+Пас», «Бет Сити», «Tеннис», «Mегабет» деп аталатын букмекерлiк орталықтардың атын оқып таңғаласың. Бәс тiгу ойындары құмарпаздардың отаны – Франциядан басталып, Ресей арқылы бiзге де келiп жеттi. Өкiнiштiсi, қолда барын құмарға тiгiп, тақырға отыратын жас буынның көпшiлiгi келе-келе қылмыс жасаудан именбейтiн болып шығады.
Қош, дінімізде жоқ нәрсеге дүрліге ұмтылатын ретіміз жоқ. Жеңілдің астымен жүріп нәпақасын теру аяғында опық жегізері хақ. Құмарлықтың етегінен ұстаймын деп арамзаның жетегінде кетпесек жарар еді.

Ақберен АМАНГЕЛДІ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті