1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №58 (16244) 25 шілде, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
25 шілде 2017
Білім бәсекесі

Әлемде білім бәсекесі артып келеді. Білім нарығындағы тайталас өсіп, дамыған елдер сырт елдерден білім іздеушілер үшін бар жағдайды жасауға, білім сапасын арттыруға күш салып жатыр. Мәселен, соңғы бес жылда АҚШ-тағы шетел студенттерінің саны 50 пайызға өскен. Сырттан ағылған студенттердің саны өскен сайын білім нарығынан түсетін қаражат АҚШ-тың қазынасын қампайтып жатыр. Шамамен әрбір студент 20 000-100 000 доллар аралығында қаражатты білім жолына жұмсайды деп есептеген күннің өзінде, Америка қазынасы ондаған миллиард доллар пайда табады. Білім бәсекесінде мойны озық жұрттардың көшін АҚШ, Британия, Австралия, Франция және Германия бастап тұр. Аталған елдердің білім бәсекесінен тауып отырған қаражатында біздің салығымыздың белгілі бір мөлшері де бар. «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелде оқып жатқан ел азаматтарының оқу, тұру, шәкіртақысының бәрін мемлекет төлейді. Сөйтіп, бюджеттен әр студентке бөлінген ақша білім бәсекесінде бәсі жоғары елдің қазынасына барып құйылады. Өзге елдердің қазынасына қаражат құйып, бала оқытып жатқан Қазақстанның білім нарығындағы орны қандай дегенге келсек, көңіл көншітетін дерек аз. Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы бір дерекке қарағанда, біздің елге білім қуып келген шетелдіктердің саны 10 400 адам болған екен. Бұл сан соңғы жылдар бедерінде өсті деген күннің өзінде, басқа – басқа, Ресеймен салыстырғанда өте аз. Ресейде 2016 жылы шетелдік студенттердің саны 212 000 болған. Ресей білім нарығындағы өз үлесін арттыруға күш салып, оқу орындарын әлемдік білім бәсекесіне лайықты ету жолында жүйелі жұмыс істемек екен. Мұндағы негізгі мақсат – білім нарығынан пайда табу. Ал дүниедегі білім нарығы жыл санап өсіп келеді. ЮНЕСКО-ның дерегі бойынша, былтыр шетелдерде білім алып жатқандардың дүниежүзіндегі үлесі 4,3 млн адамға жеткен. Сырттан білім алуға ұмтылушылардың саны 2025 жылға қарай 7 млн-ға жетеді деген болжам бар. Міне, сол 7 миллионнан өз үлесін алып қалуға Ресей де жанталасып жатыр. Ал біз не істейміз? «Болашақпен» қазынаның қаржысын сыртқа тасимыз ба, жоқ әлде білім нарығындағы бәсекеге бел шешіп кіреміз бе?
Біздіңше, Қазақстанның білім нарығындағы бәсі төмен. Оның әуелгі себебі білім жүйесінде жатыр. Біздегі білім жүйесі әлі күнге жаңармаған, ескі советтік білім жүйесімен келе жатыр. Халықаралық стандарттарға құлаш ұрып, соған саймыз деп жоғарыға хаттама жөнелтіп, үкіметтің есебіне «бізде бәрі тамаша» деп кіргізгенімізбен, одан білім жүйесі дамып кеткен жоқ. Мәселен, білім саласы министр ауысқан сайын жаңа реформаға тап болады. Ол аяқталмай жатып министр ауысып кетіп, тағы бір реформа басталады. Осындай басы бар, аяғы жоқ реформадан көз ашпай келе жатқанымызға да ширек ғасырдан асты. Мұндай жағдайда әлемдік білім нарығы туралы айту қиял сияқты көрінеді. Қиялыңыз арманға, арманыңыз мақсатқа, мақсатыңыз іске асқан күннің өзінде, біз шетелден білім қуып келген адамға сапалы білім, оқуға ыңғайлы жағдай ұсына аламыз ба? Бүгінгі білім саласына қарап отырып кесімді сөз айту қиын. Бірақ Қазақстан жыл сайын шетелдік студенттер үшін грант бөледі. 2016 жылы шетел азаматтары үшін 100 грант бөлінген. Сол жылы Қазақстанға Тәжікстаннан – 90, Моңғолиядан – 1, Украинадан – 1, Қырғызстаннан – 20, Қытайдан – 20, Белоруссиядан – 3, Мысырдан – 1, Ауғанстаннан 46 студент келіп оқуға түскен. Мұның сыртында оқуды сылтау етіп, Қазақстанның мәдениетін, тарихын, жерін көруге келіп жүргендер де бар. Әрине, оларды да шетелден келген студенттердің қатарына жатқызады. Сонда да білім бәсекесінде еліміздің көрсеткіші өте төмен. Біздіңше, шетел студенттеріне бөлінетін гранттарды сырт елдерде тұратын қазақтардың балаларына ғана берілетін еткен жөн. Өйткені 100 грант бөліп, өзіміз қатарлы дамушы елдерден 100 адам алдырып оқытқанымызбен, одан білім нарығындағы рейтингіміз көтеріліп кетпесі анық. Білім нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін білім саласы ғана емес, тұтас жүйе жаңарып, ІЖӨ-нің көп бөлігі білім саласына бөлінуі керек-ақ. Мәселен, үкімет аталған салаға бөлінетін қаражат жыл санап өсіп жатыр деп хабарлағанымен, одан білім сапасы артып жатқан жоқ және жемқорлық та азаймай отыр. Демек, білімге қазына ақшасын құюдан бұрын, сол қаражаттың білім сапасын арттырарына көз жеткізіп алу қажет. Білім нарығындағы бәсекелес елдердің қатарына кіру үшін тұтас жүйе өзгеруі керек деп отырғанымыз да содан. Ал білімсіз дамыған 30 ел түгіл, дамушы 30 елдің қатарына ену де неғайбыл.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті