1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №70 (16256)   5 қыркүйек, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" студентер мен жастарға арналған қосымшасы.
5 қыркүйек 2017
Студент жыры – жатақхана

Күз келіп, жаңа оқу жылымен бірге шешімін таппай келе жатқан ескі мәселелер де бой көтереді. Сондай проблеманың бірі – жатақхана. Жалпы, жатақхана мәселесі қазақ қалаға шоғырлана бастағаннан-ақ пайда болып, содан бері біржақты шешімін таппай келе жатыр. Бұл мәселе әсіресе студенттерді әуре-сарсаңға салады. Жылда қайталанатын жағдай. Сондықтан жатақхана жырының қашан аяқталатынын дөп басып еш көріпкел айта алмайды.
Оқу орындары студенттердің барлығын жатақханамен қамти алмайды. Сол үшін әр оқу орны өзінің ішкі ережесіне қарай әрекет етеді. Мысалы, жатақханамен бірінші кезекте алыс ауылдан келгендер, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шыққан балалар және мүгедектер грантқа түскен бірінші курс студенттеріне және «Алтын белгі» иегерлеріне беріледі. Екінші кезекте университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласатын студенттер, студенттік құрылыс жасағының мүшелері мен қабылдау комиссиясында жұмыс істеген студенттер, үшінші кезекте барып қана өзге де жатақханаға мұқтаж студенттерге бөлме беріледі. Әрине, жетсе бәріне беріледі. Жетпесе, студент баспана мәселесін өзі шешуіне тура келеді. Жалпы, елімізде 75 904 орынға есептелген 237 жатақхана бар. Оның үстіне соңғы бірнеше жылда 3601 студентті тұрғын үймен қамтамасыз етуге қабілетті жаңа тоғыз жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Алайда бұл да білім жолындағы студенттерді толықтай жатақханамен қамтамасыз ете алмайды. Жатақхана тапшылығын жою мақсатында үкімет 2020 жылға дейін 32,6 мың студентке арналған жатақханалар желісін салуды мақсат етіп отырғаны осыдан екі жыл бұрын айтылған-ды. Осы екі жыл ішінде үкімет ауысып, білім және ғылым министрлігіне жаңа министр келді. Біздің министрлердің өзіне дейінгі жоспарланған шаруаларды ысырып қойып, жаңа өзіндік жоспар құратыны белгілі. Сондықтан екі жыл бұрынғы жатақхана желісін салу жоспары қазір нендей күйде екенін тап басып айту қиын.
Еш кедергісіз жатақхана бұйырды деген күннің өзінде, оны алудың қиындықтары да жетерлік. Мысалы, бөлме кілтін алардан бұрын, бірнеше анықтама қағаздар жиналады: тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама, психикалық және басқа да ауру-сырқауы жоқтығы туралы анықтама т.т. Анықтамалардың артынан жүгіріп жүргенде жатақханадағы орын бітіп қалуы да ғажап емес. Себебі жатақханаға орналасуға да тамыр-таныстық керек. Оның үстіне жатақхана тапшылығы, жетіспеушілігі және студенттің көптігі жемқорлықты су құйғандай жайқалтады. Мәселен, жатақхана құны бұйрықпен белгіленген тәртіп бойынша студент шәкіртақысының 15 пайызынан аспауы тиіс. Ал шәкіртақы – 20 949 теңге. Оның 15 пайызы 3142 теңге. Студент жатақханада 10 ай тұрады десек, онда жатақхананың жылдық ақысы 31 420 теңге көлемінде болады. Алайда бұл бұйрыққа бағынған оқу орнын табу қиын. Бағаны әр жоғары оқу орны өзінше белгілейді. Мысалы, 2015 жылғы бір дерекке сүйенсек, Алматыдағы Қазақстан менеджмент экономика және болжау институтында (КИМЭП) жатақханада тұру үшін әрбір студент 1 семестрге 135 мың теңге төлеуі керек. Ал Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде жатақхананың жылдық бағасы 120 мың теңге екен. Жатақхананың жылдық төлемі Қазақ ұлттық аграрлық университетінде – 26 мың, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде – 22 мың, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде – 25 мың, Алматы энергетика және байланыс университетінде – 28 мың, Алматы технологиялық университетінде – 50 мың, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде – 36 мың, Халықаралық бизнес академиясында – 25-35 мың, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 38-40 мың теңге болған екен. Екі жылдан бері бұл бағалар қатты өзгеріске түсіп, бәрі де бұйрыққа бағынды деу қиын. Бұл соманы таба алмайтындар бірлесіп пәтер жалдайды. Мәселен, Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалдау құны – 70 мың теңге. Бір топ студент пәтер жалдап тұрды деген күннің өзінде, әрқайсысының 20 494 теңгесін пәтерге, жолға, азық-түлікке және басқа да шығындардың бәріне жеткізу әсте мүмкін емес. Осындай тапшылықтан келіп оқудан тыс жұмыс істеу басталады. Оқу мен жұмыстың ортасында жүрген студенттен қандай сапалы білім талап етесіз?! Міне, жылда қайталанатын жатақхана жыры осылайша студенттің білім алу дейтін басты мақсатына әркез кедергі болып келеді. Ал «Ел болашағы – білімді жастардың қолында!» деп ұрандататындар жатақхана жағдайынан мүлдем бейхабар болса керек...

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті