1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Заңгерлердiң халықаралық одағының төрағасы Андрей Требков Н.Назарбаевқа «Фемида» сыйлығын не үшiн бердi?
Қола берiп, алтын алу үшiн
Ұялсын дегенi де...
Демократияның дамуыны үлес қосқаны үшiн
Адам құқығы көп тапталатын елдiң басшысы алатын сыйлық бұл...
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №11 (15469) 9 ақпан, сейсенбі 2010
9 ақпан 2010
Тимур Назханов: Кеден одағының отандық кәсiпкерлерге берерi аз

Кеден одағынан ұтыламыз деген пiкiр о баста‑ақ айтылған. Расында да, жұмысын жаңа бастаған кеден одағы қымбатшылық әкелдi. Сөйткен кеден одағының кәсiпкерлерге пайдасы тисе қане? Тәуелсiз кәсiпкерлер қауымдастығының вице‑президентi Тимур Назханов қазақстандық кәсiпкерлер үшiн бұл одақтың пайдасы шамалы дейдi. Сондай‑ақ оның айтуынша, бұл одақтың ресейлiктерге көп септiгi тимек. Түптеп келгенде, одақта көбiне‑көп Ресейдiң мүддесi ескерiлген. Ал Қазақстан бәрiне көнiп, мойынсұнуға мәжбүр. “Мұндай жағдайда отандық кәсiпкерлер не iстеуi керек? Кәсiпорындар бәсекеге төтеп бере ала ма?”. Тимур Назхановпен арадағы әңгiмемiз осы мәселелер төңiрегiнде өрбiдi.

— Кеден одағының отандық кәсiпкерлерге бе­рерi бар ма? Әлде жағдайымыз тiптен мүшкiл ме?
— Негiзiнде кеден одағын құру туралы шешiм осыдан он жыл бұрын қабылданды. Алдымен ТМД, содан кейiн Еуразиялық экономикалық одақ, ақыры кеден­дiк одақ құру керек деген ұсыныс­тар айтылған кезiнде. Қазiр ТМД елдерi арасында осы одақты құруға дайын мемлекеттер — Қазақстан мен Ресей. Ал Бела­русьтiң қосылған себебi — оның Ресеймен арадағы қарым‑қатынасы жақсы жолға қойылған. Әрi екi мемлекет бұдан үш жыл бұрын одақ құрған‑ды. Дегенмен, үш мемлекет экономикасындағы айырмашылықтар жетерлiк. Айталық, Қазақстан мен Ресейдi салыстырар болсақ, ресейлiктердiң өндiрiс саласы жақсы дамыған. Ал елiмiздiң өндiрiс саласы тоқырауда. Киетiн киiм, iшер астың 70‑80 пайызын шетелден әкелемiз. Тiптi өндiрiс деп жүрген жиһаз жасау, тағы басқа салаларға қажеттi құрал‑жабдықтың бәрiн шетелден тасимыз. Бұл жабдықтарға баж салығы тым жоғары. Айта кететiнi, Ресейде отандық кәсiп­керлер шетелден тасымалданатын тауарлардан жақсы қорғал­ған. Кеденде оларға салынатын баж салығы өте жоғары. Кеден одағы жұмысын бастағалы берi Қазақстан да кедендiк тарифтердi Ресейдiкiмен теңестiруге кiрiстi. Қазiр ресми мәлiмет бойынша, шетелден тасымалданатын тауарлардың 32 пайызының баж салығы көтерiлдi. Шамамен алғанда 10 пайызынiкi орташа деңгейде қалса, тек 5 пайызынiкi ғана төмендеген. Және әр тауар түрiне әртүрлi көлемде көтерiлген. Айталық, Малайзиядан жиһаз әкеп сататын кәсiпкер бұрындары 15 па­йыз көлемiнде баж салығын төлейтiн. Қаңтардан бастап баж салығынан бөлек әр тауардың келiсiне 0,6‑0,7 еуро көлемiнде қосымша қаржы төлейтiн болыпты. Демек, оның тауарларының бағасы 350 пайызға көтерiлдi деген сөз. Бiрнеше дүкенi бар кәсiпкер де азық‑түлiк бағасының кемiнде екi есе қымбаттағанын айтады. Қытай түгiл, Ресейден әкелетiн тауарлар бағасы кө­терiлiптi. Сол сияқты кондитер­лiк тауарларға қажеттi шикiзат — тростниктi Куба, Бразилиядан әкеледi. Бұған салынатын баж салығы да айтарлықтай өскен. Ендi кондитерлiк өнiмнiң бағасы көтерiлетiнi анық. Көлiктерге тоқталар болсақ, оның баж салығы тiптi шарықтаған. Өйткенi Ресейде шетелдiк көлiктерге салынатын баж салығы тым жоғары, бiздiкi­нен үш есе қымбат. Сөйтiп, бiзге Еуропа, Жапониядан әкелiнетiн көлiктердiң бағасы үш есе қымбаттаған. Мұның себебi түсiнiктi. Ресей кеден одағы аясында шетелден әкелiнетiн көлiктерге тосқа­уыл қойып, өз көлiктерiн сатуға мүдделi. Ал Қазақстан бұған мо­йынсұнуға мәжбүр. Сол тәрiздi елiмiзде балық өнеркәсiбiмен айналысатын жетi кәсiпорын бар. Бұлар өз ұсыныстарын дайындап, кеден одағы аясында құрылған жұмыс тобына ұсынған‑ды. Түптеп келгенде, олардың ұсыныстарына ешкiм де құлақ аспады. Тағы да Ресейдiң жетегiнде кетiп, солардың баж салығына теңестiк. Оның үстiне Ресейде балық шаруашылығымен айналысатын компаниялар жетпiске жуық. Ендi балық бағасы да қымбаттамақ.
Осыдан‑ақ көп нәрсенi экономика емес, саясат шешiп жатқанын аңғарамыз. Ресей соңғы жылдары алдына көп мақсат қойды. Еуропа елдерiнiң арасында ықпалын, беделiн күшейтiп, әлем санасатын елге айналу дегендей. Осы тұрғыдан алғанда, кеден одағының Ресейге үлкен септiгi тимек. Есесiне, қазақ кәсiпкерлерiнiң бұдан ұтары шамалы болып тұр. Оның үстiне шетел тауарлары қымбаттағанын пайдаланған баз бiреулер Ресейден әкелiнетiн тауарлар бағасын да көтерiп жатыр. Осылайша баж салығы төмен болса да, ресейлiк тауарлардың бағасы шетелдiкiмен бiрдей болып тұр.
 
— Ресей тауарларының өзi қымбаттап жатса, бұл одақтың пайдасы не сонда?
— Одақтың құрылғанына бiр айдан асты. Бiрақ оның пайдасына көз жеткiзген жоқпыз әлi. Керiсiнше, ұтылып жатқан тұстарымыз көп. Қазiр отандық кәсiпкер­лерге бiр‑ақ жол қалды. Ол — ресейлiк кәсiпорындармен бiрiгу. Нарықта қалудың бiрден‑бiр жолы осы. Ал өз бетiнше күн көрiп жүрген кiшiгiрiм кәсiпорын­дардың ахуалы мүшкiл. Жалпы алғанда, кеден одағы шикiзатты сыртқа сататын компаниялар үшiн тиiмдi. Өйткенi шикiзатты Ресей арқылы тасымалдаудың тарифтерi төмендейдi. Ал өндiрiс саласындағы кәсiпорындардың ахуалы қиындай түспек. Ресейлiк iрi өндiрушiлер демпинг жүргiзсе, отандық кәсiпкерлер бұған шыдамай жабылып қалуы мүмкiн. Бәлкiм, Ресейден тауар тасымалдаушыларға кеден одағының пайдасы тиетiн шығар. Ресейлiк нарыққа шығам деушiлерге де кедендiк кедергiлер жойылады. Декларация толтыру, түрлi рәсiмдеулерден босатылады. Бiрақ түптiң түбiнде ресейлiк компанияларға ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеушi кәсiпорындар ғана бәсекелес бола алады. Ал шағын кәсiпорындардың бәсекеге қабiлетi төмен.
Бiр қызығы, кеден одағын құру туралы бiраздан берi айтылып жүрсе де, кей кәсiпкерлер мұны тым кеш естiген. Көбiне‑көп қауымдастыққа бiрiкпеген кәсiп­орындар бұдан хабарсыз қалған. Айталық, тоңазытқыш камераларын жасайтын кәсiпорын өкiлдерi ешқандай жұмыс тобына қатыспаған. Күзде одақтың құрылатынын естiген соң баж салығына көз жүгiртсе, Италия, Германиядан тасып жүрген жабдықтары бақандай 20 пайызға қымбаттайтын болыпты.
 
— Индустрия және сауда министрлiгi Қазақстан кей тауар позициялары бойынша кедендiк тарифтердi өзгертуге құқылы деп едi ғой...
— Баж салығын ретке келтiру бес жыл iшiнде жүргiзiледi. Бiрақ кәсiпкерлер қауымдастығы өз ұсыныстарын, ой‑пiкiрiн баяғыда бiлдiрген‑дi. Алайда бұған құлақ асып жатқан жан жоқ. Қысқасы, Ресей мүдделi болмаса, ешқандай да өзгерiстердiң болмайтыны анық. Кеден одағы комиссиясы құ­рылған. Қазақстан мен Бела­русьтiң бұл комиссиядағы даусы 21,5 пайыздан. Ал Ресейдiкi 57 пайыз. Кiмнiң мүддесi көбiрек еске­рiле­тiнiн осыдан‑ақ байқауға болады.
Менiңше, кеден одағы кезiн­дегi Кеңес одағының бiр моделi болып шығуы мүмкiн. Бұл одаққа Қырғызстан мен Тәжiкстан енуге ниет бiлдiрдi. Онсыз да Қырғызстан мен Тәжiкстанның Ресеймен байланысы күштi. Тәжiкстан халқының жартысы Ресейде күнелтiп жүр. Бәлкiм, кейiнiрек одаққа басқа мемлекеттер де қосылатын шығар.
 
— Бұл Кеңес одағының бiр моделi болса, тәуелсiз­дi­гi­мiзге қатер төнiп жүрмей ме?
— Бүгiнгi күннiң басты сұрағы да осы. Қайткен күнде де әр одақтың күштiсi болуы тиiс. Өзгелер сол күштiнiң айтқанына құлақ асып, айтқанын орындауы керек. Бұрындары Кеңес одағында бұл күштiнiң рөлiн Ресей атқарған. Сол тәрiздi кеден одағының ең күштiсi — Ресей болмақ. Демек, қазiр де сол ескi соқпаққа түстiк деген сөз.
 
— Ендi Ресейдiң ығына жығылып, жетегiнде кетпес үшiн не iстеу керек?
— Ол үшiн экономика дұрыс дамуы тиiс. Экономиканы дамытуға бағытталған талай бағдарлама бар. Бiрақ олардың ешқайсысы да орындалып жатқан жоқ. Президент тапсырмалары, үкiмет бағдарламалары iске аспай, жарты жолда қалып жатыр. Жағдай өзгермесе, Ресей компанияларының шаңында қалып қоятынымыз анық.
 
— Қазiр Салық органдары кәсiпкерлерге қатты қысым көрсетiп, бюджет тапшылығын толтыру мақсатымен түрлi айыппұл төлеткiзiп жатыр деген алыпқашпа әңгiме көбейiп кеттi. Бұл қаншалықты рас?
— Бұл — шындық. Себебi дағдарыс салдарынан көптеген кәсiпорындар жабылып қалды. Айталық, бiздiң қауымдастыққа айына 30-50 кәсiпкер кiрсе, 15-30 кәсiпкер керiсiнше, қауымдастықтан шығып жатады. Мұның басты себебi — кәсiпорындар жұмысын тоқтатып жатыр. Кәсiпорынды жабу — қымбат, қиын әрi бiрнеше жылға созылатын процесс. Сондықтан Салық кодексiне енген өзгертуге сәйкес, олар қызметiн уақытша тоқтатты. Мiне, көптеген кәсiпорындар жабылып қалғандықтан, бюджетке түсетiн салық азайды. Салық органдары осы тапшылықтың орнын толтыру мақсатымен түрлi айла‑әрекетке көштi. Былтыр жалған кәсiпкер­лiктi әшкерелеу науқаны жүргiзiл­дi. Сот бизнес субъектiсiн жалған кәсiпкерлiкпен айналысты деп таныса, мұнымен кезiнде байланысы болған, я белгiлi бiр операцияларды бiрiгiп iске асырған өзге кәсiпкерлер де жауапқа тартылады. Оған айыбын, табыс салығын, қосымша құн салығын, пенясын төлеткiзедi. Қысқасы, бұл сома 3‑4 миллион теңгеден 100 миллион теңгеге дейiн жетуi мүмкiн.
Жаз бен күзде кәсiпкерлерге жетуi тиiс хабарландыру әбден кешiгiп, мерзiмi өтiп кеткен соң ғана қолға тидi. Салық кодексiне сәйкес, хабарландыруға бiр ай iшiнде жауап беру керек. Сондықтан салық органдары “талабымызды уақытында орындамады” деп шотты жауып тастайды. Кәсiпкер сотқа жүгiнiп, уақыт жұмсағанша, айыппұл төлеген артық деп санайды. Сөйтiп, салық органдары бюджет тапшылығын толтыру­дың­ келесi бiр жолын ойлап тапты.
Мұнымен тоқтап қалмай, соңғы айларда тағы бiр әрекетке көштi. Бизнес орталықтарды жал­ға алып отырған кәсiпкерлердi тексеруге кiрiстi. “Салықты дұрыс төлемейсiңдер” деген желеумен жалға төлейтiн ақшадан салық ұстап жатыр.
Қосымша құн салығын төлеушi 30 қарашаға дейiн қайта тiркеуден өтуi тиiс деген талап та үлкен дауға ұласты. Мұның салық кодексiне қарама‑қайшы екенi екiбастан. Кейбiр кәсiпкерлер 90‑жылдары кәсiпорын ашқан не құрылтайшы болған. Бiрақ бұл фирмалар жұмысын әлдеқашан тоқтатқан. Осы фирмаларды жаппай, тiркеуден өтпейсiңдер деген талап шығарды. Сөйтiп, не кәсiп­орынды жабу керек, не қайта шот ашып, айыппұл, салықтарын төлеу қажет. Осылайша көптеген кәсiп­керлер қайта тiркеуден өтiп үлгермейдi. Ал тiркеуден өтпесең, сенiмен әрiптестерiң жұмыс iстей алмайды. Мiне, салық органдары түрлi қитұрқылықтар арқылы жоғарыдан түскен тапсырманы орындап жатыр.
 
— Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко екiншi деңгейлi банктерде бос 11 миллиард доллардың бар екенiн мәлiмдедi. Осы ликвидтiлiктi банктер неге шағын және орта кәсiпке бағыттамайды?
— Бiрiншiден, банктердiң барлығы сыртқы қарыздарынан құтыл­ған жоқ. Мұны қайтару керек. Екiншiден, банктердiң тәуекелге барғысы жоқ. Кәсiпкерлер кепiл­дiкке қойған мүлiктiң бағасы екi есе арзандады. Онсыз да банктер кепiлдiгiндегi мүлiк құны нарық бағасынан әлдеқайда төмен. Банктердiң оларды сатпай ұстап отырғаны да сондықтан. Қазiр банктен несие алып жатқан кәсiп­керлер өте аз. Себебi кәсiпкер несиесiн қайтара алмай қалу қаупi бар екенiн банктегiлер жақсы түсiнедi. Үкiмет несие ставкасын төмендету керек дейдi. Бiрақ банк те бизнестiң бiр түрi. Мемлекеттiк органдар банктерге мұндай бұйрық бере алмайды. Тығырықтан шығудың жолы — кәсiпкер алған несиеге мемлекет кепiлдiгi берiлсiн.
 
— Әңгiмеңiзге рақмет.
Әңгiмелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
қазақ | 9 ақпан 2010 16:17
Бұған Ресей ғана мүдделі. Өнеркәсібі жоққа тән Қазақстан Ресей мен тіпті Белоруссиямен де бәсекеге түсе алмайды. Бұған кірмеген өзбектер,түркмендер ақымақ емес шығар.Біздің биліктегілер, орыстың Медведеві,Путині,Ивановы секілді қазақтың нағыз патриоты болса ғой шіркін...
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар