Заңгерлердiң халықаралық одағының төрағасы Андрей Требков Н.Назарбаевқа «Фемида» сыйлығын не үшiн бердi?
Қола берiп, алтын алу үшiн
Ұялсын дегенi де...
Демократияның дамуыны үлес қосқаны үшiн
Адам құқығы көп тапталатын елдiң басшысы алатын сыйлық бұл...
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Егер тiрi болғанда, ұлт көшбасшысы Алтынбек болар едi
11.02.2006 жыл. Дәл осы күнi ҰҚК-нiң «Арыстан» тобының кейбiр мүшелерi асқан қанiшерлiкке барып, қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлын жанындағы екi серiгiмен бiрге оққа байлаған болатын. Сол бiр қаралы күн қазақстандықтардың есiнен әлi шыға қойған жоқ. Қанқұйлы қылмыс естерiне түскенде, әлi күнге дейiн төбе құйқасы шымырлап қоя беретiнi де жасырын емес. Арнайы орындар ардақты азаматымыздың өлiмiне тапсырыс берушi деп Ержан Өтембаевты атап көрсеттi. Десек те, былайғы жұрт Алтыкеңнiң өлiмiне шын кiнәлiлер әлi табылмады деп есептейдi.Мiне, сол бiр қаралы күнге де төрт жыл болып қалыпты. Бiздiң бүгiнгi тақырып та осы жөнiнде Алтыкеңнiң үзеңгiлес серiктерiнiң бiрi болған және бүгiнгi күнi Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қорды басқарып отырған ұлтжанды азамат, белгiлi саяси сарапшы Айдос Сарым мырзаны әңгiмеге тарттық.
– Қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлы небәрi қырықтың қырқасынан ендi асқан уақытында дүниеден озды. Алтыкеңнiң ашық саясатқа, яғни оппозиция қатарына өткенiне де көп уақыт өте қоймаған-тын. Осыдан-ақ, ол кiсiнiң көп мақсатына қол жеткiзе алмай кеткенiн бiлемiз. Жақын серiгi ретiнде Сiз Алтыкеңнiң соңына жетпей қалған негiзгi қандай жоспарларын атап бере аласыз? Ол кiсiнiң негiзгi армандары қандай едi? Сiздер бiрге iстескен әрiптестерi, жолдастары сол жоспар-армандарды соңына жеткiзу үшiн қандай қадамдар жасап жатырсыздар?
– Мынауыңыз өте қиын сұрақ екен. Бiлгенiмше айтып беруге тырысайын. Мен бiлсем, Алтекең шын мәнiнде өзiнiң кемелiне жетiп, өзiн-өзi үлкен ұлттық көшбасшылыққа дайындап келе жатқан саясаткер едi. 2006 жылғы ақпан айындағы қайғылы оқиғалар болмаған жағдайда, Алтекең 2012 жылғы және одан кейiнгi президент сайлауларына түсетiн едi деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық санасы, жiгерi оянып келе жатқан кезде оның сайлауға түсiп, белсендiлiк танытуы, президент Н.Назарбаевқа шынайы балама болуы елдегi саяси ахуалды өзгерте алар едi деп сенемiн. Тiптi, сайлауға түспегеннiң өзiнде, оппозицияда жүрiп-ақ билiктiң ұлтқа қатысты саясатына оң ықпал жасайтын едi. Әттең дегеннен басқа не дейсiң?..
Алтекеңнiң армандарына келетiн болсақ, менiң пайымдауымша, оның басты ойы – қазақ ұлттық мемлекетiн құрып, оның тәуелсiздiгi мен тұтастығын мәңгi сақтау дер едiм. Әлi есiмде, 2003 жылдың басында Алтекең Мәскеуден Алматыға келiп, менi бүгiнгi 28 панфиловшылар паркiне шақырып алды. Екi сағаттай серуендеп жүрiп сөйлестiк. Сонда жұмыстың анық-қанығы туралы (мен ол кезде «Ақ жол» партиясының баспасөз хатшысы, кеңесшiсi болып қызмет етiп жүрдiм) сұрастырып, сөзiнiң соңында: «Айдосжан, мен мына елшiлiктен кететiн болдым. Әрi кетсе жылдың соңына дейiн бiр жағына шығарам. Ресейдiң қысымы үдеп барады. Бiздiң шикi, ақша десе анасын сатуға дайын билiктегiлерден үмiт жоқ. Бұлай кете берсе, мыналар елiмiздi Ресейге бiр-ақ қосып жiберуi де мүмкiн. Басшыға айта-айта шаршадық, түсiнбей ме, қасақана iстей ме, кiм бiледi? Не болса да елге қайтып, қоғамның арасына енiп, ұлтты ояту керек. Жабық саясатқа қарсы тек ашық саясатпен күресуге болады. Алда Парламент сайлауы келе жатыр, соған мықты дайындық керек. Ұлттың сана-сезiмiн оятып, оның саяси ұстанымдарын билiкке айқын көрсету керек» деген едi. Ақыры сол жылдың қараша айында Алтекең елге оралып, ашық саясатқа араласып кеттi. Сол кезде өткен «Ақ жол» партиясының құрылтайында теңтөраға болып бiрауыздан сайланды. Өзiмен бiрге партияға қазақтың қаймақтарын, ұлт зиялыларын ертiп келдi. 2004 жылғы сайлауда шын мәнiнде жеңiске жеткен «Отан» партиясы емес, дәл осы «Ақ жол» болатын. Билiктiң зымиян саясаты мен сол «Ақ жолдың» iшiндегi сатқындық болмағанда, бүгiн бiз басқа қоғамда өмiр сүретiн едiк...
Басқасына келер болсақ, Алтекең өзiнiң соңғы сұхбатында бiраз нәрсенi айтып үлгерген сияқты. Сол сұхбатында бiрнеше ой айтып едi. Мысалы, «ұлт зиялылары билiк алдындағы «борыштарын» толық өтеп болды, ендiгi уақытта қарапайым халықтың жағына шығып, соның мұңын, мұқтажын билiкке жеткiзу керек» деп қадап-қадап айтқан болатын. Сол тұрғыда өзi бастап бiраз жұмыстар жасап та үлгердi. Құдайға шүкiр, сең қозғалған секiлдi. «Демократиялық оппозиция мен қазақ ұлтшылдары бiрiгуi керек» деген болатын. «Демократиялық дискурс пен ұлтшылдық дискурс айналып келгенде бiр ұғым, мақсаты мен мүддесi бiр» дегендi жиi айтатын. Онысы да орындалып келедi: оппозиция мен ұлтшылдардың арасы бiршама жақындай түстi, өзара iс-қимылдар дәстүрi пайда болды. Үдеп келедi. Оппозицияның бiрiгуi хақында бiраз еңбек еттi. 2005 жылы «Әдiлеттi Қазақстан» қозғалысын құруға ең көп еңбек еткен дәл осы Алтекең едi. Осыған қатысты ұзақ мерзiмдi стратегиялардың кескiнi жасалып, оны iске асырудың бiрнеше жолдары айқындалып жатты. Олар да бiрте-бiрте iске асып жатқан секiлдi. Әрине, өмiрдiң аты – өмiр, адамның аты – адам. Кешiгу де, iлгерiлеу де, шегiну де бар. Бiрақ iске асып келедi. Айта берсе, әңгiме көп қой. Ең бастысы, бүгiнгi күнi Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры құрылып, оның бай рухани және саяси мұрасын насихаттап келемiз. Бүгiнгi айтып, жазып жүргенiмiздiң астарында Алтекеңнiң ойлары мен сөздерi жатыр.
– Кезiнде Алтыкең «Айқын» басылымына берген сұхбатында тiлшiнiң «шешендермен қақтығыс кезiнде, казактармен кикiлжiң кезiнде немесе оларға қарсы шыққан қазақ бауырларға басу айтып, оларды қайтарған мәселеде... Осының бәрiн өзiңiз айтасыз, басқа жұрт айтпайды...» деген сауалына «Себебi, ол кезеңде бұл оқиғалардың барлығы сол күйiнде жабық қалған едi, шешендермен, казактармен болған оқиға... Мен айтпаған талай оқиғалар бар. Құдай қаласа, оларды кейiн кiтап қылып шығарармын» деп жауап қатқан. Өкiнiшке қарай, Алтыкең бұл мақсатына жете алмаған тәрiздi. Ал сiздер бұл айтылмаған оқиғалар жөнiнде бiлесiздер ме? Бiлсеңiздер, Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры осы кiтапты жарыққа шығаруды жоспарына енгiзе ала ма? Сонымен қатар, Алтыкеңнiң жарыққа шықпаған сатиралық әңгiмелерi де аз емес көрiнедi. Мұны да жинақ етiп шығару қажет сияқты... Және Алтыкеңнiң сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған «Тәуелсiз елде тәумендi тұлғалар болмауы керек» кiтабына енбеген сұхбаттарды да жинақ етiп шығарады деп естiген едiк кезiнде...
– Алтекеңе қатысты көп адамдар бiле бермейтiн, естiмеген әңгiмелер жетерлiк. Бiздiң бiлетiнiмiз оның жартысына жетедi ме, жетпей ме, кiм бiледi? Бiраз оқиғалар мен әңгiмелер, өкiнiшке қарай, өзiмен бiрге кеттi. Алтынбек қоры осы тұрғыда бiраз iзденiстер жасап жатыр. Барлығы ойдағыдай болса, алдағы жылдары арнайы әдеби-деректi және ғылыми еңбектер жарыққа шығады. Оған арнайы тапсырыс жасаймыз. Сонымен қатар, «ғасыр сотына» қатысты арнайы бiр кiтап дайындап, оған сот iсiне қатысты барлық құжаттарды кiргiземiз. Мен бiлсем, ерте ме, кеш пе, Алтекеңдi өлтiргендердiң аты айқындалады, сот iсi қайта қаралады. Сол кезде әлi талай жағамызды ұстап, жанымыз түршiгедi. Оған дейiнгi мақсат – барлық құжаттарды сақтап, олардың мазмұнын халыққа жеткiзу. Алтекеңнiң мұрасына келер болсақ, негiзгi сұхбаттары мен мақалалары кiтап болып жарық көрдi. Кiтап болып шықпаған ағымдағы саяси жағдайларға қатысты кiшiгiрiм сұхбаттары мен пiкiрлерi бар. Өзi қатысып, бас болып, қол қойған талай ресми құжаттар бар. Олардың да уақыты келедi. Құдай қаласа, алдағы уақытта өзiм де Алтекеңе қатысты бiр кiтап жазамын деп жоспарлап отырмын. Бiрақ оған iштей дайындық керек. Өз басым әлi күнге дейiн Алтекеңдi өлiмге қимай келем. Сол ма, әлде iшкi жауапкершiлiк пе, әйтеуiр әзiрге бiрдеңе iштей тежегiш болып отыр. Егер қажеттi мүмкiндiктерге қол жеткiзсек, Алтекеңнiң өлiмi мен сот iсiне қатысты деректi фильм түсiрудi ойлап отырмыз. Бiраз әңгiме қаражат мәселесiне тiрелiп отырғанын да ұмытпайық. Қолдан келгендi iстеп келемiз. 2006 жыл алыстаған сайын көптеген нәрселер айқындалып, болған оқиғалар мен жайттарға деген көзқарастар өзгерiп келедi. Алтекең уақыт өткен сайын iрiленiп, дараланып келедi. Көптеген оқиғалар қайта қарауды, қайта зерделеудi талап етедi. Басты жұмыс осы тұрғыда.
– Жалпы, қор бүгiн қандай жұмыстармен шұғылдануда? Алдағы жоспарлары қандай? Қорды кiмдер қаржыландыруда?
– Жоспар көп. Оның барлығын тiзбелеп айта берудiң қажетi шамалы. Олар iске асқан кезде өздерiңiз естiп те, бiле де жатарсыздар. Басты бағыт үшеу: Алтекеңдi еске алу шараларын өткiзу (11 ақпан мен 12 қыркүйек күндерi еске алу шараларын ұйымдастыру, Алтекең атындағы журналистiк сыйлықты тапсыру т.т.); Алтекеңнiң саяси мұрасын дамыту, оны нақты саяси жобаларға не ғылыми еңбектерге арқау ету; бүгiнгi қазақ елi мен қоғамын терең зерттеу, терең түйсiну (бұл тұрғыда бiраз еңбектер жарық көрдi, бiрнеше кiтап дайындалып жатыр). Бiраз мәселе, қайталап айтамын, қаржыға тiреледi. Бүгiнгi дағдарыс кезiнде қорға көмек көрсетушiлердiң саны азаймаса да, олардың қаржылық мүмкiндiктерi бiршама шектелiп қалды. Қорға көмек көрсетiп отырған тек қазақ бизнесмендерi екенiн басып айтайын. Бiздер қордың Алтекеңнiң атында екенiн ескерiп қаржыландыру мәселесiне келгенде белгiлi талғам мен тәкәппарлық танытуға мiндеттiмiз. Бәлкiм, бұл қордың жұмысын тежеп те отырған болар. Алайда, Алтынбек ағамыздың атына кiр келмеуi керек. Мысалы, мен қордың Машкевич, Миттал сияқты атынан адам жеритiн алпауыттардан ақша алғанын елестете де алмаймын. Анау бар, мынаны iстеу керек деп жәрдемшiлердi талғамай ақша ала алмаймыз. Одан да кейбiр шараларды кейiнге қалдырған абзал. Менiкi дұрыс па, бұрыс па? Кiм бiледi? Менiң ұстанымым осындай. Алдағы жылдары дағдарыстан шықсақ, жәрдемшiлердiң мүмкiндiктерi ашылып, заман орнына келген соң қордың белсендiлiгi тек арта түсетiнiне кәмiл сенемiн.
– Алтынбек Сәрсенбайұлы дүниеден озған соң, елдегi оппозиция басты идеологынан айырылды деуге бола ма? Жалпы, Алтыкең марқұм тiрi болғанда, Сiздiң ойыңызша, бүгiн оппозиция қандай дәрежеде болатын едi деп ойлайсыз?
– Дәл солай. Оны Алтекеңнiң достары да, жаулары да талай мойындады. Ол кiсi шын мәнiнде қазақ оппозициясының идеологы, стратегi болатын. Оның осы қасиеттерiн оппозициядағы барлық топтар тiрiсiнде мойындаған, бас иген. Сондықтан да белгiлi оқиғалардан кейiн оппозицияның әлсiреуi, есеңгiреуi орын алғаны да хақ. Оның тағы бiр үлкен ерекшелiгi, ол – тiкелей мемлекет басшылығымен сөйлесiп, оппозиция мен билiк арасында дәнекер болатын. Оның ұялы телефонын алып, мемлекет басшыларымен сағаттап сөйлесiп, жағдайды түсiндiрiп жатқанына талай куә болғам. Кейбiр кездерi телефонның ар жағындағы кiсiлермен керемет сөзге келiп қалатын. Кейде тым қатты сөздер айтатын, олардың қарапайым нәрселердi түсiнбей, қипақтап жатқанына күйiп-пiсетiн, налитын. Қажеттi жағдайда оппозиция тарапынан шығатын мәлiмдемелер мен ресми құжаттарды президенттiң өзiне тiкелей жеткiзе алатын, соның мүмкiндiктерiн табатын. Оның талай мысалын айта аламын. Осыған дәнекер болған билiктегi адамдарды да жақсы бiлемiн. Уақыты келген кезде оны да айтармыз. Алтекең дүниеден озған соң оппозиция мен билiк бiр-бiрiмен тiлдесуден қалды. Оппозицияда билiктегiлер сыйлайтын, сөзi өтiмдi адамдар некен-саяқ, жоқ десе де болады. Бұным оппозициядағылар жаман ия әлсiз адам дегенiм емес. Алайда, шынайы жағдай осы. Елдегi жағдай, оппозицияның ойы мен iстерi туралы ақпарат президентке жете бермейдi. Жетсе бұрмаланып жеткiзiледi. Бұл да анық нәрсе.
Оппозицияның жағдайына келер болсақ, менiң ойымша, Алтекең тiрi болса оппозицияның мүмкiндiктерi әлдеқайда мықты болар едi. Кем дегенде басы бiрiккен, ойы анық, бағдары айқын күш болар едi деп ойлаймын. Бүгiнгi күнi байқап жүрем, көптеген оппозицияда жүрген адамдар ретi келгенде «Алтекең марқұм бар болса былай етер едi, былай iстер едi» деп жатады. Осының өзi көп нәрсенi аңғартады емес пе? Қалғанын өздерiңiз топшылай берiңiздер.
– Алтыкең бiр сұхбатында «Қазақтар саяси реформаларға дайын емес» деген сөз ұлтымызды «ақыл-есi дұрыс емес» деп айтқанмен бiрдей. Халықтың парасат-пайымына, түсiнiк-түйсiгiне ешқашан шәк келтiруге болмайды. Әсiресе, ауыл бәрiне дайын» деген болатын. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаудың алдында жалаулатып-жарнамалатып саяси реформалар жасаған болды. Бiрақ, бұл саяси реформалар бiр партиялы Парламентке жеткiздi. Былайша айтқанда, шетелдiк сарапшылар айтып жүргендей, бiр қадам алға, екi қадам артқа жылжыдық. Мiне, биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап отырмыз. Осы жылы Қазақстан билiгi қандай да бiр реформаларға, оңды iстерге қадам жасай ма? Сарапшы маман ретiндегi ойыңызды бiлсек.
– Алтекеңнiң сөзiне, оның көреген ойларына алып-қосарым жоқ. Өзiм де сол ойдамын. Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселесiне келсек, оның қазаққа берерi шамалы. Бұл тек жарнамашыл, жарапазаншыл оқиға болып өтедi де кетедi. Бiздiң ондағы төрағалығымыз елдегi реформаларға бастама болмайды. Ол бiр қымбат әшекей, ойыншық. Мысалы, Назарбаев Франциядан қымбат костюм сатып алса, бiздер мiндеттi түрде сол Франциядай боламыз деп ешкiм айта алмайды ғой? Мына бiздiң төрағалығымыз да сол шетелдiң «костюмi» сияқты. Киген адамға қуаныш, қалғаны ия санын соғады, ия қызғанады.
Алтынбек Сәрсенбайұлының өмiрден озғанына төрт жылға жуықтады. Осы уақыт iшiнде оның құпия өлiмi жайында жаңа ақпараттар таба алдыңыздар ма? Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етiп отырған уақытта қылмыстық iстi қайта аштырып, тергеудi қайта жасатуға мүмкiндiк бар ма?
– Тергеу мен соттың құжаттары толық қолымызда бар. Бiраз ресми, бейресми ақпараттарды алып отырмыз. Оларды сақтау, өңдеу бiздiң мiндетiмiз. Болашақта бiр мүмкiндiк ашыла қалса, оны дереу пайдалануға әзiрмiз дей аламын. Бүгiнгi жағдайда елiмiздiң сот және құқық қорғау орындары бұл мәселенi «жылы жауып тастады». Алайда, ертең заман сәл өзгерсе, алғашқы болып қайта қаралар екi iс болса, бiреуi – Заманбектiң, екiншiсi – Алтынбектiң iстерi. Аман болсақ, оған да жетемiз. Сол кезде тапсырыс берген, тапсырысты орындаған, билiктiң артын жабу үшiн қызмет еткен, тергеудi бiр iзге салып, оны бұрмалаған, сотта iстi дұрыс қарамай, оны басқа жаққа бұрып кеткендердiң аты шығады. Айналып келгенде, бұндайлардың саны жүзден асады. Заман өзгерсiн, бұлардың өздерi бiрiншi болып алға шығып, ашыла сайрайды. Бүгiн Қазақстан Еуропадағы адам құқықтары жөнiндегi сотты мойындамай отыр. Егер Қазақстан оның пәрменiн мойындаса, бiр аптадан кейiн Алтекеңе қатысты құжаттар оның алдына барар едi. Тағы да қайталап айтам, ЕҚЫҰ-ға төрағалық бiзге ештеңе бермейдi.
– Тақырыбымыздың ауанын өзгертсек. «Ел бiрлiгi» доктринасына байланысты билiк берген уақыт та тәмамдалды. Балама доктринаны жасап үлгердiңiздер ме? Ендi талқылауға қай доктрина түседi? Жалпы, қаңтардың 20-сына дейiнгi жұмыстарыңыз жөнiнде қысқаша айтып өтсеңiз.
– Құжатты дер кезiнде дайындап интернетке басылып шықты. Мазмұны мен бағытын кез келген адам сол жерден оқи алады. Билiкке ол құжат қазақ зиялылары мен ұлтшыл ұйымдарының атынан табысталды. Бiздiң талабымыз айқын: билiк уәдесiне тұрып, бiз жасаған балама жобаны ресми баспасөзге жарияласын; екi құжаттың басын бiрiктiретiн екi жақтан бiрдей адам қатысатын жұмыс тобын құрсын. Бiздiң ойымыз, ұстанымдарымыз дайындалған құжатта айқындалды. Болашақта сол құжатты кеңейтiп, үлкен құжат дайындап, оны болашақта өтетiн Қазақ құрылтайының талқысынан өткiзiп, қабылдатамыз. Сол құжат (манифест бола ма, басқа бола ма) жалпы қазақ ұлтын, қазақ қоғамын бiрiктiретiн тұғырнама болуы керек. Ол мемлекет органдары мен саяси партиялар үшiн бағдар болатын дүниеге айналғанын қалаймын. Ал доктринаға келер болсақ ендiгi шешiм билiктiң қолында. Егер билiк шынайылық танытса, бiрiгiп жұмыс iстеуге әзiрмiз. Егер ойын мен айлаға басатын болса – бiздер саяси күрестi одан әрi жалғастырып, үдетемiз. Бiр соқыр айтыпты ғой «Көремiз» деп. Билiктiң жауабын күтейiк.
– «Кедендiк одақ» аясында шу шығып жатыр. Беларусь мемлекетi одақ аясынан шығады деген сыбыс та бар. Былайша айтқанда, Қазақстан билiгiнiң одақтан күткен нәтижесi қазiрдiң өзiнде күйреп жатқандай. Болашақта қандай болмақ? Сарапшы ретiндегi пiкiрiңiз?
– Мен Кедендiк одақ дегенге үлкен күдiкпен қауiптене қараймын. Егер Ресейдегiлер бұны «баяғы Кеңес Одағын қалпына келтiру» деп түсiнiп, бөрiктерiн аспанға атып жатса, бiздiң басшылықтың «алақайы» ақымақтық. Әзiрге ақымақтық. Болашақта қылмысқа айналмасын деп тiлеймiз. Ерте ме, кеш пе, Қазақстан бұл Одақтан шығады деп сенемiн. Билiкке ұлтшыл күштер келсiн, бүгiнгi билiк мақтанып отырған аймақтық одақтардың бiрi де қалмас. Дәл қазiргi уақытта Ресей бiзге бiр қадам жасаса, бiздер одан он қадам жасап қашуымыз керек. Ең алдымен рухани, саяси, ақпараттық салада. Ресеймен сауда-саттықты жасауға болар, алайда ағайыншылық пен достық болады дегенге сенбеймiн. Қой мен қасқыр, жылқы мен аю он рет қосса да «дос» болмайды. Билiк «кедендеткен», «одақтасқан» сайын оған деген ұлттың наразылығы еселеп өсе беруi керек. Дүйiм қазақтың Ресейге деген көзқарасы белгiлi: ата-бабасын миллиондап қырған мемлекет пен халықты кешiру оңай шаруа емес. Ол үшiн Ресей өзi кешiрiм сұрау керек. Ал бүгiнгi Ресей ондай қадамға дайын емес. Алдағы жиырма жылда бұл мүмкiн емес. Ресей елiмiзге ондаған миллиард доллар салса да, қазақтың көңiлiн өзгерте алмайды. Мысалы, атам заманда түрiк бабаларымызбен жауласқан Қытайға деген көзқарастар мың жарым жыл iшiнде аса қатты өзгере қойған жоқ. Ресейге де сондай көзқарас қалыптасып болды. Сондықтан бүгiнгi «одақтардың» барлығының терең, тарихи, рухани негiзi жоқ. Негiзi жоқ, тамыры жоқ құбылыстар ұзаққа бармайды. Олар желдiң ығына қарай жүйiткитiн қаңбаққа ұқсайды. Ал қаңбақ мәуелi бәйтерек бола ала ма? Сондықтан осыған қарсы күрес тоқтамауы керек.
– Халықты тобырға теңеген Олжас Сүлейменовке қарсы хат жазып, оны Парижге жолдағаныңыздан хабардармыз. Ол жақтан қандай да бiр хабар болды ма?
– Айтарымды айттым. ЮНЕСКО-дағы бiздiң елшiлiктiң поштасына жiбердiм. Шынын айтсам, жауап күтiп отырған жоқпын. Олжас Сүлейменов кешегi күн мен келмеске кеткен қоғамның адамы. Оның пiкiрi мен үшiн қызық емес. Адам ретiнде, азамат ретiнде бiлгенiн iстесiн. Бiрақ ондай адамдар ЮНЕСКО сияқты ұйымда елшi болуға қақысы жоқ. ЮНЕСКО – әлем елдерiнiң мәдениетiн сақтау үшiн құрылған ұйым. Ал Олжас Сүлейменов өз тiлi, мәдениетi, тарихына, айналып келгенде ұлтына қарсы шығып отырса, ол ана жерде қай түрiмен жүрмек? Жетпiстен асты, алатынын алды, жейтiнiн жедi, демалсын ендi. Әбден алжытып, беделiн құм қылып, оны елшi қылып ұстаудың не керегi бар? Ол кезiнде ұлттық рух үшiн бiраз еңбектендi. Талай қазақтың қазақтыққа қайтуына ықпал еттi. Ол еңбегiн мен жоққа шығара алмаймын. Алайда, оның бүгiнгi күнгi тiрлiгi сол еңбегiн жоққа шығарып отыр. Мен мынадай астрономиялық мысалды жиi айтам: түнде далаға шығып, жұлдыздарды көремiз. Сөйтсек, бiз көрiп отырған жұлдыздардың жарығы олардың осыдан мыңдаған жыл бұрынғы жарқылы екен. Сол жарықтың жерге жетуi үшiн мыңдаған жыл қажет. Ал осы арада кейбiр жұлдыздар өшiп те қалады, жарылып та кетедi. Мiне, Олжас ағамыз да осындай «жұлдыз». Бұрынғы жарығы бар, ал өзi жоқ.
– Бүгiнгi ашық әңгiмеде бiраз нәрсе айтылды ғой деп ойлаймын. Ой-пiкiрiңiзбен бөлiскен салиқалы әңгiмеңiз үшiн оқырмандар атынан алғысымды бiлдiремiн. Алдағы уақытта өзiңiзбен тағы да келелi мәселелер жөнiнде сұхбаттаса жатармыз деген үмiттемiн. Еңбектерiңiз жемiстi болсын!
Алтекем аман болғанда, оппозицияның сапасы басқаша болар еді...
Пнар | 10 ақпан 2010 15:51
Алтеке, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!
Ерден | 10 ақпан 2010 15:51
Алтекеңді қазақтың рухани көсемі ретінде қарауымыз керек
Забира | 11 ақпан 2010 00:02
Алтынбек Сәрсенбайұлы - Қазақ Ұлтының ғасырда бір туатын ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ.
Бек | 11 ақпан 2010 12:52
Олжас туралы және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне айтылған пікірің дұрыс емес. Өйтіп астамшылық жасап, көсемсуге болмайды, Айдос?! Олжас- кім, сен- кім?
Мақсат | 22 ақпан 2010 20:22
Айдос Сарымның айтып отырғаны бәрі дұрыс, бәрі орынды деуге болады. Мен, өз жеке басым осы айтылғанға толық қосыламын. Ресейдің аяр саясаты туралы да, қазақтың қазіргі сатқын билігі туралы да, ең ақыры Олжас Сүйлейменовтың сүмірейген сұлбасы туралы дұрыс айтқан екен!
жанашыр | 23 наурыз 2010 11:50
Олжас, кари ит секилди, билик тастаган суйектин кемигин жеп жур! Ултка катысты маселеге келгенде Дауысы алдынан емес артынан шыгатын сиякты! Полигонды жаптырганда ол емес! Президент пол.н жабылуын каламаса, жабылмайтын еди! Олжаста отер омирден, бирак осылар оле олгенше халыктын камын жеп кеттим дейди ау ертен........
жанашыр | 23 наурыз 2010 11:56
Алтынбек аганын жаткан жери жайлы, топырагы торка болсын! Алла тагала, карангы камирин жарык кылып, орнын Жаннаттан насип етсин! Букил казактын мандайына сыймай кеттигой кайран Кыранымай, карга мен кузгынга жем болган!
Жанашыр | 23 наурыз 2010 12:00
Ей Алжас, дем алсайшы, биликтегилер берген акша жетедигой саган, коп акшаны кайтесин, жаратып улгермейсингой?!
Жанашыр | 23 наурыз 2010 12:05
Казакша сойлеп, ойын жеткизе алмайтын казак, казак халкынын мудессин коргамайды! Олар, асиресе ел алдында жургендер, Саткындар! Кейбиреуи типти 40 жаска келип биликте жургенимен, бесиктен бели шыкпаган 4 жасар бала сиякты былдырлайды! Оздерине оздери есеп береме екен олал, а?
Алдар косе | 28 шілде 2010 00:13
О жер адамға тағзым ет. Бұл Олжастың поэмасының тақырыбы.Жердің адамға тағзым етуі мүмкін ба?Бәрімізде 2м.кв жерде дамылдаймыз.Ойының ұшқырлығын айтсайшы.