1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
«Ұлт көсемiне» қатысты заң жобаларын мәжiлiс те, сенат та мақұлдады. Ендiгi сөз — Н.Назарбаевта. Оның әрекетi қандай болмақ?
Заңды керi қайтарып, кезектi рет ұпай жинайды (32.6%)
«Көсемге» де кепiлдiк керек (41.7%)
Жарамсақтанбақ болғандарды жазалайды (4.1%)
Мұны мерейтойға кезектi сыйлық деп қана қабылдайды (21.5%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №16 (15474) 25 ақпан, бейсенбі 2010
25 ақпан 2010
Зәуреш БАТАЛОВА: Жоғарғы жаққа ыңғайлы болса, жемқор шенеунiктер өз орнында отыра бередi

Таяуда «Парламентаризмдi дамыту қоры» қоғамдық ұйымының жетекшiсi Зәуреш Баталова Атырауға келдi. Аймақтық үкiметтiк емес ұйымдар мен саяси партиялар өкiлдерiмен кездестi. Зәуреш Баталова — қоғамда өзiндiк орыны бар саясаткер. Бұрынғы Семей облысының бiлiм басқармасының басшылығынан сенатор креслосына дейiн жол салған тәжiрибелi қайраткер. Соңғы кезде саяси аренадан көрiнбеуiн өзiнiң жеке ұстанымдарымен түсiндiредi. Бүгiнгi саяси партиялар қызметiне көңiлi толмағандықтан азаматтық секторды мiсе тұтады. Бұқараны ояту арқылы, солардың бiрлескен үнiмен ғана билiктi санасуға мәжбүр етуге болады деп санайды ол. Сайлау жөнiндегi заң өзгермей тұрғанда сайлауға да қатыспаймын дейдi. Бәрiбiр өте алмайсың, ал егер өте қалсаң да, қазiргi парламентпен жұмыс iстеу мүмкiн емес. Себебi, оның ойынша, билiкте де, саяси партияларда да қадiр қалған жоқ.

— Зәуреш Қабылбекқызы, Сiз бiр кездерi оппозиция лидерлерiнiң бiрi болдыңыз. Батыл ұсыныстар айтатын, қатаң сауалдар қоятын сенатор ретiнде де ел бiледi. Бiрақ соңғы кезде азаматтық мәселелер, үлескерлер проблемасымен айналысып жүрсiз. Саяси партиялар арасында да бас көрсетпейсiз. Сонда мұны Сiздiң позицияңыздың өзгергенi ретiнде түсiнуге бола ма?
— Иә, маған соңғы кезде мұны көп айтады. Расында да, мен ешқандай саяси партияға мүше емеспiн. Жалпы өмiрiмде бiр ғана партия қатарында болдым. Ол 2001 жылы құрылып, 2005 жылы ресми түрде тарқаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы едi. ҚДТ-дан соң мен кейбiр бағыттар бойынша оппозициялық партияларға қолдау көрсетiп жүрдiм. Ал 2007 жылы оппозиция блогынан сайлауға да қатыстым. Бiрақ мен сол баяғы позициямнан ауытқығаным жоқ. Оның үстiне бүгiн қоғамда және азаматтық секторда саяси партияларға деген көзқарас тым жағымсыз. Тiптi «демократия, оппозиция» ұғымдары қазақстандықтар лексионындағы жағымсыз атауларға айналды. Екiншi жағынан ал­ғанда қоғамның өзi де билiкке тек сенiп қоймай, төңiрекке солардың көзiмен қарай бастады. Оған себеп билiк, тiптi президенттiң өзiнен бастап «қарай қойыңдар, мына оппозициялық партиялар билiкке араласқысы келедi» деп саусақтарын шошайтады. Бұл — қате бағдар. Менiң ойымша, ел арасында осындай пiкiр қалыптастыру арқылы билiк бұқараның конституциялық құқығын бұзып отыр. Өйткенi, конституцияда және саяси партия­лар туралы заңда «әр азаматтың саяси қызметпен айналысуы немесе қандай да бiр саяси партияның мүшесi болуы» мүмкiндiгi жайлы анық жазылған емес пе? Сондықтан, оппозициялық партия мiндеттi түрде билiкке келуi керек. Билiк үшiн талас, билiк үшiн бәсекеге түсу арқылы ғана мемлекеттiң дамуына қол жеткiзуге болады. Алайда, бiздегi оппозициялық партиялардың қимылдау кеңiстiгi тым шектеулi. Оларға митингiнi былай қойғанда, дөңгелек үстел өткiзiп, пiкiр алысудың өзi үлкен қиындық тудырады.
— Зәуреш Қабылбекқызы, жуырда ғана «Нұр Отанның» Атырау облыстық әкiмшiлiгiнiң шаңын жақсылап қаққанын естiп жатқан боларсыз. Осы жайлы не ойлайсыз? Бұл өзi шынымен жемқорлықты әшкерелеу ме? Әлде рулық тартыстың көрiнiсi ме?
— Мен бүгiн «Нұр Отанның» бұл iстердi шын жүректен атқарып жатқанына сенбеймiн. «Нұр Отан» сыбайлас жемқорлықпен күреседi дегенге де күмән­мен қараймын. Мұны партияның сайлау алдындағы имиджiн жақсарту үшiн жасап жатқан амалдары ғана деп түсiнемiн. Бiрақ, олар бұл қимылдарын тек өздерiне лайықталып сызылған шеңбер iшiнде ғана жүзеге асырады. 
Жемқорлықпен күрес комиссиясы демекшi, бұған дейiн де Қазақстан бо­йынша түрлi жағдайлар белгiлi болды. Бiрақ ешнәрсе жасалған жоқ. Таяу бiр күндерi О.Әбдiкәрiмов Оңтүстiк Қазақстан облысын мысал еттi. «Түрмеде отырған адам (ОҚО әкiмiнiң орынбасары Б.Алиев — С.Т.) жұмысын жалғастырып отыр, бұл мәселенi облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтен сұрау керек», — дедi. Шынымен неге iстi болған адамдар билiк басына келедi? Әлбетте, мәселе оның арының тазалығы, кәсiби деңгейi тұрғысынан емес, ол қаншалықты ыңғайлы деген критерий тұрғысынан қаралды. Сондықтан егер шенеунiктер жоғары жаққа ыңғайлы болса, отыра бередi. Ал егер бiреудiң жолында құрбан болуы керек болса, өкiнiшке қарай, солай жасайды. Бiрақ, бұл да «Нұр Отанның» базынасы емес. Не болмаса «Нұр Отанның» қатарын тазалау үшiн жасалған әрекет емес. Бұған дейiн де «Нұр Отанан» 3 депуттаттың кеткенiн бiлемiз. Бiреуi стюардессамен ұрсысып кетсе (С.Мұқашев — С.Т.), екеуi үлескерлер алдындағы борышын (В.Цой мен Е.Тайжан — С.Т.) орындамағаны үшiн кеттi. «Нұр Отанға» көлеңке түспеуi үшiн билiк оларды темiр торға жолатпауға тырысты. Сондықтан экс-нұр депутаттар «өз мiндеттерiмiздi орындауға кетiп барамыз» деп мәлiмдедi. Алайда, ешқандай мiндет орындаған жоқ. Орындамадың-ау деп қозғау салған да ешкiм болған жоқ.
— Сонда қалай, Атыраудың әкiмшiлiгiндегiлер де бiреуге ыңғайсыз болғаны ма?
— Бұл жерде руаралық мүдденiң көзделгенi айдан анық. Бұлай деуiмнiң себебiн айтайын. Әдетте электорат алдындағы абыройына тиетiн жағымсыз әсер күшейiп бара жатқанда «Нұр Отан» үшiн бұл өте ыңғайлы тәсiл. Бұған қоса, өз арасындағы екеудiң қорғанышы жоғын және әлсiздеуiн құрбандыққа шалу арқылы, шахмат тақтасындағы матқа қол жеткiзу де қалыпты жағдай. Бұны тiптi Қазақстан үшiн үйреншiктi деп айтуға болады. Президенттiң өзi де айтқан жоқ па «егер мен қаласам кез келгенiңдi қолың­нан сүйреп сотқа апара аламын» деп. Ендi қараңыз, бұл проблема тек жалғыз Атырауда ғана емес, жалпақ республикада басталғалы бiрталай уақыт болды. Мәселен, Қоршаған ортаны қорғау министрiнiң не үшiн түрмеге қамалғаны әлi күнге дейiн түсiнiксiз. Ал оның тағдырын шешкен әлгi конденсаттар сол бетi жатыр, ең бастысы — министр түрмеде. Ал Жақсыбек Құлекеевтiң, Ғалымжан Жақияновтың не үшiн отырып шыққандарын да ешкiм ұққан жоқ. Ғ.Жақияновты оппозиционер делiк, ал Құлекеев, С.Бүркiт­баев, Н.Ысқақов осы партияның мүшелерi едi ғой. М.Жәкiшев саясаттан аулақ, бiр жағына қисайып жатқан «Қазатомөнер­кәсiп­тi» оңалтқан адам болса да, осы шырмауға түстi. Бiрақ билiкке кедергi келтiретiн болғандықтан кеттi. Осылайша рулық текетiрес бұл адамдарды президенттен тартып алды. Мұның өзi Қазақстандағы мемлекеттiк органдардың белгiлi бiр тайпалар мүддесi тұрғысынан басқарылып отырғанын көрсетпей ме? Жалпы кез келген демократиялық елде президент сол елдiң азаматтарының қауiпсiздiгiнiң кепiлдiгi болуы керек. Бұл — оның мiндетi. Алайда, Қазақстан бұрын қандай авторитарлық мемлекет болса, сол күйiнде қалды. Өкiнiшке қарай, бүгiнде авторитарлық режимнiң өзi шарықтау шегiне жеттi. Билiк өзiнiң барлық көлденең оппонеттерiнiң көзiн құртты, ататындарын — атты, отырғызатындарын — отырғызды, елден қуатындарын — қуды. Ендi кiм қалды? Сондықтан өз басын өзi жейтiн айдаһардай бiрiн-бiрi талауға кiрiстi. Дегенмен халықтың бұл ойын­ға қатысы жоқ. Ал шахмат алаңындағылардың бәрi Н.Назарбаевтың өзiнен бастап, өздерi құрған жүйенiң пешкасына айналды. Президенттiң өзi де рулық топтар, шенеунiктер, қаржылық мүд­делер­дiң тұтқынынан шыға алмай отыр. Бұл проблема әсiресе Р.Әлиевке, Т.Құлыбаевқа қатысты, қала бердi осы аймақтағы мәселелерде анық көрiнiп отыр. Ендiгi тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, шынын айтқанда президенттiң өзiне де қауiп төнiп тұр.
— Сөйтсе де, Зәуреш Қабылбекқызы, тәжiрибелi саясаткер ретiнде атыраулық шенеунiктердiң бұдан кейiнгi тағдырына қандай болжам айтар едiңiз?
— Олардың тағдыры сiздiң аймақтың шенеунiктерiне байланысты емес. Және олардың қаншалықты кiнәлi екенiнен де келiп-кетер дәнеңе жоқ. Мұның бәрi орталыққа пайдалы жағымен шешiледi. Қазақстандағы сая­си және мемлекеттiк басқару жүйесiнде әзiрге алдымен президентке, одан соң қалған билiкке қолайлы адамдар тобы ғана қалады. Ал жұртшылық шулайды да қояды. Шындап кетсе, егер бұл фактiлердiң болғаны рас болса, жергiлiктi халықты ұйымдастыра отырып олардың жауапкершiлiкке тартылуына да қол жеткiзуге болады.
— Сонда бұл тек жай шоу-ойындар ғана болғаны ма?
— Сөз жоқ, қандай да бiр құптаудың болғаны анық. Дегенмен, егер бұл тақырыпты ары қарай өрiстетудiң қажетi жоқ деп шешiлсе, ол сол күйi жабылып қалады. Бiр ғана мысал келтiрейiн. Премьер-министр Д.Ахметов естерiңiзде ме? Ол министр болып тұрған кезде оның орынбасары Қ.Мейiрманов iстi болған едi ғой. Бұрынғы премьердi не үшiн орынынан түсiрiп едi? Бiр кездерi қолында әлеуеттi билiк тiзгiнiн ұстаған сол адамның ендi қайда екенiн ел бiлмейдi. Жұмысы жоқ, қажетсiз адамның қатарына қосылды. Неге? Осындай тәсiл арқылы билiк оны қорғап отыр. Экс-әкiм В.Храпунов та соның қатарында. Оларды қалқалайтын себебi — билiк үшiн көп iс атқарды. Сондықтан әзiрге шаң жуытпайды. Ал егер жуырда тағы бiры әкiм жоғалып кетсе, таңғалуға болмайды. Олар бар бол­ғаны билiктен ығысып, өз бизнес­терiмен мамыражай айналыса бередi. Бұл да «Нұр Отан» үшiн тығырықтан шығудың жолы.
— Әңгiмеңiзге рахмет, Зәуреш ханым.
Әңгiмелескен – Сәния ТОЙКЕН
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
қазақ елі | 27 ақпан 2010 01:51
Зәуреш, сол баяғы Зәуреш екен. Ол араласуы тиіс саясатқа. Айтпақшы. неге осы Зәуреш басқа елге кетіп қалғысы келмей ме екен?
жанашыр | 28 ақпан 2010 04:17
Зауреш сияктыларга кауип катер жакын журмейме! Типти ажалда айына бир рет есигинен карап коятын шыгар,а?
ТОЛЕШ | 1 наурыз 2010 15:55
бергейде актобедеги САГЫНДЫКОВТА ТЕНДИРДИН ПРОЦЕНТИНЕ КУН КОРИП ОТЫРГАН АДАМДАР ГОЙ№
Бак | 1 наурыз 2010 17:36
Рас мундай адамдарга кауiп-катер жакын журедi. Заке мен Алтекеге кауiп тым жакын келдi гой. Абай болган жон. мыналардан барiн кутуге болады.
Әсия Өміршеқызы | 3 наурыз 2010 05:33
Қазақ қыздары ішінен жөнді сөз айтқан жан екен. Алла деніне саулық, отбасына амандық берсін!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті