4 наурыз 2010
Мұхтар ТАЙЖАН: Қазақстан тәуелсiздiгiнен айырылып қалады-ау деп қорқамын

Әр сейсенбiде өтетiн “Айтпарктiң” пiкiрсайыс клубының кезектi қонағы экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан болды. Тәуелсiз елiмiздiң iргесiн қалауда үлкен еңбек сiңiрген, ұлттық бағыттағы соны ой-пiкiрлерiмен ерекшеленген танымал қоғам қайраткерi Болатхан Тайжанның ұлы ә дегеннен ашық әрi өткiр әңгiмеге дайын екенiн бiлдiрдi. “Қазiргi кезең тоқырау заманын еске түсiредi. Үлкен-үлкен плакаттар, барлық газетте шыққан, танысқысы келген адам кез келген басылымдардан оқи алатын жолдауды түсiндiруге миллиард теңге бөлiнедi. Бұл ақшаға қаншама пайдалы iстiң басын қайырып тастауға болады”, – дейдi “Айтпарк” қонағы. Мұхтар Тайжан бүгiнгi күн Кеңес дәуiрiнiң ақырғы күндерiн еске түсiредi деп есептейдi.
– 90-жылдардағы қайраткерлер Өмiрсерiк Қасенов, Михаил Есенәлиев, соңғы кездерде Заманбек Нұрқадiлевтiң қызметi туралы аз айтылуда.
Әйтсе де, қазақтардың тарихи жады өте мықты. Ел қорғаған батырлары, орақ тiлдi билерi, ел билеген хандары туралы деректердi ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған. Әрине, тұлғаларымызды ұлықтай бiлуiмiз керек. Қазақ кәсiпкерлерi қоғам өмiрiнде енжарлық танытып отыр, – дейдi Мұхтар Тайжан.
Модератордың “Жастар үлгi тұтатын беделдi тұлғалардың, ақсақалдардың аты-жөнiн атаңызшы” деген қолқасына ол:
– Жасы үлкеннiң бәрi сыйлы бола алмайды. Тұлғамын деп жүрген ақсақалдардың көбi пiкiрлерiн өзгерттi, қол сүйiп, шетелден үндеу жолдайтындары бар. Сақалын сатып жүргендер де аз емес. Көп ақсақалдардың беделiнен қалай жұрдай болғанын көрiп жүрмiз. Үлгi боларлық тұлғаны ата десеңiз – Мұхтар Шахановтың есiмiн айтар едiм. Жақында “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық қозғалысына қор атынан кiрдiм”, – деп жауап бердi.
– Мен шетелдердi араладым. Мәселен, солтүстiк итальяндықтар оңтүстiктегi қандастарын мүлде түсiнбейдi. Қытайдың бiр провинциясының тұрғындары екiншiсiнiң сөзiн түсiнбейдi. Маравтар мен чехтар, шотландықтар мен ағылшындар түсiнiсе алмайды. Шымкенттiң, Атыраудың, Қостанай қазақтарының тiлi – бiр тiл. Менталитетiнде де айырмашылық жоқ. Қожахмет Яссауи кесенесiнде қазақ даласының түкпiр-түкпiрiнде өмiр сүрген ұлы адамдар жерленген. Бұл қазақ даласының 10 ғасыр бойы саяси жағынан бiртұтас болғанын көрсетедi. Жетi атаға дейiн қыз алыспау дәстүрiнiң де саяси мәнi бар. Шала қазақ пен ауыл қазағы деп те бөлу негiзсiз. Оңтүстiк туралы сөз етпей-ақ қояйын, Солтүстiк Қазақстанда да қазақтар қазақшаны таза сөйлейдi. Шала қазақтар тұратын жалғыз қала – Алматы. Рас, жiкке бөлiну бар шығар, бiрақ бұл басылым беттерiнде жарияланып жатқандай қауiптi емес.
“Президент кәсiпкерлермен тiкелей байланысу үшiн өз блогын ашатынын айтты. Сiз сол блокқа жазар пiкiрiңiз бар ма?”
– Кеден одағы туралы жазамын. Жалпы, Ресеймен интеграция бiзге керек пе? Интеграция дегенiмiз – әртүрлi бөлшектердiң бiрiгуi, тұтастануы деген сөз. Өз басым Ресеймен жақындасуды, бiртұтастануды қаламаймын. Ресей мен Беларусь одағының мемлекеттiк хатшысы Бородин Қазақстан осы одаққа кiрiп, 2017 жылға қарай одақтық мемлекет құрылады деп мәлiмдедi. ЕурАзЭҚ мемлекеттiк хатшысы Тайыр Мансұров интеграцияның түпкi мақсаты – одақтық мемлекет құру деп ашық айтты. Бұл мәлiмдемелерге бей-жай қарауға болмайды. Қазақстан тәуелсiздiгiнен айырылып қалады-ау деп қауiптенемiн. Ұлты орыс азаматтарға айтарым, виза алу үшiн, үй салу үшiн Мәскеуге барып рұқсат алу керек пе бiзге?





Қалың елім, ҚАЗАҒЫМ, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсыменен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ.