1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16130) 16 маусым, бейсенбі 2016
16 маусым 2016
Толғанай Үмбетәлиева, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты: Билiкте қазiр ақша жоқ ендi үйiп-төгiп уәде берiп, халықты алдай алмайды

Жасыратыны жоқ, соңғы кездерi халықтың көңiлi көп жағдайға алаң. Оған бiрден-бiр себеп, елiмiзде ретсiз, репетсiз жүргiзiле бастаған сан түрлi реформалар. Қоғам неге алай-түлей күй кешiп жатыр? Бұл халықтың қазiргi саяси басқару жүйесiне қарсылығы ма? Әлде саяси-әлеуметтiк сана-сезiмнiң көтерiлгенi ме? “Жас Алаш” осы және басқа сауалдарға жауап iздеу ниетiмен Орталық Азиялық демократияны дамытудың қорының бас директоры, саяси ғылымының кандидаты Толғанай Үмбетәлиеваға жолығып, әңгiмелескен едi.

              Сiз маман ретiнде соңғы кездерi қоғамда орын алып жатқан саяси-әлеуметтiк оқиғаларға (жердi сатпау, шетелдiктерге жалға бермеу, бiлiм реформасы, оның iшiнде үштiлдiлiк және т.б.) қандай баға бересiз?
– Шынымды айтсам, осы реформа дегендi өз басым жақтырмаймын. Себебi, олардың бiрде-бiрi бiздiң қоғамда тереңiнен ойластырылып, кесiлiп-пiшiлiп жасалмайды. Әлдеқайдан сәтсiз көшiрiлiп әкелiнедi. Егер қазiр қолға алынып жатқан реформалар туралы ретiмен, әрқайсысына жеке тоқталып өтер болсам, мынаны айтар едiм: жер реформасы – жерге жекеменшiктi енгiзу iсi өте күрделi мәселе және оны билiк қалай жүзеге асырғысы келедi, сол билiктiң көңiлiнде­гiдей дәрежеде шешуге болмайды. Олар өткен жылдың соңында қоғамдық талқыға салмай Жер кодексiне жедел өзге­рiстер енгiздi, ал биыл аукционға қойып сатуды шештi. Әрине, елде мұнайдан түсетiн ақша таусылды, баға құлдырады. 25 жыл бойы билiк қолдан жасап келген жалпы экономикалық жүйеге батпандап кiрген дағдарыстың жолына тосқауыл қою үшiн шұғыл түрде “қолға iлiккендi” сатуға тура келедi. Еуропа мен Азияның бiрқатар елдерiнде қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан туындаған түйткiлдi шешу ұзақ жылдарға созылды, ал бiздiң елде оны едел-жедел ретке кел­тiре қоямыз деу әрi әбестiк, әрi өкi­мет қанша тырысса да оған жол берiл­мейтiнiн сезiп-бiлмедi.
Билiк әй-шай жоқ жер сатуды, жалға берудi бiзге жетiстiк (прогресс) ретiнде көрсеткiсi келдi. Батыстың кейбiр елдерiнде жердi 99 жылға жалға алуға рұқсат бар, егер бiздiң де прогрессивтi болғымыз келсе, онда жердi бiз де жалға бере аламыз дедi. Бiрақ олар Батыс пен бiздiң жүйемiздiң арасында үлкен айырмашылық барын ес­кермедi. Батыста бәрi ашық, жердi жалға кiм алғанын, оны қалай пайдаланатынын, түскен табыс қайда жұмсалатынын халық бiледi. Ал бiзде ше? Айнала тас-түнек және жең ұшынан жалғасқан сыбайластық жағдайында қазiргi үкiметке, жалпы билiкке сенуге бола ма? Жоқ, сене алмаймыз. Жер кiм­ге жалға берiлетiнiн және онымен не iс­тейтiнiн бiз бiлмеймiз. Жалға берiлген жердiң ақшасы қайда кетедi? Оны да ешкiм бiле бермейдi. Сондықтан жердi жалға беруге өз басым қарсымын. Халық та қорқады, сондықтан жердi қытайлық кәсiпкерлерге бергiсi келмейдi. Қазiр Қытай әлемдiк нарықта өте белсендi, қолға түскендi қапы жiбермей сатып алуға тырысып жатыр. Мысалы, Еуропада, нақты айтар болсақ Германияда қытайлық кәсiпкерлердiң Еуропа нарығына өтуiн қалай шектеуге болады, – деген мәселе көтерiлiп жатыр. Сондықтан Қытайға қатысты үрей тек Қазақстанда ғана емес, Еуропада да бар.
Келесi мәселе – бiлiм беру жүйесi. Бұл саладағы реформаларға мүлде қарсымын. Бiздегi бiлiм беру жүйесi қай тiлде де сапалы бiлiм берiп жат­қан жоқ. Мемлекеттiк тiлде де, ресми тiлде де сапалы бiлiм жоқ деп кесiмдi пiкiр айта аламын. Ендi келiп үш тiлде бiлiм бермекшi. Бұл нағыз қойыртпақ болады. Бұл жерде де билiк бiзге iлгерiшiл көлденең тартады. Егер ағылшын тiлiн бiлсең бәрiне қарқ бола қаламыз, айнала жұрттан оқ бойы озық кетемiз дегендей. Егер бiз өз ана тiлiмiзде сөйлемесек, қайдан, қалай прогрессивтi, озық ойлы ел боламыз? Егер бiз туған тiлiмiзде емiн-еркiн сөйлемесек, әлемнiң қай елi бiздi сыйлайды? Тәуелсiздiк алған 25 жыл iшiнде билiк тiл мәселесiнiң түйткiлiн шеше алмай, әлi күнге дейiн Ресейге жалтақтап келедi. Сөйтiп отырып, мемлекеттiк тiлдi қатардағы бiр тiл ретiнде ғана қолданыста болатын бiлiм жүйесiн енгiзудi жөн көредi. Мәселен, Германияның халқы 100 пайыз немiс тiлiнде сөйлейдi. Бұл елдiң бiлiм беру жүйесi 100 пайыз немiс тiлiнде жүредi. Дәрiсiн ағылшын тiлiнде жүргiзетiн бiр-екi ғана жекеменшiк университетi бар. Ал халқы 100 пайыз қазақ тiлiнде сөйлемейтiн Қазақстанда билiк ағылшын тiлiнде сабақ беретiн жүйе ен­гiзгiсi келедi. Менiңше, бұл халықтың мүддесiне қайшы. Сондықтан үштiлдi­лiк реформасына мен түбегейлi қарсымын.
              Айтыңызшы, ретсiз реформаларға қоғамның қарсылық танытуы саяси-әлеуметтiк сананың көтерiлгенiнен хабар бере ме, әлде оның басқа сыры бар ма?
– Мен мұны халықтың, азаматтық қоғамның әлеуметтiк және саяси танымының өсуi, жұртшылықтың азаматтық белсендiлiгiнiң артуы деп бағалаймын. Халық билiктiң бәрiн жоғарыға берiп қойып үнсiз отырғысы келмейдi. Өзi өмiр сүрiп отырған қоғамның iсiне, дамуына араласқысы келедi. Тiптi өз өмiрiн өзi қалыптастыруда еркiн болуды қалайды. Бүкiл халық үшiн шешiмдi жалғыз билiк иесi шығаруға тосқауыл қою мақсатында, әрi даусыңды жоғарғы жақ естiп, бiлуi үшiн қоғам мүшесi өз ұстанымын ашық айтып, еркiн жеткiзетiндей деңгейде болуы шарт. Халық билiкке өкiлеттiлiк бердi, егер олар жұртшылықтың көңiлiнен шығатындай қызмет ете алмаса, халық оны тартып алуға қақылы. Қазiр осындай заман туды және билiктiң алдында таңдау бар екенiн айтқым келедi. Анығында, билiк қандай да бiр жағдайда халықтың пiкiрiмен санасады және Еуропадағыдай, өркениеттi елдердегiдей шешiмдi халықпен бiрге шығарады. Себебi билiк бiз бәрiн Еуропадан алып отырмыз дегендi үнемi көлденең тартады. Немесе халықты тыңдағысы келмесе, халықпен етене болғысы келмесе, онда халықты кiм тыңдайды, соған орнын босатып беруге мәжбүр болады. Мүмкiн, бұл бүгiн-ертең бола қоймас, түбi осыған келедi.
              21 мамырда құқығы аяққа тапталған бейбiт халықтың сөзiн ешкiм тыңдамады...
– Естерiңiзде болсын, халық өзiн-өзi сыйлау арқылы ғана өзiнiң құқын құрметтеудi талап ете алады. Өзiн-өзi сыйлау дегенiмiз – өзiнiң келiсiмiнсiз сырттай шешiм шығаруға жол бермеу. Билiк не шешсе де бiз үнсiз тыңдаймыз, әрi кетсе даурығамыз да қоямыз. Ақыры билiк қалай шешедi, соны iстеймiз. Соған етiмiз үйренiп кеткен. Бiрақ 21 мамырдағы митинг халық бұдан былай үнсiз тыңдап, босқа дау­рықпайтынын көрсеттi. Халық өзiнiң күш-қарымын, ең бастысы, демократияға дайындығын, саяси мәдениетiн көрсеттi. Билiк халықты тыңдай ма, жоқ па, бұл тек халыққа байланысты. Халық үшiн бiреу iстеп бермейдi. Тек өз ұстанымын қырық пышақ болып қырқыспай бiрге, ашық айтқан жағдайда ғана, өз пiкiрiн дәлелдi-дәйектi, заңды түрде жеткiзген жағдайда жоғары жақ халықпен санасады. Тек қалауымызды билiкке тыңдатып қана қоймай, халық қалай қаласа, солай iстете алатын деңгейге жетуге талпынған абзал. Қоғамдағы соңғы оқиғалардан кейiн көпшiлiктi келiсiмге шақыруға, алдауға билiк бата алмайды. Себебi, халық билiкке сенбейдi. Өйткенi талай рет алданды, талай мәрте сан соқты. Ендi сенiм жоқ. Ал сенiмдi халықтың пiкiрi­мен санасып қана қайтаруға болады. Қазiр халықтың саяси сауаты жоғары, өз пiкiрiмен жоғары жақты қалай санас­тыруға болатынын бiлiп қалды. 
              Қоғам (халық) өз талаптарын билiкке жеткiзу үшiн, тiптi жоғары жақтың халықпен санасуы үшiн сiздiңше қандай амалдар жасап, не iстегенi дұрыс?
              Өздерiңiз бiлесiздер, демократиялық жүйеде халықтың пiкiрiн жоғары жаққа саяси партиялар, депутаттар жеткiзедi. Бiрақ бiздiң авторитарлы жүйеде мұндай институттар жұмыс iстемейдi. Сондықтан басқа құрылымдарды пайдаланған жөн. Мысалы, барлық өзектi мәселе жөнiнде қоғамдық тыңдау өткiзу, жұртшылықтың пiкiрiн жинау. Халық өз пiкiрiн ас үйде емес, осындай жиындарға келiп айтуы тиiс.
Жергiлiктi деңгейдегi талқылаулар облыста, ауданда, ауылдарда жалпы даму түйткiлдерi жөнiнде өткенi дұрыс. Әкiмшiлiктер өзiнiң даму бағдарламасын жасап, биыл қандай мәселе шешiлетiнiн, оған қанша қаржы бөлiнетiнiн, шығындар қайда, қалай жұмсалатынын халыққа айтып, есеп беруi тиiс. Әрi бұл мәселелер халықтың келiсiмiмен жүзеге асуы керек. Сонда ғана құ­лаққа әбден жауыр болған “жыл са­йын неге белгiлi бiр көшелер жөнделе бе­редi”, “неге мектеп уақтылы пайдалануға берiлмейдi”, “мектеп оқушыларына нелiк­тен кiтап жетiспейдi” деген сұрақтардан құтылуға болады
Талап етудi өте қарапайым мәселеден бастауға болады: ата-аналар жиылып мектеп директорынан биыл бюджеттен қанша ақша алғанын, оны қалай жұмсағылары келетiнiн, неге олай жұмсайтынын бiлуi мақсатында жиналысқа шақырып, осы сұрақтарға жауап беруiн талап етсе болғаны. Естерiңiзде болсын, бiлiм ошақтарына бөлiнетiн ақша ол халықтың ақшасы, сондықтан оның қайда, қалай жұмсалатынын талап етуге көпшiлiк қақылы.
              Билiк өзi жүргiзгiсi келген реформаларға халықтың қарсылығын байқады. Осыдан кейiн қандай әрекеттерге барады?
              Егер халық өзiн мазалап толғандырған сауалдың бәрiн билiкке қойса, билiк халықтың пiкiрiмен санасуға мәжбүр болады. Оның басқа жолы жоқ. Билiк митингiден, төңкерiстен қорқады, себебi қолындағы билiктен айырылғысы келмейдi. Елден қашуды тағы жөн санамайды. Осыларды ескере келе халықтың пiкiрiн есепке алады. Себебi, оның бұрынғыдай бақытты өмiрге, жақсы тұрмысқа үйiп-төгiп уәде беретiндей қазiр қауқары жоқ. Әдеттегiдей жалақыны көтеру арқылы халықты сатып алып, ауызын жабатын мұнайдан түсiп жатқан мол табыс тағы жоқ. Қазiр билiк халықтың жалақысын төлеу үшiн халықаралық қаржы ұйымдарынан үлкен қарыз алды. Бүгiнгi таңда елiмiздiң экономикалық дамуына негiз бола алатындай ешқандай салалық экономика жоқ. Бәрi бүлiнiп, қираған. Ауыл шаруашылығы да, жеңiл өнеркәсiп пен ауыр өнер­кәсiп те жоқ, бiз ештеңе өндiрмеймiз. Бiз мұнайдың экспорттық саудасынан түсiп жатқан ақшаға өмiр сүрiп келдiк. Осы ақшаға шетелден тауар сатып алдық та отырдық. Егер өзiмiз бiр нәрсе өндiрсек, оның көлемi өте аз, сапасы төмен. Себебi, сыбайлас жемқорлық ке­сiрiнен өзiмiз шағын және орта кә­сiпкерлiктi дамытуға мұрша бермедiк. Сондықтан қазiр өзiнiң мәртебесi мен билiгiн сақтап қалу үшiн саяси элита халықтың пiкiрiмен санасуға мәжбүр болады.
Қараңыз, қолға алған реформалардың халық көңiлiнен шықпағанын, жаппай наразылықты сезген президент оларды тоқтатқанын мәлiмдедi. Үкiмет бiлiм беру реформасын да қайта қарайтын болды, демек үштiлдi бiлiм жүйесi әзiрше енгiзiлмейдi. Бұл халықтың ықпалы, демек халық өзiн тыңдата бiлуi арқылы құрметтете де алады. Әрине, мұндай өзгерiстерге қол жеткiзу оңай емес, кейбiр белсендiлер қазiр түрмеде отыр, президент ешкiмдi ұстамауға уәде берсе де белсендiлер түрмеге тоғытылды. Олардың кейбiрiне 10-15 жыл бас бостандығынан айырылу қаупi бар. Көбi 15 тәулiкке отырып шықты. Дейтұрғанмен, наразылықтың нәтижесi бар және ол өте маңызды. Бiрақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, одан әрi алға жылжыған жөн. Бұл – бастапқы қадам ғана. Жер реформасының айналасындағы жағдай құқықтық жүйеге де реформа қажеттiлiгiн байқатты. Ми­тингiге дейiн белсендiлердi түрмеге тоғыту – халықтың құқығын бұзу. Бейбiт митингiге шыққандар ешқандай iс-әрекетке барған жоқ, ал оларды ұстап әкетiп, 15 тәулiкке қамап тас­тады. Демек, бiздiң заңдарымыз дұрыс жазылмаған әрi солқылдақ. Мiне, алдағы уақытта осы туралы мәселе көтерген дұрыс. Саяси мәселелер түрмеге тоғыту арқылы емес, саяси үлгi-амалдар арқылы шешiлуi тиiс. Мiне, ендi осы түйткiлдер тал­қыға түсуi шарт. Демек, бәрi әлi алда.
              Соңғы оқиғалар Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтiк басқару жүйесiнiң дағдарыста екенiнен хабар бере ме?
              Жалпы, басқару жүйесiндегi олқылықтар бұрын да болған, бiрақ осы дағдарыс оларды судың бетiне қалқытып шығарды. Бiрақ ақша бар кезде кемшiлiк атаулы ешкiмдi қызықтырмады. Қазiр ақша жоқ кезде халық билiктiң бар шығынын бақылап, бағып отырады. Өстiп-өстiп қоғамдық бақылау көрiнiс бередi. Бұл түйткiлдердiң бәрiн мамандар бiлдi, кезiнде мәселе етiп көтердi де. Бiрақ қарапайым халық оны көрмедi. Көпшiлiк прези­денттi жақсы көрдi және кiмде-кiм сая­сатты, елдегi сәтсiз жасалған бағдарламаларды сынаса, оны прези­дент­ке қарсы адам ретiнде танып-бiлдi. Осы күнi билiктiң жiберген көп қателiгi тайға таңба басқандай анық көрiндi әрi оны үлкен ақшамен бұрынғыдай жауып тастай да алмайсың. Себебi, елiмiзде дәл қазiр үлкен ақша жоқ және ол жуық маңда табыла да қоймайды. Мұнай бағасы таяу арада көтерiле қоймасы және белгiлi. Сондықтан халықты босқа алдап-алдар­қатудың қазiр жөнi жоқ, қайта осындайда өз мәселемiздi шешетiн мезгiл келiп жеткенiн түсiнген абзал.
              Ал Ақтөбе оқиғасы туралы не айтасыз?
              Ақтөбеде болған жағдай маған аса түсiнiктi болмай тұр. Се­бебi, бiр-бiрiне кереғар ақпарат таратылып жатыр, сондықтан әлi қорытынды шығара қойған жоқпын. Тек “сол те­рактiлердiң артында Тоқтар Төлешов тұр” дегенге пiкiр қоса аламын. Күштiк құрылымдардың бұл мәлiмдемесi жеке басымды иландыра алмайды, себебi бұл – қолдан тағылған айып. Бiздiң күштiк құрылымдар осы оқиғаға орай зерттеу-талдау жұмыстарын жүргiзiп, бас қатырғысы келмейдi-ау шамасы. Тезiрек жауып тастауды қалайды. Бiздiң “тәжiрибелi” тергеушiлерiмiз – бiлгiр, мықты. Кабинетте отырып-ақ, тергеу амалдарын жүргiзiп, қылмыс­керлердi дөп басып анықтай бередi. Басқа елдердiң полициялары сияқты жылдап айғақ iздеп сандалмайды, iз кеспейдi, тың тыңдамайды.
 Ал ендi iшiмiзде террористiк акция­лар мен ұйымдар болмау үшiн не iстеу керек? – деген дәстүрлi сұраққа мен былай жауап берер едiм: бiздiң елiмiзде әлеуметтiк теңдiк мәселесi тым тереңде екенiн көремiз және оны шешу қажеттiлiгiн байқаймыз. Себебi, елiмiзде әлеуметтiк жiктелу айырмасы өте алшақ. Мынаған назар аударыңыздар, бүгiнгi таңда ауыл адамдарына немесе кедей-кепшiкке елiмiзде алдына қоған мақсатына қол жеткiзу өте қиын. Жақсы тұрмысқа кедергi көп. Жағалай жұмыссыздық. Баспана салуға жер берiл­мейдi. Алматы, Астана сияқты iрi қалаларда баспана алу үшiн түрлi мем­лекеттiк-әлеуметтiк бағдарламаларға қатысуға қалалық тiркеу керек. Ал жастарымыздың басында үйi болмаған соң тiркеу қайдан болсын. Мiне, осы және осы тақылеттес әлеуметтiк түйткiлдер шешiлмейiн­ше, тыныш, тұрақты өмiр сүремiз деу – бекершiлiк. Қымбатшылық болса, қазiр қос өкпемiзден қысып тұр. Бiздiң елiмiзде тек байлар ғана жақсы өмiр сүредi. 
Зерттеушiлердiң жазуына қарағанда, терроризм – өмiр сүру моделiне қарсы наразылық құбылысы. Олардың өздерi өмiр сүрiп отырған қоғамға көңiлi толмайды. Басқа мемлекет құрғысы келедi, мысалы, ислам мем­лекетi. Онда жағдай басқаша болады деп түсiнедi. Ғалымдардың айтуына қарағанда, өздерiн салафит санайтындар мысалы, Батыстық өмiр сүру үлгiсiне қарсы. Сондықтан елiмiзде лаңкестiк әрекетке жол бермеу үшiн елде ырғақты даму болуы тиiс. Ең бастысы, жақсы бiлiм алуға, жақсы жұмыс табуға, жақсы өмiр сүруге барлық адамға бiрдей жағдай жасалуы тиiс. Әлеуметтiк теңсiздiк бар жерде, халықтың мұң-зарына құлақ аспай, нақақтан-нақақ күйдiрген кезде өз­дерiнiң қандай да бiр наразылығын бiлдiру үшiн белгiлi бiр адамдар осындай радикалды қадамдарға баратынын айта кету орынды. Оны жасырып-жабуға болмайды. Ауруын жасырған қоғам iштен iрiп-шiридi.
              Әңгiмеңiзге рақмет.
Сұхбатты жүргiзген:
Гүлзат Нұрмолдақызы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар