1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №49 (19131) 21 маусым, сейсенбі 2016
21 маусым 2016
Мархабат Байғұт: Бізде әлемдік деңгейдегі дүниелер аз емес

– Мархабат аға, жақында халықаралық «Түркі әлеміне қызмет сыйлығымен» марапат­тал­дыңыз. Құтты болсын!

– Рақмет, айналайын.
– Жалпы бұл сыйлық түркі тілдес халықтардың әдебиеті мен мәдениетіне, өзара байланыстарды, бірлік пен ынтымақты нығайтуға елеулі еңбек сіңірген тұлғаларға бұйыратыны белгілі. Көзіқарақты қауым біледі, сіз түркі дүниесі, түркітілдес халықтардың тағдыр-талайы, мәдениеті мен әдебиеті жөнінде бұрыннан-ақ айтып, жазып келесіз. Байкал көлінің арғы жағында, әскерде жазған әуелгі әңгімеңіздің өзінде, саха, дол­ған, олған, тыба, хакас, тағы басқаларды тәптіштегеніңіз байқалады. Қазақстан Жазу­шылар одағының облысаралық бөлімшесіне жетекшілік жаса­ғанда да, одан бері қарай бүгінге дейін де түркі тақырыбын ту етіп ұстауға тырысып бағасыз. Түрік, өзбек, қырғыз, саха, қарақалпақ қаламгерлерін насихаттайсыз. Аталған сыйлық осы жағдайларға орай берілді ме, әлде былтыр Түркияда түрік тіліне тәржі­маланып шыққан «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағыңызға қатысты құрмет көрсетпеді ме?
– Ол жағын жіктеп, жіліктеп көр­меп­пін. Дегенмен «Дауыстың түсі» дейтұғын кітаптың түрік тілінде шы­ғуы, оның Түркия Жазушылар одағы және өнер қайраткерлері қауым­дастығында талқылануы басты себеп болған сыңайлы.
– Түрік тілінде «Дауыстың түсі» қалай шықты? Бұл кітабыңызға қандай әңгімелеріңіз енгізілді? Аудармаға ризасыз ба?
– Тәржімаланған жинаққа «Бір дорба диплом», «Жалбыздының жаға­сында», «Мәшине мәселесі», «Өлімнен қашқан респондент», «Қо­запая», «Гамбургтегі қазақтар», «Ақпандағы мысықтар», «Сүмбіленің суы», «Шел», «Жоғалған Жұрнақ», «Банктің иттері», «Тоқсабаның тоқа­лы» сияқты барлығы жиырма екі әңгіме кірген. Өткен жылғы желтоқ­санда Анкара қаласында кітаптың тұсаукесері өтті. Түркиядағы жазушы­лардың, әдебиетшілердің, филолог-докторлар мен профессорлардың, қатардағы оқырмандардың пікірле­ріне, ықыластарына қарағанда жаман емес сияқты. Соңғы жылда­ры Түр­кияда Абай, Сүйінбай, Ілияс Есен­берлин, Мұқағали Мақатаев­тарды айтпағанда, Төлен Әбдіктің, Бек­сұлтан Нұржекеұлының, Смағұл Елубайдың, Темірхан Медетбектің және тағы басқа ақын-жазушылардың кітаптары шықты. Қазақ прозашыла­ры­ның әңгі­мелер жинағы жарық көрді. Бұл ізгі­лікті іске басты себепкер болып, бастамашылық танытып, қамқорлық жасап жүрген мемлекет­шіл, сергек те сезімтал елшіміз Жан­сейіт Түймебаев екенін ерекше­ атағанымыз абзал.
Жансейіт Түймебайұлын Түркия­ның текті тұлғалары, зиялы қауымы, саяси қайраткерлері қатты құрмет­теп, терең мойындайтынына куә бол­дық. Ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетін түрік жұртшылығына танытуда Төтенше және өкілетті елшіміз Жансейіт мырзаға ТҮРІКСОЙ басшысы Дүйсен Қасейінов, талантты жас жазушы Мәлік Отарбаев жан аямай жәрдем жасайды екен. Шіркін-ай, қайран қазақ әдебиетін тәржі­малап, танытпақ мақсатта өзге елші­леріңіз һәм Жақаңдай жан-жүрек жігерін жұмсап, құлшыныс танытса, талай жерге ілгерілеп барып қалар едік-ау. Дейсіз.
– Қазақ елі, қазақ әдебиеті бұ­рын­ғы кезеңдерде шетелдерге тап қазіргі Тәуелсіздіктің тұсында­ғыдай танымал емес еді ғой. Со­лай емес пе?
– Шынында Тәуелсіздік алмағанда не күйде жүрер едік? Кім болар едік? Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе дегенді ділімізбен айтқан жөн шығар. Жайшылықта пендешілікпен пәлен дейміз. Байқай бермейтініміз, баға­лай білмейтініміз рас.
– Аға, сонда да қазақ ақын-жазу­шыларының әлемдік деңгей­дегі орны әлі де ойсырап, шетелдерде аударылуы, кеңінен танылуы, таралуы, оқы­луы олқы түсіп жатқаны жасырын емес қой. Әлде әлемдік деңгейдегі шығармалар жоқ па? Аударма ісін ұйымдас­тыруға енжармыз ба? Әлем әде­бие­тінінің есігін еркін аша алатын кез келе ме қазақ қаламгерлеріне?
– Біріншіден, бізде дәл осылайша қынжылыс білдіру, өкініш айту, жазу жетіп-артылып жатады-дағы, нақты­лы әрекет кемшін. Тағы да қайта­лайық, Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшіңіз Түймебаев Жан­сейіттің жетекшілігін жасап жұрген жұмыстарын Қазақстанның барлық елшілері емес-ау, солардың үштен бірі үлгі тұтсыншы. Жүйелеп көрсінші. Бірталай нәтижелерге қол жетіп қалар еді. Екіншіден, бізде әлемдік деңгейдегі дүниелер аз емес. Жауһар жазушы, дара драматург Дулат Исабеков бүгінде бүкіл әлемі­ңізді шарлай бастады. Драмалары үш-төрт жылдан бері Санкт-Петер­борда, Ом­быда, Қазан мен Уфада, Ташкентте, Кореяда, басқа да елдерде қойылып, талайды таңдандырып жүр. Екі жылдан бері Англия енші­леп алды Исабековіңізді. Прозалық екі кітабы Ұлыбританияға мәшһүр­леніп үлгерді. Пьесалары Тұманды Альбионның атақты сахналарынан түспейтінге айналды. Ағылшындар қазір қазақ қаламгері Дулат Исабе­ковтің 75 жылдығына қызу дайын­дықтар жасап жатыпты. Дулатыңыз былтырдан бермен қарата туып-өскен Арыс аймағынан гөрі Англияға жиірек сапарлайтынға көшкен.
Талантты жазушы-драматург Ра­қымжан Отарбаевыңыз да әлем елдеріне танылудың, туындыларын тәржімалатып, таратудың төтенше жолын, жұмбақ кілтін тапқандай-ау. Түркияда танымал. Қытайда оқыр­маны орасан. Деседі. Еуропаға да жолы ашылған. Түркия теңіздерінің бір тұсында вилласы бар көрінеді. Атырауда атақты орталығы салынып жатыпты. Жақында ғана біздің Оңтүс­тіктің жеті бірдей театры Рақымжан бауырымыздың жеті бірдей дүние­лерін сахналап, бұрын болып көрме­ген фестиваль өткізіп, қаламгерді қанаттандыра түсті. Тамаша тағылым емес пе?! Тәуелсіздіктің жемісі ғой. Деп қуанасың.
Қазақ әдебиетінде сіз меңзеген­дей мәністегі, яғни әлемдік сападағы шығармалар көп. Тәуелсіздік алған­нан кейінгі кезеңде жаратылған туындылар да қай-қандай елдердің қа­ламгерлері жазған, дүние жүзіне тәржімаланып, тарап жатқан дүние­лерден кем соға қоймас. Әсіресе, қазақ поэзиясы талай-талай елдерден алда. Биікте. Самғайды. Сонсоң қазіргі қазақ әңгімесі әлемдік деңгей­де де, өзімізде де шын бағасын ала алмай, бағаланбай келеді. Қазақ қаламгерлерінің көркем әңгімелері жеткен белестерге басқа бірталай ұлттың әңгімелері жеткен жоқ-ау. Үш жылдай уақыт бұрынырақта Нобель сыйлығын алған канадалық прозашы Элис Мунроның әңгімелер жинағын оқыңыз. Өзі Антон Чеховты үлгі тұтады екен. Біздің Шерхан, Әбіш, Әкім, Дулат, Оралхан, Бексұл­тан, Төлен, Тынымбайлардың, Несіп­бек Дәуітайұлының, бертініректегі Нұрғали Ораз, Тұрсынжан Шапай, Қуандық Түменбай, Асқар Алтай, Роза Мұқановалардың әңгімелер жинақтарынан пәлендей артықшылық әдіп-әдептерін таба алмайсыз.
Үшіншіден, біз біраз-біраз айтың­қырап, жазыңқырап қоямыз кейде. Қазақ әдебиетіндегі асыл дүние­лердің басым көпшілігін өзге тілдерге, әсіресе орыс, ағылшын тілдеріне құнарлы күйінде тәржімалау өте-мөте қиын. Көп реттерде мүмкін емес. Бұлай болуы – қазақ тілі мен әде­биетінің кемшілгі емес, керісінше, артықшылығы сияқты. Бұл өзі өзгеше, өзгелерге түгілі өзімізге түсініксіз, құпия құбылыс. Киелі қасиет. Дегеніміз жөн шығар. Мысалы, Абай аударылмайды. Дәл өзіндей болмаса да хәкіміңіздің өзіне жуықтау етіп тәржімалау мүмкін емес. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» әлемге тарады. Дейміз. Қандай сапада? Анатолий Ким неге қайта аударды? Оның деңгейі нешік? Мұқағали Мақатаевты толыққанды тәржімалау аса күрделі. Күрмеулі Асқар Сүлейменовіңізді әлеміңіздің әлдебір әйдігі мықтап аудара алады дегенге илану және беймүмкін. Сол себептерден шығар, Мұқағалиыңыздың шырт түкіріп, «Қызталақ, қазағыма тұтастай танылсам да жетер» дейтіні. Фариза пат­шайымыңыз қазақтың ұлттық тағамы табиғатын түсінгілері келмеген тәржі­мандарды үйінен қуып шыққаны...
Сондықтан, бауырым, сіз айтып отырған әлгіндейін әлемдік үміттің әзірше жүзелене қоймауы да мүмкін. «Әлем әдебиетінің есігін еркін ашатын кезегіңіз» қазақтық құпия қа­сиеттердің, тілі мен ділінің өзгеше­ліктеріне байланысты көп-көп уа­қыттарға кешігуі бек, бәлкім.
Бәрібір ұлтты, ұлт әдебиетін әлем­дік деңгейде танытпақтың, наси­хаттамақтың, талмай тәржімалаудың жолдарын жатпай-тұрмай іздеп, таба біліп, әрекет атаулының бәрін кү­шейте бермек ләзім-дүр. Онсыз да қазағыңыз өзінің алар орнынан, үлесінен үнемі айырылып, қасқа жолдарынан қайырылып, сыбағасынан құр қалып, аузына түсіп тұрған асына дейін әлдебіреулер иемденіп кететін халық қой. Отаршылдықтың жүздеген жылы жадынан жаңылдырған. Ашар­шылықтар мен саяси қуғын-сүргіндер жапа шектіре жасытып тастаған. Ой-санасын опыра ойсы­рат­қан. Тәуел­сіздігінің талай-талай жақтарына да сенімсіздеу, секемдене қарайтындай ғой, қайран қазақ. Өзін-өзі өзекке тепкеннен, өзгелерді төбесінде тай­раңдатқаннан да танатұғын түрі көрінбейді. Әзірше.
– Тәуелсіздіміздің тұсындағы қазақ әдебиетінің хал-ахуалын қалай бағалар едіңіз? Тәуелсіз­дікке лайықты кезеңдік кемел туындылар, кейіпкерлер, замандастар бейнелері сомдалмады, жартымды шығармалар жоқтың қасы дейтіндер көп секілді көрі­неді емес пе? Қалай ойлайсыз?
– Тоқыраңқырап, тоқтаңқырап қалу, тосырқай, таңырқай қарайлап, жол айрықтарында адасқақтану, нарықтың қиындықтарына төтеп бере алмастан, базар-ошарда ошарылу, шығармашылықтан біржола бе­зініп кету – бәрі де болған шығар. Бәрібір, Тәуелсіздіктің тұсында да текті, талантты туындылар жаратылды. Өтпелі кезеңдеріңіздің өрнегі өрілді. Кейіпкерлер кестеленді. Кезеңдік керемет ірі-ірі полотнолар, аса күрделі заманауи романдар әлі туындай қоймаған да болар. Алайда «Қазақ әдебиеті, қазақ қаламгерлері ширек ғасырыңызда шеберліктерін шыңдай алмады, сан тарау бағдар­ларда ізгі ізденістер жасай қоймады» деп, сыңаржақ сын айту күпірлікке кетер. Керісінше, терең талдаулар жасай алатын сындарлы сыншылар байқалмайды. Әсіресе әңгіме жан­рын­­дағы жеңістер мен жемістер елеу­сіз, ескерусіз қалып келеді. Бәл­кім, Тәуелсіздік тұсындағы қазақ көр­кемсөзінің көнеркөгін, өзгеше өріс-өрнектерін тап осы шағын жанрдың жағдаяттарымен өлшеу керек шығар. Кім білсін-ау, кім білсін... Ал енді татымды тақырыптар, маңызды мәсе­ле­лер мәністелмеді, ұнамды кейіп­керлер, жағымды замандастар бей­не­ленбеді, тағы басқа да тағы­-­та­ғы­­лар сыңайдағы «бағалау­лар» баяғы Кеңестік кезеңіңіздің, соцре­ализмның салқыны ғой. Бүгінгі сын мен зерттеу-зерделеулер де заманауи сыпатта, жаңаша сапада болмағы ләзім.
– Мархабат аға, халық пен билік арасындағы байланыс нашарлап кетті дегендей пікірлер жиі айтылады. Елімізде орын алып жатқан соңғы оқиғаларды сол алшақтықтармен байланыс­тырушылар да бар. Елдік, ұлттық мүддеге келгенде қарапайым халық зиялы қауымнан аталы сөз күтетіні мәлім. Қоғамның наза­рындағы жер мәселесіне, білім саласындағы реформаларға көзқарасыңыз қалай?
– Қазағымның қаншама қаламгер­лері секілді мына біз пақырыңыз да көсемсөзде де, көркемсөзде де халық пен билік арасындағы алшақ­тық жағдаяттарына алаңдап-ақ жатырмыз. Кезінде «Ерендердің өрен-жарандары тілімізге де, Тәуелсіз­дігімізге де зиянкестік жасауда» деп жазғанбыз. Онда биліктің жоғарылы-төменді буынындағылардың басым көпшілігінің өрен-жарандары, жақын-жуықтары, тамыр-таныстары талай-талай тірліктерінде тайраңдап, білгендерін істеп, ал енді ерендердің бірталайлары сондай-сондай сора­қы­лықтарды толық біле бермей­ті­нін, осындай-осындай оспадар­сыз­дық­тардан барып, қарапайым ха­лықтың билік буындарына, ел мен жердің арқасында алпауыт байларға айналып алғандарға көзқарасы нашарлай түсетінін, қыжылдар мен кі­жіністердің көбейетінін ашық көрсетіп едік. Осы кезге дейін осы тақылеттес тақырып­тарды қозғап келеміз ғой. «Тәуелсіздік және шенеунік» деген айдардың ашылуына бастамашы болғанбыз. «Еге­мен Қазақстан» бірер мәртеден кейін кілт тыйып, жалғас­тырмаққа жүрек­сінді. «Жетесіздерді жетелеудің» қаншама нәрселерді нәніпәтірлеп, түбірінен кеміретінін мәністедік. «Байлар зорсынбайтын, кедейлер қорсынбайтын қоғам керек» деп «данышпансыдық». Әлімізге қарамай. «Дінімізге берік, дәстүрі­мізге бекем болайық» деп, дәстүрі­мізді шырылдай қорғаумен жүрміз. «Ашық бо­лайық, алайда шашық бола бермейік» дедік. Амал нешік...
Жұртшылықтың біраз бөлігінде баяғы жекешелендірудің асыра сіл­теу­лерінен, қолдарынан келгендердің қоныштарынан басуынан қап қойған қынжылыс пен қыжыл жоқ дей алмайсыз, әрине. Жекешелендірудің екінші кезеңіне және жер мәселесіне байланысты сол кіжіністердің көрініс бере­тіні рас па? Рас. Небір латифундис­теріңіз бен олигархтарыңыз небір-небір қолайлы, құнарлы, пайдалы жерлерді шексіз мөлшерде, нысапсыз, қанағатсыз қаратып алып қалып, кейіннен кертіп сатып, кергіді ме? Кергігенде қандай! Солар меценат­тыққа келгенде сараң ба? Сараң. Қайран Қадыр Мәрза Әлиіңіз «Он байдың тоғызы сараң, біреуі адам» деп сондайдан жазған-ау.
Алматыңыздың аймалайтын Ала­тау беткейлеріне қаптаған коттедж­дер салынып кеткені кіжінте ме? Кі­жінтеді. Кейінде шырайлы Шымкен­тіңізді басқарған бәзбіреулеріңіз біл­генін істеп бағып, бүлдірді ме? Бүлдірді. Бүгінгі басшыларыңыз со­лардың салдарынан қиналып жүр ме? Қиналып жүр.
Ал енді сондай-сондай селкеулік­тер жіберілген жерлерге тиісті, құзыр-құзыретті органдардың басшылары, орынбасарлары, мамандар барудан, түсіндіруден, кемшіліктерді түзетудің жолдарын қарастырудан қашқақтай­тыны қалай? «Қаракөлең­келі жерлерде қара жұмысшылар жетіспейді» деп жиірек жазып, көбірек айтатынымыз сондайдан ғой, шы­рағым.
Әумесер әрекеттер лаулап-ақ жөнелсе, байтағыңыздың быт-шыты шықса дейтін пиғылдағылар сыртта да, іште де аз емес. Арандатушыларды «Ақша-Құдайыңыз» да демейді. Адамзатыңыздың Айтматовы ға­сырлар тоғысында «Діндердің әсіре саясаттануынан сақтанайық, ақыры апатқа апарады» деген-ді. Алайда сол сақтандыруға да құлақ аспады адамзатыңыз. Қатты ойланатын жағдаяттар жетіп-артылады.
Жерді жалға беру мәселесін ше­шу­дің алдында барлық заңнамаларды қатайтып, бұлжымастай, бұлтарт­пастай, бұрмаланбайтындай жүзеле­нер жолдарын жан-жақты қамдас­тырумыз қажет. Түбегейлі, түбірлі түрде. «Ұят жоқ жерде бәрі жоқ» дейді Бексұлтан Нұржекеұлы. Ұят-аят азайды. Жерге байланысты темірдей тәр­тіп пен жоғары жауапкершілікті талап етіп қана әрекет етпесек, болмайды. Жерді шетелдіктерге жалға беретін елдерде тап сондай талапшылдық орнатылған. Заңдар қатаң.
Білім мен ғылым салалары «реформашылдардан» шаршады. «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағат­тарын қысқартып, қосып оқытуды» ойлап тапқандардың сандырақтары саналарды сансыратып, қазақ­жан­дылардың жан-жүрегін қансы­ратып жатыр. Алла тағала ақырын бергей дейік.
– Бүгінгі таңда жергілікті әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер бірнеше отырысын өткізіп те үлгерді. Алайда сол қоғамдық кеңестер жұмысынан қоғам бейхабар секілді. Қоғамдық кеңестер қыз­меті қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік қызмет және мем­лекеттік қызметкерлер туралы заңна­малардың, талапшылдық пен тәртіп­тің күшейтілуі, сот саласындағы қайта-қайта жасалып жатқан реформалар, сол сияқты қоғамдық кеңес­тердің құрылып, құмбыл іске кірісуі, тағысын тағылар – осылардың бәрі, сайып келгенде халыққа жақындау жолдарын іздестірудің, ізденудің қамы деп түсінген жөн. Шынында да түрлі-түрлі себептерге, біліп-білмей жол берілген жөнсіздіктерге, қателік­тер мен кемшіліктерге байланысты аралықтың алшақтағаны рас. «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деп Шер­ағаң шырылдаудайын шырылдады. Шаңқылдады. Шамырқанды. Өкініш­ке қарай, толық қорытындылар жасала қоймады. Қоғамдық кеңестер «формально» емес, «нормально» жұ­мыс істесе, әсіреңкіленіп, асыра сілтемесе, парасатты пайым, талап­шылдық пен тәртіп, байсалды байып биіктеріне ұмтылса, мақсат орындалады, тиімділікке қол жеткізеді. Деп сенейік.
– Өзіңіз әкімшілік басқару жүйесі басталған 1992 жылдан 2008 жылға дейін, яки зейнет­керлік жасқа толған күніңізге дейін мемлекеттік қызметте жүрдіңіз. Облыс басшыларына «ғалым әкім», «жалын әкім», «алым әкім», «арын әкім» деген сияқты аттар қойып, баспасөзде әзіл-шыны аралас жаздыңыз да. «Ақтолғай» атты кітабыңызда әкімдік жүйе жықпылдары туралы біраз нәрселер бар. Осы Оңтүстікті басқарған әкімдер хақында нендей пікірлер түйдіңіз? Білуге бола ма?
– Облыстың алғашқы әкімі, «ғалым әкім» Марс Үркімбаев жаңадан құ­рылған ішкі саясат бөлімін басқаруға шақырды. Нағыз ғылым қонған. Ғылым тапқан, адал да аңғал, ырың-жырыңды, күншілдік-кекшілдікті жақ­тырмайтын, жаңашыл, ізгі де ізденім­паз, рыноктық қарым-қатынасқа қатты берілген, селкеусіз сенген басшы еді. Тәуелсіздікке қуанғанынан-ақ жұрт түгелдей тазарады деп ойлайтын. Тәртіпке түседі деп имандай иланатын. Нарықтық нақтылы серпі­лістерге, серпінді секірістерге негіз­делген жаңаша жолдар, бастамашыл бағдарлар ұсынды. Бірақ біреуі түсінді, екеуі түсінбеді. Оңтүстігіңіздің керемет қасиеттері көп бола тұра тұңғыш әкімнің тосындығын тосыр­қады. Жаңашылдығын жатырқады. Жоғары интеллектілігін, биік мәде­ниеттілігін толыққанды қабылдай да, бағалай да білмеді. Тезірек кетірмекті күйттеген күштер көбейді.
«Жалын әкім» Зауытбек Тұрыс­беков күрмеулері көбейе түскен кезенейлі кезеңдерде қиын түйін­дерді шеше білді. Көбін шешпесе-дағы, шеберлікпен, шешендікпен шегіндіре білді. Сөзбен демеді, уәдемен жебеді. Жалындап көрінді. Ештеңеден ерінбеді. «Алым әкім» деп алғашқы бастамалары аса құптар­лықтай көрінген Қалық Абдуллаевты атағанбыз. Өкінішке қарай, олқы-толқы тұстарға жеткілікті назар жықпады. Қиын түйіндері шиеленіскен уақыт та кедергілерді көлденең тартып, өңірдегі басшылығы ұзаққа бармады. Бердібек Сапарбаев сынды саңлағыңызды «арын әкім» деп атағанбыз. Адымдасы да, қадамдасы да, қол сермесі де, екпіні де аса арын­дытұғын. Тыным таппайтын. Тыныш отырмайтын. Орасан іскер боп бұ­й­ыр­ды. Облысыңызға. Газ мәселесіне де, жарық жөніне де, жалақы жағына да, зейнетақы хақына да етене еніп, бетпе-бет белдесіп, жүзбе-жүз ай­қаспақтан арындығын аямады. Сапарбаев жөнінде кейінірек те жазғанбыз. Шығыс Қазақстандағы тасқынға тосқын қойғанын қаламға арқау еткенбіз.
Болат Жылқышиевіңіз де жап-жақсы, жан-жақты, парасатты басшы бола білді. Жазушы тұлғаның текті перзенті ретінде тірліктері, ізгілікті істері мен ізденістері аз емес. Шымкентіңіздейін шаһарыңызға басшылар тағайындауда жіберген кей кемшіліктері ғана опыныстарға ұрындырды. «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген Қалтай Мұхамед­жановтың қағидасын қайта қанаттан­дырған, Шымкентіңізді шымға бөлеп, гүлге орап, көкжелекпен көмкермекке құлшынған Өмірзақ Шөкеевіңіз біз­ден тез көтеріліп, жылдам биіктегенін білесіз. Мінезі мінәйі, өлең оқуы «шынайы» шығатын, «командалық» әдіске беріліңкіреген Нұрғали Әшімовіңіз «жылы жақтағы жетінші әкім жылы жымияды» деген атпен Астанаға аттанған.
Сегізінші әкім Асқар Мырзахметов талапшылдық пен талдамалықты берік ұстай білді. Алғашқы жылдан-ақ «кетеді екен, көтерілетін көрінеді» деген сөздер шығып, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының бес жылдығында, Түркістан шаһарындағы жиында әзілдеп, «Асқар Исабекұлы, сізді кетеді-кетеді деп, бес жылға толтырдық қой. Жалпы жеті деген жақсы сан» дегенбіз. Біз. Кейбіреулер «Құтыла алмай жүрсек, тағы екі жылға создыңыз ғой» деп ренжіген. Ақыры жеті жылға жуықтап барып, жоға­рылады. Өзге өрелі істерін айтпағанда «Даңқ» мемориалы, Тәуелсіздік сая­бағы, «Қазына» этномәдени-тарихи кешені, жаңа әкімшілік және іскерлік орталығы, тағысын тағы толып жатқан тірліктеріне, әсіресе, аяулы Асқаров аялаған, бәзбір пысықтар әдейі тоздырып, талан-таражға салып, бөл­шек­тей иемденіп алғысы келген дендросаябақты дертінен біржолата айықтырған Асқар Исабекұлының іскерлігіне ел разы. Рас, Жұмат Шанин атындағы театрдың жаңа ғимаратынан, облыстық «Отырар» кітапханасынан жөнсіз үнемделіп, жосықсыз қысқартылған қаржыларға байланысты кілтипандар көзге көрініп, көңілге кірбің түсіретінін де жасыра алмайсыз. Әттең-ай, өзге жақтардан қысса-дағы, құрылыс­шылар қасиетті өнер ордаларын қыспаққа алмауы керек еді ғой. Дейтіндер күрсінеді. Қазіргі кездері.
Тоғызыншы әкіміңіздің келгеніне тоғыз ай толып, оныншы айыңызға аяқ басып үлгеріпті. Инновациялық, инвестициялық ізденістер молайып, кәсіпкерліктің көкжиектері кеңейіп келеді. Шымкент шырайлана, аудандар мен ауылдар райлана түспек. Әрбір ауданның нақтылы немен айналысатыны анықталды. Жер жағдайы сараланды. «Қазығұртkz» журналы қайтадан қалыңдатылып шыға бастады. Бейбіт Атамқұловтың көмегімен. Осы басылымның тапсырысымен біз тоғызыншы әкіміңізден сұхбат алдық. Көп жобалардың жасалып жатқанына көз жеткіздік. «Әдебиет әлемі» ке­шенін салуды көздеп отырыпты. Жаңа басшы. Онда «Әдебиетшілер үйі», «Ақын-жазушылар аллеясы» орналаспақшы. Жақсы мұқабамен, жаңаша дизаинмен Оңтүстік ақын-жазушыларының таңдамалы туындыларынан құралған 100 томдық жинақ шығарылмақ. Несі бар, жан жады­ратарлық жаңалықтар ғой. Қуана құптадық. Қазжазодақ филиалының директоры Бақытжан Алдияр бас редактор болып табылатын «Қазы­ғұртkz» журналының алғашқы санына тоғызыншы әкіммен әңгімемізді «Сөз бен іс: сындарлы сұхбат» деген айдармен жарияладық. Ең басты мәсе­ле сол сөз бен істің алшақта­мауында ғой. Біле білсек. Сөз бен істің арасы, халық пен биліктің арасы алыстамаса деген ниеттеміз біз-дағы.
– Әңгімеңізге рақмет!
 
Сұхбаттасқан
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті