1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №58 (16140) 21 шілде, бейсенбі 2016
21 шілде 2016
Сiз не дейсiз?

18 шiлдеде Алматыда болған жағдай туралы әркiм әртүрлi көзқараста. Бiреулер мұны күш құрылымдарына кектенген адамның өш алуы десе, ендi бiреулер саяси-әлеумет­тiк, тiптi дiни астары бар арнайы шабуылға жориды. Ал саясаттанушылардың бұл оқиғаға қатысты пiкiрi қандай?   

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы: ЭКСТРЕМИСТЕРДIҢ ШАБУЫЛЫН ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЗ КЕЛГЕН АЙМАҒЫНАН КҮТУГЕ БОЛАДЫ
Соңғы уақыттағы жағдайларды саралап көрер болсақ, негiзгi шабуыл ең алдымен күш құрылымдары өкiлдерiне бағытталып жүр. Бiздегi радикалдардың бiр ерекшелiгi осы деуге де болады. Бұл арада ақпараттық фактор үлкен маңызға ие. Яғни әлдекiм құқық қорғаушыларға тап берсе, тiптi зиян келтiрсе, радикалдардың көзқарасынша, бұл бiрiншi кезекте билiктiң имиджiне нұқсан келтiредi: егер күш құрылымдарының сиқы осы болса, жалпы, билiк туралы не айтуға болады? Демек, өзiн-өзi қорғай алмаған билiк ешкiмдi де қорғай алмайды деген сөз.
Әлемдегi, мысалы, Италиядағы, Гре­киядағы жағдайларға қарасақ, радикалдардың iс-әрекетi шенеунiктерге шабуыл жасаудан басталған. Бiрақ кейiннен бiртiндеп бейбiт тұрғындарға ойысқан. Қазақстандағы жағдай да осындай сипат алуы мүмкiн. Бiзде осы уақытқа дейiн терроризмге қарсы тиiмдi жүйе құрылған жоқ. Соңғы уақыттағы қанды оқиғалар – соның салдары.
Өкiнiшке қарай, “теракт” тер­минiнiң нақты анықтамасы жоқ. Сол себептi де, 18 шiлдеде Алматыдағы полиция бөлiмшесi мен ҰҚКД-ға шабуыл жасағандардың әрекетiн сипаттау құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарына қиынға соқты. Мұндағы мәселе: “террорлық акт” түсiнiгiн әркiм әртүрлi қабылдайды. Тiптi “террорлық акт” дегеннiң не екенiн нақты анықтап алайық деген әңгiме халықаралық деңгейде де қозғалды. Бiрқатар сарапшылардың пiкiрiнше, әлдекiмнiң қолына қару алып, қандайда бiр күш көрсету арқылы мемлекеттiк билiкке айбат шегуiнiң өзiн кейбiр елдер бiрден террорлық актiге жатқызады. Егер адам құрылымдарға, оның iшiнде күш құрылымдарына соққы берсе, мұнысын жай ғана қылмыстық әрекетке жат­қызуға болмайды.
Бiздiң билiк бертiнге дейiн терроризмдi үлкен қауiп ретiнде мойындамай келдi. Тiптi мойындай бастағанның өзiнде оны жұмсартып, жасырып-жабуға тырысты. Бая­ғыда құбырдан мұнай ұрлаған радикалды топтарды құрықтаған кездегi Ақ­төбедегi алғашқы терактiлер менiң есiмде. Онда “бұлар – экстремистер емес, бұрын сотталғандардан құралған қылмыстық топтар” дедi. Бiрақ бұл – өзiн-өзi алдау. Ұйымдасқан қылмыстық топ өзiнiң iс-қимылын ешқашан идеологиялық тұрғыда негiз­демейдi. Ал экстремистер терiс бағыттағы, қарадүрсiн өзiндiк идеологияға сүйенедi. Оларды өздерiнiң де құрбан болатынын бiле тұра, қолдарына қару алып, күш құрылымдары өкiлдерiн өлтiруге итермелейтiн де – осы.
Экстремистердiң шабуылын қазiр Қазақстанның кез келген аймағынан күтуге болады. Қауiп-қатердiң қай тұстан шығуы мүмкiн екендiгiн әркiм әртүрлi болжайды, бiрақ нақты қай жерде, не болатынын құқық қорғау органдарының да, мемлекеттiк билiк құрылымдарының да өкiлдерi айта алмайды.
Сондай-ақ қоғамның радикалдануының қайнар көзiн тек қана әлеуметтiк-экономикалық факторлардан iздесек, қате­лесемiз. Ресми статистикаға жүгiнсек, Қазақстандағы iстi болғандардың көпшiлiгi жасы 29-ға дейiнгi және бұрын да қылмыс жасаған, жұмыссыз азаматтар екен. Алайда, алаңдаушылық туғызатын бiр жайт – радикалды құрылымдарға басқа да, яғни әлеуметтiк, демографиялық, этникалық сегмент өкiлдерi кетiп жатыр. Бұл – әсiресе, жастар арасындағы идеологиялық жұмыстың қатты ақсап жатқандығының айқын дәлелi.  
Ендi ҚР қауiпсiздiк кеңесi шұғыл отырысының қорытындысы бойынша жасалған төрт тұжырым:
1. Өсек-аяңмен ақпараттық соғыста билiк тағы да жеңiлiс тапты;
2. Қалай болғанда да, Алматыдағы жағдайды теракт деп таныды;
3. Бұл жерде де салафид­тердiң iзiн көрдi;
4. Қазақстан түрмелерiнiң қылмыскерлерден радикал жасап шығару конвейерiне айнал­ғанын тағы да мойындады. 
Соңғы мәселе бойынша, жанатын екi қоспаны, яғни саяси экстремизм мен қылмысты араластырмау үшiн, экстремизм мен терроризм бабы бойынша сотталғандар­ға жеке колониялар ашуды мен сонау 2012 жылы ұсынғам. Алғашқысы кейiнгiсiне пәлесiн жұқтырды. Ендi мiне, қауiп екi есе арта түстi.
 
Әмiржан ҚОСАНОВ, саясаттанушы: ЛАҢКЕСТIКТI БИЛIК ЖЕКЕ-ДАРА ЖЕҢЕ АЛМАЙДЫ
Алматыдағы атыс қазақтар Ақ­төбе қасiретiнен айықпаған, басқа жұрт кеше ғана Түркия мен Францияда, дәл осы күнi Ереванда болған әртүрлi қақтығыстар, терак­тiлер, басып алулар мен адамдардың өмiрiн қиған басқа да қылмыстардан есiн жия алмай жатқан кезде болды. Қолына қару ұстаған қандықол қылмыскер күнi бойы екi миллиондық мегаполистiң зәре-құтын алып қана қойған жоқ: заманауи байланыс құралдарының арқа­сында бүкiл ел әп-сәтте құлағдар боп, оқиға туралы әлемдiк БАҚ жапатармағай жазып жатты. 
Терроризм деген сөз үйреншiктi боп қалды ма, әйтеуiр, сағат 11-де орын алған оқиға туралы iле-шала елбасы алдында есеп берген құзырлы органдар бiрден “бұл – теракт” деген баға бердi. Осыншама қысқа уақыттың iшiнде болған жағдайдың анық-қанығын қалайша тергеп, зерттеп бiлдi деген заңды сауал туа­ды. Оның үстiне IIМ министрi қанды акцияны ұйымдасқан топ емес, “бiр ғана адамның 24 минуттың iшiнде жүзеге асырғаны” туралы ресми түрде мәлiмдедi! Яғни осындай төтенше жағдайларда сақадай-сай болуға тиiс полицияның iс жүзiндегi дәрменсiздiгiн ашықтан-ашық мойындады! Сонда “жеңiл жүрiстi бiр әйелмен араздасып қалып”, сосын сот пен полицияға ренжiген бiр адамға бола қалада “террорлық қауiптiң ең үлкен – қызыл деңгейi” жариялан­ғаны ма?
Бiр ғана адам тапа-тал түсте қала iшiнде ойран сап, бес қаруы сай полицияны осылайша жайратып жатса, Құдай бетiн аулақ қылсын, күнi ертең бiр топ террорист көшеге шықса, не болмақ?! Қарапайым халық кiмге барып қорған iздейдi? Әншейiнде өз құқығын қорғап, жерi мен тiлi үшiн бейбiт митингiлерге шыққан жұртты улатып-шулатып, қолдарын артына қайырып, құдды бiр қаскөй қыл­мыскерлердi құрықтағандай, автозактарға тоғытып жататын қаптаған полиция қайда болды?! Қоғамды емес, билiктi қызғыштай қорғаудағы машықтары мен шеберлiктерiн осындай сын сәттерде танытпай ма?!
Менiңше, құрықталған қылмыс­кердiң жасы мен өмiрбаянының ерекше бiр символикалық мәнi бар. Қараңыз, ол Тәуелсiздiкпен түйдей құрдас, яғни өсiп, қалыптасуы, өмiрлiк тәжiрибе жинауы, тұрмыстың тәттiсi мен ащысын татуы, қуануы мен қиналуы, жеңiлiстерi мен жеңiстерi республикамыздың жаңаша тарихындағы дәл сондай белестермен сәйкес келiп тұр! Елмен құрдас әрi тағдырлас оның бойына қазiргi заманның барлық қасиеттерi – жақсысы да, жаманы да жиналған тәрiздi. Олай болса, қаншама адамның өмiрiн қиған, сол үшiн сөзсiз жазалануы тиiс ол қылмыскердiң ондай қатiгез қадам­ға неге барғанын, оған нақты не себеп болғанын жiтi әрi мейлiнше терең зерттеп, болашақта мұндай жауыздықтар қайталанбас үшiн бар мүмкiндiктi пайдалану қарекеттерiн қарастыру керек деп ойлаймын. Бәлкiм, ҰҚК төрағасы айтқандай, ол “түрмеде салафшылармен достасып, солардың ықпалына түсiп кеткен” болар. Ол да мүмкiн, өйткенi нақ сол түрме көп жағдайда терiс жолға бастайтыны рас. Бiрақ оның сол жолға түсуiне тағы да не итермеледi, сол жағын да зерттеу керек сияқты. Өйткенi қылмыстың бiр ғана себебi болмайды, көбiне-көп ол себептер бiр-бiрiмен ұштасып жатады.
“Алматы атқышы” сонымен бiрге қазiргi қоғам мен билiктiң бiрқатар кемшiлiктерiн ашып бердi. Билiк бұдан бұрын болған терак­тiлерден тиiстi сабақ ала алмады. Басқасын айтпағанда, бiр жарым ай бұрын болған Ақтөбедегi қанды қырғынға қатысты тергеудiң нәти­желерi әлi де жарияланған жоқ. Ақтөбедегi қанды қырғынның себептерiн анықтай алмаған билiк Алматыдағы атыстың алдын ала алмады.
Менiңше, мұндай жайбасарлықтың себебi мынада: Ақтөбедегi оқиғаға объективтi баға беру үшiн өкiмет сол терактiнiң орын алуына жол берген тиiстi шенеунiктердiң атын атап, жазалауы тиiс. Бiрақ қазiргi билiктен мен ондай прин­ципшiлдiк көрiп отырған жоқпын және ондай азаматтықты күтпеймiн де!
“Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды” демекшi, “терроризм мен экстремизм секiлдi қоғамға жат әрi аса қауiптi құбылыстардың түпкi себебi – қоғамда қордаланып қалған әлеуметтiк-экономикалық, қоғамдық-саяси проблемалардың шешiлмеуiнде” деп тағы да айтуға бiртүрлi ыңғайсызданып тұрмын. Бұл шындықтың да айтыла-айтыла қадiрi кете бастаған сияқты. Сонда да бұл тұжырымды бiр қайталап және жаңалап қояйын.
Анықталмаған сырқатты дер кезiнде емдемесе, дерт одан әрi асқынып, адам ағзасының басқа да бөлiктерiне ауыса бередi. Қоғам да сол сияқты. Кезiнде бiз бетiне басып айтқан кемшiлiктердi жөндемеген билiк қоғам организмiн солар­ға қосылып жатқан жаңа қауiптер­ге душар етуде. Мемлекет бұрын-соңды болмаған қатерлердiң алдында тұр. Олардың iшiнде ерекше атауға тұратындары: әлеуметтiк наразылықтың саяси сипат ала бастауы, геосаяси маңызы бар жаңа таңдаулар, билiктiң өзiнiң жiк-жiкке бөлiне түсуi. Кеше ғана Төлешовке таққан айыптардың iшiнде билiктiң өзi посткеңестiк кеңiстiкте өз ықпалын жоғалта қоймаған трансұлттық қылмыстық топтар туралы ашық айтқан жоқ па?! Оған ел iшiнде айтылып жүрген есiрткi трафигiн бақылау жолындағы халықаралық таласқа бiздiң де билiктiң қатысы бар екендiгi туралы әңгiмелердi қосыңыз. “Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайтынын” өздерiңiз бiлесiздер.
Менi толғандыратын басты сұрақ мынау: Алматыны шулатқан бiр адамға ие бола алмаған бiздiң билiк осынау қадау-қадау проблемалардың алдын алып, мемле­кетiмiздi сақтап қала ала ма? Шынымды айтайын, әзiрше бұл сауал­ға нақты жауабым жоқ. Сондықтан бiр нәрсе анық: қоғамдағы бар кесел мен қауiппен күресу – тек қана билiктiң мiндетi емес, қоғамның да парызы. “Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз” психологиясынан арылатын уақыт жеттi! Ол кемшi­лiктердi, соның iшiнде терроризм мен экстремизм секiлдi қоғамдық сипаты бар қатерлердi жеңу үшiн билiк қалың жұртшылықтың қолдауына сүйенуi тиiс! Қоғам оған баяғыдан-ақ дайын!
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті