1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №62 (16144) 4 тамыз, бейсенбі 2016
4 тамыз 2016
Досан Баймолда, Абай атындағы ҚазҰПУ-дiң профессоры, физика ғылымдарының докторы: Бес боғдаға барып қайттым...

– Биылғы демалысыңызды Баян-Өлгейде өткiзiпсiз...

– Алты жылдан соң, биылғы шiлде айының басында өзiм туып-өскен Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей аймағына баруыма жол түстi. Оған бiр жағынан кiндiк қаным тамған, ата-бабамының сүйегi жат­қан ел-жұртыма, туған жерiме деген сағыныш әсер етсе, екiн­шi жағынан биылғы жылы “Баян-Өлгей қазақ аймағының құрметтi азаматы” атанғаным себеп болды. Маусым айының басында Баян-Өлгей қазақ аймағының халық өкiлдерi құрылтайының бастығы Лазатхан Бұранұлы мырзаның атынан маған хат келдi. Онда “Сiз­дiң Моңғолия және Қазақ елiндегi бiлiм, ғылым саласында сiңiрген еңбегi­ңiздi жоғары бағалап, “Баян-Өлгейдiң құрметтi азаматы” деген жоғары атақ бердiк” дептi. Осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын Моңғолиядан Қазақ елiне қоныс ау­дар­ған кезден берi туған жерiме бар-жоғы 5-6 рет қана барыппын. Бiрақ елiм­нiң мен секiлдi өзiнiң бiр ұлын ұмытпай, сый-марапатқа лайықсың деп жатқанына шын қуандым және бұған iшiмнен тәубе дедiм.
– Қазақстанның үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов мырза шiлде айының ортасында Баян-Өлгейге барды ғой. Сiз сол кезде Баян-Өлгейде болдыңыз ба?
– Иә, мен сол кезде Өл­гейде едiм. Аймақ орталығында халықпен болған кездесуде үкiмет басшысы қазақ тiлiнде сөйледi. Бұған бәрiмiз қуандық. Соның алдында ғана Өлгей қаласының бiр ауданын су алып кеткенiн естiп, үйсiз-баспанасыз қалған 700-дей адамға көмек қолын созып, Қазақ елi 200 мың АҚШ долларын бөлетiнiн жеткiздi. Егер жолда қолды болып кетпей, үйсiз қалған адамдарға тиетiн болса, бұл аз ақша емес. Өлгей қаласында болған кездесу 2 сағатқа созылды. Кездесу аяқ­таларда аймақ басшылары Кәрiм Мәсiмов мырзаға алтын жiппен оюланған оқалы шапан жауып, басына құн­дыз бөрiк кигiзiп, қолына үкiлi қамшы ұстатып, белiне күмiс белбеу тағып, астына ақ сәйгүлiк мiнгiздi.
– Өзiңiз туып-өскен елдiң тiрлiгi, дамуы қалай екен?
– Бұрынғыдай емес, Өлгей қаласында көлiк, машиналар саны көбейген. Қа­ла орталығындағы алаң қайтадан жөнделiп жатыр екен. 5-6 қабат қонақүй, сауда орталықтары салына бастапты. Қазақ қашанда қонақжай халық қой. Қай үйге барсаң да – неше түрлi тағамға толы дастарханды көресiң. Еттiң бағасы Қа­зақстанмен салыстырғанда көп төмен. Бiр қойды 50-60 мың төгрөгке (бiздiңше, 7–8 мың теңге) сатып алуға болады. Халықтың тiршiлiгi жаман емес. Сауда-саттықпен, коммерциямен айналысқандардың арасында байлар көбейген. Ал айлық жалақыға қарап отырғандардың тiршiлiгi орташа. Малдың етi, жүн-жұрқаның бағасы өте арзан.
Баян-Өлгей аймағы же­рiн­де орналасқан, үш елдiң (Моңғолия, Қытай және Ресей) шекарасы саналатын, биiктiгi 5000 метрге жуық Бес Боғда тауына шығуды бiраз уақыттан берi армандап жүрiп едiм. Өскеменнен Өлгейге ұшатын ұшақ дәл осы Бес Боғда тауының үстiмен ұшады. Ұшақ тере­зесiнен басын аппақ мұз басып жатқан осы тауға бiр шықсам деп талай армандап едiм. Осы жолы сол арманым орындалды. Жолдың қиындығы бiраз шаршатты, әрине. Бiр рет тасыған кiшi­гiрiм өзенге машинамыз отырып қалып, әрең шықтық. Бес Боғда тауына жақындаған сайын саз балшықтан көз аша алмайсыз. Үш рет батпаққа отырдық. Орыстың УАЗ машиналары ғана жүре алатын жол. Бiз барсақ, Бес Боғда тауының етегiнде АҚШ-тан, Франциядан, Германиядан, Израильден келген саяхатшы-туристер толып жүр. Қалай барып алған деп таңғаласыз. Сөйтсек, олар тау ете­гiне дейiн 10 шақырымдай жердi өздерi жаяу жү­рiп, жүктерiн сондағы жергiлiктi қазақ, тыба ағайындарға тап­сырады екен. Олар жүк­тер­дi түйелерге артып, аттарымен туристердiң базаларына дейiн жеткiзiп, нәпақаларын айырады.
АҚШ-тың бiр университе­тiнен келген екi профессор бiраз жылдан берi он шақты студентiмен бiрге Бес Боғда тауының мұзын зерттеп жүр екен. Олармен бiраз әңгiмелес­кен кезiмде байқағаным, шетел саяхатшылары болсын, ғалымдары болсын, “дүниедегi ең ауасы таза жер – Бес Боғда тауы” деседi. Америкалық ға­лымдар жыл сайын келiп, жазғы екi айын осында өткiзедi екен. Олар “мұздың қалыңдығы жылына 2-3 см-ге жұқарып барады” деп алаңдап отыр. Оған алаңдап, аса мән берiп жүрген моңғол аға­йындар жоқ. Ал мен болсам, қасиеттi кәрi Алтайдың ең биiк шыңының етегiнде басымды иiп тұ­рып, iшiмнен отбасыма, аға­йын-туысыма, барша қазағыма жақсылық тiледiм. Моңғолдар таудың етегiнде тұрғыз­ған обаға сыйынады, зиярат етедi.
– Ресей-Моңғол шекарасындағы Ташанта кеден беке­тiндегi береке­сiз­дiк туралы баспасөз беттерiнде талай айтылды. Сол жағдай дұрыс­талып па?
– Сондағы ағайын-туыстарыммен қош айтысып, Өлгейден 2300 км алыстағы Алматыма қарай жолға шығатын күн де келдi. Осыдан 6 жыл бұрын Ресейдiң Ташанта атты кеден бекетiнде 6 сағат қаңтарылып тұрып едiм, бұл жолы да 6 сағат тосып тұруға тура келдi. Орыс кеденшiлерi жолаушыларды тезiрек өткiзуге еш асықпайды. Сол баяғы империялық менмендiк, империялық енжарлық. Ешкiмдi көзге iлгiлерi келмейдi. Ташантаның қорлығын басынан кешiрген бiр ағылшын саяхатшысымен сөйлеске­нiм­де әлемде талай елдi араладым, бiрақ дәл осындай grazy place-тi (жынды жердi) көрмеппiн деп ағынан жарылды. Өйткенi таңғы сағат 10.00-да ашылған кеден бекетiнен он шақты көлiк өткiзген соң, кеденшiлер мен шекара қызметкерлерi түскi асқа кетедi. Олар түстенiп, асықпай маң-маң басып келгенде шекараның екi жағы да көлiкке, жолаушыға лықа толып, айқай-шу болып жатады. Бұған етi үйренген орыс кеденшiлерi мен шекара қызметкерлерi еш қымсынбайды. Бiрдеңе сұрасаң, сызданып дұрыс жауап қатпайды. Төлқұжат тексеруi бар, жүктердi кедендiк рәсiмдеуi бар, көлiктi тексеруi бар, босқа сарылып жарты күнiңдi, ағылшын саяхатшысы айтпақшы, осы “жынды жерде” өткiзуге тура келедi. Ташанта бекетiнен өткен соң жол ашық. Барнауылға дейiн баяғыдан “Чуйский тракт” деген атымен белгiлi асфальт жолмен зы­рылдайсың. Барнауылдан Семейге дейiн­гi жол да – бө­гетсiз жақсы жол. Одан кейiнгi жолдың қандай екенiн айтуға аузым бармайды: шұрқ-шұрқ тесiк, жамау-жамау... Тек Талдықорғанға келгеннен кейiн ғана көзiңiз ашылады.
Әңгiмелескен
Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар