1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №68 (16150) 25 тамыз, бейсенбі 2016
25 тамыз 2016
Үш тiлде сауат ашады. Қазақша, орысша, ағылшынша...

Келесi аптада елiмiздiң бүкiл мектептерiнде алғаш­қы қоңырау соғылады. Бұл – ата-ана үшiн де, бала үшiн де қашанда ерекше оқиға. Ал мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын шәкiрттер үшiн биыл оның мәнi тiптi зор, тiптi ерекше. Өйткенi биылғы оқу жылынан бастап елiмiздiң барлық мектептерi жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша бiлiм беруге көшпек.

Дерегiнен дақпырты көп болған бұл жаңа жүйе ә дегеннен-ақ көпшi­лiктiң көңiлiне күдiк ұялатқаны шындық. Ол және негiзсiз де емес едi. Себебi жаңартылған оқу бағдарламасы дегеннiң өзi көп жағдайда “үш тiлде қатар бiлiм беру” ретiнде түсiндiрiлдi және солай қабылданды да. Алайда 1-сыныпты қабылдап алатын және оқулық қолдарына ендi-ендi тиiп жатқан, бiзбен пiкiрлескен бiрқатар мұғалiмдер бұл күдiгiмiздi бiршама сейiлттi. Сонымен, жаңартылған оқу жүйесiнiң жай-жапсары ұстаздардың айтуынша былай...

Салтанат БАЙГЕЛОВА, Алматы қаласындағы №147 гимназияның бас­тауыш сынып мұғалiмi:
– Биылғы оқу жылында бiздiң гимназияда бес 1-сынып ашылды. Жылдағыдан басты өзгешелiгi: бұл балалар 12 жылдық бағдарлама бойынша оқиды. Бес күндiк оқу аптасы енгiзiлдi. Бұрын “Әлiппенi” жарты жыл оқып, ары қарай “Ана тiлiне” көшетiн едiк. Ендi олардың орнына “Сауат ашу” пәнi кiрдi. Ол оқу жылының соңына дейiн жүредi де, 2-сыныпта “Әдебиеттiк оқуды” бастаймыз. Биыл сондай-ақ “Жаратылыстану” пәнi қосылды. Басында оны “Дүниетану” пәнiне ұқсас шығар деп ойлаған едiк. Бiрақ ол мүлде басқа, яғни жоғары сыныптарда енетiн физика, химия пәндерiнiң бастамасы екен. Мен өзiм сынып жетекшiсi ретiнде “Сауат ашу”, “Математика”, “Жаратылыстану”, “Дүниетану” пән­дерiн оқытамын. Бұдан бөлек, 1-сыныптан бастап, бұрын факультатив ретiнде оқытылған “Ағылшын тiлi” мен “Орыс тiлi” негiзгi пән ре­тiнде енгi­зiлдi. Сонымен бiрге “Көр­кем еңбек” пәнi қосылды және бұ­лардың әрқайсысының жеке оқытушылары бар.
Жаңартылған бағдарламаның қолданысқа енетiндiгiне байланысты, 1-сыныпты қабылдайтын бiраз мұғалiм, жазда 1,5 апталық курстан өттiк. Оқу басталғаннан кейiн де курстар ұйымдастырылады деп жатыр.
Негiзгi мәселелер, оқытудың жаңа бағыт-бағдары жазғы курс кезiнде жан-жақты түсiндiрiлдi. Бұрынғы әдiс-тәсiлдерiнен айырмашылығы көп, қиындығы да жоқ емес. Бiрақ уақыт талабына қа­лайда iлесуiмiз керек қой. Менiң ұстаздық етiп келе жатқаныма 25 жылға жуықтапты. Талай жыл­ғы тәжiрибе, кәсiби бi­лiктiлiк бар, бiртiндеп, бұл жаңалықты да игерiп кететiн шығармыз.
  
Несiбелi ЕСЕНБАЕВА,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылындағы №21 орта мектептiң бастауыш сыныптар бойынша оқу iсiнiң меңгерушiсi:
–Жалпы, Маңғыстау өңiрi мектептерiндегi 1-сынып саны өте көп. Бiздiң мектептiң өзiнде 1-сынып саны биыл 13-ке жеттi. Әрқайсысында орта есеппен 26-27 балалардан бар. 13 сыныпқа 13 сынып жетекшiсi белгiлендi. Бұйыртса, оқу жылын жаңартылған оқу бағдарламасымен бастаймыз. Сол бойынша шыққан 300 кiтап дәптерлерiмен қоса алынды. Сынып санының көп­тiгiне байланысты бiраз оқулық жетiспейдi, әлi де толықтыруымыз керек. Қаржы мәселесiнiң шешiлмеуiне байланысты, 13 сынып жетекшiсiнiң 4-еуi ғана жазда арнайы курстан өттi. Қалғандарын ендi “Түске дейiн сабақ берiп, түстен кейiн курста оқи­ды” деп жобалап отырмыз. Онда да тек сабақ беретiн мұғалiм­дердi ғана оқытамыз, ал завучтарды оқытқанға қаржы-қаражат тапшы деп жатыр. Жаңартылған бағдарлама дегенде, өзiмнiң түсiнгенiм, ендi аптасына бес күн оқытамыз. Оқу жылы 31 ма­мыр­ға дейiн созылады. Басқа да негiзгi мәселелер мұғалiмдердiң қалалық тамыз мәслихатында айтылады, әр пән бойынша секция жұмыстары жүредi деп ойлаймын.
 
Жұмагүл ЖАНДIЛДАЕВА, Астана қаласындағы №76 лицейдiң бастауыш сынып мұғалiмi:
– Бiздiң лицейде биыл ашылған 1-сынып саны – 11. Осы сыныптарды қабылдап алатын мұғалiмдер – барлығымыз жазда 3 апталық арнайы курстан өттiк. Соңында тест тапсырып, сертификат алдық. Бұрын “Өрлеудiң” 3 айлық курсында оқығандықтан, жаңартылған бағдарламаны түсiну, қабылдау маған ешқандай қиындық тудырған жоқ. Мұнда оқу жоспары, негiзiнен, үш мерзiмге, яғни – қысқа мерзiм, орта мерзiм және ұзақ мерзiмге лайықталып жасалады. Оқу процесi балаға еркiндiк бере отырып, бiлiмдi сыни тұрғыдан бағалауға негiзделедi.
Оқулықтардың қазақшасы – қазақша, орысшасы – орысша. Аралас ештеңе жоқ. Негiзi, үштiлдiлiк мәселесi 2019 жылға қалдырылды емес пе?!  
P.S. Көрген-бiлген, естiген жайттардан түйгенiмiз – биыл қазақ мектептерiндегi 1-сынып саны ерекше көп. Алматы мен Астананың әр мектебiнде қазақ сыныптарының бас-аяғы 12-13-ке жетсе, елiмiздiң Ақтөбе, Маңғыстау сияқты батыс өңiрлерiндегi мектептерде олардың орташа саны тiптi 15-тен де асып кеткен. Сынып жетекшiлерi де жеткiлiктi. Бiрақ солардың барлығы бiрдей жаңартылған бағдарлама бойынша оқытып кетуге сақадай-сай ма? Көпшiлiгiнiң жазғы дайындық курсынан өтiп үлгермегенi әрi жаңа мазмұндағы оқулықтардың жеткiлiксiз екендiгi жоғарыдағы әңгiмелерден де аңғарылып тұр. Осының өзi бiлiм сапасын төмендетiп жiбермесе болғаны.
Түсiнгенiмiз, ағылшын тiлi мен орыс тiлi негiзгi пән ретiнде ендi сауат ашумен қатар жүредi. Демек, әлiптi таяқ деп бiлмейтiн бала бұдан былай үш тiлдi бiрдей меңгеруге мiндеттi болады деген сөз. Нәтижесiнiң қалай болары тағы белгiсiз.
Бiр қуанарымыз, Е.Сағадиевтiң бiр пән үш тiлде оқытылады дегенге саятын долбары, құдай оңдап, әйтеуiр далада қалыпты...       
Н.Қоңыр.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті