1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №74 (16156) 16 қыркүйек, жұма 2016
16 қыркүйек 2016
Тоқтар Есiркепов, экономика ғылымдарының докторы, профессор: «Қытай экологияны бұзатын ескi-құсқы кәсiпорындарынан құтылады» деген әңгiме шыққан

Мемлекет басшысының Қы­тайға сапары кезiнде (G-20 cаммитi) елiмiзге сол елден 51 кәсiпорынның көшiрiлетiнi белгiлi болған едi. Тiптi сол кәсiпорын­дардың екеуi елiмiзде салынғаны жөнiнде де айтылды. Тағы төрт нысанның құрылысы биыл бiтпекшi көрiнедi. Алдағы бес жылдың iшiнде бас-аяғы бес нысанның құрылысы аяқталмақшы екен. Олардың жалпы құны 26 миллиард долларға бағалануда. Сонда “бұл неткен батпанқұйрық, айдалада жатқан құйрық?”. Осының мән-жайын бiлу мақсатында экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есiрке­пов­тi әңгiмеге тартқан едiк.

             Бiз “Қытай синдромына” қалай ұрындық?
             Кезiнде Карл Маркс импе­риа­лизмнiң бес белгiсiн атап көрсеткен едi. Сол бес белгiнiң екеуiнде империялық елдер бүкiл әлемнiң экономикасын сан алуан айла-амалмен жаулап алады және әлгi империялық елдер әлжуаз мемлекеттердiң территориясын бөлiске салады деп жазып кеткен. Осындай мақсатпен дүние жүзiнде империалис­тiк соғыстар болды. Оны тарихтан бiлемiз. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың да, екiншi дүниежүзiлiк қырғынның да миссиясы сондай едi. Атап айтқанда, империалис­тер жердi бөлiске салуды, қайта бөлудi, үлесiн көбейтудi немесе айырылып қалған жерiн қалпына келтiрудi көздедi. Соғыс бiт­кеннен кейiн әлемде екi лагерь пайда болды. Оның бiрi социа­листiк лагерь болса, екiн­шiсi – капиталистiк лагерь. “Те­мiр перде” деген ұғым бол­ған. Ол кезде екi әлем де жабық өмiр сүрдi. Ақпарат алмаспады.
Әмбеге аяны, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында социалистiк лагерь жойылды. Мемлекеттер дамудың жаңа жолына түстi. Демократиялық, нарықтық жолды таңдады. Кеңестер одағы тарады. 
Сол кезде бiр полярлық әлем пайда болды. Өз несiбесiнен қағылып қалғандар бар, басқалары бар, әсiресе, Ресей сияқты елдер оның басында АҚШ тұрды дегендi айтады. Содан кейiн көпполярлы әлемге ұмтылыс басталды. Ал қазiр жаһандану үрдiсi жүрiп жатыр. Бiр жағынан алып қарағанда, жаһандану дегенiңiз – ашық экономика. Ашық экономикада кiм күштi, кiмнiң тауары, өнiмi басқа елдерге тарайды сол елдiң трансұлттық компаниялары елдi, жердi жаулап ала бастайды. Кезiнде 1979 жылдан бастап Батыс, Еуропа елдерi Қытайға жан-жақты көмек бердi. Қаржы-инвестиция салды, технология бердi. Арада 30-40 жыл өткенде Қытайдың өзi алпауыт елдердiң қатарына қосылды. Бұл елдiң күнi кешеге дейiн ЖIӨ өсiмi 10 пайыз көлемiнде болды. Мұндай рекордты әлемде ешкiм жаңартпады. Қазiргi өсiмi де жаман емес 6-7 пайыз шамасында. Осы күнi Қытай экономикасы жаңа сапаға көшiп келедi.
Алғашқы кезде бұл елде сан қуған сапасыз экономика жұмыс iстесе, ендi сапаны көтеруге ұмтылып жатыр. Бұл ендi заңдылық та шығар. Кезiнде жан-жақтан тауар тасып, инвестиция тасып, технологияға мұқтаж болған ел қазiр бүкiл әлемнiң донорына айналып барады. Бүкiл әлемге экспансия жасауда. Қарап отырсаңыз, ханзулар Африкадан да, Америкадан да жер сатып алып жатыр. Им­периализмдi мен текке айтқам жоқ. Бұрындары бiр елге бару үшiн, басып алу үшiн алдымен жердi иелiгiңе өткiзiп алу керек едi. Алдымен территориясын алу қажет едi. Қазiр олай емес, капиталың болса, ивестицияң болса, трансұлттық компанияларың болса, бара бересiң. Бiрақ ханзу елiнiң бiр ерекшелiгi – Батыстан, Еуропадан трансұлттық компаниялар өздерi баратын болса, Қытайдың трансұлттық компаниялары мемлекеттiк корпорациялар арқылы келедi. Олар не мемлекет­тiкi, не болмаса мемлекетте үлесi бар компаниялар. Бұл не деген сөз? Бұл Қытай компанияларының артында мемлекет тұр деген сөз. Байқайсыздар ма, олардың кәсiпкерлерi барған жерiнде өздерiн өте еркiн, асқақ ұстайды. Өйткенi олардың артында алып мемлекетi тұр. Қазiр елiмiздiң батыс облыстарында не болып жатқанын көрiп отырмыз ғой. Олар сауда-саттықты, киiм-кешектi айтпағанда, бiздiң қандай саламызға келдi? Әрине, мұнай-газға келдi. Бiздегi мұнай кәсiпорындарын бiртiндеп сатып ала бастады. Орталық Азияда мұнай құбырларын төсей бастады. Соңғы деректерге қарасаңыз, елiмiздiң мұнай-газ саласының 30 пайызын Қытай иемденiп отыр. Шамамен бес жыл бұрын 20 пайыз едi, ендi 30 пайызға жеттi. Мұнай-газ өндiрiсiнде 30 пайыздық межеге жеткеннен кейiн келесi сатыға көшiп жатыр. Шикiзаттық емес, негiзiнен, өңдеу саласына, ауыл шаруашылығына, құрылысқа, жолға, химия, т.б. салаларға инвестиция салып жатыр. Қазiр қарасаңыз, отандық экономикада Қытайдың араласпайтын жерi жоқ. Қазақстанға келуiнiң әу бастағы бiр мұраты шикiзат болса, ендi екiншi сатысына, негiзгi салаларға көшуде. Бiзге мол инвестиция, кредиттер беруде.
Егер әлемдiк дағдарыс бас­тал­ған 2008 жылдан берi қарасаңыз, елiмiзге ең көп қарыз берiп жатқан осы Қытай елi. “Судың да сұрауы бар” деген қағидны еске алсақ, сол қарызды қалай қайтаратынымызды бiр Құдай бiледi. Қытай кезiнде өз елiне сырттан инвестиция әкелiп, технология әкелiп, өнiм өндiрдi. Оны тауар ретiнде, қызмет ретiнде тысқа шығарды. Тауарды кiм тұтынды? АҚШ та, Еуропа да алды. Соның бәрiн олар өз экономикасын көтеру үшiн, өз экономикасын дамыту мақсатында қолға алды. Ендi мемлекет мол капитал жинап ал­ғаннан кейiн iшкi жағдайды жетiл­дiруге ден қойды. Соңғы екi-үш жылғы деректердi қараңызшы, бұл елдiң басшылары алдымен iшкi сұраныстарды өтеу керек, қытай азаматтарының әл-ауқатын көтеру керек деген тың мәселе қойған. 
             “51 кәсiпорын” қайдан, қалай пайда болды?
             Қытайдан Қазақстанға кәсiпорындарды көшiру туралы әңгiме осыдан бiр жарым-екi жылдай бұрын қозғалған-тұғын. Алғашқы кезде Қытайдың кейбiр салаларынан азын-аулақ кәсiп­орындары көшiрiледi деген әңгiме болған. Ал ендi қазiр 51 нысан деген әңгiме айтылды. Ол қандай нысандар? Қашаннан берi жұмыс iстеп тұрған нысандар? Ол жөнiнде әзiрше ештеңе айтылмады. Оның тiзiмi жарияланған жоқ. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, құрылыс, құрылыс материалдары, машина жасау, энергетика, агро-өндiрiстiк, химия, т.б. салалардың кәсiпорындары көрiнедi. Әмбеге аяны, жаңа кәсiпорынды бiзге ешкiм бермейдi. Жаңа технология­сын кiм қиып бере салады? Себебi жаңа технология табыс көзi емес пе? Одан кiм айырыл­ғысы келедi? Бұл – бiр. Екiншiден, елiмiзге қандай кәсiпорындар келедi? Жұмыс iстеп тұрған кәсiпорынды көшiремiз дейдi. Әдетте қандай кәсiпорындар көшiрiледi? Ешкiмге керегi жоқ, сұранысы азайған кәсiпорын­дарды басқа жаққа жiбередi. Әңгiмемнiң басында Қытай жаңа сапаға көшiп жатыр дегендi айттым. Ескi-құсқы кәсiпорындардың қазiр Қытайға керегi жоқ. Ал жұмыс iстеп тұрған кәсiпорын болса, ол басшыларымен, жұмысшыларымен келедi.
Тағы бiр айтарым, Қытайдың экономикасының ауыр тұсы, олар экология жағынан өте зиянды, зауалды жұмыс iстейдi. Қалаларын қараңыз, қара түнек басып тұр. Кезiнде олар экологияны бұзып жатқан кәсiпорындарды көшiредi деген сөз болған.
             Осы жағдайды бiле тұра, Қытайдың кәсiпорын­дарына неге мүдделiлiк танытамыз?
             Оның басты себебi, бiз – ши­кiзатқа шырмалған мемлекетпiз. Түрлi саладағы экспорттың 85 пайызы солардың есебiнен ке­ледi. Екiншiден, ел экономикасын әртараптандыруға арналған үкiметтiң бағдарламасы болды. Мiне, сол бағдарлама нәтижесiн бермедi. Ендi қараңыз, Қытайдан әкелген әлгi кәсiпорындарды әр салаға бөлiп қоя салсақ, диверсификация мәселесiн “шешемiз”. Әсiресе, өңдеушi салалар үшiн “тиiмдi” тәсiл. Дайын кәсiпорын­дарды алып келiп, өз қолымыздан келмей жатқан соң осындай жеңiл жолмен “шеше” саламыз. Экономика саласында “ресурстық қарғыс” деген ұғым бар. Мемлекет, билiк, iскер әлем бәрi сол ресурстың соңында жүргенде басқа салалар дамусыз қалады. Ақша да, инвестиция да соған құйылады. Соның “мұңын мұңдап, жоғын жоқтап” соңында жүргенде мысалы, агро-өндiрiстiк шаруашылығы кенже қалады. Бiз осы “ресурстық қарғыс” атқан елмiз. Импорттың 34 пайызы iргедегi Ресейден келiп жатыр. Мұнайдан үлкен ақша түсiп жатқан кезде ел тегiс ұйықтап жатты. Үздiксiз, тегiн мұнай доллары түсiп жатса, оны бөлiп үлгере алмай жатса, басқа саланы ойлап, несiне бас қатырамыз? Сөйткен мол қаржының мақсатсыз жұмсалып жатқанын көз көрдi. Ендi сол тұста жинақталып қалған iрi әлеуметтiк-экономикалық күрделi ахуалды көршi елдiң ескi-құсқы кәсiпорын­дарын әкелумен шешер болсақ, бұл да бiздiң жеткен жерiмiздiң жемiсi.
             Әңгiмеңiзге рахмет.
Сұхбатты жүргiзген Г.Нұрмолдақызы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар