1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16165) 18 қазан, сейсенбі 2016
18 қазан 2016
Өз орнын таппаған талант...

«БАСШЫ БОЛЫП ЕЛДI ШУЛАТҚАННАН, ӘНШI БОЛЫП ЕЛДI ҚУАНТҚАНЫ ДҰРЫС ЕДI»

Жасыратыны жоқ, Жамбыл облыстық филармониясына елiмiзге белгiлi әншi, Әулие атаның топырағынан жаралып, Сарысудың самалынан қуат алып өскен Сәуле Жанпейiсова басшы боп келгенде жұрттың бәрi “Өте дұрыс шешiм болды. Жамбыл өңiрiнiң өнерi өте сәттi қадам жасады. Талай елдi, талай жердi көрiп, әнiмен тыңдарманын тәнтi еткен Сәуле қызымыз Әулие атаның өнерiне жарық сәуле түсiретiн болды” деп, бұл шешiмге риза болғаны рас. Әсiресе, филармония ұжымы жаңа басшыдан жақсы жаңалық, үлкен өзгерiс күттi. Бiрақ көп ұзамай-ақ әншi болу бiр басқа да, басшы болу бiр басқа екенiн жамбылдық өнерпаздар аңғара бастады. Тегiнде “Ұлы адамдардың үнiн естi, бiрақ, iстегенiн iстеме” деген тәмсiл бекер айтылмаған ғой. Күн өткен сайын ел алдында жарқылдап жүрген әншi қыздың басшы ретiндегi нағыз бет-бейнесi ашылып, филармония ұжымы “ойпырмайлап” жүрегiн ұстайтын болды.
Мiне, осы кезде ғой “Айтпақшы, С.Жан­пейiсова бұрын қай жерде жұмыс iстедi? Бұрынғы ұжымымен қалай сыйысты екен, қалай түсiнiстi екен?” деген әңгiмелердiң айтыла бастағаны... Артынша қайбiр жылдары республикалық ақпарат құралдарында Сәуле Жанпейiсованың Атыраудағы колледждi басқарған кездегi шатақтар, одан Құрманғазы атындағы консерваториядағы даулар емiс-емiс еске түсе бастады. Атырау мен Алматыдағы жағдай әншi қызға ащы сабақ болмаған сияқты.
Ендi мiне, төрiнен әнi мен күйi төгi­лiп, келген-кеткенге көтерiңкi көңiл-күй сыйлай бiлетiн Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы да дүрлiгiп шыға келдi. Бiрақ бұл жолғы дүрлiгудiң жөнi бөлек. Жамбыл жерi таланттардан, өнер адамдарынан кенде емес. Ендеше, жарты ғасырға жуық тарихы бар Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаз жандардың басын қосқан киелi шаңырақ екенi анық. Бiрақ соңғы жылдары осынау өнер ордасының басынан дау кет­педi. Мұның бәрi жоғарыда айтқанымыздай, осы ұжымда басшы ауыстырудан басталған сияқты.
Өнер ұжымын ұзақ жылдардан берi басқарып келген Сейiтқасым Түктiбаев 2011 жылы қызметiнен кетiп, оның орнына бiз әңгiме етiп отырған Сәуле Жанпейiсова тағайындалды. Есiмiн ел жақсы бiлетiн жаңа басшыға жаңа мiндеттер жүктелдi. Әрине, Сәуле Жанпейiсова бар күш-жiгерiн салып, қолынан келгенiнше елiне қызмет еттi. Бiрақ үлкен ортадан келген әншi қыз басшы ретiнде ұжымның тiлiн таба алмаған сияқты. Өйткенi жаңа басшының соңынан жоғары жаққа арыз жазылып жатты. Тiптi бұл ұжымдағы қаржылық даудың түп-төркiнiн қаржы полициясы тексерiп, қылмыстық iс қозғап, бiрақ кейiннен жұмбақ жағдайда жабылып қалған. Бұл iс бойынша тергеу iсiне жауап бергендер бiраз қаржылық қитұр­қылықтың болғанын мойындаған да көрiнедi. Алайда, неге екенi белгi­сiз, бұл iс соңына дейiн бармады.
2015 жылы бұрынғы басшы Сейiт­қасым Түктiбаев ойламаған жерден сот шешiмi бойынша баяғы қызме­тiне қайта оралды. Жамбыл облыстық мә­дениет басқармасы соттың шешiмiн орындап, С. Түктi­баевты филармонияның директоры етiп қайта тағайындауға мәж­бүр болды. Әрине, Сәуле Жанпейiсо­ваның бұған риза болмағаны анық. Ақпарат құралдары әншiнiң наразылығын жариялап та жатты. Тiптi “Жан­­­пейiсова қызме­тiне қайта келсiн” деп, ашық хат жазғандар да болды. Мi­­не, Жамбыл облыстық филармо­ния­сының ұжымын осы жайт қатты ашындырғандай.
– Бiз осы уақытқа дейiн үндемей, бәрiне кешiрiммен қарап келдiк,– дейдi өнер ұжымы. – Әрине, қызметтен кету кiмге оңай тисiн? Бiраз уақыт бұрқылдар, iшiндегi мұңын айтар, сосын басылар деп күттiк. Өз қателiгiн түсiнер деп ойладық. Бiрақ С.Жан­пейi­сова немесе оны қорғаушылар ақпарат құралдарында әртүрлi мақалалар жазып, сұхбаттар берiп, филармония ұжымын атқа терiс мiнгiзуiн қояр емес. Бiр емес, екi емес, бiрнеше рет түрлi басылымдарда осы жайында әңгiме­лер айтып, оқырманға тiптен терiс ақпарат бердi. Сондықтан бүгiн бiз тек болған жайтты, нағыз ақиқатты айтуды жөн санадық. Әйтпесе ел басқаша түсiнiп қалады ғой...
Ендеше, Жамбыл облыстық филармониясы ұжымының, оның iшiнде елi­мiзге белгiлi өнер адамдарының әңгi­ме­сiне құлақ түрiп көрiңiз. Бiз жанымыздан ештеңе қосқанымыз жоқ, таспаға басылған екiарадағы әңгiме­нi сол күйiнде берiп отырмыз.
 
Асылхан ШҮҢIРЕКОВ, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайрат­керi, “Тараз” триосының әншiсi:
– Сәуле Жанпейсiованың басшылығы кезiнде ұжым алауыздыққа бой алдырып, құдды бiр “халық жауын” iздеген кезең басталды. Үлкен концерттерде С.Жанпейiсова басын бастайды, ортасында өзi туралы әңгiме айтып көсiледi, соңында өзi шығарған әнiне бүкiл әншi қосылып, кештi аяқтайды. Басшы бола салып жеке әншiлердiң жылда беретiн концертте­рiне тұсау салды. Өйткенi концерттен түскен қаржының 70 пайызын кассаға өткiзу керек деген талап қойды. Ал, өзiнiң жеке концерттерiнен бiрде-бiр тиын кассаға құйылмады. Оның Тараз, Ақтөбе, Орал, Астана қалалары мен кейбiр аудандарда өткен концертте­рiне филармония әртiстерi тегiн қатыс­ты. Ал әртiстердiң iссапарына қаржы мекеме есебiнен төлендi. С.Жанпейi­сова әндердi әрлеуге бөлiнген қаржыларды өз әндерi үшiн өте тиiмдi пайдалана бiлдi. Үш бөлiмнен тұратын әндер жинағын шығарып, құзыретiн пайдаланып, оны қарамағандағыларға 5000 теңгеден өткiздi. Осының бәрiне қалай көз жұма қарауға болады?
Жеке әншiлер телеарнаға хабарға шақыртылса, оған да жiбермейдi. “Сендер әншi емессiңдер, консерватория бiтiрмегенсiңдер” деп, үнемi әншiлер­дiң мысын басып отырады. Шынын айту керек, ол кiсi бiзге басшы ретiнде қам­қоршы емес, әншi ретiнде конкурент болды. Бiрақ неге екенiн қайдам, консерватория бiтiрiп келген ерлi-зайыпты екi әншi келген iзiмен керi қайтты. Көреген басшы осындай өнер адамдарын өзi iздеп тауып, алып келер едi. Олай болмады. Кезiнде осы сорақы жайттың бә­рiн айтып, арыз жаз­ғанбыз. Ақырында “Ой, қазақтың ерке қызы ғой, өнер адамы ғой, қыз баланы сыйлаңдар” деген әңгiме айтылып, басылып қалды. Жақсы әншi екенiне да­уым жоқ. Бiрақ жаман басшы болып елдi шулатқанша, жақсы әншi болып елдi қуантқаны дұрыс едi.
 
Ержан ЫДЫРЫСОВ, “Тараз” триосының әншiсi, халықаралық М.Уәли және К.Әзiрбаев атындағы ән кон­курстарының лауреаты:
– Сәуле Жанпейiсова филармония басшысы боп жұмысқа кiрiскеннен кейiн көп ұзамай-ақ өзiнiң дөрекi мiнезiн көрсете бастады. Қызметкерлерге қысым жасады. Сәулемен бiрге жұмыс iстеген жылдары бiрде-бiр мәр­те жеке концертiмiздi бермеппiз. Өйткенi ол сахнаны қымбат ақыға жал­ға бергiсi келдi. Азды-көптi өнерге сiңiрген еңбегiмiз бар, елдiң қошеме­тiне бөленiп жүрмiз. Елбасының алдында да ән айттық. Түркияға да барып қайт­тық. Бiрақ басшымыз бiздiң өне­рiмiздi бағаламады. Триодағы үш жiгiт одан алғыс емес, қарғыс алдық. Мұның бәрi тырнақтың астынан кiр iздеуден басталды. Соңымызға түсiп, ақырында үшеумiзге де сөгiс берiп тынды. Бұл кiсiнiң бұрынғы жұмыс iстеп кеткен жерлерiнен де осындай дау-дамай шыққанын естiгенбiз. Байқағаным, басшы ретiнде өте қиын адам. Ұжыммен тiл табысып жұмыс iстей алмайды.
 
Ержан РСЫМЕТОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қай­раткерi:
– Газет беттерiнде “Алатау” фольклорлық ансамблi, “Ақ кербез” бишiлер тобы, облыстағы цирк тобы Сәуле Жанпейiсованың кезiнде ашылды деп жазылып жүр екен. Бұл ешқандай шындыққа жанаспайды. “Алатау” ансамблi 1970 жылдары ашылған. Кейiнiрек 2002 жылы Серiк Үмбетов Жамбыл облысының әкiмi боп тұрған кезiнде “Алатау” қазыналық кәсiпорыны болып қайта құрылды. Әлгi өнер ұжымдарының бәрi соның iшiнде болатын. Яғни, бұлар Сәулеге дейiн болған өнер ұжымдары. Бұл – тарихи шындық. Елдi алдау мүмкiн емес қой, халық бәрiн көрiп-бiлiп отыр. Менiң түсiнiгiмде басшы адам ұжыммен тiл табысуға барын салуы керек. Әркiмнiң Алла берген өнерi бар. Сәуле өнер адамдарын жiк-жiкке бөлiп, ар-намысына тиюден еш арланбайды. Дәстүрлi әншi ретiнде Мұхиттың, Ғарифолланың мектебiн жалғастырып келе жатқан талантты әншi. Бiрақ басшы ретiнде ұжымға жанашыр бола алмады.
 
Құрманғазы ДЕМЕШОВ, өнер қайраткерi:
             Мәдениет саласында 25 жылдан берi еңбек етiп келемiн. Сәуле Жан­пейi­сованың кезiнде концерттердiң қоюшы режиссерi болып қызмет еттiм. Осы 25 жылдың iшiнде аудандық мәдениет бөлiмдерiн, облыстық қазақ драма театрын басқардым. Сәуле Жан­пейiсованы бұрыннан бiлетiнмiн. Сыртынан танимын. Әншiлiгiн әлдеқашан мойындағанмын. Бiрақ бiр жыл бiрге жұмыс iстеген кезде Жанпейiсованың басшылық қабiлетi мүлдем жоқ екенiне көзiм жеттi. Әншi боп құрметке бөлену бiр басқа да, ұжымға басшы болып, алғыс алу бiр басқа. Басшы адам ұжымның әрбiр адамына қамқор болуы тиiс. Бұл кiсi адам тағдырымен қалай болса солай ойнады. Ұжымды қорғаймын деп Жанпейiсованың қудалауына алғаш ұшыраған адамның бiрi мен болдым. Өнер адамдарын алалау, өзiнен таланты асқан жандарды сахнаға шығармау сияқты масқара жағдайлар орын алды. Концерттерге тiкелей же­текшiлiк жасағандықтан осы жайттар­дың бәрiне куә болдым. Әсiресе, өзiнiң стилiндегi дәстүрлi әншiлердi сахнаға шығармауға тырысты. Тiптi өзiнен киiмi әдемiлеу, жарқырап тұрған әншiлердi немесе жаңа ән тауып келiп, елге жаңа бiр қырынан танылғысы келген өнерпаздарды сахнаға шығармау үшiн барын салды.
Оркестрде елiмiзге танымал та­лант­ты домбырашылар болды. Солардың өзiн көре алмай “анау домбырашы толық екен, семiз екен, бойы қортық екен” деп, арт жаққа ауыстыруға тырыс­ты. Бұл адамның жеке болмысына тиiсу деп ойлаймын. Бұл турасындағы ойымды ашық айттым. Содан келiсе алмадық. Тек қана өзiм ғана болсам екен деп ойлады. Бәрiн өзiнен бастағысы келдi.
Ақырында өз өтiнiшiм бойынша арызымды жазып кеттiм. Содан Жан­пейiсова күзетшiлерге, жауапты басшыларға “Демешовтi театрдың есiгi­нен мүлдем кiргiзбеңдер. Кiргi­зе­тiн болсаңдар, барлықтарыңды жұ­мыстан шығарамын” деген тапсырма бердi. Соларға кесiрiм тиiп кетпесiн деп екi жыл бойы филармонияға бас сұқпадым. Тiптi өзiм сыйлайтын өнер адамы, осы өнердегi дос­тарымның концертте­рiне де келмедiм.
“Филармониядағы әншiлердiң барлығы сауатсыз, оқымаған. Кон­церттiң дәрежесiн көтеремiз” деп, өзiнiң         7-8-сы­ныпта оқитын қызының тегiн жазбастан, тек есiмiн ғана жаздырып концерттерге қосты. Сонда бұл осы ұжымдағы өнер адамдарын ашық мен­сiнбеу емес пе? Қобызшыларды сырттан шақырған кездерi болды. “Бұл есептiк концерт емес. Сырттан қобызшы шақырудың қажетi қанша? Қаржы шығындамай-ақ қояйық... Өзiмiзде де таланты қобызшылар бар емес пе?” деп айттым. “Шаруаң болмасын” деп, қолын бiр сiлтедi.
 
Мұхтар РАХМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның еңбек сiңген қайраткерi, филармония оркестрiнiң дирижерi:
– Сәуле Жанпейiсова “Оркестрдi мен құрғам, кейiнгi басшылық талантты дирижерларды жұмыстан шығарып жiбердi” деген сыңайда әңгiме айт­қан екен. Осы iстiң басы-қасында жүрген мен ғой. Сондықтан бәрiн ретiмен айтып берейiн. 2011 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы әкiмiнiң орынбасары Мейрамбек Төлепберген өзiне шақырып, “Барлық облыста оркестр бар, Жамбылда ғана жоқ екен. Ендi сол оркестр құруға мүмкiндiк туып тұр. Сен осы жұмысты қолға ал. Облыс әкiмi      Қ.Бозымбаев оркестрдiң бар жағдайын жасайды. Сiзге дейiн екi-үш адамға өтiнiш айттым. Ешқайсысы тәуекел ете алмады” деген өтiнiш айтты. “Егер маған сенiм артып отырсаңыздар, оркестрдi құрамын” дедiм. Содан бiр ай репетиция жасадық. Филармонияның бастығы ол кезде Сейiтқасым Түктiбаев болатын. Сөйтiп, 8 наурыз халықаралық әйелдер күнiнде алғашқы концертiмiздi қойдық. Сәуле Жанпейi­сованың “Оркестрдi мен құрдым” дегенiнiң бәрi өтiрiк. Ол кезде Сәуле әлi Жамбылға келмеген де болатын.
Сондай-ақ, дирижер Көркемғали Шерiмбетов пен көркемдiк жетекшi Жексен туралы айтылған дүниелер де шындыққа еш жанаспайды.
 
Рәзия МӘДIХАНҚЫЗЫ, Қазақстанның мәдениет қайраткерi:
– Сәуле Жанпейiсова – өнер адамы, сахнадағы орны бөлек. Бiздiң ұжымға басшы боп келген кезде “Ол Сәуле ғой, ол үлкен ортадан келе жатыр ғой” деп шын қуандым. Бiрақ бәрi басқаша болды. Келе салып “Сiз кiмсiз, сiзге сұраныс жоқ, мен сiзге кет деп жатқаным жоқ” деп, әй-шәй жоқ дүңк ете қалғаны жанымды ауыртты. Шынымды айтайын, үш күн ауырып жатып қалдым. Қазақта “Ортаға өнерiңмен сыймайсың, мiнезiңмен сыясың” деген сөз бар ғой. 35 жыл жұмыс iстеп, 36 мың теңге жалақы алып отырдым. Басшы тарапынан ешқандай қолдау болмады. Өнер адамдарына қолдау болмақ түгiлi, ұжым үш-төртке бөлiнiп кеттi. “Кiм не деп айтады, кiм не деп ұрсады?” деп жұмысқа қорқып келетiн болдық. Бiреу жұмысқа сүйреп әкелетiндей күй кештiк. Бұл кiсiнi “Мен ғана әншiмiн. Маған ешкiм тең келмейдi. Мен ғана атақтымын” деген пиғылы құртты. Тiптi “Сендер соқырсыңдар, ешқайсыларың консерваторияны бiтiрмегенсiңдер, сендердiң көздерiңдi мен кеп аштым” деп айқайлаған кездерi де болды. Ана ретiнде, өнер адамы ретiнде Сәуле Жанпейiсоваға өкпем қара қазандай.
 
Аңсар ЖҰМАБЕКОВ, Жамбыл облыс­тық филармония директорының орынбасары:
– 2013 жылдан бастап облыстық филармония директорының орынбасары қызметiн атқарып келемiн. Сәуле Жанпейiсовамен екi жылдай бiрге жұмыс iстедiм. Шығармашылық жөнiн­дегi орынбасары болдым. Ол кiсi кел­ге­лi 7 орынбасар, 2 бас инженер, 2 режиссер ауысты. Бұл бұл ма, кадр бөлi­мiнiң бiзге берген мәлiметiне қарағанда, 2014 жылы С.Жанпейiсова 69 адамды жұмыстан шығарып, 64 адамды жұмысқа қабылдапты. Кадр мәсе­лесiн ешқандай орынбасарларымен ақылдаспады. Барлық мәселенi бiр өзi шештi. Онымен қоймай өзiне қарсы шыққан адамдарды қудалауға ұшыратты...
Мiне, өнер ұжымы осылай деп зар илейдi. Әрине, бiз бұл мақаламызда Сәуленiң басшылық қарым-қабiлетiн сол өнер ұжымының әңгiмесi арқылы айқындауға тырыстық. Және де жамбылдық өнерпаздардың С. Жанпейi­сова туралы айтқан кейбiр әңгiмелерiн ашық жазуға дәтiмiз бармады. Өйткенi басқа басқа, өнер жұлдызы Сәуле Жанпейiсованың сондай сорақы әрекеттерге барды дегенге әлi де көңiлi­мiз сенбейдi. “Егер Сәуле Жанпейi­сова Жамбыл облыстық филармониясы туралы жалған әңгiме айтып, өзiнiң қызметтен кетуiн саясатқа ұластырып, елдiң аянышын туғызғысы келетiн әрекеттерiн қоймаса, бiз ол туралы барлық шындықты айтып, iстi аяғына дейiн жеткiземiз. Тiптi қаржылық жағдайлардың да бетiн ашамыз. Бiзге ұжымның ынтымағы, берекесi мен бiрлiгi бәрiнен қымбат. “Жақсы адамға барлық жерде бiр кiсiлiк орын бар” деген, мықты басшы болса Сәуле Жан­пейiсова осыған дейiн бiр қызметтiң құлағын ұстар едi ғой... Жұмыстан босағалы берi тек әнiн айтып, ешқандай басшылық қызметке тұра алмауының өзi бiраз нәрсенi аңғартпай ма?” дейдi ұжым мүшелерi.
Әзiмхан Естөреев,
Тараз қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар