1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
"ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА – МЕМЛЕКЕТ МӘРТЕБЕСIН КӨРСЕТЕТIН СПОРТТЫҚ ЖАРЫС"

Күн санап, қысқы Универсиаданың ашылу салтанатына да жақындап қалдық. Екi апта бойы Алатау бөктерiн дүбiрлететiн айтулы спорттық жарысқа дайындалу туралы “Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-шi Дүниежүзiлiк қысқы Универсиадаға дайындалу және өткiзу жөнiндегi дирекция” мемлекеттiк қорының директоры Наиль Нуровтан сұрап, сұхбаттасқан едiк.


– Келесi жылдың басында елiмiздi дүбiрге бөлейтiн Алматыдағы қысқы Универсиадаға дайындық қалай өтуде?
– Дайындық ойдағыдай жүзеге асуда, 28-шi Дүниежүзiлiк қысқы Универсиада ойындарында студент-спортшылар жарысатын жаңа спорттық нысандар пайдалануға берiлдi, қолданыстағы спорттық нысандар жаңартудан өтуде. Сыйымдылығы жағынан Алматы қаласында ғана емес, елiмiздегi ең iрi спорттық нысан болып табылатын – Алматы Аренаны, сондай-ақ Халық Аренаның, Атлеттер ауылының құрылыс жұмыстары аяқталып, ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында пайдалануға берiлдi. Алматы Аренада концерттер өткiзiлiп, Қанат Ислам бастаған кәсiпқой бокстағы бағландарымыздың жекпе-жегi ұйымдастырылды. Жуырда ғана Қайрат Нұртастың ән кешi де осы Алматы Аренада өттi. Одан басқа, мұз айдындары салынып бiткен уақыттан берi, халық жаппай сырғанау мүмкiндiгiне ие болды. Желтоқсан айының аяғына дейiн “Халық Арена” және “Алматы Арена” мұз айдындарында қала тұрғындары мен қонақтары келiп сырғанауына болады. Сонымен қатар, Атлеттер ауылының әрбiр бөлмесi спортшыларға керектi мүлiктермен жабдықталды. Жақын күндерi ауылдың коммуникациялық қызмет жұмыстарын тексеру мақсатында, қаланың 3 мыңға жуық студенттерiн осы ауылға қоныстандырдық. Студенттер сол жерде қонып, жылу жүйесiнiң жұмысын, жуынатын бөлме мен ас үйдiң жұмыстарын, тiптi үтiктiң дұрыс қызатындығына дейiн тексеруден өткiздi. Мұндай тексеру жүргiзу – жоспарлы әрекет, негiзгi мақсаты – ертеңгi күнi шетелдiк студент-спортшылар Атлеттер ауылына тоқтаған кезде, олардың елiмiзде болып, жарыстарға дайындалуы мен өткiзуi кезiнде барлық ыңғайды жасау, бiздiң сыннан мүдiрмей өтуiмiз.
– Жуырда жекелеген спорт түрлерiнен тестiлiк iс-шаралар өткiзiлiп, 28-шi қысқы Универсиаданың жарыстары өтетiн спорттық нысандар да тексеруден өтуде. Ол жайында не айтуға болады?
– Бiз жоғарыда айтып өткен мұз айдындарында мәнерлеп сырғанаудан, шайбалы хоккейден, шорт-тректен тестiлiк iс-шаралар өткiзiлдi, одан басқа Универсиада жарыстары өтетiн “Медеу”, “Шымбұлақ”, “Сұңқар”, “Алатау”, “Табаған” спорт нысандарында жөндеу-жаңарту жұмыстары аяқталды. Жарыстардың өзiне дейiн осы жерлерде де биатлон, керлинг, трамплиннен шаңғымен секiруден тестiлiк iс-шаралар ұйымдастырылып, спорт нысандарының дайындығы сыналады.
– Ендi, бiз үмiт артатын спортшыларымыздың дайындығы туралы айтып кетсеңiз. 2011 жылы Алматы және Астана қалаларындағы қысқы Азия ойындары кезiнде бiздiң спортшылар мерейiмiздi өсiрiп, мәртебемiздi асырып, командалық есепте көш бастаған едi. Осы жолы да өз жерiмiздегi жарыста саңлақтарымыз сенiмге селкеу түсiрмесе игi деймiз.
– Жарыстар бiздiң елде өтетiн болғандықтан, әрбiр спортшы үшiн абыройлы болу – мәртебе. Бiздiң спортшылар оқу-жаттығу жиындарын өткiзiп, дайындықтарын шыңдауда. Барлығы сақадай-сай. Әрине, спортшыларымыз аспаннан алтын жаудырғандай медальдi көсiп алып, мәртебемiздi тасытса, бәрiмiз үшiн – зор жетiстiк. Бiз де спортшыларымызға үмiтпен қарап, зор сенiм артып отырмыз.
– Универсиада кезiнде шетелден келетiн жарысқа қатысушылар мен қонақтарға қол ұшын берiп, жөн сiлтеп, бағыт-бағдар беретiн ерiктiлердi iрiктеу қалай жүргiзiлдi?
– Осы iрiктеу кезiнде ел жастарының басым көпшiлiгiнiң шетел тiлдерiн жетiк бiлетiндiктерi мен ерiктi ретiнде бiзге қолғабыс етуге ерекше ықылас танытқандықтары қатты қуантты. Ерiктiлердi iрiктеуге 14 мыңнан аса студенттен өтiнiш түстi. Саралау комиссиясы солардың арасынан 3 мыңнан аса студенттi iрiктеп алды. Олардың жарыстар кезiнде киетiн киiмдерi де дайын. Киiмдердiң кесiп пiшiлуi, безендiрiлуi – бәрi де үйлесiмдi. Ерiктiлердiң киiмiн отандық тiгiншiлер тiктi. Универсиадаға қатысатын спортшылардың әрқайсына екi ерiктi көмектесетiн болады. Олар спорттық нысандардың мекен-жайлары мен жүру бағыттарын естерiнде сақтап, бiраз дайындықтан өтедi. Алдағы жылдың 20 қаңтарына дейiн ерiктiлерiмiз Универсиада кезiнде қызмет етуге сақадай сай болады.
– Алматыдағы студенттер жарысына қатысуға ықылас бiлдiрген елдердiң саны басында алпысқа таяп едi, артынан қатысушы елдердiң саны азайды. Қазiргi уақытта қанша елдiң қатысатыны белгiлi шығар?
– Иә, бiр елдiң спортшысы отбасылық жағдайына байланысты Универсиадаға қатыса алмайтын болып, жарысқа келуден бас тартты. Дегенмен, қысқы Универсиада ойындары осы уақытқа дейiн 27 рет өткiзiлдi, бiрақ дәл осылай – 59 мемлекет қатысқан емес. Өздерiңiз бiлесiздер, 2011 жылғы қысқы Универсиада ойындарын Түркияда өткен, оған 52 мемлекеттiң студенттерi қатысты. Алматыдағы Универсиада жарысына 59 мемлекеттiң спортшылары қатысады, мұның рекордтық көрсеткiш екендiгi сөзсiз.
– Спортшылардың, әр елден келетiн делегаттардың дендерiнiң саулығы – маңызды жағдай. Универсиада кезiнде жарақаттанған спортшыларға медициналық көмек көрсету жағы шешiлдi ме?
– Қауiпсiздiк – бiрiншi кезекте қаралатын мәселе. Универсиаданың ұйымдастыру комитетi тепловизор жабдығын сатып алып, әуежайға орналастырды. Аталған жабдық Ойындарға келген спортшының денiнiң сау-сырқат екендiгiн әуежайда-ақ анықтап бередi. Бiр сөзбен айтқанда, ұшақтан түсiп, Алматының аумағына кiрген сәттен бастап, студент-спортшылардың денсаулығы тексеруден өтедi. Одан басқа, Алматы қаласының №1 және №7, Талғар қаласындағы ауруханамен ынтымақтастық орнатылып, шарттар жасалды. Жарыстарға қатысатын спортшылардың денсаулығына аса назар аударылуы керек, соған орай арнайы екi тiкұшақ сатып алынды, Атлеттер ауылынан медициналық орталық ашылды. Атлеттер ауылынан басқа әрбiр спорттық нысанда медициналық пункттер орналасқан. Алматы қаласының ауруханаларының iшiнде №1 және №7 ауруханалардың ауласына тiкұшақ қонатын арнайы алаң жасалды. Осының бәрi – студенттердiң денсаулығы, бас амандығы үшiн iске асырылған шаруа. Спортшы жарақаттанған жағдайда, оған алғашқы медициналық көмек сол жерде көрсетiледi, ал ауруханаға жетi минуттың iшiнде тiкұшақпен жеткiзiледi. Алматы қаласының әкiмшiлiгi Универсиада ойындары үшiн арнайы қаражат бөлiп, 40 реанимациялық автомобиль сатып алды.
– Универсиада алауын жағу, елiмiздiң облыс орталықтарында алаудың жағылуы жоғары деңгейде өтедi деп сенемiз.
– Алғашында Астана қаласындағы Назарбаев университетiнде жағылатын Универсиада алауы Алматыны қоса, елiмiздiң 15 қаласында жағылады. Соңында Алматыға жеткiзiледi. Алматы қаласында жиырма шақырым қашықтықта алауды 100 адам кезекпен алып жүредi. Олардың арасында студент-спортшылар, елiмiздiң өркендеуiне әр салада үлес қосқан азаматтар болады. Универсиада алауын республика бойынша жағу – елiмiздiң бiртұтастығын, ұлттар мен ұлыстардың ауызбiршiлiгiн, үлкен мен кiшiнiң жарасымдылығын көрсетедi деп ойлаймыз. Алауды алып жүретiндердiң басым көпшiлiгi – жастар, негiзiнен жоғарғы оқу орындарының студентi болмақ.
– Универсиада – елiмiздiң әлем алдындағы абыройын арттыратын шара болғандықтан, жұмылған жұдырықтай, ынтымақпен жоғары деңгейде өткiзу бәрiмiзге сын.
– Осы Универсиаданы өткiзетiн ұжымның директоры ретiнде айтарым – бiздiң ұжымның Универсиада жарыстарын ұйымдастырудағы тәжiрибемiз де, көрген-бiлгенiмiз де мол. Мысалы, ұжымдағы Биекенов Қайрат спортшы ретiнде Универсиада ойындарына 5 рет қатысты, артынан бапкер ретiнде 4 Универсиада жарысына шәкiрттерiн алып барды. Сергей Цыбенко Олимпиада ойындарына үш рет қатысты, бес рет Универсиада жарысында күш сынаған, көңiлге түйгенi жетерлiк. Өзiм де Тәуелсiз қазақ елiнiң ең алғаш қатысқан жазғы Универсиада жарысына (1993 жыл, Буффало) делегация басшысы ретiнде бардым. Содан берi ең жақсы ұйымдастырылған, кем-кетiгi көзге түсетiн Универсиада жарыстарын көрдiм, көңiлге түйген нәрсе баршылық. Алматыдағы Универсиада өзiмiз емес, өзгелер айтатын шара болуы керек. Қысқы Универсиадаға қатысатын спортшылар, қызықтайтын туристер қазақ елiнiң қонақжайлығын, ақжарқындылығын, дамушылығын көрiп, көңiлдерi марқайып қайтуы керек. Басты мұратымыз да – осы.

Сұхбаттасқан Қ. КӨШЕК,
Алматы қаласы.

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті