1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №8 (16194) 31 қаңтар, сейсенбі 2017
31 қаңтар 2017
«Қасиеттi қаржымен» ойнауға болмайды!

“Зейнетақы – қасиеттi қаржы. Ол адамдардың өмiр бойы табан ақы, маңдай терiмен жинақтап, бойдан қуат, қолдан күш кеткенде өмiрiмдi жалғайды деп сақтаған азын-аулақ қаржысы. Зейнетақы қаржысымен “ойнау” – отпен ойнау. Ондай “ойыншыларға” кешiрiм жоқ. Иә, зейнетақы қорының басшылығы қордағы қаржыны инфляция жеп қоймас үшiн табысты компанияларға инвестиция ретiнде салуы керек. Бiрақ, көзсiз тәуекелге баруға болмайды. Зейнетақымен ойнағандар – билiктiң де, халықтың да, мемлекеттiң де алдына ор қазушылар. Басқа қалай деп атауға болады оларды. Күдiктiлердi тексерiп жатыр дейдi. Олар желге ұшқан миллиардтарды тауып бере ме, қайтедi?”. Журналист Серiк Жанболат әлеуметтiк желiге осылай деп жазды.
Петр Своик БАҚ-қа берген бiр сұхбатында: “Зейнетақы қорындағы қаржыңызға қайырымдылыққа берген ақшаңыздай қараңыз”, – деген пiкiр айтты.
Осыдан үш жыл бұрын БЗЖҚ құрылған кезде де “зейнетақы қорындағы 95 млрд теңгенi инфляция жедi” деген әңгiме гу етiп көтерiлiп, ду ете басылған-тын. Бiрақ бiздiң қолдан не келедi? Шу-шу еттiк те қойдық. Одан әрiге бара алмадық. Бұл жолғы әңгiме тым ерек. Алды абақтыға қамалып жатыр. Арты не болмақ? “Жас Алаш” осы және басқа сауалдарға жауап iздеп Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы, танымал қаржы сарапшысы Айдар Әлiбаевты әңгiмеге шақырған едi.

– Өткен жылдың соңынан берi Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) төңiрегiнде шу көбейдi. Жұрт қордағы салымына алаңдай бастады. Айтыңызшы, жинағымыз шынымен де талан-таражға түсiп кеттi ме?
2013 жылы жекеменшiк зейнетақы қорларын мемлекеттiк бiрыңғай жинақ қорына бiрiктiремiз дегенде бұл жүйеге қарсы тұрған аз адамның бiрi мен болдым. Неге? Себебi, менiң пайымымша, жекеменшiкпен салыстырғанда, мемлекет нашар менеджер. Мұны бiр деп қойыңыз. Екiншiден, бiрыңғай мемлекеттiк жүйе бәсеке базарын құртты. Үшiншiден, супермонополия құрылды. Ал ендi өзiңiз айтыңызшы, осындай жағдайда бұл қордың жұмысы дұрыс жүрiп, дами алар ма едi? Қазiр зейнетақы жинағының көлемi 7 триллионға жақындады. Оның “тағдырын”, нақтырақ айтқанда, БЗЖҚ-ның басшысын 8 адамнан тұратын директорлар кеңесi сайлайды. Әрi олардың бәрi шенеунiктер немесе Ұлттық банк қызметкерлерi. Айналып келгенде, жағалай “өз адамдары”. Мұндай тағайындаудан не күтемiз? Айтпақшы, таяуда бұл мекеменiң басына Нұрбибi Наурызбаева келдi. Оның қандай басшы болғанын, қандай дау-дамайда жаман аты шыққанын ел-жұрт бiледi. Зейнетақы жүйесiнде бұрын-соңды қызмет iстемеген, тәжiрибесi жоқ көлденең адамды қалай тағайындады, осыған таңым бар. Менiң пiкiрiмше, Ұлттық банктiң инвестициялық кеңесiнде, сондай-ақ, БЖЗҚ-ның директорлар кеңесiнiң құрамында шамамен 30 пайыз тәуелсiз сарапшылар, салымшылар мен азаматтық қоғам өкiлдерiнiң болуы шарт. Әйтпесе, қордың қаржысы, нақты айтқанда, салымшылардың жинағы (активтерi) ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетедi. Сiз бұл жерде “қаржы талан-таражға түсiп кеттi ме? деп “Бузгул Арум” оқиғасын, Қазинвестбанктегi 3 млрд теңге салым жөнiнде айтып отырсыз ғой. Бұл бiзге там-тұмдап жеткен ақпарат қой. Жетпей жатқаны қаншама. Әу баста Ұлттық банк бұл оқиғалардан бойын аулақ салды. Оған “қатысы жоқ адамдай” кейiп танытқысы келдi. Д.Ақышев үндемей жатып алды. Содан кейiн қаңтардың басында БЖЗҚ тексерiлiп жатқанын, “Бузгул Арум” компаниясының акциясына салымшылардың жинағы емес, қордың жекеменшiк ақшасы төленгенiн айтып, мазасызданбауға шақырды. Билiк халықты тобыр деп санайтын шығар, ал бiз олай ойламаймыз. Себебi, сол халықтың iшiнде көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтар бар емес пе? Сонда реттеушi орган ретiнде Ұлттық банк осы жағдайға көз жұма қараған ба? Жекеменшiк зейнетақы қорлары жұмыс iстегенде олардың қызметiн әлсiн-әлсiн тексерiп, тыныштық бермедi. Ал сол қорлар мемлекеттiң қарамағына өткенде оған саусағын да тигiзбейдi. Мұны қалай түсiнемiз? Ел-жұрт мұны көрiп-бiлiп, сезiп жүр. Наурызбаевамен салыстырғанда, абақтыда жатқан Ерданаев зейнетақы жүйесiнiң қыр-сырын жетiк бiлетiн маман. Қазiр қоғамға толыққанды ақпарат жетiп жатқан жоқ. БЖЗҚ қаржысын жекеменшiк компанияның активiне салуға болмайтынын Ұлттық банк басшысы немесе қордың топ-менеджерлерi бiлмедi емес, бiлдi. Бiрақ бiрде-бiреуi оны тоқтатпады. Неге? Мiне, әңгiме осында. Әлгi компанияның облигациялары активпен немесе қандайда бiр мүлiкпен қамтамасыз етiлмеген. Мұны қор биржасының басшылығы да бiлмеуi мүмкiн емес. Бiлсе, неге тиiстi орындарға хабарламаған? Көрдiңiз бе, басы ашық сұрақ өте көп. Бұл басқа емес, көпшiлiктiң зейнеткерлiкке шыққанда, қарттығында пайдаланатын ақшасы ғой. Былайша айтқанда, өмiр бойы жинаған қаржысы. Оған жүрдiм-бардым қарауға болмайды. Сондықтан БЖЗҚ-ның бүгiнгiдей деңгейге түсуiне ықпал еткендердiң барлығы жауапқа тартылуы тиiс. Оның iшiнде реттеушi органдар да бар. Әншейiнде ауыз жаппайтын депутаттар қайда? Перуашев, Қарағұсовалар неге үнсiз қалды? Басқасы-басқа, зейнетақы жинағы төңiрегiндегi оқиғада суырылып шығып, халықтың сөзiн сөйлеуi керек едi. Ал олар бұғып жатыр.
– Айдар Байдәулетұлы, Ұлттық банктiң “5 млрд теңге салымшылардың жинағы емес, қордың өз ақшасы” деуiнде не гәп бар? Әлде ол мемлекеттiң қаржысы ма?
– Бұған сабырмен қараған жөн шығар. Өйткенi бұл шартты атау. БЖЗҚ қоржынындағы ақша екi категорияға бөлiнедi. Оны зейнетақы активтерi мен жеке қаржы деп атайды. Мына болып жатқан оқиғадағы 5 млрд теңге – бұл зейнетақы активтерi емес. Оны қалай болса, солай атауға болады. БЖЗҚ құрылғанда оны мемлекет берген, жарғылық капитал есебiнен құралатын ақша. Сондай-ақ, оның құрамында бiздiң зейнетақы активтерiмiздi басқарудан қорға түсетiн сыйақы комиссиясының есебiнен де жиылатын ақша бар. Айналып келгенде, бұл да сiз бен бiздiң салымымыздың есебiнен құралатын қаржы, соның бiр бөлiгi десек қателеспеймiз. Тiптi БЖЗҚ-ға тиесiлi ешқандай дербес, өз ақшасы жоқ. Осыны бiлiңiздер. Мемлекеттiң алдауына түсiп қалмаңыздар. “Аз ғана ақша” деп көңiлiмiздi аулаған болады. 5 млрд теңге аз ақша болушы ма едi? Ал екiншi деңгейлi банктерде жатқан салымдар ше? Олар да аз ақша ма сонда?
– Айтпақшы, “Жас Алашқа” берген түсiнiктемеңiзде “Қазинвестбанктен кейiн тағы бiрнеше банк құлайды” дегенсiз. Сол құлайтын банктерде де бiздiң зейнетақы салымдарымыз бар емес пе?
– Әрине, бар. Екiншi деңгейлi банктердiң бәрiне зейнетақы активтерi салынған. Тiптi Ресейдiң Сбербанкiне дейiн бiздегi зейнетақы жинағына ауыз салған. Банктердiң ахуалын, қаржылық жай-күйiн былайғы жұрт бiлмеуi мүмкiн, ал Ұлттық банк жақсы бiледi. Сөйте тұра, Қазинвестбанкке, өздерi лицензиясын бiрде берiп, бiрде тартып алатын Delta bank-ке зейнетақы жинағын құяды. Банктер бiр күнде құламайды ғой. Жылдар бойы жинақталған түйiндi шеше алмағандықтан, қаржының өтiмсiздiгiнен, т.б. толып жатқан мың сан мәселеден кейiн қызметiн тоқтатады. Бұрындары өз алдына дербес қызмет ететiн қаржы-бақылау агенттiгi болушы едi, оны да Ұлттық банктiң құрамына апарып қосты. Бәрi бiр жерде монополиялық пиғылмен әрекет еткеннен кейiн бiз де бақылау да үстiрт, қадағалау да қарабайыр. Басшылық қызмет те де көшiп-қонып жүретiндер олардың “өз адамдары”. Қазақ мұндайда “қарға қарғаның көзiн шұқымайды” дейдi. Соның салдары бiздi бүгiнгiдей дәрежеге түсiрiп отырғанымен ешкiмнiң шаруасы жоқ. Тағы да қайталауыма тура келiп тұр, зейнетақы көпшiлiктiң өмiр бойы қарттығына жинаған қаржысы. Оны көлденең көк аттының талан-таражға салуына қоғам болып жол бермеу керек. Өкiнiштiсi, үкiмет қордағы қаржыны қалай жұмсайтынын, одан қалай пайда табу жолдарын сiз бен бiзден, яғни салымшылардан сұрамайды. Ал бiз талап етпеймiз. Соның кесiрiнен бүгiнгiдей жағдайға түсiп жатырмыз.
– Әңгiмеңiзге рақмет.
 

Сұхбаттасқан
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Темир | 31 қаңтар 2017 14:25
10 пайыз акшаны банк депозитине немеме тургын уй жинак банкине аударса, адамдарга тандау берилсе, соны занмен бекитсе пайдалырак болар ма еди.
Ореке | 31 қаңтар 2017 16:22
Талап етсең қамап тастайды.
Қазақ үні | 1 ақпан 2017 15:17
Жекелеген салымшылар бірігіп, халықаралық сотқа беруге болады ма екен? Себебі айлығымнан зейнеткерлікке жинаған қаржымды ұрлап отырғанмен бірдей ғой?
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті