1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
18 сәуір 2017
Қанат БОЗЫМБАЕВ, энергетика министрі: МАҒАН МИНИСТР БОЛҒАН ҰНАЙДЫ

Үкімет жанармай бағасын неге арзандата алмай отыр, қоры көп сұйытылған газ халыққа неге жетпейді? Сондай-ақ энергетика министрі ел айтып жүрген әңгімелерге неге сенбейді және жастайынан кикбокспен айналысқан Бозымбаевтың қазақ күресіне ауысуына не себеп болды? Бүгінгі ашық әңгімемізде энергетика министрі Қанат Бозымбаев осы мәселелер жөнінде ағынан жарылды.

– Қанат Алдабергенұлы, әңгімені жанармай бағасынан бастамасқа амал жоқ. Себебі елдің бар айтары осы. Үкімет бензин бағасын қайта-қайта қымбаттатудан жалықпады ма?
– Алғашқы сұрағыңның осылай боларын өзім де сезгем. Иә, жанармай бағасы туралы өте көп жазылды, өте көп айтылды, тоқтаусыз талқыланып та жатыр. Дегенмен түсіндіре беруден жалыққан емеспіз. Бағаның қымбаттауына бірнеше фактордың әсері бар. Біріншісі – жанармай импорты. 92 маркалы жанармайдың 30 пайызын сырттан аламыз. Қазір Қазақстан мен Ресей арасында кеден бекеттері жоқ. Егер Ресейде бензин бағасы қымбаттаса, бізге ол жақтан жанармай келмейді. Ал егер бізде де баға көтерілмесе, онда біздің жанармай сол жаққа кетеді. Яғни Ресейден әкелмесе, елде бензин тапшы болады деген сөз. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын жанармай бекеттерінде бензин тапшы болып, арнайы карточкамен ғана берген. Сол 2015 жылдан бері бензиннің бағасын реттеуді үкімет қаулысымен алып тастады. Қазіргісі – нарықтық баға. Соңғы үш жылда Ресейде бір тонна бензиннің бағасы 400 доллардан 515 долларға өсті. Осыған байланысты Ресейден алатын 30 пайыз жанармай біздегі бағаларға әсер етіп жатыр. Тағы бір мәселені атап айтуға болады. Көршілес мемлекеттерге кетіп жатқан бақылаусыз, қадағалаусыз тұрған жанармай ағыны бар. Мысалы, елге Қырғызстан, Өзбекстаннан үлкен жүк көліктері келеді. Әрқайсысының дизель құятын бактарының сыйымдылығы 2-3 тонна. Бізде дизельді отынның бағасы оларға қарағанда әлдеқайда арзан. Былайша айтқанда, транзиттік үлкен көліктерді бензинмен Қазақстан қамтамасыз етіп отыр. Бұл әжептеуір проблема. Жамбыл облысының Қордай ауданына жолыңыз түссе, осы көрініс айқын байқалады. Жақын жердегі Бішкектен келген үлкен «фуралар» жанармайды тонналап құйып алып, Қырғызстанға өтіп кетеді. Қазір ары-бері өту өте еркін. Яғни ішкі нарыққа шығарған отынның бір бөлігін көрші елдер жұлмалап тасып, жанармай бағасына әсер етіп жатыр. Міне, осындай мәселені шешу үшін өткен жылдан бастап еліміздегі үш мұнай зауытын жаңғыртуды қолға алдық. Бұл жұмыстар өте қарқынды жүріп жатыр. Құдай қаласа, осы жылдың аяғына дейін Атырау мен Павлодардағы зауыттарды жаңғырту жұмыстары 100 пайыз аяқталады. Ал Шымкенттегі зауыттың бірінші кезеңі биыл, екінші кезеңі келесі жылы бітеді. Сондықтан келесі жылдан бастап 14,5 млн тонна емес, 17 млн тонна мұнайды өңдеуге қол жеткіземіз. Яғни артығымен 2 млн тоннадан астам бензин, 1 млн тоннадан астам дизель отынын шығарамыз. Сонда ғана бензин бағасында өз дегеніміз болып, тәуелсіздік аламыз деп ойлаймыз.
– Сонда артығымен өндіретін күнге жеткенде бензин бағасы арзандай ма?
– Қазір біздің қолда бағаға әсер ететін механизмдер жоқ. Бензин тапшы болған сайын Ресейдегі әріптесіме телефон шаламын. Болмаса бір өкіл жібереміз. Мұнай компанияларымен келіссөздер жүргіземіз. Егер осы үш зауыт жаңарып, жұмысын қарқынмен бастап кетсе, өз сұранысымызды өзіміз өтер едік. Осыны дұрыс шешсек, келесі жылдан бастап бензин, дизельді отын, авиакеросин тәуелділігінен құтылып, өзіміз шығарып, өз нарығымызда сатамыз. Ешкімнен сұрамаймыз. Сол кезде бағаны реттейтін тетіктер табуға болады. Әрине, біз үлкен нарықта жүрміз. Егер ертең Ресейде бензин, дизельдік отындар бағасы қымбаттаса, біздің жанармайды сол жаққа тасуы мүмкін. Осының алдын алу үшін уақытша шектеу қою шараларын да ойластыру қажет болады.
– Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту туралы көп айтасыздар. Сол зауыттар жыл сайын жөндеу жұмыстарынан көз ашпайды, мұның сыры неде?
– Оның сыры – бұл зауыттар кеңес заманында салынған. Яғни сол кездегі технологиялармен салынған. Белгілі нормативтерге сәйкес, зауытты жыл сайын тексеріп, жөндеп отыру қажет. Егер мұны істемесек, жағдайы одан да қиын болып, төтенше жағдай қалыптасуы мүмкін. Жөндеу жұмыстары ойдан шығарылған дүние емес, сонау кеңес заманынан жалғасып келеді. Ресейдегі зауыттар да жыл сайын осындай жөндеу жұмыстарына тұрады. Бұл қажеттіліктен шыққан нәрсе. Мұны түсінбейтіндер теріс талқылап, кері пікір туғызады.
– Дегенмен де ел аузында «бензин бағасын көтеру үшін зауыттарды әдейі науқан кезінде жөндеуге қояды» деген әңгіме бар...
– Иә, ондай сөздерді өзім де жиі естимін. Бірақ бұл бос сөз. Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жөндеу жұмыстары 40 күнге созылады. Әрі жөндеу жүріп жатыр, әрі жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Жаңа құрылғыларды ескісіне жалғап жатыр. Жөндеу жұмыстары жыл сайын қайталана береді. Ал оны қыс мезгілінде жүргізуге мүмкіндік жоқ. Өйткені мұнай қатып қалады.
– Елде 30-ға жуық шағын мұнай өңдеу зауыты бар дейді. Неге осы зауыттар бензин өндіріп, тапшылықты азайтпай отыр? «Осы шағын зауыттардың еркін жұмыс істеуіне қолдан жасалған кедергі бар» дегенге қосыласыз ба?
– Бұл да шындыққа жанаспайтын әңгіме. Неге рұқсат бермейміз? Елімізде 34 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Бәрі ресми тіркелген. Техникалық паспорттары түгел. Оларға бұдан басқа рұқсат керек емес. Олар ішкі нарықта мұнайды өздері табады. Өздері сатып алып, өздері өңдеп, өздері саудалауы керек. Заң бойынша үлкен зауыттарға, яғни қуаттылығы жылына 800 мың тонна өңдеуге жететін зауыттарға арнайы кестемен мұнай жібереміз. Бұл бойынша мұнай шығаратын компанияларға еліміздегі үш ірі зауытқа ай сайын пәлен көлемде мұнай жібересің, олармен келісімшартқа отырасың, өз мұнайыңды өңдеп, бензин, дизель отынын, авиакеросинді кімге сатасың, өзің білесің деген шарттар қоямыз. Шағын зауыттарға келгенде мұндай жүктеме бере алмаймыз. Олардың өздері табуы керек. Шынын айтқанда, шағын зауыттар үлкен зауыттармен бәсекелестікке шыдай алмайды. Мысалы, 1 тонна мұнайдың 85 пайызы бензин, дизель, авиакеросинге айналады. Қалған 15 пайызынан мазут, кокс шығады. Авиакеросиннің бағалары жоғары, мазуттың бағасы төмен. Үлкен зауыттар жаңа технологиялармен жабдықталған. Қуаттылығы, тиімділігі жоғары құрылғылар орнатылған. Шағын зауыттардың барлығында дерлік қарапайым қондырғылар. Заманға сай емес. Бірді-екілі дұрыс жұмыс істеп жатқан зауыттар бар. Мысалға, сондай керемет шағын зауыт Қарашығанақта салынды. 600 мың тонна өңдеуге қуаты жетеді. Еуро 4, 5 стандартты бензин шығаратын бұл зауытты қолдау қажет. Енді өзіңіз қараңызшы, 34 шағын зауыттың жылына 6,5 миллион тонна мұнай өңдеуге қуаты жетеді. Бірақ 2015 жылы олар бар-жоғы 458 мың тонна ғана мұнай өңдеді. Өйткені бәсекелестікке шыдай алмай жатыр. Құрылғылары өте қарапайым болғандықтан, бензинді аз шығарады. Онда да октан цифрлары төмен. Тек дизель отындарының сапасы ғана дұрыстау. Егер мазутты экспортқа жіберсе, жақсы. Ал жібере алмаса, ішкі нарықта мазуттың бағасы төмен. Өз шығынын өтеуі қиын. Сондықтан оларда даму болмай жатыр.
– Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы тұрақсыз. Үкіметтің үмітін үздірмейтін баға қандай?
– Ел бюджетінде мұнайдың бір баррелі 50 доллар бағамымен есептелген. Егер мұнай бағасы бұдан төмен түссе, бюджеттің мүмкіндіктері азаяды. Бұл, әрине, әлеуметтік мәселелерге кері әсерін тигізеді. Қазір Қызылорда облысындағы мұнай компанияларының жұмысы туралы айтар болсақ, өндіріліп жатқан мұнай көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Индустриалдық физикалық көлемі түсіп жатыр. Не үшін? Мұнай бағасы төмен. Оның үстіне ұңғыларды күрделі жөндеуден өткізу қажет. Жаңа бұрғылау жұмыстарын жасау керек. Осы жұмыстарды компаниялар жасамай отыр. Дәл осындай мәселе Ақтөбе облысында да бар. Ал Атырау мен Ақтаудағы жағдай бұларға қарағанда әлдеқайда дұрыс. Өйткені ол жақта қоры мол Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындары бар.
– Қашаған демекші, біраз жылдан бері «жыр» болған кен орнының проблемалары бітті ме? Әлде...
– Қашаған кен орнында өндіріліп жатқан мұнай көлемі өсіп жатыр. Жыл басында тәулігіне 100 мың баррель болған. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 180 мыңға өсті. Жылдың аяғына дейін 200-ге жеткіземіз деген ой бар. Егер тағы бір жобаны іске асырсақ, 300-340 мыңға дейін жеткізу мүмкіндігі бар. Әрине, «Қашаған» жобасы өте тиімді деп айта алмаймын. Өйткені мұнайдың бағасы төмендеп жатқанын өздеріңіз де біліп отырсыздар. Бірақ Қашағанда жұмыстар өз кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Дәл қазір пәлендей проблема жоқ. Әрине, аз-маз мәселелер бар. Бірақ олар да уақыт өте шешіледі.
– Айтпақшы, мұнай саласындағы жұмысшылардың құқы жиі бұзылып жатады...
– Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім. Рас, бұл үлкен мәселе. Кейбір кен орындарындағы шетелдік компанияларда құқық бұзушылықтар орын алып жатыр. Қазақстандық жұмысшыларға жалақыны төмендеу, шетелдік мамандарға жоғары қояды. Негізінде, егер бір деңгейдегі мамандар болса, бірдей жалақы қою керек. Рас, шетелдік жұмысшыға 20-30 пайыз жалақыны жоғары қоюға болады. Оның көтермеақысы болады. Жатақханада жатады. Іссапар шығындары бар. Бірақ жалақыны екі есеге көтеруге болмайды. Тағы бір мәселе, егер дәл сондай маман Қазақстанда болса, онда неге шетелден шақыруы тиіс? Қазір Қытайдан келген кейбір компаниялардың келісімшарт мерзімі бітейін деп жатыр. Алдағы 3-4 жылда «Ақтөбемұнайгаз», «ПетроҚазақстан» компанияларының келісімшарттарының да мерзімі бітеді. Олар ары қарай ұзартуға талпынатыны рас. Бірақ біз оларға «келісімшартты ұзартуға болады, бірақ біздің нақты 7 талабымыз бар» деп айтып жатырмыз. Жеті талаптың бірі – бұл кәсіпорындарда негізінен қазақстандық азаматтар жұмыс істеуі керек. Ол үшін тиісті мамандарды өздері оқытып, өздері дайындауы керек. Өйткені олар Қазақстанда бизнес жасап жатыр емес пе?!.
– Дұрыс екен. Енді сұйытылған газ мәселесін сөз етсек. Елде газ көп. Бензин сияқты Ресейге бағынышты емес. Бірақ осы қолда бар жеткілікті газ тапшы болып, үлкен проблема туындап тұр. Мәселенің мәнісі неде?
– Жалпы, сұйытылған газдың көтерме бағасы министрлікте бекітіледі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына 1 тоннасы 28 мың теңге болып бекітілген. Енді қараңыз, Ресейде сұйытылған газдың 1 тоннасы 100 мың теңге, Ауғанстан мен Тәжікстанда 160-180 мың теңге тұрады. Еліміздегі үш мұнай зауыты, сосын Маңғыстау мен Ақтөбедегі екі зауыт – бас-аяғы бес зауыт сұйытылған газды ішкі нарыққа сатады. Қай облысқа қанша көлемде жіберілетінін министрлік тарапынан құрылған комиссия тексеріп отырады. Яғни облыстарда қанша тұтынушы бар, келесі айға қанша көлемде керек – бәрін министрлік бекітеді. Енді сол облыстарға газды тасымалдаушы компаниялар әлгі бес зауыттың бірінен тоннасын 28 мыңнан сатып алады. Егер компанияның басшылары адал болса, сол өңірде тиісті бағамен газ тапшылығы болмайды. Олар бәрін түгел жеткізеді. Егер адал болмаса, көп ақша табу мақсатында Ресей немесе Ауғанстан, Тәжікстанға сатып жібереді. Құжаттарын ауыстырып... Әр тоннасын кем дегенде 100 мың теңгеден сатады. Бұл, орысша айтқанда, соблазн... Ақтөбедегі жағдай дәл осындай. Бұл облысқа наурыз айына 5200 тонна газ бөлгенбіз. Ақтөбелік зауыт сол көлемде, сол бағада үш компанияға газ сатқан. Соның ішіндегі бір компания «Ресей газы» деген құжат туралап, сұйытылған газдың бір бөлігін Ауғанстанға сатып жіберген. Қазір кіріс комитеті ол компанияны жауып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Міне, газ тапшылығы осындай алыпсатар компаниялардың кесірінен шығып тұр. Әйтпесе біздің ішкі нарықтағы газдың бағасы төмен.
– Соңғы жылдары баламалы энергия өндіруге көп күш салынып жатыр. Бір қызығы, Қазақстанда энергия қуаты жеткілікті, тіпті артық. Олай болса, жел, су, күн арқылы энергия өндірудің не қажеттігі бар?
– Осыдан бес жыл бұрын біздің елде баламалы энергия көздерінің көрсеткіші 0 пайыз болатын. Қазірдің өзінде 1 пайыз болып отыр. 50-ден астам су, жел, күн стансалары іске қосылды. Тағы 30-дан астам зауыт іске қосылмақ. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш 2020 жылы 3 пайыз, 2030 жылы 10 пайыз, 2050 жылы 50 пайыз болуы керек. Рас, бүгінгі күні елде электр қуаты жеткілікті. Соған қарамастан, баламалы энергия өндіруге сатылап, асықпай ауысу – заман талабы.
– Дегенмен «энергетика саласының басшылары баламалы энергия көздерінің көбеюіне мүмкіндік бермей отыр» деген сөзді құлағымыз шалып қалады. Олар бұрынғыша жұмыс істей бергенді дұрыс көретін сияқты...
– Мен бұған сенбеймін. Жалған сөз. Бұған қарсылық жасайтын энергетиктер жоқ. Бұл істің де өз ерекшелігі бар. Бәрі рет-ретімен жүруі тиіс. Мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, 2020 жылы баламалы энергия көздері 3 пайызға жетуі керек болса, біздің министрлік тапсырыстарды 3 пайызға емес, 10 пайызға жететіндей етіп қабылдап алды. Ала берсең, ар жағында 20 пайызға жететіндей кезек тұр. Электр қуатын тасымалдайтын «Кегок» компаниясы осы 10 пайызға келісіп, қол қойды. Өйткені баламалы энергия ортақ «қазандыққа» құйылып, осы компания тасымалдайды. Бірақ осынау тапсырыс бергендердің ішінде қолға алған шаруаларын жасай алатындар да, жасай алмайтындар да бар. Сондықтан олардың жұмыстарын үнемі бақылау қажет. Егер биылғы міндеттемелерін орындамаса, тізімнен алып тастаймыз. Олардың орнына кезекте тұрған жаңа компанияларды кіргіземіз. Бірақ бұл компания басшыларының бәрі «бүгін стансаны соғамын да, электр желілерін қоса саламын, сөйтіп, маған ақша төлейді» деп ойлайды. Алайда, өзіңіз ойлаңызшы, баламалы электр энергиясының бағасы бүгінде арзан емес. Күн сәулесінің 1 киловатының құны 34 теңгені құрайды. Жел электр стансалары 21 теңгеден, шағын су электр стансалары 14 теңгеден өндіреді. Ал орташа есеппен алғанда тұрғындар қазір электр энергиясына 15 теңгеден төлейді. Енді баламалы энергия өндіруді бірден 3 пайызға жеткізсек, осы бағаға қосымша 2 теңге қосылады. Егер 10 пайыз болса, 20 теңге тағы қосылуы мүмкін. Осы қаншалықты тиімді? Жарықтың бағасын бірден 30-35 теңгеге көтере аламыз ба?
– Мұны халықтың қалтасы көтермейді ғой...
– Әрине, көтермейді. Бұл ақшалар кәсіпкердің қалтасына түседі. Халықтан сорып алады. Мысалы, бір мекеме бір күнде 100 квт энергия тұтынады дейік. Соның 2 пайызын баламалы энергия көздерінен береді. Яғни 34 теңгеден береді. Ал басқасын 10 теңгеден береді. Содан орташа бағасы 2 теңгеге өсіп кетеді. Сондықтан бұл істі кезең-кезеңімен жасау керек. Алдағы 10 жылда жел, күн стансалары қондырғыларының бағасы екі есеге арзандайды деген болжам бар. Яғни, бір жағынан, экологияны да, екінші жағынан, тиімділікті де қарастыру қажет.
– Жамбыл облысында әкім боп жүргенде қазақшаны әжептеуір-ақ меңгеріп қалған едіңіз. Кейіннен Павлодар облысында, енді Астанадағы қазіргі қызметіңізде мемлекеттік тілді қайтадан ұмытып қалған жоқсыз ба?
– Жоқ, неге ұмытамын? Қайта қазақ тілін тереңірек меңгере түспесем, енді ұмытуым мүмкін емес. Өз басым министрліктің көп отырыстарын қазақша өткіземін. Павлодар облысында әкім боп жүрген кезде де әр жиналысты қазақша өткізуге тырыстым. Сол тәртіпті Павлодардың қазіргі әкімі Бақауов та жалғастырып жатқан сияқты. Әрине, министрліктегі жиналыстардың бәрі 100 пайыз қазақша өтпейді. Техникалық терминдер бар. Түсінбей жатады. Бірақ көбісі үйреніп қалды. Үкіметтің отырысын Бақытжан Әбдірұлы бастан-аяқ қазақша өткізеді. Рас, кейбір министрлер әлі де баяндаманы орысша жасайды. Орысша сөйлейді. Өзім баяндамамды қазақша жасаймын. Егер арамызда шетелден келген адамдар болса, орысша сөйлейміз. Біздің салада шетелден келген инвесторлар өте көп. Сондықтан кейде ағылшынша да сөйлеуге тура келеді.
– Өзіңіз ағылшынша сөйлейсіз бе?
– Иә... Еркін сөйлеймін.
– Оңтүстікте және солтүстікте екі облысты басқардыңыз, екі аймақтың арасында айырмашылық бар ма? Қандай ой түйдіңіз? Екі облыста да ойға алған тірліктеріңізді атқаруға мүмкіндік болды ма?
– Әрине, екі облыста да бітпей қалған тірліктер болды. Әр облыстың өзіне сай бекітілген стратегиялық жоспарлары бар. Тиісті компанияларды шақырып, қай бағытта демеу жасау керек, қай бағытта даму керек екенін сараптап алу қажет. Мысалы, Жамбылда құрылыс материалдарын көбірек шығаруға ден қойдық. Химия мәселесіне көп назар аудардық. Қазір бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Павлодар облысында металлургия, теміржол машинасын жасау мәселелерін қолға алдық. Соңғы төрт жылда Павлодарда теміржол саласы бойынша төрт жаңа машина жасау зауыты ашылды. Темір доңғалақ және басқа да қосалқы бөлшектерді шығарады. Бұрын біздің теміржолшылар бұларды Ресейден сатып алатын. Қазір бұл зауыт өз өнімін Әзірбайжанға, Еуропаға экспорттап жатыр. Екі облыстың да халқы мен үшін бірдей. Бөле-жармаймын. Баянауылға барсаңыз да, мал бағып жүрген сол қазақ, Жамбыл облысының Талас ауданына барсаңыз да, мал соңында жүрген сол қазақ. Көңіл-пейілдері де бірдей. Әрине, Павлодар халқы орысша көбірек сөйлейді. Климатқа байланысты темпераменттері де басқаша.
– Жасыратыны жоқ, біздің елде ықпалды әрі қалталы кісілерге спорт федерацияларын басқаруды қосымша жүктеп қояды. Қазақ күресі федерациясының құрметті президенті қызметін атқарасыз. Сіз де осындай «тәртіптің» ығына жығылдыңыз ба? Қазақ күресіне мойын бұруыңызға не себеп болды?
– Жоқ, бұған өзім келісім бердім. Жамбылда әкім болып жүрген кезде «Қазақстан барысы» турнирін теледидардан қарап отырғанмын. Сонда жамбылдық балуан жігіт ақтық сынға шыққанда төрешілер дұрыс шешім қабылдамады. Бұл әділетсіздікке менің де ашуым келді. Белгілі азаматтарға телефон шалдым. Бұл өзі бір қызық болды... Осы жайт қазақ күресіне деген қызығушылығымды оятты. Өзім жас кезде кикбокспен – 9, дзюдомен екі жылдай айналысқанмын. Сондықтан, әрине, мені көбінесе осы спорт түрлері қызықтыратын. Қазақ күресі деген – өте әдемі спорт түрі. Шынымды айтсам, патриоттық сезіміңді оятады. Ата-бабаларымыздан қалған мұра. Биыл халықаралық федерацияны құрдық. Отыздан астам мемлекеттің өкілдері келді. Оны тіркеуден өткіздік. Демеушілер тауып отырмыз. Осыдан кейін биыл «Әлем барысын» өткізуді жоспарлап отырмыз. Жыл сайын өткізіліп жүрген «Еуразия барысы» да назардан тыс қалмайды. Тек биыл дүниежүзілік чемпионат өткіземіз бе, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы, қазақ күресін тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Кавказ, Иран, Түркияда дамыту қажет. Деңгейін көтеріп, арнайы залдар ашу қажет. Қазақ күресіне арналған жаттығу залдарын субсидиялау мәселелерін де көтеріп жатырмыз. Тренерлерді оқыту қажет. Кезінде дзюдо күресі де осындай жағдайды бастан кешірген. Жапония арнайы ақша бөліп отырған. Кең қанат жаюы үшін таэквондоны да корейлер қаржыландырып отырды. Қазір әлем мойындап, олимпиадалық спорт түрлері қатарына кірді. Біздің де басты арманымыз – қазақ күресін олимпиада тізіміне ендіру. Бұл, әрине, болашақтың жұмысы.
– Соңғы сұрақ, сізге әкім болған ұнай ма, әлде министр болған жақсы ма?
– Әрине, облыс әкімі болу үлкен жауапкершілік. Екі жұмыстың да қиындықтары көп. Бірақ маған министр болған көбірек ұнайды. Бәлкім, бұл осы саланы жақсы білгендіктен де болар. Осы министрлікте орынбасар, департамент директоры болып жұмыс істедім. Былайша айтқанда, бұл саланы жақсы білемін деп ойлаймын. Сондықтан бұл жұмыс маған өте ыңғайлы. Ұнайды. Орысша айтқанда, вроде бы получается...
– Ашық әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті