1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №34 (16220)   29 сәуір, сенбі 2017
29 сәуір 2017
Жармахан ТҰЯҚБАЙ: ҚАРАПАЙЫМ АДАМ БОП ӨМІР СYРУДІ АРМАНДАЙМЫН

«Ашық әңгіменің» бүгінгі қонағы – саясаткер Жармахан Тұяқбай. Кезінде лауазымды қызметтер атқарған, оппозицияға өтіп президенттік сайлауға түскен қайраткер кейде саясаттан жалығатынын, қарапайым адам боп өмір сүруді армандайтынын да жасырмады.

– Жармахан Айтбайұлы, бір кездері еліміздің бас прокуроры, мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы, әскери бас прокурор, мәжілістің төрағасы секілді ірі қызметтерді атқардыңыз. Бәрі қалай басталды? Сіз билікте жүре бергенде әлі де үлкен қызметте отыра беретініңіз анық еді. Оппозиция қатарына шығып, осынау жайлы өміріңізді, биік мансабыңызды қиып кетуге не себеп болды?
– Осы сұрақты маған жиі қояды. Биліктен кеткеніме 13 жылдай уақыт өтіпті. «Неге кеттіңіз? Қызметіңізді қалай қидыңыз? Әлде сізге қысым жасалды ма?» деп сұрайды бәрі. Ондай қысым болған жоқ. Құдайға шүкір, басшы қызметке жастайымнан іліктім. Қай қызметте жүрсем де, ешкім менің кәсіби деңгейіме шәк келтірген емес. Ұйымдастырушылық, басшылық қабілетіме ешкім күмән келтірмеді. Кешегі коммунистік партияның бірінші хатшылары болсын, бүгінгі тәуелсіз еліміздің президенті болсын, ешқайсысы «жұмысты ақсаттың, құрттың» деп сын айтқан емес. Сол жылдары биік лауазымды қызметте жүргендіктен, елдегі нақты жағдайды, халықтың тұрмыс-тіршілігін, елдің экономикалық әл-ахуалын бір адамдай біліп жүрдім. 1995 жылдан бастап елді басқарудың әдістері маған күдік туғыза бастады. Бәрі елдің шексіз байлығын жекешелендіруден басталды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, билік басында отырғандар сол байлықты қолынан келгенше өзіне иемденіп қалуға тырыса бастады. Оған «әй!» дейтін әже, «қой!» дейтін қожа болмады. Осындай былықтың болып жатқанын айтқан адам жекешелендіруге, нарықтық реформаға қарсы жау болып көрінді. Осыдан кейін «әттеген-ай, бұл неге олай болды, осыны басшылар білмей істеп отыр ма, жоқ әлде әдейі жасалып жатқан дүние ме?» деген ой маза бермейтін. Әйтеуір, осындай күмәнді ойлар көбейді. 1999 жылы мәжіліске депутаттыққа түсуімнің себебі де Қазақстанның саясатына ықпал етсем деген мақсат еді. Ал, сонымен, депутат болдық. Бес жыл тек депутат қана емес, мәжілістің төрағасы қызметін атқардым. Жасыратыны жоқ, ол кездегі парламенттің жөні бөлек еді. Атқарушы билікпен текетіресіп, қабылданып жатқан заңдарды әбден талқылайтын. Екі арадағы текетіресте заң шығару органы өкілеттілігінің әлсіздігі, билік арасында тепе-теңдіктің жоқтығы – бәрі-бәрі ашық айтылатын.
– Шынында, ол кездегі мәжілістің жөні бөлек еді...
– Иә, солай еді... Президенттің өзіне де талай мәрте айтылды. «Осы біз қай бағытта кетіп бара жатырмыз? Бізде демократия бар ма, жоқ па? Басқа бағытқа бұра тартып бара жатқан жоқпыз ба?» деген сұрақтар төтесінен қойылған. Бірақ оған мардымды жауап болған жоқ. Білесіз бе, билікте әртүрлі қитұрқы, астарлы әрекеттер жүріп жатады. Менің осыдан жек көретін нәрсем жоқ. Өз сөзімді қашанда ашық айтамын. Міне, депутаттардың елдегі экономикалық саясат пен әлеуметтік мәселелерді шешу, оның ішінде ауыл шаруашылығына байланысты, жастардың жұмыссыздығы, әлеуметтік қорғалудың төмендігі, оралмандар мәселесіндегі ой-пікіріне үкімет көп кезде себепсіз қарсы болып, ресми салтанаттар, той-томалаққа ақша шашуға келгенде алдарына жан салмайтын. Бұл, әрине, елде жүргізіліп жатқан саясаттың дұрыс еместігін аңғартты. Сондай-ақ билікте жүргендер, әсіресе, президенттің төңірегіндегі шенеуніктердің шіріген байға айналып, тіпті аяғы аспаннан салбырап түскендей шіреніп жүруі өте ерсі көрінетін. Ал қарапайым халықтың кедейленіп, тақырлануы тоқтамай, елді әділетсіздік жайлай бастағанын байқамау мүмкін емес еді. 2004 жылы елімізде мәжіліс сайлауы өтті. Сайлау алдында президенттің өзі шақырып: «Жармахан, «Отан» партиясының абыройы түсіп барады. Сен мәжілістің төрағасысың, тағы да сайлауға түсейін деп жатырсың. Сен өз округіңнен түспей-ақ, менің партиядағы орынбасарым бол. Сөйтіп, сайлау кампаниясында «Отанның» партиялық тізімін басқарып бер», – деген өтініш айтты. Алдында келіспедім. Ол кезде партия мүшелігінде жоқ болатынмын. Сайлауға түссем, депутаттыққа өтетінімді білдім. Өйткені мен түсетін округтен маған бәсекелес табылмай қызық болды. Бәсекелестерімнің бәрі халық маған дауыс беретінін сезді. Бірақ «Отан» партиясының сьезі өтті де, мені партия төрағасының орынбасары етіп сайлады. Сонымен, сайлау басталды. Әрине, «Отан» партиясының қаржылық, адамдық ресурсы өте мықты, биліктің де зор қолдауы бар екенін мойындау қажет. Көп дауыспен жеңіске жететініне ешқандай күмән болған жоқ. Барлық облыстарды аралап келіп, президентке «Біз 50 пайыздан кем дауыс алмаймыз» деп мәлімдедік. «Ой, бұл дұрыс екен» деп ол кісі де қуанып қалды. Ол кезде сайлауда «Ақ жол», Коммунистік, ҚДТ, «Азаматтық», «Асар» партиялары бағын сынап жатты. Сайлау бітті. Есеп бойынша «Отан» партиясы 60 пайызға жуық дауыс жинады. «Отаннан» кейін көп дауыс алған «Ақ жол» болды. Мұның бәрін біліп-көріп отырдық. Бірақ артынша Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» бір, Коммунистік партиясы түк те дауыс алған жоқ» деген қорытынды шығарды. Бұл дегеніміз масқара ғой.
– Сіз мұны президентке айта алдыңыз ба?
– Әрине, бірден президентке телефон шалдым. «Мынау дегеніміз әділетсіздік қой. Неден қорқамыз? «Отан» партиясы көпшілік дауыспен жеңді. Ертең мәжілісте кез келген заңды басым дауыспен қабылдауға мүмкіндік бар. Халықтың көзін бақырайтып қойып басқа партияның еншісіндегі дауыстарды «Отанға» қотара салған қаншалықты дұрыс болады?» деп айттым. Бірақ бұдан ешқандай өзгеріс болмады. Сайлау комиссиясының шешімі сол күйі қалды. Әділетсіздік жеңді. Онымен тұрмай, тіпті «Отан» партиясының атынан түскен халыққа жаны ашитын, өзіндік пікірі бар жеңіске жеткен үміткерлер де «жеңілді» болып шыға келді. Бәрін белден басты. Бұл әділетсіздікке арым шыдамады. Содан кейін де оппозицияға кетемін деген ой, нақты байлам болған жоқ. «Осы былыққа қатысы бар адам ретінде халықтың алдында масқара боп қалмасам еді» деген ғана ой маза бермеді. Шынымды айтсам, қатты ызаландым, жаным ауырды. Соңында ашық хат жазып, биліктен кетуге тура келді. Биліктен кеткеннен кейін оппозициядағы партия серкелері бірден маған келді. Көп ұзамай Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі өтіп, төрағасы етіп мені сайлады. Міне, содан бері оппозиция қатарындамын. Тоқ етерін айтқанда, биліктен кетуімнің себебі – сол кезде ел басқаруда орын ала бастаған авторитарлық тенденциялар және әділетсіздіктермен келіспеушілік.
– Билікпен қош айтысқаннан кейін, «Қайтып оралсаңызшы» деп араағайындыққа жүргендер болды ма?
– Ондайлар болды. Оппозицияға кетердің алдында 20 шақты күн мәжілістің төрағасы боп жүрдім ғой. Сол кезде «президентке барып, жағдайды түсіндірсеңізші» деп ақыл айтқандар да көп болды. Айтарымды айттым ғой, қашанғы түсіндіремін?» деп тойтарып тастадым.
– Бұл арада президентпен өзіңіз де кездескен боларсыз...
– Иә, өзім де кездестім. Ойымдағыны айттым. «Мүмкін, басқа қызмет берейін» деген де әңгімелер болды. «Маған ештеңе керек емес. Мен кеттім» деп жаңа қызметтен бас тарттым. Осылайша жүйенің әділетсіздігіне налыдым. Билік тармағында жасалып жатқан қитұрқы әрекеттерден жаным шошыды.
– Сіз арғы жағаға өткеннен кейін, «бұл биліктің «шпионы», «оппозицияны ыдырату үшін әдейі жіберілген» деген де әңгімелер айтылып жатты ғой…
– Иә, айтылды. «Троянский конь» дегенді де айтты. Мен алды-артымды ойламайтын жас емеспін ғой. Алпысқа келген жасымда «шпион» болып қандай жетістікке жетіппін? Билік тарапынан қандай марапатқа, қандай қолдауға ие болдым? Есі дұрыс адам айтатын әңгіме емес қой бұл... Менің кетуімнің себебін таппаған соң, биліктің өзі шығарған әңгімесі деп ойлаймын. Мен тек қана өз принципіме деген адалдығымнан кеттім. Бәлкім, біреулер мұны қияңқылық, асығыс жасалған тірлік дейтін шығар, бірақ болар іс болды.
– Бірақ соңғы жылдары оппозицияның басы бірікпей, бет-бетімен бөлініп кетті ғой. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Біздің партия құрылғалы бергі 10 жылдың ішінде оппозиция бірде-бір рет жеңіске жете алған жоқ. Оның себебі тағы белгілі. Қандай сайлау болсын бәрі бұрмалау. Соның арқасында еңбегіміздің бәрі еш болып жатты. Халықтың бізді қолдайтынына ешқандай күмәнім жоқ. Осыдан барып оппозицияда жүрген көп азаматтар шаршады. Жеңіске жетпеген соң қажыды. Қолын бір сілтеп кетіп қалғандары да болды. Биліктің қудалауына шыдай алмағандар да бар. Өздеріңіз білесіздер, осы жолда құрбан боп кеткендер де болды. Сөйтіп, бәрі ақырын-ақырын оппозиция сапынан шеттей бастады. Бүгінде бір-ақ оппозициялық – Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы қалды. Басқа партия жоқ. Бұрын қандай толыққанды күш едік... Оның ішінде кезінде кәсіби деңгейі биік, үлкен қызмет атқарған азаматтар да болды. Бәріміз бас қосып, қатар отырып бір мәселені ақылдасқанда бізді көрген билік өкілдерінің мазасы кететін.
– Оппозиция қатарына өткеннен кейін бұрын алдыңызда құрдай жорғалап жүрген адамдармен қарым-қатынасыңыз қандай боп қалды? Кімнің адал, кімнің екіжүзді екеніне көзіңіз жетті ме?
– Көпке топырақ шашуға болмайды. Адам болған соң оның ішінде аласы да, құласы да болады. Билікте жүрген соң сені дос көретіндер бар және билігіңді пайдаланып қалғысы келетіндер бар. 1982 жылдан бастап басшы қызметте болдым. Қасымда көптеген адамдар жүрді. Оның бәрі дос дейсің бе? Көбісі менің билігімді пайдаланып, мансапқа қол жеткізіп, мәселелерін шешті. Әрине, оппозицияға кеткеннен кейін олар менімен араласуға қорқады. Көрген кезде амандасуға жүрексінеді. Тіпті кезіндегі араласқанымыздың салқыны тиіп кете ме деп уайым жегендер де болды. Мен оларға еш уақытта ренжімеймін. Шешім қабылдаған мен. Әркімнің өз өмірі, өз мақсаты бар. Қалай оларға «мені неге танымай кеттің?» деп міндет етемін? Неге олар менің жанымда жүруі керек? Ал шын достарым бұрыннан болды. Қазір де бар. Олар еш уақытта менің қызметіме, ұстанымыма сезіктеніп қараған емес. Қазір де тығыз араласып тұрамыз.
– Бір кездері үкіметті басқарған марқұм Нұрлан Балғымбаевпен туған құда болдыңыздар. Сіздің оппозицияда жүруіңіз жекжаттық байланыстарыңызға сызат түсірген жоқ па?
– Жоқ. Біз о баста балалар үйленіп, құда болғанда құдалық өз жөнімен, қызмет, қарым-қатынас өз жөнімен деп шешіп алғанбыз. Біз еш уақытта жұмыс, саясат мәселесін құдалық қарым-қатынасымызға араластырған жоқпыз. Жұмыс барысында да екеуміз бір-бірімізден тәуелсіз болдық.
– Қайбір жылы жамбылдық сот пен прокурор Тараздан өтіп бара жатқан сізге «шай береміз» деп жұмыстан қуылып кеткені туралы бірқатар тәуелсіз басылымдар там-тұмдап жазған еді...
– Бұл рас әңгіме. Мен ертеректе Атырау облысының прокуроры қызметін атқардым. Сонда жүргенде прокуратураның тергеушісі, кейіннен аудан прокуроры болған Досанов деген азамат болатын. Мен биліктен кеткеннен кейін ол өзінің еңбегі арқасында қызметте сатылап өсіп, Жамбыл облысының прокуроры болып тағайындалды. Және сол жылдары Жамбыл облыстық сотының төрағасы боп жүрген Нұрқожа Чиняев деген азамат та ертеректе мен бас прокурордың орынбасары боп жүрген кезімде Түрікменстаннан жұмысы ауысып келген еді. Сол екеуі бір кездері әріптес болғанымызды ұмытпай, Шымкентке бір кездесуге барған кезде телефон шалды. «Аға, сіз Шымкентке барып, енді біздің облыстан өтіп бара жатыр екенсіз. Біз сізге қалай шай бермейміз? Ұят емес пе?» деп... Бұл тек адамгершілік, қонақжайлық ниеттен туған ұсыныс еді. Шынында, тура түстің кезінде Тараздан өтіп бара жатқанмын. Сонымен, базардың жанындағы бір ресторанда үшеуміз шай іштік. Ары кеткенде бір сағат отырдық. Негізі, биік мансапта жүргендерді көреалмаушылар көп қой. Әйтеуір, осы шай ішкеніміз алдымен облыстық әкімдікке жетіп, олар президент әкімшілігіне айтқан сияқты. Сонымен, «жамбылдық прокурор мен сот оппозиция серкесін қабылдап, шай беріпті» деген әңгіме гу ете қалып, артынша екеуін де лауазымынан босатып, төменгі қызметке ауыстырып жіберді. Бұл барып тұрған әділетсіздік емес пе? Оларға бір мәселе, өтініш айтып барсам бір жөн. Тек қонақжай пейілдері үшін ғана опық жеді.
– Сізден сұхбат алып отырып бір кездері құрылғанынан жабылуы тез болған мемлекеттік тергеу комитеті туралы сұрамау мүмкін емес сияқты...
– Шынын айтсақ, мемлекеттік тергеу комитетін құрудың өзі асығыстық болды. Құрылар кезде соны қолға алып жүрген жігіттерге қарсылығымды талай айттым. «Осындай комитет құрылады» деп, президентпен ақылдасып, заңға өзгерістер енгізілер кезде де құқық қорғау басшыларының ішінде жалғыз мен қарсы болдым. Тағдырдың жазуы екен, сол қарсы адамды президент басшы етіп қойды. Бұл икемсіз, өте үлкен мемлекеттік құрылым еді. Құрамында 35 мың офицер бар. Екі жыл жұмыс істедік. Бірақ, әрине, жаман жұмыс істеген жоқпыз. Ұйымдасқан қылмыс, сыбайлас жемқорлыққа байланысты іске асыруға дайындаған материалдарымыз өте көп еді. Бұл бір күнде атқарылатын шаруа емес қой. Алғашқы күндерден-ақ бұл құрылымды ықшамдау жөнінде мәселе қойдым. «Бізге тек қана ауыр қылмыстар мен сыбайлас жемқорлықпен күресу ғана берілсе екен» деп талай айттым. Өзіңіз ойлаңызшы, біз прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер және әділет министрлігінің ең күшті құрылымдарын алып қойдық. ІІМ, ҰҚК, прокуратураның барлық тергеушілерін біздің комитетке берді. Оларда ешқандай қауқар қалмады. Жасыратыны жоқ, осы комитет құрылар кезде құқық қорғау саласының небір басшылары «мені басшы етіп тағайындайтын шығар» деген дәмесі болды. Сондықтан олар тезірек құрылуын тіледі. Қолдады. Ал енді құрылғаннан кейін солардың көбісі «ойбай, бұл комитет тым үлкен боп кетті, барлық күшті солар алып қойды» деген байбаламға басты. Сөйтіп жүріп ақыры президентті МТК-ны таратуға көндіріп тынды. Басқа ешқандай себеп жоқ. Таратылардан бір ай бұрын ғана президенттің өзі келіп, ведомстволық туымызды тапсырып кеткен болатын. Енді бір айдың ішінде қандай күш пікірін күрт өзгертіп жібергенін бір құдай біледі...
– Әлі есімде, сол жылдары Шымкенттегі үлкен оқу орнының ректоры, академик Мардан Сапарбаевты атып кетіп, қылмысты ашуға МТК белсеніп кірісіп еді. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Шет-жағасын білемін. Ұмытпасам, беймезгіл уақытта қарақшы қақпаның саңылауынан ректорға оқ атқан. Иә, қылмыскер сол күйі табылмады. Әртүрлі болжамдар болды. Жұмысына, бизнесіне байланысты... Қылмысты ашамыз деп бәрі белсеніп кірісті. Бірақ, өкінішке қарай, ашылмай қалды.
– Өткен парламенттік сайлаудан кейін сіз «партия қатарына жастарды көбірек тартамыз» деп едіңіз. ЖСПД-ға жастар легі келіп жатыр ма?
– Осы мәселе мені де мазалайды. Білімді жастардың оппозиция қатарына келмей жатқаны партияның нашарлығынан емес. Партия қатарына жастарды тарту – маңызды мәселенің бірі. Мен де партия төрағалығында мәңгілік отыра бермеймін ғой. Жаңа толқын келуі керек. Жалпы, партия деген бір күндік немесе бір науқандық ғана жоба емес. Бір-екі жылға ғана құрылмайды. Әр партияның өз идеологиясы бар, өзіндік бағыт-бағдары бар. Соның бірі –социал-демократиялық партиясы. Дүниежүзінде ол идеологияны ұстанған партиялар бірде билікте, бірде оппозицияда болып, саяси алаңнан еш уақытта кеткен емес. Сол сияқты біздің партия да бүгінгі елдегі биліктің мәңгі еместігін ескере отырып, өз күресін жалғастыра береді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мақсаты – елді түбегейлі билеп алған «Нұр Отанға» балама күш болу. Егер де елде шынайы демократиялык билік жүйесі болғанда, біздің партия тек қана балама емес, экономикада да, әлеуметтік салада да, саясатта да әділеттік орнататын шешуші саяси күш болар еді. Бірақ бүгінгі биліктің біздің партияның алға қойған мақсаттарынан қорыққаны соншалықты – тіпті оны парламентке жіберуден де жүрексінеді. Былтыр сайлау өткеннен кейін нақты жұмыстарды қолға алып, бір жылдың ішінде партия қатарына 2000-ға жуық жас мүше болды. Өткенде наурыз айында партияның съезі өтіп, онда партия басшыларының өзін жаңарту, билік тізгінін жастарға беру мәселесі айтылды. Содан қазір партияның президиумында негізінен жастар отыр. Президиумның өкілеттігін арттырып, жеке дербес басшысын белгіледік. Күнделікті жұмысты президиум жүргізеді. Енді облыстық филиалдардың басшыларын жаңарту, жастарды тарту мәселесі тұр.
– Соңғы 10-15 жылдың көлемінде үлкен лауазымда жүрген мемлекеттік қызметкерлердің оппозиция қатарына өткені жоқ. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Шынында, мен биліктен кеткеннен кейін бірде-бір биліктің адамы оппозицияға өткен жоқ. Өйткені бойларында қорқыныш, үрей бар. Биліктен оппозицияға кеткен адамның жағдайы қандай болатыны менің өмірімнен-ақ көрініп тұр емес пе? Партияның Шымкенттегі кездесуінде «Дикий Армандар» ұйымдастырған төбелес, Өскеменде кірпішпен ұрғандар, Атырауда бұзақыларды жинап алып, бізге айдап салғандары... Осының бәрін біліп-көріп отыр ғой. Ондай қиын тағдыр кімге керек?
– Оппозиция қатарында жүрген мемлекет қайраткерлері Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың тағдыры қайғылы аяқталды. Осыдан кейін «келесі кезек менікі» деген қорқыныш болған жоқ па?
– Мен Аллаға ғана сенемін. Алланың дегені болады. Мен соған көнемін.
– Дегенмен де осы екі оқиғадан кейін өзіңізді қорғау жағын күшейттіңіз бе?
– Әрине, мен де пендемін. Қорқыныш сезімі болады. Құдай «сақтансаң сақтаймын» деген. Бірақ қастандық жасаймын деген қарақшы мың қорғаушың болса да, жасарын жасайды.
– Бұрынғы партиялас серіктеріңізбен араласып тұрасыз ба?
– Араласып тұратынымыз да бар, мүлдем араласпай кеткеніміз де бар. Әлгінде ғана айттым ғой, билікке қарсы боп жүріп тиісті жеңістің дәмін татпағаннан кейін, бәріміз де пендеміз ғой, кінә іздей бастадық. Тіпті бір-бірімізден іздей бастадық. Содан іріткі түсіп, өкпе пайда болды. Бәрімен мықты қарым-қатынастамын деп айта алмаймын. О баста бізді қосқан адами достық, туыстық қатынас емес, билікке, саясатқа, мемлекетке деген бір көзқарасымыз болатын.
– Президенттік сайлауда сіз «билік қазақты орыспен қорқыту, орысты қазақпен қорқыту саясатын тоқтату қажет» деген едіңіз...
– Бұл жерде менің сөзім ептеп дұрыс берілмеген. Бұл мәселені 2005-2006 жылдары көтерген едім. Президент қазақтарға бір сөз айтады, басқа ұлттарға келгенде басқа сөз айтады деген мәселе төңірегінде айтқанмын. Қорқыту-үркіту емес. Бәлкім, астарында ондай пиғыл да бар болар. Меніңше, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ ұлтының мәртебесі тиісті деңгейде емес. Отаршылдық уақыттан келе жатқан қазақ халқының басқа ұлттарға қарағанда кенжелеп қалған әлеуметтік, тілдік статусы осы уақытқа дейін тиісті деңгейге көтерілген жоқ. Соның себебінен бізде басқа ұлттың өкілдерінің қазақ ұлттық мемлекеттігін мойынсұнбаушылығы тыйылмай келеді. Шынын айту керек, билік осы мәселені кешенді шешуде әлі күнге тайсақтайды.
– Соңғы кездері саясаткер ретінде белсенділік танытып жүрген Мұхтар Әблязов, түрмеге қамалған Жанболат Мамайдың ісі туралы не айтар едіңіз?
– Біз бұл туралы өз пікірімізді айтқанбыз. Әблязов ұры ма, жоқ па, оны әділетті сот шешуі керек. Бірақ бүгінгі күні Қазақстанда әділетті сот жоқ. Барлық уақытта Әблязовтың қудалауы оның саяси көзқарасына байланысты боп жүрді. «Саясаттан кеттім» деп, банкке барып жұмыс істеген кезде де билік оған сенген емес. Сондай сенімсіздік болғаннан кейін ол басқа әрекеттер жасаған болуы мүмкін. Ал сөз бостандығына байланысты журналистерді қудалау көбейіп барады. Мұның бәрі – авторитарлық жүйенің шегіне жеткенінің белгісі.
– Саясаттан жалыққан жоқсыз ба?
– Әрине, кейде жалығамын. Қашанғы Дон Кихот құсап жел диірмендермен күресе бересің. Шаршайсың. Бірақ партияның жұмысын ақсатпау керек. Белсенділерді сақтап қалу қажет. Партияны жастарға беру мәселесі оңды шешілсе, партия төрағалығына жабысып қалған мен жоқ. Балалар өсті. Немерелер бар. Жай қарапайым адам боп өмір сүруді де армандаймын кейде...
– Балаларыңыздың қызметіне кесіріңіз тиген жоқ па?
– Балаларым ешқашан мемлекеттік қызмет істеген емес. Жеке шаруалары бар.
– Туған ауылыңызға жиі барып тұрасыз ба?
–Жылына екі мәрте барып тұрамын. Той-томалаққа барамыз, өлім-жітімге құран оқытамыз. Мен көпбалалы отбасыдан шықтым. Он ағайындымыз. Бәрі сол ауылда қарапайым тіршілік кешіп жатыр.
– Шыныңызды айтыңызшы, билікте жүргенде соларға бір көмегіңіз тиді ме?
– Әй, тимеді ғой деймін...
– Ашық әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар