1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №48 (16234)   15 маусым, бейсенбі 2017
15 маусым 2017
Қанат ТАСЫБЕК: ҚАЛА ЖАСТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ОЯТУЫМЫЗ КЕРЕК

Қазір қазақ қоғамында өзіндік үні бар азамат, ең бастысы, орыстілді қандастарға қазақ тілін үйрету жолында көп ізденіп, өзіндік әдістеме ойлап тапқан жанашыр Қанат Тасыбеков «Ситуативный казахский» атты еңбегімен жақсы бастама көтерді. Осы еңбектің арқасында қазір қазақтілді ортаға оралып, шаруасын дөңгелетіп жүрген азаматтар аз емес. Бүгін арнайы дайындап отырған «Орыстілді қазақтарға ана тілін үйрену қиын ба?» атты беттің негізгі сұрағын Қанат ағаға қойдық.

– Сіз жастайыңыздан орысша тәрбиеленіп, орыс тілінде білім алдыңыз. Ана тіліңізді қай уақыттан бастап меңгердіңіз?
– Елуден асып кеткен шағымда бастадым. 1959 жылы Целиноградта, отбасымыздағы алтыншы бала болып дүниеге келдім. Алдымдағы ағаларым орыс мектебінде оқыған соң, мен де орысша білім алдым. Сыныпта жалғыз қазақ болдым. Орыс тілі мен әдебиетінен әрқашан «бестік» алатынмын. Әлі есімде, мектепте мұғалімнен рұқсат сұрап, қазақ сыныбына кіріп отырғанмын, бірақ еш нәрсе ұқпайтынмын. Мамандығым бойынша атбегімін, бала кезімнен жылқыға әуестігім ерекше болды. 1994 жылы «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өту үшін Францияға аттандым, ол жақта докторантураға түсіп, 1998 жылы маған байланысты емес себептер бойынша аяқтамай елге оралдым. Келген соң бизнеспен айналыстым, ұзақ жылдар бойына француз компаниясының атқарушы директоры болдым. Жасым біразға келгеннен кейін мен француз тілін ана тілімнен артық білетінімді түсіндім. Осыған өте қатты қысылдым. Бүкіл жұмысымды шетке ысырып қойдым да, қазақ тілін оқуға кірістім. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.
– «Ситуативный казахский» атты кітабыңызды жазуға қандай қажеттілік болды, не нәрсе итермеледі?
– Менің кітабымның діттеген нысанасы – орыстілді қазақтарға, ересек адамдарға қазақ ауызекі тілін үйрету. Орысша сөйлейтін адам орысша ойлайды. Ол өз ойын қазақша жеткізерде қазақ тіліндегі сөз тіркестерін пайдаланғысы келеді, бірақ мағынасын бұзып алып жатады. Менің кітабым сол олқылықтардың орнын толтыруға үлкен септігін тигізеді. «Ситуативный казахский» кітабының І томы 2012 жылы шықты. 2014 жылы ІІ томы шықса, өткен жылдың қазан айында ІІІ томы жарық көрді. Сатылымы әуелгі кезде өте жоғары болды. Алғашында 1000 данамен шыққан болатын. Қазір барлығы 36 мың дана кітабым халыққа тарап үлгерді.
– Енді төртінші томын жазу ойыңызда бар ма?
– «Ер кезегі – үшке дейін» деген бар ғой, әзірге ондай жоспарым жоқ. Әрине, көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылары төртінші кітапты «Бизнес по казахски» деген атпен жазып көр» деген ой айтты. Кітабым жақсы сатылып, кең таралып кеткен соң, қазір мені барлығы жазушы деп таниды. Мен енді қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмын, яғни әдеби көркем туынды жазуға кірісіп кеттім. Оның атауы мен мазмұны әзірге жұмбақ болсын. Бір нәрсені айтып өтейін, мен бұл кітабымды екі тілде жазу ойымда бар, қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданылатын кітап болғалы тұр.
– Жалпы, қазақ тілінің қолданылу аясын тағы да қалай кеңейтуге болады деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, елімізде телеарналарды таза қазақтілді немесе орыстілді деп бөлудің қажеті жоқ. Телеарна бәрімізге ортақ болғаны жөн. Негізгі сүйегі қазақ тілінде болсын, бірақ арасында орысша да бағдарламалар болуы керек. Орысша бағдарламаларда қазақша сөйлейтін адамдарды еш аудармасыз көрсетсін. Түсінгісі келетіндер үйреніп алады. Телеарна Қазақстан халқын бөлмеуге тиіс, керісінше, біріктіруі керек.
– Орыстілді қазақтарға ана тілін үйрену, шынында да, қиын ба?
– Иә, әрине, бастапқыда қиын болады. Себебі орыстілді отбасында тәрбиеленген, орыстілді сыныпта білім алған, орыстілді жандармен араласқан адамға қазақша бірден сөйлеп кету алғашында оңай соқпайды. Қазақ тілі де күрделі тілдердің қатарына жатады, тіл орамдары сан қилы. Қазақша өскен адамға бұл білінбейді, оларға оңай болып көрінеді. Мысалы, өз ана тілімді оқып келе жатқаныма сегіз жылдан асты. Бірақ әлі де болса өз-өзіме көңілім толмайтын кездер болады. Ең бастысы, мен ана тілімді білемін, ана тілімде сөйлей аламын. Ана тілі әрқашан ыстық, жүрекке жылы. Өзін сендіріп, ұмтылған жан үшін ана тілін меңгеріп алу түк те емес. Ал «уақытым жоқ, жұмысым көп» дейтіндер сылтау айтушылар. Сол уақыты жоқтардың ертең-ақ ағылшын тілін меңгеріп алғанын көреміз немесе басқа тілде сайрап жүргенін байқаймыз. Бұл өте өкінішті әрі ұят нәрсе. Ең бірінші, адам айналасындағы адамдарды қоя тұрып, өз-өзінен ұялуы қажет. Олар «мен неге өз ана тілімді білмеймін, неге мен сөйлей алмаймын?» деп ой елегінен өткізуі қажет. Өз-өзін іштей дайындаған адам барлық қиындыққа қарсы тұруға әзір болады.
– Орыстілді қазақтар қазақ тілінсіз де өмір сүре алатынын біледі. Осы мәселеге басқа көзқарас барын, яғни ана тілін білетін қандастарының түсініспеушілігі мен жеккөрінішін тудыратынын біле ме?
– Орыстілді қазақтар біздің арамызда өте көп. Біздің халқымыз ешқашан қызба мінезімен танылмаған. Әрқашан әліптің артын бағып, екі жақты таразылап, дұрыс шешім қабылдай білген халық. Сондықтан біз де орыстілді бауырларымызды «сен қазақша сөйлемейсің, мәңгүртсің, сатқынсың» деп шеттетіп, арамыздан алшақтатудың қажеті жоқ. Біз олай істейтін халық емеспіз. Менің ойымша, біз орыс тілін шектей берудің орнына қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуіміз қажет. Ол үшін жастардың қызығушылығын оятуымыз керек, олардың арасында қазақша сөйлеуді сәнге айналдыруымыз керек. Мысалы, еврейлер ана тілін мүлде ұмытып, қолданыстан шығарып тастаған еді. Араға жылдар салып еврейлер өз Отанына оралып, ана тілдерін қайта жандандырды. Жан-жақтан келген жастар басқа ивритте сөйлеуді сәнге айналдырып, иврит тілін өз дәрежесіне қайта көтерді. Біздің елімізде ана тіліміздің беделі, әрине, биікте, төмендемейді де. Ең бастысы, еліміздің болашағы жастар болғандықтан, қала жас-
тарының қазақша сөйлеуге қызығушылығын оятуымыз керек.
– Орыстілді бауырлар «ана тілін үйренуге қажеттілік жоқ» дегенді жиі айтады және осы сылтауға өздері қатты сенеді. Қажеттілікті өздері тудыруға неге ұмтылмайды?
– Қазір солай бөлініп тұрғандықтан, оларды орыстілді қазақтар деуге тура келеді. Менің ойымша, олар үш топқа бөлінеді. Біріншісі – қазақ тілін жақтаушылар. Олар әрқашан қазақ тілін меңгеруді қолдап, қолпаштап тұрады. Сөйлеп кетуді қалап тұрады. Сондықтан олар тез үйреніп кетеді. Ал екінші топта – бейғам адамдар. Олардың ешкіммен, еш нәрсемен жұмысы жоқ, өздерімен-өздері жүреді. Олар тіпті ана тілінің мәселесі көтеріліп жатқанынан хабарсыз болуы мүмкін. Ал үшінші топтағы адамдар – қарсы шығушылар. Міне, осы азаматтар «қажеттілік жоқ, маған неге қажет екенін дәлелдеп беріңізші» дегенді көп айтады. Бірақ түбінде ондай адамдар өз қателіктерін түсінеді, бірақ кеш болады. Ақыр аяғында өкінбей тұрып осыны тез ұққаны өздеріне жақсы ғой, әрине. Мәселен, біз, қазір араласатын достарыммен, жиналып отыратын жерімізде барлығымыз келісіп алғанбыз. Орысша сөз қоспаймыз, тек қазақша сөйлейміз. Жастайынан орысша тәрбиеленіп, орыс тілінде оқып өскен бір досым бар. Сол досым бірдеңе айтайын десе қазақша жеткізуге қатты қиналады, кейде пора-пора тер болып кетеді. «Жарайды, орысша айта берші» десек: «Жоқ, бәрібір қазақша айтамын», – деп ақыры өз ойын қазақша жеткізеді. Мен мұны не үшін айтып отырмын? Кез келген адам алдына мақсат қойып, соған жетуге тырысуы керек. Ал ана тілін меңгеру – әрбір орыстілді қазақтың міндеті.
– Өз есебіңіз бойынша, соңғы жылдары қанша орыстілді қазақ ана тілін үйренді?
– Аллаға мың шүкір, мен де қазір ана тілімізге көшу жолында еңбек етіп жатқан жандардың бірімін. Кітаптарым да сол мақсатымның бір бөлігі. Ана тілін меңгеріп жатқан жандар қазір өте көп. Тіпті біраз уақыт бұрын «Айтуға оңай» бағдарламасына бір кәріс қызы келді. Орыс тілін біледі екен. Мен оған кітабымды сыйладым, қазақ тілін еркін меңгеруге көмектеседі деп үміттенемін. Осындай жандар көп және мұндай адамдар қазақ бола тұрып қазақша сөйлей алмайтын бауырларымызға үлгі болуы шарт. Біз осындай жандардың алдында ұялуымыз қажет. Ұялу – көп нәрсенің бастауы ғой, негізі.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
2017 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, Қазақстандағы халық саны – 17 975 800 адам. Әлемде Қазақстан бұл көрсеткіште 63-орында тұр.
Қазақ тілін ел халқының 74%-ы түсінеді. Қазақ тілінде жазып, оқи алатындар – 62%, тек оқи алатындар – 2,9%.
Орыс тілін еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің 94,4%-ы бұл тілді түсінеді. 84,8%-ы орыс тілінде еркін оқып, жаза алатын болса, 3,4%-ы тек қана оқи алады.
Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші мынадай: орыстар – 25,3%, украиндар – 21,5%, белорустар – 19%, поляктар – 20,9%, немістер – 24,7%.
Қазақ тілінде еркін оқып, жаза алатындар: 6,3% – орыстар, 5,2% – украиндар, 4,8% – белорустар, 6,6% – поляктар, 7,9% – немістер.
Ана тілін еркін түсінетін қазақтар – 98,4%, өзбектер – 95,5%, ұйғырлар – 93,7%, қырғыздар – 92,7%. Қазақтардың өз ішінде қазақ тілінде оқып, жаза алатындар – 93,2%. Славян ұлттары мен неміс ұлтының 99%-ы орыс тілін еркін түсінсе, орыс тілінде оқып әрі жаза алатындар – 97 %.
(Статистика комитетінің мәліметтері бойынша)

Сұхбаттасқандар Ақберен АМАНГЕЛДІ, Едіге ӘЛШЕН ХҚТУ студенттері

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті