1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Шешенстандағы қираған халыққа қол ұшын созған біздің ағайындар. Грозныйдың төріндегі көпқабатты зәулім үйдің құрылысына қаржыны да берген қазақтар. Сол үшін де Рамзан Қадыровтың қолынан алғас алған Иманғали Тасмағанбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышев. Дәл сол марапаттау кезінде ақкөңіл, дархан қазақ жігіті шешенстанның «Терек» футбол клубына автобус, өзінің астында мініп жүрген ұшағын сыйлап және Грозныйдағы аурухананың құрылысын толық көтеретінін айта кетті. Бұл қайдан тасыған байлық, қай көңілден кеткен кеңшілік екенін біле алмадық.
Автор: alaman.kz, 19.06.2010 ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш 1 қаңтар, бейсенбі 1970
14 қыркүйек 2017
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ, экс-министр: Қазір мемлекет мүддесі үшін күресетіндер азайып кетті

Әрине, Жақсыбек Құлекеевтің саясат сахнасынан кеткеніне біраз жылдың жүзі болды. Мұнай, газ саласында жақсы бір қызметте екен деп еститінбіз. Көптің арасында көрінбей кетсе де, ел Құлекеевті жаңашыл, реформашыл министр ретінде әлі күнге жақсы таниды. Дегенмен де Жақсыбек Құлекеев еліміздің білім және ғылым, экономика және сауда саласына жетекшілік жасаған жылдары қандай тірліктерімен елдің есінде қалды? Қазір қайда жүр? Немен айналысады?  Міне, біздің Жақсыбек Құлекеевпен ашық әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.

– Жақсыбек Әбдірахметұлы, ел ішінде өзіңіз жайлы әңгіме бола қалса, ең алдымен ҰБТ-ны айтар еді. Иә, емтиханның бұл түрі сіз білім және ғылым министрі болып тұрған кезде алғаш рет жүйемізге енді. Бұл турасында талай рет сын да айтылды. Әрине, пайдалы жағы да бар. Дегенмен де білім саласындағы бұл реформа неден басталды?
– ҰБТ – шынында, мен білім және ғылым министрі болған кезде қабылданған шешім. ҰБТ-ны жұрттар «тест» деп те қабылдайды. Біз бұл шешімді қабылдаған кезде Қазақстанда тестінің тәжірибеге енгеніне біраз жыл болған еді. Емтихан алудың бұл үлгісін талапкерлер арасында жемқорлықты жою үшін алғаш рет білім және ғылым министрі болып қызмет атқарған кезінде В.С.Школьник енгізген. Ол заман талабынан туындаған шешім еді. Сондықтан біз бұл жұмысты бастаған кезде ұлттық тестінің алғашқы нышандары, материалдық-техникалық негізі қалыптасып үлгерген болатын. Ал ҰБТ-ның бұрынғы жүйеден айырмашылығы – мектепті бітірген кезде тапсыратын емтихан мен жоғары оқу орнына түсу емтиханын біріктіргендігінде еді. Бұл дүниежүзінің көптеген елінде қалыптасқан озық тәжірибеге сәйкес келетін шешім. Екі емтиханды бір жүйеге біріктіргендегі логика қандай? Балаларымызды мектепке 11 жыл бойы оқытып, тәрбиелеуге береміз. Ата заң бойынша мектеп деңгейіндегі білім алу толық мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан мемлекет оқу орындарының қаншалықты тиімді жұмыс атқарып отырғанын бақылауға мүдделі. Оны ұйымдастырудың бірден-бір жолы – білім сапасын бақылаудың сырттай немесе тәуелсіз жүйесін қалыптастыру. ҰБТ – осы талапқа сәйкес келетін жүйе. Яғни ҰБТ-ның ең басты атқаратын рөлі – сырттай бақылау. Бұл жүйенің екінші ұтымды жағы бар. Мәселен, ҰБТ мектеп бітірушілердің соңғы емтиханы болғандықтан, біздің Ата заңымызға сәйкес, осы шараны ұйымдастыруға қажет шығындарды мемлекет есебінен қаржыландыруға болады және ол мектеп бітірушілердің барлығының мемлекет есебінен сынақтан өтіп, жоғары оқу орнына түсуіне толық жағдай туғызатын жүйе. Демек, бұл жүйе жастардың барлығына бірдей жағдай жасап, қоғамда әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретіні анық.
ҰБТ – білім саласын ұтымды басқаруға себебін тигізетін бірден-бір таптырмас жүйе. Қазақстанның аумағы үлкен және әр өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуында да ерекшеліктер мол. Соның салдарынан мектептердің материалдық-техникалық базасы, кадрлармен қамтылуы әр деңгейде екені белгілі. Осы жағдай әр өңірде білім беру жүйесінің әртүрлі деңгейде қызмет атқаруына өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ оны байқау оңай емес. ҰБТ-ның атқаратын тағы бір үлкен рөлі – ол әр өңірдің білім саласының қаншалықты тиімді жұмыс атқарып отырғанын салыстыруға мүмкіндік беретіндігінде. Жасыратыны жоқ, білім жағынан Астана мен Алматының оқушылары үнемі алдыңғы қатарда еді, ал өңірлер ішінде Павлодар, ШҚО бұл жағынан жақсы аталып жүрді. Бұл өңірлерде көп жылдан бері орта білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінген. Оның себебі де жоқ емес. Кеңес дәуірі кезінде елде жаппай орыстандыру саясаты жүргені белгілі. Осы саясатқа сәйкес, Қазақстанда қандай да бір жаңа үлгідегі мектеп салынатын болса, оның іргетасы көбінесе орыстар көп шоғырланған жерден қаланған, ал қазақ мектептерінің материалдық-техникалық базасы төмен күйде қала берген. Жұрт баласын мектепке берер кезде, әрине, ғимараттың сырт көрінісіне қарайды. Мына жерде қазақ мектебі мыжырайып тұр, ар жағында орыс мектебі жарқырап тұр. Қайсысына береді? Осындай саясаттың арқасында қазақтың балалары орысша оқи бастады. Кей ауылдарда қазақ ұлты басым болса да, ана тілінде балаларын оқыта алмайтындай жағдайда болғаны белгілі. Ал кеңес дәуірі кезінде орыс ұлтының өкілдері көбінесе Ресеймен шекаралас облыстарда, орталық Қазақстанда шоғырланғаны белгілі, сондықтан ең жақсы мектептер де ШҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар облыстарында салынды. Бұл осы өңірлерде білім жүйесінің жақсы деңгейде қалыптасуына себепкер болғаны рас.
Сол кеңес заманынан біздің оңтүстік, батыс өлкелерімізде қазақ ұлтының саны басым болғанын жақсы білеміз, сондықтан осы өңірлердегі мектептердің материалдық-техникалық базалары орташа күйде болды. Соның салдарынан оқушылардың білімдері де орта деңгейде қалып отырды. Алғашқы ҰБТ-ны ұйымдастырған кезде осы ерекшеліктер бірден белгілі болды. Әсіресе Атырау, Маңғыстау облыстарының білім беру жүйесінде үлкен кемшіліктер бар екені байқалды. Осы жағдайларды байқаған облыс басшылары білім жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөле бастады. Жасыратыны жоқ, бұл сол кездегі облыс басшыларының намысына да тиген еді. «Қазақстандағы ең бай облыспыз деп жүрсек, біліміміз төмен екен ғой» деп, тез арада Атырау, Маңғыстау облыстарында көптеген жаңа үлгідегі мектептер салуды қолға алды. Мұнай, газ саласында жүрген компаниялардың барлығына өтініш жасап, бәрі бір-бір жаңа ғимарат тарту етті. Жақсы мұғалімдер келе бастады. Осылайша екі өңірдің білім көрсеткіші көтерілді. Қай әкім өзі басқарып отырған облыстың төменгі орында болғанын қаласын?! Міне, ҰБТ осыған да түрткі болды.
Айтайын деп отырғаным, ҰБТ мектептердегі балалардың білімін біркелкі өлшеуішпен салыстыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде қай облыс математикадан алда, қай облыс қазақ тілі, әдебиетінен жақсы білім береді, осыны сараптауға қол жеткізуге болады. Облыстың ішінде аудандар арасындағы жағдайларды салыстыруға болады, одан әрі аудан көлемінде жеке мектептердің жетістіктерін де салыстыруға болады. Демек, ҰБТ-ның мәліметтерін дұрыстап зерттесе, білім жүйесін басқаруға қажет бар ақпартатты алуға болады.
Әрине, ҰБТ менің ойлап тапқан жүйем емес. Бұл – дүниежүзінде кең орын алған тәжірибе. Мысалы, Англияда жоғары сынып оқушылары бірнеше жыл бойы әр тоқсан сайын арнайы орталыққа барып тест тапсырады. Олар жоғары оқу орнына осы сынақтардың нәтижесінде қабылданады. Оларда сынақтың басым бөлігі жазбаша түрде жүргізіліп, бүкіл мемлекет бойынша бір орталықта тексеріледі. Ол емтиханның қорытындысы 4-5 айдан соң шығады, бірақ бұл қоғамда еш күдік туғызбайды. Себебі бұл процеске ешкім араласпайды. Енді қараңыз, Қазақстанда жазбаша емтихан алатын болсақ, коррупция деген тіптен жайнап кетер еді. Ықпалды адамдар телефон шалады, адам салады. Төрт ай түгіл, үш күннің ішінде емтиханда жазылған дүниені үш мәрте көшіртіп, қайтадан жаздыртуға құдіреті жететіндер бар. Біз шетелдегі сол жағдайға жете алмай отырмыз. Ол – тест жүйесінің нашарлығынан емес, қоғамның осы жүйеге дайын болмауынан туындап отырған проблема. Сондықтан біз әзірше жазбаша тест енгізе алмай отырмыз.

– Биылғы ҰБТ-да грант мәселесі біраз дау болды. Мұның себебін айта аласыз ба?
– Мен бұл жағдайды жақсы білемін деп айта алмаймын, себебі менің қазіргі қызметім басқа. Бірақ БАҚ-тан оқып, байқағаным, биыл 5000-ға жуық оқушы «Алтын белгіге» қол жеткізіпті. Бұл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары екен. Тіпті кейбір мектептерде балалардың 90 пайызы «Алтын белгіге» ие болған. Әрине, бұған қуануға болар еді, бірақ олардың біразы тест тапсырғанда төмен балл алған. Сонда бұл қалай болғаны? Мұның негізгі себебі қалыптасқан дәстүрді өзгертіп, мектептердің өзіне билікті бергеннен туындаған секілді. Жасыратыны жоқ, ҰБТ енгенге дейінгі жағдайға қайта келдік. Мен қазіргі жағдайды сынайын деп отырғаным жоқ. Оны ел дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Бірақ нақты жағдай осылай...

– ҰБТ-ға байланысты сын айтатындар бұл сынақ баланың тілдік қорын кемітетінін, терминдермен ғана сөйлейтінін алға тартады. Биылғы тестіні өзгертуге де осындай жайттар өз әсерін тигізді ғой деймін...
– Жалпы, оның да негізі болуы мүмкін. Бірақ мектеп бағдарламасын ешкім ауыстырып жатқан жоқ қой. Мектеп бағдарламасында тілді дамыту бар, ол мұғалімнің жұмысы емес пе? Мұғалімдерге соңғы сыныптарда сабақтың бәрін тоқтатып, балаларды тек қана тестіге дайында деп жатқан ешкім жоқ. Балаларды бағдарламаға сәйкес оқытып, жатық сөйлеп, жақсы жазуға үйрету мұғалімдердің міндеті.
Соңғы жылдары Қазақстандағы мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып жатыр. Бірақ мұғалімдердің жалақысы төменгі деңгейде қалып отыр. Соның салдарынан білім саласына білікті, жақсы мұғалімдер тарту проблемаға айналуда. Біз кейбір мемлекеттердің экономикалық жетістіктеріне қызыға қараймыз. Мысалы, Оңтүстік Кореяны алайық. Біз қазір сол Кореядан шығатын көліктерді әкеп, құрастырып жатырмыз. Олардың ұялы телефондарын біздің елде екінің бірі қолдарына ұстап жүр. 51 миллион халқы бар кішкентай ғана ел бола тұрып, олар 1,5 трлн доллар жалпы ішкі өнімін шығарады. Бұл біздің экономикалық көрсеткішімізден 10 есе көп. Әрине, бұл бізді қызықтырады. Ал осы мемлекеттің тарихына үңілсең, онда олардың Екінші дүниежүзілік соғыстан әлсіреп әрең шыққанын, тақыр кедей, табиғи байлықтан жұрдай ел болғанын байқаймыз. Солар бүгінгі күнге жету үшін не істеді? Олар тіпті кедей болғандықтан, мемлекеттің есебінен балаларды тегін оқытуға жағдай болмаған. Сондықтан кешегі күнге дейін ата-аналар тапқан табыстарының басым бөлігін балаларға тәрбие, білім беруге жұмсап отырған. Соған қарамастан, бұл елде ең жоғары жалақыны мұғалімдер алады. Мысалы, олар жалақысының жоғарылығы бойынша дүниежүзінде алғашқы 3-4 орынды иеленеді. Бұл салада жалақы өте жоғары болғаннан кейін мектепті жақсы бағаға бітірген балалар педагогикалық мамандықтарды таңдайды. Институтты үздік бітіргендері магистратураға түседі. Солардың арасынан интернатурада болып, қабілеті бар екенін арнайы комиссия алдында дәлелдей білген азаматтар ғана мектепте жұмыс істеуге қол жеткізеді. Біз қазір жоғары оқу орындарына PhD атағы бар ғалымдарды таба алмай жатырмыз. Ал Кореяда мұндай атағы бар ғалымдар мектептерге барып жұмыс істеуді үлкен мәртебе санайды және олардың үлес салмағы жыл сайын өсіп келеді. Білімді де білікті азаматтар дайындау арқылы Корея алға шығып отыр. Бізге осы тәжірибені жан-жақты зерттеу қажет секілді.
Ал Қазақстанда жаңа үлгідегі мектептер салуға мемлекет өте жақсы көңіл бөлуде. Бұл құптарлық жағдай. Бірақ мұғалімдер айлығының төмен болуы білім саласының қарқынды дамуына тұсау бола бастады. Сондықтан біздің елде мұғалімдердің де жағдайын жақсартуға көңіл бөлетін кез жеткен секілді. Біздің мектептерде әлі де институтты сырттай оқып бітірген, дайындығы төмен мұғалімдер көп. Сырттай оқыту жүйесі кешегі кеңес заманында революциядан соң, кадрлар тапшылығын тез арада жою үшін уақытша енгізілген жүйе болатын. Ол қазіргі заман талабына сай емес, сондықтан осы ескі жүйеден құтылатын уақыт жеткенін де ұмытпау керек. Әрине, уақыт бәрін өзі ретке келтіреді, дегенмен балаларды құртып жатқан тест емес, білікті мамандардың тапшылығы дер едім.

– Айтпақшы, соңғы кездері балаларға арнап танымдық кітаптар шығарып жүргеніңізді байқап қалдық...
– Иә, балаларға арнап әртүрлі тақырыпта танымдық кітаптар шығарып жүргенім рас. Оның себебі соңғы кезде балалар күнделікті өмірде естіп жүрген сөздердің мағынасын түсінуден қалып барады. Мысалы, «мақат» деген сөзді естіп жүрсің, ол не екенін білесің бе?

– Білмейді екенмін...
– Мақат деп аюдың аталығын айтады. Ұрғашысын – кірекей, баласын қонжық дейді. Жалпы, біздің қазақта кез келген жануардың аталығы мен аналығын, сосын төлін бөлек-бөлек атайды. Тіліміздің байлығының өзі осында емес пе? Сосын біздің ата мәдениетімізде ұл балаларға батыр, қайратты болсын деп жыртқыш аңдар мен жыртқыш құстардың атауын қойған. Қаршыға, Бүркіт, Мақат, Қабылан, Арлан, Бөлтірік, Арыстан, Жолбарыс деген сияқты атаулар соның айғағы. Осы аттарды жиі естісек те, кейбірінің мағынасын түсінуден қалып барамыз. Осы жағдайларды ескере отырып, балаларға тартымды болатындай етіп «Жануарлар», «Құстар», «Жәндіктер», «Балықтар», «Менің денем», «Туыстар» атты т.б. кітапшаларды шығардым. Олар оқырмандардың көңілінен шығуда.
Енді қазір «Жүз маңызды сөз», «Жүз құралдың атауы», «Жүз жануардың атауы» секілді 5-6 кітапшаны шығаруға дайындап жатырмын. Осы тұрғыда тағы бір айта кететін үлкен мәселе – ол біздің азаматтардың құлағына жат, бар сөзге балама іздеп, орынсыз терминдер қалыптастыруға әуестеніп жүргені. Мысалы, бәрімізге таныс жираф деген жануарды «керік» деп аударған. Ал біздің тіл мәдениетімізде жылқының 40-тан астам атауы бар. Жылқының алыс жолға шыдамды, аяғы ұзын, шоқтығы биік тұқымын керік деп те атайды. Демек, бұл сөзді айналымға енгізгісі келетін азамат жирафты жылқытұқымдас деп санайтын болуы керек. Ал, шындығына келгенде, жираф – ашатұяқты, шағын мүйізі бар жануар. Олай болса жирафты керік деп атауға қандай ғылыми негіз бар? Сол секілді гипопотамды сусиыр, ал крокодилді қолтырауын деп атауға да еш ғылыми негіз жоқ. Осы секілді атауларды көргенде тілдің болашағы не болады деп ойға қаламын. Бұл ғылымда қалыптасқан категорияларды дамыту үрдісіне қайшы келетін орынсыз құбылыс. Осыны реттейтін кез келген секілді.

– Сіз, негізі, математиксіз. Ендеше, тіл және тарихпен айналысуға не түрткі болды? Әлде білім министрлігіндегі қызметіңізден кейін бұл салаға деген қызығушылығыңыз оянды ма?
– Меніңше, қазақ тілінің тағдыры, болашағы қалай болады деген мәселе еліміздегі саналы азаматтың бәрін ойландырады. Тіліміз жоғарыда аталған бағытта дамитын болса, онда біздің ана тіліміз еш уақытта ғылымның, техниканың және үлкен мәдениеттің тілі бола алмайды. Орынсыз балама сөздерді пайдаланудың арқасында қазір қазақ тілі өзінің нақтылығынан айырылып, түсініксіз тілге айналып барады. Әрине, қарапайым тіршілікте жобалап, ымдап ойды жеткізуге болатын шығар, бірақ ғылым саласында нақтылық қажет. Біз Мұхтар Әуезов өз романында 150 мың сөз, Шекспир 15 мың сөз ғана пайдаланыпты деп мақтанышпен айтамыз. Бұл көңілге демеу болатын жақсы жағдай, бірақ бұл ағылшын тілінің сорлылығын дәлелдемейді. Қазір ағылшын тілі бүкіл дүниежүзінің ортақ тіліне айналып отыр. Себебі осыдан 500 жылдай бұрын ағылшындар өз тілдерін бір стандартқа келтіріп, қолданысқа ыңғайлаған. Бізге де осындай жүйелі жұмыстар атқарып, тілді заман талабына бейімдеу керек. Ол үшін ғылыми категориялық аппараттардың қалыптасу жолын реттеп, тілді бір стандартқа келтіруге тырысу керек. Тіл ғылым тілі болу үшін тұспалдап сөйлеуді қою керек. Сосын бүкіл дүниежүзі халқы пайдаланатын белгілі саясат пен экономика, ғылым мен техника саласында айналымда жүрген халықаралық терминдерді сол қалпында өзгертпей, ана тілімізге бейімдеп, кең көлемде пайдалануға жол ашу керек. Сонымен қатар ғылым мен техниканың дамыған заманында санамызға орныға бастаған ғылыми категорияларды орнымен, ұқыпты пайдалануды жолға қойғанымыз жөн. Сонда ғана біз ана тілімізді заманның қатаң талаптарына бейімдейміз.
Біз аз халық болғаннан кейін басқа елдің мәдениеті бізді басып бара жатыр. Жастар интернетті ақтарғанда нақты ақпаратты орыс, ағылшын тілдерінен табады. Аэропортқа барсаң, есіктерге «өзіңнен ары», «өзіңе қарай» деп жазып қойған. Орысшадан тікелей аударып не керек, қысқаша «итер», «тарт» деп жаза салса болды емес пе? «Итер» мен «тартты» қазақ шатастырмайды.
Тағы бір мәселе – қазір кітап дүкендеріне баратын болсаңыз, жақсы өрнектелген қазақша ертегі кітаптар өте аз. Әрине, басқа тілдерден аударылған ертегілер жетерлік. Өкінішке қарай, біздің халық ертегілері көркемделіп әлі баспадан шықпай жатыр, сондықтан балаларымыз басқа халықтардың жақсы өрнектелген ертегі кітаптарын көбірек оқиды. Осы жағдайды да естен шығармаған жөн. Егер біздің балаларымыз өз халқымыздың ертегілерімен сусындап өспесе, онда олар қалай қазақ болады?!. Біздегі негізгі проблемалар – ол осы уақытқа дейін біздің ертегілеріміздегі негізгі кейіпкерлеріміздің бейнелері мен образдарының қалыптаспауы. Дәл осындай жағдай орыс халқында да болған, бірақ осыдан 100 жылдай бұрын орыс халқының атақты суретшісі Виктор Михайлович Васнецов орыс халқының ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің образдарын суретке салып кеткен. Сол азаматтың арқасында орыстың киім үлгісі, ою-өрнегі, «Три богатыря», «Аленушка», «Иванушка дурачок», «Избушка на курьих ножках», «Иван Царьевич» секілді ертегілерінің кейіпкерлері халыққа кеңінен танымал болды. Одан кейін Ресейдің жоғары өнер оқу орындарында кітаптарды суретпен безендіруді оқытатын арнайы факультеттер ашылып, көптеген мамандар балаларға арналған кітаптарды безендіруге даярланған. Ал бізде бұл салада әлі де жақсы мамандар жетіспейді. Қазақ суретшілерінің ішінен біздің ертегілеріміздегі кейіпкерлердің образын шығарған әлі ешкім жоқ, сондықтан бұл жағдай көп нәрсеге тосқауыл болып отыр. Осы мәселені де мемлекеттік тапсырыспен іске асырса, онда жаңа үлгідегі көптеген кітаптар шығар еді.
Тағы бір мәселе – қазақтың кейбір ертегілерінің тәрбиелік мәні жоқтың қасы. Сосын көп ертегілер кеңес заманында қайта өңделіп, таптық күреске бейімделіп жазылды. Соның салдарынан байларды ақымақ қылып, кедейлерді ақылды етіп көрсету кең жолға қойылды. Байларды алдап, дүниесін алған дұрыс, оларға қызмет етпеу керек деген ұғымды балалардың санасына сіңіруге тырыстық. Соның бірі – Алдаркөсе. Жыртық шапанымен айдалада кездескен байды «Жел шапанымның мына тесігінен кіріп, мына тесігінен шығып кетеді» деп алдап кетеді. Ал осы Алдаркөсе қазіргі заманның талабына сай келе ме? Келмейді. Қазір байларды алдай аласың ба? Байларды ақымақ, кедейлерді ақылды деп жастарды тәрбиелей берсек, оның соңы жақсы болмасы анық. Сондықтан қазіргі заманда біздің балалар не оқиды, не оқу керек, қалай тәрбиелейміз деген мәселе ең басты назарда тұруы керек. Осы тұрғыда арнайы зерттеулер жүргізіліп, жаңа заман талабына сай кітаптар, мультфильмдер мемлекет тапсырысымен дайындалуы тиіс.

– Білім министрлігінен кейін экономика саласына да басшылық жасадыңыз. Қандай реформаларды қолға алдыңыз? Қандай шаруалар бітпей, аяқсыз қалды?
– Мен экономика министрі боп тағайындалған 1999 жылы еліміздің экономикалық жағдайы өте қиын болатын. Сол жылдары Оңтүстік Азияда болған қаржылық дағдарыс біздің елдің экономикасына да қатты әсер етті. Бюджет тапшылығы орын алып, әлеуметтік шығындар күрт қысқартылды. Соның салдарынан халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп, сатып алу қабілеті азайды. Елімізде жалпы тауарлар мен қызмет түрлеріне деген сұраныс азайып, экономика шеңбері өзінен-өзі қысыла берді. Сондықтан экономика министрі бола салысымен ішкі сұранысты көтеруге күш салдым. Бірінші импорт алмасу деген саясатты бастадық, бірақ біз осы саясатты алға тартатын болсақ, шетелдік компаниялар қазақстандық өнімнің сапасы нашар дегенді сылтауды ту етіп ұстайтынын естен шығармадық. Сондықтан қысқа мерзім ішінде «Сапа» бағдарламасын дайындап, осы бағдарлама шеңберінде басты кәсіпорынға сапа менджменті дегенді енгізуді жолға қойдық. Ол үшін барлық өңірді аралап, кәсіпорын басшыларымен кездесіп, арнайы семинарлар ұйымдастырдық. Бұл жұмысқа дүниежүзінің белгілі компанияларын да қатыстырдық. Жарты жылға жетер-жетпес уақытта сапа менеджментін кіргіздім деген сертификат алған отандық алғашқы компаниялар пайда бола бастады. Осындай жұмыстың арқасында шетелдік компаниялар біздің ішкі нарықта дайындалған өнімдерді сатып алуға бет бұра бастады. Біз үшін бұл көңілге үміт ұялатқан жетістіктер еді.

– Дегенмен де ол кез өте қиын жылдар еді ғой...
– Халықтың да сұранысын көтеру қажет болды. Қазір экономиканың мүмкіндіктері зор ғой. Ол жылдары қаржы тапшылығынан кейбір әлеуметтік шығындардың бәрін жауып тастадық. Жәрдемақы, зейнетақыдан жиналған қарыздар бар – бәрі алқымнан алып тұрды. Үкімет басшысы Қасымжомарт Тоқаевқа және үкіметтің басқа да басшыларына «Қазір қордаланған қарыздар бар. Халыққа сол қарыздарды берейік. Бүгін зейнетақыны беретін болсақ, олар сол ақшаға коммуналдық қызметтердің ақысын төлейді және басқа да азық-түліктер алады, яғни олардың шығындарының 99 пайызы Қазақстанда қалады» деп айтып отырдым. Сосын бюджеттен кеткен 1 теңге жалпы экономикаға 4 теңге үлес алып келетінін, соның салдарынан қазынаға түсетін салықтың ұлғаятынын дәлелдеумен болдым. Ішкі экономиканы қолдаудың бірден-бір жолы осы халықтың сұранысын арттыру екенін алға тарттым. Содан көп ұзамай қарыздарды төлей бастадық. Соның нәтижесінде 1999 жылы күзге қарай еліміздің экономикасы еңсесін тіктей бастады.
Сол жылдары кедейшілікпен күрес деген бағдарламаны қабылдадық. Сол бағдарлама шеңберінде шағын несие беру, шағын бизнесті қолдау басталды. Мұндай шешімдер де сұраныстың өсіп, ел экономикасының тез өсуіне жол ашты.
Нарықтық экономиканың жоспарлау жүйесін қалыптастыруда да біршама жұмыстар атқарылды. Өздеріңізге мәлім, 1997 жылы елбасының көреген саясатының арқасында «Қазақстан-2030» бағдарламасы қабылданды. Бұл болашақ бағытымызды айқындайтын стратегиялық құжат, бірақ оны іске асырудың еш кепілдері әлі дайын емес еді. Сондықтан мен осы кемшілікті жою үшін нарықтық экономикаға бейімделген жоспарлау жүйесінің жаңа үлгісін енгізуді жолға қойдым. Ол тек бір жылдық жоспарды басшылыққа алып жүрген кез. Үкімет жиынында «Бір жылдық жоспармен жұмыс істейтін болсақ, 2030 жылға дейін не істейтінімізді қайдан білеміз? Сондықтан 2030 жылға дейінгі кезеңді әртүрлі жоспарлармен толтыруымыз керек» деген ұсыныс көтердім. «Олар нарықтық қатынастарға негізделген жоспарлар болуы тиіс» дедім. Ал менің оппоненттерім «Сен қайтадан социализмді орнатайын деп жатырсың ба? Жоспар деген не пәле?» деп қарсы болды. Бірақ менің негізгі аргументтерім басым түсіп, кезең-кезеңге бағытталған 3, 5, 10 жылдық жоспарлар жасау қолға алынды. Бір жылдан үш жылдық бюджетке көштік. Сосын ол кезде ортақ мәселені ашық талқылап, өз пікірімізді шама жеткенше дәлелдеп, жиындарда бір-бірімізге қатты сөз айтуға дейін баратынбыз. Бірақ жиналыс біткен соң болған жайды адами қатынаспен шатастырмауға тырысатын едік, себебі бәріміздің мүддеміз ортақ, түпкі мақсатымыз бір – ол мемлекеттің болашағы болатын. Қазір өз пікірін ортаға салып, мемлекет мүддесі үшін күресетін азаматтар азайып кеткен сияқты. Мүмкін, мен қателесетін шығармын.
– Жақсыбек аға, сіз «Қазақстан темір жолы» мекемесіне жетекшілік еткен жылдары басыңызға қиын іс түсіп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықтыңыз...
– Иә, бұл жағдай әбден жазылды. Оқиға 2008 жылы 1 сәуір күні орын алды ғой. Болар нәрсе болды, оны қайталап айтып, еске ала бергеннен өткенді өзгерте алмаймыз. Сондықтан болашақты ойлаған жөн деп ойлаймын.
– Айтпақшы, қазір қайдасыз? Не жұмыс істейсіз?
– «Қазмұнайгаздың» ғылыми зерттеу институтында газ, мұнай саласын зерттеу бойынша жұмыс істеймін.
– Ашық әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
Мағжан | 16 қыркүйек 2017 20:32
Қазақтың еркек, ер жігіттерінің жұрнағы ғой, аман болсын!
Альберт | 23 қыркүйек 2017 09:58
Жәкең елімжан азамат. Сөзінің бәрі дұрыс. С.Сейфуллин 1928 жылы "Кі рме сөздерден қорықпай пайдалану керек. Кейін өз сөзімізге айналып кетеді" деген еді. Елімізде жbраф крокодил болмаған оны қазақшалаудың қажеті жоқ . Халықаралық аты қалуы керек. Алдымен ұмыт болған сөздерімізді түгендеп қолданысқ енгізіп алайық.
Жомарт Қумарбекулы | 13 қазан 2017 17:50
Өте білімді, қазақ тілінің жілік майын шаққан, терең ойлары бар мықты азаматсыз Жаке!
Жуықта телеканалда берген суқпатыңыз өте унады. Балаларға арнап шығарған кітаптарыңызда терең мән мағана бар.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар