1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16261)   21 қыркүйек, бейсенбі 2017
21 қыркүйек 2017
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Қасиетті жерлерді халықтың өзі анықтайды

Соңғы кездері қасиетті орындарды анықтау, киелі жерлердің бірыңғай желісін құру жұмысы қызу жүріп жатыр. Арнайы карта жасалуда. Бұл қандай жоба? Ерекшелігі неде? Болашағы қандай? Міне, Қасиетті Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлымен ашық әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстандағы киелі жерлер картасының жасалып жатқаны ел өміріндегі үлкен жаңалықтың бірі болғаны анық. Бұл мәселені ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ел қызу талқылауда. Шынында, киелі жерлерді қалай анықтаймыз? Сосын «киелі» деген бағаны, атауды кім береді?
– Жалпы алғанда, қазақ үшін жер – ең қасиетті ұғым. Әрбір тасын, әрбір бұлағын, әрбір қыр-сайын қасиетті, киелі санайды. Яғни халқымыздың жерге, табиғатқа деген көзқарасы, ықыласы ерекше. Шаруашылығын да табиғатпен үйлесімді түрде жүргізген ғой. Осыдан барып туған жерге тағзым ету деген дәстүр қалыптасқан. Сонау бағзы заманнан ата-бабаларымыз киелі жерлерге тағзым етіп келді. Түркі, сақ дәуірлерінен жеткен аңыз-әпсаналар, тіпті тасқа қашап кеткен таңбалар да осы дәстүрді айғақтайды.
Енді қазір қазақтың тарихынан елеулі орын алатын киелі жерлердің тізімін жасап жатырмыз. Бұл, бір жағынан, өте қызықты жұмыс. Және алғаш рет қолға алынуда. Шынында, киелі жерлерді қалай анықтаймыз? Ол жердің киелі, қасиетті екенін қайдан білеміз? Бұл сұрақ бізді де ойландырған. Негізі, әрбір ауыл-аймақ өз өңірлеріндегі қасиетті жерлерді жақсы біледі. Тас, үңгір, тау, көл дегендей... Ғылыми жағынан ешқандай қызығушылық туғызбайтын жерлер болуы мүмкін. Бірақ жергілікті халық тағзым, зиярат етеді. Оның кезінде зерттелгені бар, елеусіз күйінде қалғаны бар. Міне, осындай жерлерді тізімге алып, республика бойынша жалпыұлттық деңгейдегі бір ортақ карта жасауды тұңғыш рет қолға алып жатырмыз. Ол тізімді ғалымдармен, өлкетанушы, ақсақалдармен ақылдасып жасаудамыз.
Бірден айту керек, бұл таза ғылыми жоба емес. Тек ғылыммен ғана шектелмейді. Тарихшы, географ, әдебиетшілер өздерінің ұсыныстарын берді. Яғни киелі жерлерді ең алдымен халықтың өзі анықтайды. Не үшін халық ол жерге тағзым етіп, ғибадат етеді, осылар ескеріледі. Әрине, ғылыми жағынан ғалымдардың да өз айтарлары бар. Сосын бұл жобаның басты мақсаты туризмді ғана дамыту емес. Осыны шатастырып алмайық. Басты мақсатымыз – Қазақстанның рухани құндылықтарын насихаттау. Қазақтың киелі жерлерінің географиясы деген кейін айтылды. Яғни киелі жерлерді көрсете отырып құндылықтарды насихаттау.

– Елімізде табиғаты әсем жерлер өте көп қой. Бұлар да тізімге ене ме?
– Жоқ, біз жердің әдемі, көркемдігіне емес, рухани құндылығына байланысты іріктейміз. Көп адамдар бұл жобаны туризм, география деп түсінеді. Егер белгілі ғұрыптық аңыздарға байланысты айтылатын жерлер болса, міндетті түрде тізімге кіреді. Мысалға, бізге түскен ұсыныстар бойынша Алтайға, Берелге барып, жұртпен кездестік. Әрине, Алтай – үлкен ландшафт, түркі жұртының алтын бесігі. Біз оның Мұзтау деген тауын алдық. Бұл жерге халықтың бұрыннан өз сенім-нанымы бар. Алматы облысындағы Хан Тәңірі тауы да тізімге еніп жатыр.

– Ол біздің аумақта ма екен?
– Иә, Хан Тәңірі шыңы тура шекара сызығында тұр ғой. Таудың бір бөлігі біздің аумақта. Сондай-ақ Шарын шатқалдары, Ұлытаудың Ақмешіт, Әулиетау шыңы кіріп отыр. Түрлі аңыздарға байланысты Бурабай, Оқжетпес, Абылай ханның алаңын бір кешен ретінде қарастырып отырмыз. Баянауылда, Абай ауданында Қоңыр әулие деген үңгірлер бар. Қаратау өз баурайындағы ескерткіштер арқылы енді. Жалпы, әлемде қасиетті жерлерге деген екі түрлі көзқарас бар: ландшафтық және объектілік. Біз бұл жерде көбінесе объектілік түрде қарастырып отырдық.

– Қазақ ұлтының қаншама асылдарының сүйектері басқа елдерде қалып кетті. Бұл туралы не айтуға болады?
– Иә, әл-Фараби, Әйтеке би, Төле би, Құрманғазы сияқты бабаларымыздың сүйектері басқа елдің аумағында жатыр. Бұл мәселе де айтылған. Болашақта бұл туралы бөлек жоба басталады деп ойлаймын. Әзірге өз еліміздегі құндылықтар бойынша биылдың өзінде арнайы интерактивті жоба жасалмақ. Яғни қасиетті жерлермен танысқыңыз келсе, арнайы түймешені бассаңыз, суреті мен тарихы, қалай жетуге болады – барлық ақпарат жазулы тұрады.

– Дұрыс екен. Енді өзіңіз басқарып отырған орталық бұл бағытта қандай шаруалар атқаруда? Жұмысты неден бастадыңыздар?
– Қасиетті Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығы мәдениет және спорт министрінің тапсырмасымен ұлттық мұражай қасынан ашылды. Әзірге облыстардан да арнайы жұмыс топтарын құрдық. Осының нәтижесінде ғалымдар, өлкетанушылардан бүгінгі күнге дейін 600-ден астам ұсыныс түсті. Одан бөлек, арнайы сараптамалық кеңес құрылды. Оған белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мүше боп кірді. Солармен ақылдаса келе қасиетті жерлерді жалпыұлттық және аймақтық деп екіге бөлдік. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата кесенелері сияқты әйгілі жерлер бар, сонымен қатар қарапайым, сол елді мекен, ауыл ғана білетін киелі жерлер бар. Осыны ескердік. Шартты түрде 100-ден астам жалпыұлттық қасиетті орындар белгіленді, іс жүзінде одан едәуір көп. Мысалы, Маңғыстаудың жерасты мешіттері деп бір орынды белгіледік. Бірақ ол маңда ондай жерлер өте көп. Немесе бір пункт бойынша сақ қорғандары дейміз. Олардың да саны аз емес. Яғни бір нысанның астында қаншама киелі жер жатыр. Осылардың барлығына сараптамалық жұмыстар жүргізілуде.

– Киелі жерлерге бертінде пайда болған ескерткіштер, басқа да халық көп келетін орындар жатпай ма?
– Әрине, жатады. Мысалға, кешегі репрессия заманында айдалып кеткен азаматтардың әйелдері сотталған АЛЖИР түрмесі бар. Бұл да біздің тарихымыз. Ішін аралап шықсаң, талай тарихқа куә боласың. Біз мұны да тізімге енгізіп жатырмыз. Сол сияқты Қарағандыдағы Долинка, Семейдегі ядролық полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де мықты» деген ескерткіш, ашаршылық құрбандарына арналған, Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарына арналған Отан-Ана ескерткіші, сондай-ақ Астанадағы ашаршылық құрбандарына арналған монумент пен Алматыдағы Тәуелсіздік монументі мен 1986 жылғы Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіштер енді. Астанадағы Қазақ елі, Бәйтерек – бұл да қазақтың бір тарихын бейнелейді. Мемлекетіміздің жаңа нышандары емес пе? Тізімнің жобасы жасалып жатыр. Әлі де толықтырылуда.

– Бірақ, қалай ойлайсыз, Астана мен Алматы төріндегі бұл ескерткіштер қасиетті, киелі дегенге әлі ие болмаған ғой...
– Иә, солай екені рас. Дегенмен де ол ескерткіштердің қасиетін кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Осы арқылы жас ұрпақ қазақтың тарихын көз алдынан өткізіп, сол заманның тынысын сезінуі тиіс деп ойлаймын. Әрине, ескерткіштің бәрін киелі деген ұғыммен атай беруге болмайды. Ол да қиянат болар. Бірақ бұлар қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар жерлер ғой. «Сакраль» дегенді латын тілінен орысшаға аударғанда «святыне» деп айтады. Қазақта бұл сөз әулие, қасиетті, киелі, қастерлі, аруақты деп әртүрлі мағына береді. Дәл осылайша қасіретті жерлер де бар. Әлгінде айтқан АЛЖИР, КарЛАГ сияқты.

– Жасыратыны жоқ, халықтың тағзым етіп жүрген жерлері көбінесе дінге байланысты. Бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрыптарға байланысты... Қасіретті жерлерге көбінесе туристер барады. Сондықтан ең алдымен мұндай жерлердің тарихын насихаттаумен айналысу керек шығар...
– Өте дұрыс айтасыз... Бізде тарихи жерлер өте көп. Мысалға, Ұлытау мен Түркістанның ортасында таңбалы тас ескерткіші бар. Нақты деректерге сенсек, осы тасқа қазақтардың 500-дей ру-тайпасы өз таңбаларын салған. Бөлінбейік, бір ел болайық деген мақсат ғой. Кейінірек оны геологтар жарып жіберген дейді. Әдейі жасады ма, жоқ әлде ойда-жоқта болды ма, оны ешкім білмейді. Қазір тек фрагменттері шашылып жатыр. Бұл сол заманда елді біріктірген символ болатын. Тіпті Манаш Қозыбаев «сол замандағы қазақтың конституциясы» деп те жазып кетті. Елдің бірлігін білдіретін осынау ескерткішті қайта қалпына келтіру қажет. Орнына белгі қоятын кез келді. Осы жерді көремін деп қызығушылық танытқан адамдарға бағыт-бағдар сілтеп, бірліктің құндылығын насихаттауымыз керек. Сондай-ақ тізімге жоңғар соғысында ерекше ерлік көрсеткен батырлар мен ірі шайқастар өткен жерлерді де қостық. Мысалы, Орбұлақ, Бұланты, Аңырақай, елдің басын біріктірген Ордабасы. Бұл арқылы елге ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттаймыз. Осы жоба аясында Кенесары ханның Көкшетаудағы үңгірін алып отырмыз. Және Кенесарының батырларын түгелдеп жатырмыз. Ағыбай, Бұхарбай, Баубек батырлардың мазарлары бар. Ел батырларға ескерткіштер қойып, мазарларын жөндеп жатыр. Кейбірінің мазары тіптен жоқ. Ертең осыларды насихаттағанда ұлт-азаттық көтерілісті, бодандыққа қарсы күресті кеңінен айта аламыз. Махамбет, Есет, Жанғожа батырлар, бертіндегі ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі батырлар – барлығы қазақтың тәуелсіздігі үшін қуғынға ұшыраған, құрбан болған жандар. Алла қаласа, алдағы уақытта бұл тізім нақты бекітілсе, бұлар кеңінен насихатталады. Алаш арыстарын да қостық. Семейдегі Алаш арыстарының үйі мен Жымпитыдағы Алаш үйі енді. Осы қасиетті орындарды аралаймыз дегендерге жол бастаушы дайындап тұрады. Барып, көріп, танысып келеді.

– Яғни ескерткіштерге де ерекше көңіл бөлінеді екен ғой...
– Иә, бірақ бұл жерде бір мәселені ашық айтуымыз қажет деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз ескерткіштерді насихаттау емес. Кейбіреулер ескерткіштерді насихаттайды екен, жақсы болды, пәлен батырдың ескерткіші жөнделіп, ауылымыз көркейіп қалатын болды деп алақандарын ысқылап жүрген сияқты. Өкінішке қарай, олай емес. Біз ескерткіш тұрған қасиетті жердің құндылығын ғана насихаттаймыз. Шын мәнінде бұл бағдарлама – ауылды көтеру үшін емес, ауылдың жағдайын жақсарту емес, ескерткіштерді жөндеу емес, осы ауыл арқылы, туған жер арқылы, қасиетті жерлер арқылы адамды дамыту, рухани құндылықтарды насихаттау. Бұл құндылықтарды насихаттауда мемлекеттік мүдде тұруы тиіс.

– Осы арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру дейсіз ғой...
– Иә, қазіргі жастар жаһандануға, интернетке сіңіп кетіп барады. Олар ауылға барып, осындай қасиетті жерлерден рухани күш алуы тиіс. Ауылдың тарихынан, еліміздің тарихынан, рухани құндылықтарынан күш-қуат алып, уланған сананы емдеулері қажет. Міне, жаңғырту дегеніміз – осы... Бұл – шын мәнінде мемлекеттік идеологиялық жұмыстың үлкен бір бағыты. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл мәселемен ешкім дұрыс айналыспады. Президент осы олқылықты сезіп, рухани құндылықтың өзін үлкен бағыт қылып, идеологиялық жұмыстарға үлкен серпін берді. Бірақ бұл жұмыс науқаншылдыққа айналып кетпесе екен деген қаупіміз бар. Шын мәнінде рухани құндылықтарды халықтың санасына жеткізе білсек, ой сала білсек үлкен жұмыс атқарғанымыз. Бұл – бес жылға арналған жоба. Дегенмен бес жылдың ауқымына сыймайды, көп жылдарды талап ететін жоба. «Елу жылда – ел жаңа» деген, бұл – рухани сананы өзгертудің алғышарттары. Жаңа буынды, жаңа ұрпақты осы арқылы тәрбиелеу қажет.
Осы рухани құндылықтар арқылы жат идеологияға төтеп беру, жас ұрпаққа қалқан болу. Бүгінгі күні сүйегі қатпаған жастардың ұлттық дәстүрін ұмытып, әртүрлі экстремистік топтардың жетегінде кетіп жатқандары баршылық. Өз-өзіне қол жұмсау да жастардың арасында өршіп тұр. Сәбиді қоқысқа тастап кету деген масқара емес пе? Бұл бойымызда рухани жағынан жұтаңдық, бір дағдарыс бар екенін байқатады. Бұл – үлкен проблема. Ол үшін жастарды айыптай алмаймыз. Саясат сондай болды, бірінші кезекте табыс табу, баю, экономика деген саясат рухани мәселені екінші орынға ысырып отырды. Жақында жастар арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Сонда жастар Отанға қызмет ету, Отанды сүю, патриотизм деген қасиеттерді ең соңғы орынға қоятыны байқалды. Мұндай азаматтар не істейді? Ұнамаса шетелге көшіп кете салады. Өйткені олар бірінші кезекке жеке бастарының мүддесін қояды.

– Дегенмен де осынау тірліктердің бір ұшы туризмге де жанайтын сияқты ғой...
–Туризм дегенде ең алдымен рухани құндылықтарды насихаттауды ғана айтуға болады. Насихаттаудың жолдары, әрине, ақпарат құралдары арқылы жүреді, кітап, деректі фильмдер шығару жұмыстары қолға алынады. Әрине, тәлім-тәрбие беретін туризм мәселесі де қарастырылған. Туризм болғанда екі апта, бір ай демалып, аунап-қунап қайтатын емес. Тарихымызды түсінуі қажет. Мысалға, хандар мен билердің тағдыры қызықтыруы мүмкін. Көптеген хандарымыздың жерленген жері белгісіз. Жошы ханнан бастап, Алаша хан, Абылай, Әбілқайырға дейін түгелдеп шығайын десек, көбісінің мазары жоқ. Түркістанда Есім ханның кесенесі бар. Абылай хан да Түркістанда жерленген дейді. Қаншама билеріміз, батырларымыз, асылдарымыз сол Ясауи кесенесі төңірегінде жатыр. Осындай тұлғаларға белгі қою керек. Сол арқылы адамдар құран оқытып, тағзым етеді. Сосын Қазақ хандығының астаналары да көп жандарды қызықтырса керек. Сығанақ, Сауран, Түркістан, Сарайшық, Созақ – осының барлығы қазақтың мемлекетшілдігін насихаттайды. Сарайшыққа кеңес заманында көп мән берілмеді. Ортағасырлық археологиялық жәдігер ретінде ғана қарады. Бірақ шын мәнінде ел Сарайшықтың тарихын жақсы білмеді. Қасым хан әскермен Ноғай ордасымен соғысып, қазақтың жерін кеңейтіп, астанасын Ұлытаудан Сарайшыққа апарғандағы арманы Алтын Орданың мұрагері ретінде таныту болды. Ары қарай жаулап алғысы келді. Егер Қасым хан қаза болмағанда қазақтың жері Еділден де асып кетуі мүмкін еді. Ұлы Хақназарды башқұрттарға хан етіп қояды. Сол кезде жасалған «Алты Алаш» саяси елдік жобасы қазақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақ – бәріміз бір елміз деген идея ғой. Міне, жергілікті халық осы тарихты білгеннен кейін бойларында мақтаныш сезімі пайда болып, Сарайшықты қадірлей бастады. Қазір Сарайшықты алып жатқан дамбаның суын тоқтатып, ескі қаланың қайта жаңғыруына қаражат бөлінді. Жергілікті әкімдік пен мәдениет министрлігі мұражайды қайта реконструкциялау үшін бар күштерін салуда. Сарайшық – шын мәнінде мақтаныш туғызатын тарихи орын.
Қызылордадағы Сығанақты да көп адам біле бермейтін. Сығанақ Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы еді ғой. Сөз жоқ, мемлекет қаражат бөліп, Тараз, Отырар, Яссы-Түркістан сияқты ескі қалаларды әбден зерттеді. Бірақ Қазақ хандығының қалалары әлі де толық зерттелмей жатыр. Қазақ хандығына қараған қалалардың әрқайсысы елдің символы болуы керек. Жасыратыны жоқ, Абылай мен Әбілқайыр хандарды жақсы білеміз де, басқаларын ел жақсы ажырата алмайды. Қасым хан, Хақназар, Есім, Тәуке хандарға көше атаулары да берілмеген. Меніңше, Қасым ханға ең үлкен даңғылдың бірі берілуі тиіс. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешіледі деп ойлаймын. Осы арқылы мемлекетшілдік сана-сезімді насихаттау қажет. Осының бәрі тәлімдік-тәрбиелік туризмге кіреді. Біз қалай мемлекет болып құрылдық? Қандай мемлекет болдық? Хандары мен билері, батырлары кім болды? Хандарымыз қалай басқарды? Сол арқылы ұлттық сана-сезімді, біртұтас тарихи сана-сезімді қалыптастырып, қызығушылығын ояту қажет. Жасыратыны жоқ, біз елдің қызығушылығын әлі оята алмай жүрміз.

– Кез келген істе мәселенің барлығы қаржыға кеп тіреледі емес пе?
– Орталықта 6-7 адам жұмыс істейді. Мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстанның өлкетанушылар одағы аймақтардан деректер жинауда жәрдем беруде. Бұл бағдарламаға байланысты бірнеше жұмыс тобы құрылған. Біздің жұмысымыз – ұсыныстарды комиссия назарына ұсыну. Яғни әдістемелік-сарапшылық сүйемелдеу орталығы. Біз өзіміз анықтамаймыз. Біз сараптаймыз. Оны қабылдайтын арнайы сарапшылар кеңесі бар. Сосын ұлттық комиссия деген бар. Міндетті түрде елмен ақылдасып жұмыс істейді. Жобаларға қосымша бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бұл бұрыннан мәдениет пен білім саласына бөлінген қаражат. Шынын айту керек, бұл өте жақсы жоба. Бұл ғылымның дамуына өз үлесін қосады. Биылдың өзінде көптеген арнайы экспедициялар шықты. Аймақтардан қасиетті жерлерге байланысты ұсыныстар келді деп жоғарыда айттым. Оның ішінде ешкімге белгісіз жерлер де көп. Оларды анықтап, құжаттарын жасаумен экспедиция айналысып жатыр. Оның құрамында ғалымдар мен жергілікті жердің тұрғындары бар. Келесі жылы осы жерлерді зерттеу, насихаттау, әлемдік деңгейде насихаттау жұмысы кеңінен жүреді деген сенімдемін. Әрине, қатып қалған тізім жоқ. Өзгереді, толығады, қосылады. Алдағы уақытта бес жылға байланысты бес томдық энциклопедия жарық көреді деп жоспарлануда. Арнайы фильмдер, роликтер шығады. Келген туристерге ақпарат беретін орталықтар ашылмақ. Әрине, қасиетті жерлерге ел көп барып жатса, ол ауылдар да дамиды. Жолы жөнделеді, басқа да жағдайлары жасалады. Ең бастысы, жас балаларды каникул кезінде сол жерлерге жиі апарып тұру қажет.

– Шариғатта киелі дегенге көзқарас басқаша болуы мүмкін. Киелі, қасиетті жерлер дегенге діндарлар тарапынан ешқандай наразылық жоқ па?
– Әрине, әркімнің әртүрлі ойы болуы мүмкін. Бірақ бұл діни жоба емес, рухани құндылық жобасы ғой. Бұл бұрыннан бар жерлер. Егер де ойдан шығарып жатсақ, дінге қарсы болар еді. Сондықтан дін өкілдері де ештеңе айта алмайды деп ойлаймын. Бұл – елді біріктіретін жоба. Бекет ата, Арыстан баб, Әзірет Сұлтан, басқа да аймақтағы қасиетті, киелі жерлер бәріне ортақ. Олар туралы толыққанды жаппай ақпаратты таратып, арнайы кешен ретінде ұлттың тұтастығын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл істі енді кешіктіруге болмайды.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (2)
Шахманова Айналуда Төлегенқызы Жезқазған қаласы | 22 қыркүйек 2017 15:48
Берік мырза, Теректі əулиесін атамапсыз. Тізімге енбей ме?
Альберт | 23 қыркүйек 2017 09:37
Астанадағы үлкен аты Е, С деп аталатын көшелерге хандардың атын беру керек. Сондайақ бір көшеге 2 ханымыз Керей мен Жәнібекке берілуі ақылға симайды. Астананың сол жағалауына халқына адал қызмет жасаған хандар, билер, қайраткелерге беру керек. Ұрпағымыз, туристер сұрайтыны анық.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар