1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №47 (16129) 14 маусым, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" сатиралық беті. Дайындайтын Әмірхан Меңдеке
14 маусым 2016
Сталинмен «сұхбат»

Неге екенін бір Құдайым білсін, соңғы кездері Сталин жиі түсіме кіре­тін болып алды. Бірде мұрты тікірейе ызғар шаша: “Сен Коммунистік партияны келемеждеп, шалдыр-шатпақ “бірдеңе” жазыпсың ғой. Әттең, кеші­рек туып,   құрығыма түспей қалдың. Келерсің әлі-ақ біздің жаққа да. Көр­сетермін партиямен ойнауды!» – деп тұр.

“Біздің жақ” деп қай жақты айтып тұр деп бір сәт мәңгіріп қалдым. Со­дан кейін ғана жарықтықтың “ана жақта” жүргені есіме түссе керек:
– Жолдас Сталин, немене, “ол жақ­та да” төңкеріс жасап, Кеңес өкі­ме­тін орнатып па едіңіздер? Сіз “ол жақта да ” партияның бірінші хатшысыз ба? – деп сұрап үлгіргенімше көз алдымнан ғайып болды.
О, ғажап! Таяуда ғана көрген түсімде Кремльдегі   Сталиннің кең кабинетінде кәдімгі ескі досымдай-ақ әзілдесіп, қалжыңдасып, журналист ретінде сұхбаттасып отырмын.
– Жолдас Сталин, біз – қазақтар, қазір құқықтық-демократиялық    қо­ғам­ға қарай жарық жылдамдығымен зымырап бара жатырмыз. Мұндай қоғам коммунистердің өңі тұрмақ түсіне де кірмейтін еді...
– Білемін, сендердің қалай қарай зымырап бара жатқандарыңды! Жыл­дар бойы халықтың “езуін тіліп”, маңдай терін сыдыртып мен және менен кейінгі жалтыр бас салдыртқан зауыт-фабрикаларды, кәсіпорындар­ды, кен өндіру орындарын капиталистерге тиын-тебенге басы бүтін беріп, енді солармен “ауыз жаласып” әмпей-жәмпей болып жатқандарыңды да білем. Бұрын орталыққа құл бол­саң­дар, енді капиталистерге құл бо­ла­сыңдар. Бәрібір құлдықтан қашып құтылмайсыңдар!
– Е, жоқ, жолдас Сталин, сіз бұл жер­де   экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да қателесіп тұрсыз. Қазақстанның мәңгілік таусылмайтын, шексіз, түпсіз, ұшан-теңіз қазба байлықтың үстінде   шалжиып жатқа­нын өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Бі­рақ мұны біздің көреген үкіметіміз сізден де артық біліп отыр, сондықтан да сол байлықты игеруге  капиталис­терді “итше тепкілеп”, жұмысқа саламыз да, өзіміз солай шалжиып жа­тып-ақ байи береміз деп мұртынан күліп отыр. 
– О, сормаңдай, сорлы қазақ! – деді Сталин маған зәрлене қарап, – біріншіден, қазба-байлықтың да шет-шегі болады, үстіңдегі шапаның сияқ­ты оның да “етек-жеңі” болады. Екіншіден, көлденең көк аттыға сенген адам ешқашанда оңбайды, капиталистер бұрын да мыстан кемпір болатын, олар бүгін нағыз зымиян-зымыстанға айналған. Ал мыстан кемпірмен әмпей-жәмпей болудың    неге соқтыратынын ертегілерден де білмейсің бе? Бүкіл жер астындағы қазба байлықтарыңның бәрін шетел­діктерге беріп, өздерің әлі жарымай жүргендерің де содан. Сол қазба байлықтардан түскен пайда қайда кетіп жатыр? Әрине, ат төбеліндей алпауыттардың қалтасына. Олар өз қатын-баласын ойламай, қазақты ойлайды дейсіңдер ме? Қаншама бай­лықтың үстінде отырып, әлі қайыр сұрап жүрсіңдер? Не масқара! Енді сасқандарыңнан ата-бабаларың ғасырлар бойы қорғап келген қасиетті жерді   шетелдіктерге 25 жылға жалға бермексіңдер. Ақыл-есі дұрыс адам жерді сатпайды! Жерді сатсаңдар да, жалға берсеңдер де қытай, басқа да бөгде халықтар қаптайды, олар содан кейін өз елдеріне ешқашанда қайт­пай­ды, қазақты құлға айналдырып, ар-ождандарыңды таптайды, бас­шыларыңды өтірік мақтайды. Осыны түсінуге қанша ақыл керек?
– Сонда қандай ақыл айтпақсыз, жолдас Сталин?
– Қисық мырза, билік басындағы бетімен кеткендерді қызметтен неге түсірмейсіңдер? Халық, ел, жер бай­лығын, мемлекет мүлкін сүліктей сорып, түпсіз тонап жатқан   халық жау­ларын неге көрмейсіңдер, сыбаға­сын неге бермейсіңдер, неге аяғын салбыратып,    мойнына қыл арқан іл­мей­сіңдер? Осыны неге ойламайсың­дар, неге   топырлатып “итжеккенге” айдамайсыңдар? Неге «ысқырмай­сыңдар”, неге құстырмайсыңдар, неге атпайсыңдар, неге аспайсыңдар? Неге, неге, неге?
– Е, жоқ, жолдас Сталин, сіз бая­ғы өз әніңізге басқалы тұрсыз, ха­лықтың бәрін шетінен жау деп ас­қа­лы тұрсыз. Біз сіз ойлап тапқан бұл “аурудан” өткенбіз,   қуғын-сүр­гін­нен демократияға қарғып   кеткен­біз. Қа­зір «өз күніңді өзің көр” деген – біздің ұранымыз, мәңгілік қағидамыз, жыр-әніміз. Сондықтан да қолында билігі барлар өз күнін қалай көремін десе, солай көреді, билігі жоқтар қа­лай өлемін   десе, солай өледі. Біз­де қазір мүлік дейтіндей мемлекеттік мүлік жоқ, “қамбамыздың” “аузында” құлып жоқ. Көрдіңіз бе, бізде қандай демократия!
– Сонда қалай? – деді Сталин ке­ке­сін­мен   мырс етіп, – бұл қазақбай­ский демократия ма? Билік   тұтқасын ұстап отырғандар түйені түгімен жұтып жатады,   әбден шылқамайға батып байыған соң, өзі қалаған   шет мемлекетке зытып жатады. Сендер соңдарынан қарап түк   болмағандай “паң күлесіңдер”, содан кейін не еңбекақыны, не зейнетақыны өсіруге ақша жоқ деп мәңгіресіңдер. Халықта дым жоқ, үкіметте “ым” жоқ, сотта   үн жоқ. Сонда бұл қандай демократия, қандай құқықтық мемлекет, Қисық мырза?
– Е, жолдас Сталин, сіз тағы да баяғы әніңізге салып тұрсыз, өмірден көп артта қалып тұрсыз. Социалистік экономикадан “қарғып” кеткенбіз біз   нарыққа, ал нарықта өз күнін өзі көреді құс екеш құс та, балық та. Ол үшін құсты соттамайды, 37-жылғыдай көрінгеннің көлеңкесінен   қорқып, ату керек, асу керек деп оттамайды...
Осы сәт Сталин кнопканы басып қалды да: «Ұстаңдар, мына ақымақты! Көзін құртыңдар!» – деп айқай салды. Зәрем зәр түбіне кетіп, шыңғырып жіберіп, шошып оянғанымның арқа­сында “аман қалдым”, әйтеуір...
 
Дамир Әбішев  
Қостанай қаласы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті