1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №61 (16143) 2 тамыз, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" сатиралық беті. Дайындайтын Әмірхан Меңдеке
2 тамыз 2016
Төбелес төсектен шықты

Бүгiнде қай жерге барсаң да алдыңнан алақайлап ақылы қызмет қарсы алады. Ақылы қызметтiң жер-жаһанды құмырсқадай жаулап алғаны сонша, қарыс қадам басуымыз мұң болды.

Таяуда өрен-жаранымды тау бөктерiне демалдыру үшiн апара қалдым. Көлiгiмдi ойпаңдау жерге қойған едiм, едiреңдеп бiреу жетiп келдi.
– Бұл жерге неге тоқтайсыз? – дедi салған жер­ден.
– Тоқтаса не болыпты? – дедiм мен де оған кiсi екенiмдi көрсеткiм келiп ежiрейiп.
–“Не болыпты?” дейдi тағы. Болды. Бояуы сiңдi. Менiң жекешелендiрiп алған жерiме рұқсатсыз кiрдiң бе? Кiрдiң. Ендеше, айып төлейсiң, шырақ.
–Төлемесем ше?
–Онда әкеңдi танытып тұрып сотқа беремiн.
–Иә, сот ерiгiп отыр деген. Басқа iсi құрып қалып па оның?
–Ендi бiреудiң жеке­мен­шiк жерiне әй-шай жоқ, 41-жылғы немiстер­дей баса-көктеп кiрiп келсе, сотқа бермегенде не iстеуiм керек?
–Досым-ау, бұл жердiң жекенiкi екенi туралы ешқандай белгi көрiп тұрғаным жоқ қой.
–Бiрiншiден, сен маған ешқандай да дос емессiң. “Екiншiден, мынау менiң жерiм. Кiруге болмайды” деп айқайлатып жазып қою мiндетiме кiрмейдi.
–Жарайды, – деп амалсыз келiстiм, – онда осы жердiң сiздiкi екенiн растайтын қандай құжатыңыз бар?
“Бәлемдi састырдым-ау” деп ойлағанмын. Сөйт­сем, бұл сабаздың бес қаруы бойында болып шықты. “Қазiр” дедi де кiр-қожалақ киiмiнiң қалтасынан әлдененi iлiп алып шығып, орауын жазды. Мынаны қара, карта сияқты қағаз.
–Мiне, мына қызыл сызықтың iшi түгелдей маған қарайды. Сенiң тұрған же­рiң – мынау. Ендi көзiң жеттi ме?
–Жеттi, жеттi. Ат-шапан айып менен. Көке, бiр келiп қалған екенбiз, табиғаттың мынадай әсем же­рiнде демалып қайтайықшы. Қатекеңнен де, бала-шағамнан да ұялып, кi­рерге тесiк таппай тұр­мын, – деп мәймөңкелей жөнелдiм.
Әлгiнiң аты Қыңырбек екен. Қыңырбек десе дегендей-ақ.
–Ендi жер менiкi болған соң демалуларың ақылы. Бiз мұнда сендерге ақылы қызмет көрсе­те­мiз. Мәселен, атқа мiнгендерiң үшiн екi мың теңге төлейсiңдер. Тауға шығып, долана терген­дерiң де тегiн емес. Так что, бiр сағат демалсаңдар – 5 мың теңге, екi сағатқа –10 мың теңге, үш сағатқа –15 мың теңге! – деп барып зорға тоқтады.
Маған тау жаңғырып, “теңге, теңге” деп тұрғандай болып естiлдi.
– Жарайды, – деп ерiк­сiз келiстiм.
Жүгермектерiм мәз-мейрам. Көлiктен түсе-түсе салысымен тау-тас­қа өрмелеп кете барды.
–Кетерлерiңде күл-қоқыстарыңды шашып кетпей, жинап, мына қо­қыс жәшiгiне салыңдар. Егер айналаны ластасаңдар, айыппұл саламын! – деп қоқыраңдады Қы­ңыр­бек.
Қыңырмен қыңыр болып немiз бар?! Жөн сөзге тоқталдық. Ақылы қызметтiң артықшылықтары айтарлықтай екен. Е, мейлi, жанторсығым, жү­гер­мектерiм бiр мәз болып қалды.
Тау етегiндегi сатылып кеткен жерге өкпем ұмытыла бастағанда, ойламаған жерден тағы бiр кедергiге тап болдым. Көпқабатты үйiмiздiң алдындағы бiр жердi меншiктеп, машинамды қойып жүрушi едiм. Бiр күнi жұмыстан оралып, үйреншiктi орнына қойғаным сол, қолында кiш­кентай жалауы бар бiреу қасыма жетiп келдi.
–Бұл жер – ақылы. Тұ­раққа көлiгiңiздi қойғаныңыз үшiн бес жүз теңге төлейсiз, – дейдi әй-шайға қарамай.
–Оу, бұл жерге көлiгiм­дi қойып жүргенiме он жыл болды. Қайдағы ақы? – деймiн берiлгiм келмей.
–Мiне, қалалық әкiм­дiктiң шешiмi. Бiз бұл жердi жекешелендiрiп ал­ғанбыз. Демек, сiздерге ақылы қызмет көрсетемiз. Таңертеңге дейiн көлi­гiңiзге көлденең көк атты ұрынбайды. Ұры-қары машинаңыздан машайық көргендей қашып жүредi, – дейдi таңдайы тақылдаған тұрақ қожайыны.
Күйiп кеттiм. Қайтейiн. Анда барсаң да ақылы, мұнда барсаң да ақылы. Жә, бұларға көндiктiк-ау. Менi мертiктiргенi қаланың қақ ортасындағы саябақ болды. Бiр топ құрдас демалыс күндерi таңертеңнен кешке дейiн осында серуендеушi едiк. Соңғы кезде саябақта да ақылы қызмет түрлерi көбейдi. Көлеңке екеш көлеңке де сатылады. Мына дүниеде сатылмаған не қалды өзi?
...Келiншегiм кешке алабұртып жүрдi де қой­ды. Бала-шағаны ұйықтатып, жұмсақ төсегiне қисайғаны сол, әлдене айтпақ болып жалаңаш иығына қолымды салғаным сол, берi аунап түстi.
–Бүгiнде тегiн жатқан ештеңе жоқ. Дүкенге әде­мi көйлек түсiптi. Соны әперсең... – дейдi үздiгiп.
Қанымның басыма шап­қаны-ай!
–Сен немене, ақылы қызмет көрсететiн көше­нiң бұзылған қызы ма едiң? – дедiм ашудан қалш-қалш етiп.
Төбелес төсектен шықты...
Мұның соңы келiн­ше­гiм­нiң төркiнiне көзi кө­герiп кетуiмен аяқталды...
Ендi енеме еңiреп барып ақысын төлеп, келiн­ше­гiмдi қайтарып алуға қамданып отырмын.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті