1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №75 (16157) 20 қыркүйек, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" сатиралық беті. Дайындайтын Әмірхан Меңдеке
20 қыркүйек 2016
Денесiне шөп өскен адамды көрдiңiз бе?..

Түнiмен iшiм бүрiп, көз iле алмай шыққан соң, таңертең Мықтыгүлдiң ақылымен сүйретiлiп емханаға келдiм. Арқанша созылған ұзыннан-ұзақ кезектiң соңынан iлiгiп, әйтеуiр түс ауа дәрiгердiң де төбесiн көрдiм-ау. Менiң ұсқыныма көңiлi толмады-ау деймiн, көзәйнектiң үстiнен сүзiле қараған дәрiгер мырза тiл қатуға да ерiнiп, не ғып жүрген адамсың дегендей, жай ғана иек қақты.

– Мен... ептеп асқазаным ауырып.., – деп бастадым батылсыздау.
– Так, асқазан, значит. Не жеп едiңiз?
– Қара шай, содан кейiн аздап қара нан...
– Мынаның сөзiн қара! – дедi дәрiгер жанындағы медбикеге бұрылып, – қара шай, қара нан дейдi. Сiз ерiгiп жүрген адамсыз ғой деймiн,ә? Қара шай, қара нан... Ұялсаңызшы айтуға! Бiзде қандай адамдар жатқанын бiлесiз бе өзiңiз?
– Жоқ, бiлмедiм...
– Әрине, бiлмейсiз! Бiлсеңiз келмес едiңiз мұнда! Жүрiңiз, көрсетейiн.
Амалсыздан дәрiгердiң соңынан ердiм. Шеткергi бiр палатаның есiгiн ашып едi, қарны шеңбiрек атып кеткен, денесi көгала қойдай сiлейiп жатқан бiреудi көрдiм.
– Мына адамның да асқазаны ауырады, бiлесiз бе не жегенiн? – дедi дәрiгер науқасты қолмен нұсқап.
– Жоқ, бiлмедiм...
– Әрине, бiлмейсiз. Бұл ақша жеген. Жегенде де анау-мынау емес, миллиондап, миллиардтап жеген. Және бiздiң де ақша емес, шетел валютасы, доллар, еуро! Шетел ақшасын жегендердi емдеу өте қиын. Жатыр мiне ес-түссiз.
– Сұмдық екен!
– Бұл ештеңе емес, жүрiңiз басқасын көрсетем.
Келесi палатаға кiрсек, денесi қара қошқылданып кеткен бiреу кереуетте әрi-берi аунап, сандырақтап жатыр екен. Денесiнiң әр жерiне кәдiмгiдей шөп шығып кетiптi. Ғұмырымда денесiне шөп өскен адамды бiрiншi көруiм, зәрем ұшты.
– Ал айтыңызшы, бұл адам не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер масаттанған кейiппен.
– Бi-бiлмедiм...
– Бұл мықтымыз жер жеп қойған. Жер болғанда да бiрнеше жүз гектар. Және даланың да жерi емес, Астана мен Алматының қақ ортасынан жеген. Оның қорытылуы қиын болады. Жатыр мiне, өлейiн деп ендi...
– Астапыралла!
– Жүрiңiз, келесi палатаға!
Келесi палатаның босағасын аттауымыз мұң екен, жермай иiсi алып кеттi. Денесi қап-қара болған бiреу тынымсыз дөңбекшiп жатыр. Тiптi астына төсеген ақжаймасына дейiн қап-қара болып кетiптi.
– Ал мынаны не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер салтанатты түрде.
Мен үн-түнсiз басымды шайқадым.
– Солай ма?! – дедi менiң сасқаныма әбден риза болған дәрiгер. – Бұл адам асфальт жеген.
– Асфальт?..
– Иә, кәдiмгi жолға төсейтiн асфальт бар ғой, соны жеген.
– Құдай сақтасын! Қанша жеген сонда?
– Әй, айтшы, қанша жедiң? – дедi дәрiгер ыңырсып жатқан сырқатқа бұрылып.
– Жүз елу шақырымдай болады ғой деймiн.., – дедi әлгi даусы қырылдап.
Шынында да, асфальт жеген жаман болады ғой деймiн, әлгi байғұс мертiккен сиыр құсап ыңқылдай бередi.
– Так, ендi келесi палатаға барайық, – дедi өзiне-өзi әбден риза болған дәрiгер.
– Жо-жоқ, рақмет, мен кетем, үйге барам, қазiр асқазаным тiптi ауырып тұрған жоқ.
– Болмайды, көрiп кетiңiз, – деген дәрiгер, менi ерiкке қоймай жетелеп келесi палатаға ала жөнелдi.
Кiрсек, темiр тордың ар жағында екi көзi алақ-жұлақ еткен бiреу отыр. Терезенi ашып қойғанмен, жанармайдың иiсiнен бас айналады. Бiздi көрген сырқат жалма-жан тордан басын шығарып:
– Айналайын, дәрiгер, бiр стақан бензин бершi, басым ауырып, өлiп барам, сексенiншi маркалы болса да жарайды, – деп жалын­ғанда, әлгi байғұс­ты жаман аяп кеттiм.
– Бұл не жеген? – деймiн ақырын дәрiгердi түртiп.
– Бұл ма, бұл мұнай жеген, анығырақ айтқанда iшiп қойған. Жүздеген тонна! Былайша айтқанда, мұнайдың алқашы. Қазiр емделiп жатыр. Күнiне 10-15 литр бензин iшпесе, ұйықтай алмайды. Бiз мұны жеке қамап ұстаймыз. Әйтпесе бiреу-мiреу бұл жерде байқамай шырпы жақса, бiттi, бүкiл емханамыздың күлi көкке ұшады.
Шынымды айтсам, жаным бақайымның ұшына барды:
– Дәрiгержан, Құдай үшiн кетейiкшi бұл жерден! Ендi бұл араға өлсем де келмеймiн!
– Ә, солай ма?! Көзiңiз жеттi ғой ендi, кiмдер емделiп жатқанына?
– Жеттi, жеттi...
– Емделуге қалмайсыз ба?
– Атамаңыз, құрысын!
Емханадан қалай атып шыққанымды бiлмеймiн. Есiмдi үйiме жеткенде бiр-ақ жинадым. Маңдайымның терiн сүртiп, iшiмдi әрi-берi сипап байқасам, ешқандай ауырғаны да бiлiнбейдi. Қара шай мен қара нанның арқасы шығар. Тәуба дедiм iштей.
Сайлау Байбосын
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті