1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №93 (16175) 22 қараша, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
22 қараша 2016
Шыңғырамыз!
Бiр күнi керiлiп жатыр едiм, теледидардан берiлiп жатқан жүгiртпе жолдарға көздерiм iлiнiп қалды. Оқысам: “ЭКСПО көрмесiне “Шыңғыру” жұмысына шақырамыз. Айлығы ауыздың көлемiне, шыңғырудың децибе­лiне байла­ныс­ты!” деген мәтiн­дегi жынды жарнама! Төсегiм­нен тасыр-тұсыр тұра са­­­­лып, “Қайда барасың?” деп сұраған әйелiмдi бiр түйiп, ұра салып, бағытымды ЭКСПО-ға бұра салып, сонда жетiп келейiн. Жұмыс­қа қабылдаушы шетелдiк құ­ры­лыс компаниясының бас директоры екен, қазақша ағып тұр, онысы маған жағып тұр.
– Аузыңыз бұрыннан өзiңiздiкi ме?–деп сұрады компания басшысы.
– Туғаннан өзiмдiкi.., –дедiм мен.
– Күшенiп шыңғыра аласыз ба?
    “Ойпыр-ай, шыңғыруым неге керек болды екен?” деп ой­ланып тұрғанымда, бiр мини юбка киген сұлу қыз туфлиiмен тық-тық басып келдi де, линейкамен аузымды көлденең өлшеп алды.
– Ал шыңғырып көрiңiз! –дедi компания басшысы.
– Бекерден бекер ме? – деп сұрадым мен.
– Алдыңызда алпыс албасты тұрғандай, бiр жынды саусағыңызды балғамен ұрғандай айқайлап шыңғырыңыз!
Бар күшiмдi жинап, өзiмдi-өзiм қинап, бiреу қылғындыруға келе жатқандай шыңғырдым келiп. “Аааа! Оооо! Ееее! Өөөөө! Әәәә!” деп дауысты дыбыстармен шыңғырдым келiп, шыңғырдым келiп. Қарным қақ айырылып, езуiм жыртылып кете жаздады. Құлақтарым дiрiлдеп кеттi. Көздерiмнен жас парлады.
Хатшы қыз қорыққанынан басына қоқыс салатын пластмасса шелектi төңкере салып, бұғып отыра қалды. Бастық “Қойыңыз, құлағым қышып кеттi!” десе де, жұмысқа қабылданбай қаламын ба деп шыңғыра бердiм, шыңғыра бердiм. Егер оққағарлары жетiп келiп, аузыма бутерброд тыға салмағанда, кешке дейiн шыңғыра беруге дайын едiм. Шиеттей бала-шағамды асырау оңай дейсiз бе?! Шайнаңдап, көздерiм жайнаңдап, тегiн бутербродты жұтамын деп түйiлiп те қалдым.
Бiр кезде басшы оққағарларына иек қағып едi, ат шаптырым кабинетке жүз шақты жұмыссыздар кiрдi. Бәрiнiң көңiлдерi көтерiңкi. Менi солардың қатарына тұрғызып қойды. “Шыңғыру не үшiн керек болды екен? Осындай да жұмыс болады екен-ау?” деген ойды құшақтап тұрмын. Бiр кезде бәрiмiз: “ЭКСПО! ЭКСПО! ЭКСПО-о-о!” деп шыңғыра беруге бұйрық алдық. Сөйтсек, күнi кеше көрменiң ғимараттар арасындағы жабынды құлап түсiп, мас­қара болып едiк қой. Тағы бiр ғимарат құлайын деп тұр екен. Бiр ғалымның иiр-иiр инновациясы бойынша қайта жетiлдiрiлiптi. Нысан төбесi опырылып құлайын деп келе жатқаннан бiз шыңғырсақ, да­уыс толқыны жеңiл ғана кiшкентай шарға әсер етiп, ол арнайы жолмен домалап барып, құмыраны соғып, құмыра құлап, iшiнен су төгiлiп, су ағып барып, тағы бiрдеңенi жылжытып, одан алып пружиналар қоз­ғалысқа түсiп, ақырында жиналмалы шатыр жоғары көтерiле қалады екен. Дiк етiп. Айқайламасаң, алты минөттен кейiн қайтадан құлайды... Құдай-ай, қайдан ғана келе қалып едiм, шыңғыра бергеннен шаштарым түсiп қала жаздап, кеңiрдегiм керней болды. ЭКСПО көрмесi өтiп жатқанда, осылай шың­ғырып тұрады екенбiз. Бiр жұмысшының жағы жабылмай, тiлi салақтап, көздерi алақтап кетiп едi, жұмыстан шығарып жiбердi. Қазiр сол орын бос тұр. Шыңғырасыз ба? Тойст, шыңғыра аласыз ба? Келiңiз!
 
 
Әшейiн жалаған едiм...
Кабинетiмде керiлiп, жұмыс iстеуге ерiнiп, есiней бергенiм­де, есiгiм “есiнеп” ашылып, орын­басарым одыраңдай кiрiп келдi:
– Басеке, бiздiң мекемеге мемлекеттiк бюджеттен бiр шелек айран бөлiндi...
– Айран? Қайдан?
– Үкiметтен.
– Жалап көрдiң бе?
– Құдай сақтасын, жалауға да, тамсанып қарауға да болмайды!
– Неге?
– Халыққа бөлiнген айран екен.
– Құдайым-ау, бiр шелек айран кiмге жетедi дейсiң?
– Әшейiн, саусақтарын бiр батырып алып, сорады.
– Не үшiн?
– Халықтың iшектерi ағаруы үшiн...
Бiр кезде менiң үстiмнен қарайтын, айтқанын iстеме­сем, шашымды тырмамен тарайтын басқарма бастығы келдi. Теле­фон соға салса да болады ғой.
– Айран iшейiн деп келiп едiм,–дедi ол.
– Бо-болмайды...—дедiм мен.
– Неге болмайды?
– Халықтың айраны...
– Не, бiз халық емес, қасқырмыз ба сонда?! Қазiр әкiм ке­ледi. Ол бiр кесе iшсiн. Мен iшейiн. Сен iш...
   Бiр кезде әкiм Жұтқанбай Жайынауызов келдi де, шелектi басына төңкердi. Ұстап қалмағанымда, шелек­тi де қытырлатып жеп қояр едi... Қарасам, айран орталау болып қалыпты.
– Қорықпа! – дедi ол ернiн жалап қойып, – өзiмiз құтқарып аламыз. Әуелi шетелге қашырамыз, мә, Германияға билет алып қойдым...
Билеттi қалтама салып тұрып, сағым сынып, ұнжырғам ұн болып кеттi... Айран iшкiштер көбейiп барады... Бәрi айран iшуге келедi. Келедi де сiмiредi. Бiр қарасам, атауыңды iшкiрлер десе, түк қалдырмапты! Мен де адам баласымын ғой, айран iшпесем, несiне бастық болып, бақырайып отырмын? Е, жарайды, бiз жаласақ та жетiп жатыр! Әуелi саусағыммен сызғылап жаладым. Содан кейiн алақаныммен жайпап, жайбарақат жаладым. Сосын шелектiң iшiне басымды тығып алып, тiлiммен жалап жатыр едiм, бiреу басыма бiрдеңесiмен тақ еткiзе ұрғаны! Тiлiмдi тiстеп алдым. Қанап та кеттi. Жүрегiм зырқ, маңдай терiм бұрқ ете қалды.
– Финполданбыз, шелектен шығыңыз! –деген әмiрлi дауысты естiдiм. Мәс­саған, осындай iрi денеммен кiшкентай ғана шелекке қалай сыйып, қалай кiрiп кеткенмiн? Шелек iшiнде бүкте­тi­лiп отырмын ғой. Шелектен әрең шықсам, төрт жiгiт қасқайып, куәлiктерiн көздерiмнiң iшiне тығып жiбере жаздады.
– Не iстеп жатырсыз?–деп сұрады бiрi.
– Шелек iшiнде мызғып алайын деп...
– Кешiрiңiз, шелек толы       айран қайда?
– А-айран о баста ж-жоқ болатын.
– Олай болса не жаладыңыз?
– Әшейiн, жалай салайыншы деп...
 Мемлекеттiк меншiктi “әшейiн жалауға” болмайтынын ойланып тұрғанымда, финполдың бiрi:
– Неғып тұрсыз? Қашпайсыз ба? — деп қалды.
– Қ-қайда?
– Шетелге! Бiздi “майлаңыз” да, қараңызды батырыңыз! 
Тұра қаштым. Сол қашқаннан төрт жыл қаштым. Бесiн­шi жылға дейiн қаша берер ме едiм, өкпем өштi, жүрегiм бiр жерге түсiп қалғандай... Қайтейiн, халықаралық iздеу жарияланып, ашыған айран iшiп отырғанымда қолға түстiм. Құдайға шүкiр, қазiр түрмедемiн...
 Бiр мақал бар едi ғой, айран iшкен... Туу, есiме түспей тұрғаны, айтып жiберiңiзшi! Құдай үшiн!
Мұхтар Шерiм
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті