1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №93 (16175) 22 қараша, сейсенбі 2016
"Жас Алаштың" сатиралық беті. Дайындайтын Әмірхан Меңдеке
22 қараша 2016
Үйлiбайдың үйiндегi айтыс
Қымызға қызыл кеңiр­дек­тен тойып алған Түйсiк әңгi­менi түйдектете соғып отыр:
– Қазақтың қазiргi халi көкпарға тартқан лақтай. Екеу өрге тартса, төртеу көрге тартады. Айнала жем­­­қорлық. Жер сату. Өтiрiк мақтау!
Төрдегi қара сақал Қаратай ұстаса кеттi.
– Әй, Түйсiк, сен өйтiп өкi­­метке тiл тигiзбе! Шүкiр де Құдайға. Ел тыныш. Жұрт аман. Не бопты? Бiр жағ­дай бола қалса, заң бар. Сұрайды. Тексередi.
– Дұрыс қой. Көке-ау, ел тыныш, жұрт аман екенi рас. Бiрақ сол тыныштық кiмнiң есебiнен болып отыр? Ол үнсiз, көнбiс қа­зақ­тың маңқ етпес мар­ғаулығынан болып отыр. Қазiр қара халық соттасуды қойған. Бай-бағлан, шенеу­нiктен теңдiк ала алмасын бiледi. Бiр күндiк күн көрiс, амандығы болса, сол олжа. “Заң”, “заң” деп зар еңi­рей­сiз. Кәне, сол заң?
Отырғандар шуласа кеттi.
– Дұрыс!
– Дұрыс емес.
– Мәке.
– Жәке....
 Бозтөбеден келген Мең­­дiбай ақсақал былай дедi:
– Ағайын, таласпаңдар! Бастан өткерген мен айтайын. Өткермесең нең­дi айтасың? Жемқорлықтың барлық сала, қызмет, аурухана, мектебiңе дейiн жайлап алғаны рас. Кеше келiнiм мед­бикелiкке кi­рейiн десе, төрт жүз мың теңге сұрапты.
– Кiм?
– Кiм болушы едi, бас дә­рiгер.
– Бас дәрiгер демеңiз, мас дәрiгер деңiз.
Мәндiбай ақсақал даусын кенеп, жұртқа бiр қарады да және сөйледi.
– Бұл бергi жағы. Арғы жағын айтсам шай iшуге шамаң келмей шалқаңнан түсесiң.
– Е, айтыңыз. Ар жағы қалай?
– Қымбат курорттарға жолдама әпер, жиһаз, ананы-мынаны әпер дейдi екен қызталақтар.
– Сонда пара алғанымды дәлелдей алмайды дегенi ме?
– Дәл солай!
– Қулығын!
– Әй, бiр комиссия ке­лiп быт-шытын шығарса ғой.
– Комиссия не дейдi? Ол да соның адамы.
Бұғыбай бұлқынып шы­ға келсiн: “Қызықсың сен, айналайын-ау сен қалтама көк қағаз салып жатсаң мен сенi тексерем бе? Тексер­меймiн. Комиссия да солай. Ақы­мақ болмаса, ақылды адамның бәрi дұрыс деп жөнiне кетедi”.
– Иә, солай!
– Айтпақшы, жер сатуымыз не болды?
– Оны Тәкеңнен сұ­раңдар.
– Жәке...
– Мен сiз сөйлегенде сө­зiңiздi бөлген жоқпын ғой. Шуламаңыздар. Алтыбай ағам айтсын.
Алтекең бұрын әкiм­шi­­лiкте iстеген бәрiн бi­ледi. Қазiр зейнеткер.
– Ендi келiп жер дей­сiздер, ә. Бiлуiмше, жер әл­деқешен сатылып кеткен. Бiрақ басқа жолмен. Қазiр не оңай, қалқайған қазақты алдау оңай! Жер ендi бұрынғыдай қаттап-қағаздап сатылмайды. Сатылатын жерге шетел­дiк­тер­дiң өз­де­рi келедi,– дедi Алтекең ыңыранып.
– Түсiнбедiк!
–Түсiнбейтiн несi бар? Елiмiзге Қытай елу бiр завод-фабрик салады деп келiсiлдi ме?
– Келiсiлдi.
– Ендi қараңыз. Әр зауытқа мың қытай маманы келсе, кеңесшi, нұс­қау­шы, алып кел-барып ке­лi бар, екi мың адам қоса ке­ледi. Осыны елу бiр өн­дiрiс орнына кө­бейтiңiз. Сонда сiз сататын 1,8 мил­лион гектар жердi игеретiн қытай өзi-ақ келмей ме?!
– Астапыралла!
– Рас-ау.
– Әне, қазақтың қа­зiргi халi бала сияқты... Апыр-ай, Алтеке, ауылдан аттап шықпайсыз, осының бәрiн қайдан бiлесiз?
–Неге бiлмеймiн?! Ел құлағы елу, жұрттың бәрi осылай деп шулап жүр.
– Дұрыс. Осылай екен, жұрт мұны жоғарыға неге айтпайды?
–Айтсаң, жұмыстан қуыласың. Кiмнiң далада қалғысы келедi. Бәрiнiң бала-шағасы бар.
Жұрт дүрлiгiсiп кеттi:
– Намыс жоқ бiзде!
– Ұрлық-қарлық. Бетi­мен кеткен...
– Намысың бар болса өзiң неге айтпайсың? Сен тасада қалып “аби­зател­нi” басқалар айту керек пе?
– Байқап сөйле!
– Не демексiң?
Үйлiбайдың құрқылтайдай үйiнiң топалаңы шықты. Бiреудi бiреу ұғып болар емес. Бiреу кесе лақтырды. Бiреу кө­сеу лақтырды. Таяқ тас­қа тимесе де, басқа ти­е­­дi екен, басын қос қолдап ұстағандар кө­бейдi. Мiне, Үйлiбай көкемнiң үйiндегi айтыс-тартыс осылай аяқталды.
Ералхан Жылқыайдарұлы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті