1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №4 (16190) 17 қаңтар, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
17 қаңтар 2017
Қазақ болудың қиыны-ай!

Менiңше, дүниеде қазақ болудан асқан қиын шаруа жоқ! Шын айтам. Сенбесеңiздер, дәлелдеп берейiн! Қазақ қазiр кәдiмгiдей екi топқа бөлiнген. Бiрiншi топта кiлең – “қазақ емес” қазақтар. Осылардың қатарында болсаңыз, рахат ендi! Ұйқыңыз тыныш, жүйкеңiз бабында. Бұларды ұлттық рух, туған тiлдiң тағдыры, ел мен жер, тағы да осыған ұқсас “ұсақ-түйек мәселелер” мазаламайды. Өзiмiз көп айта беретiн “патриоттық сезiм” деген дерттен бұлар бiржола ада. Тiптi керемет, қарап тұрсаң!
Ал екiншi топтағы қазақ болсаңыз, онда бiттiм дей берiңiз! Егер көшеде екi ұрты суалып, шашы мезгiлiнен бұрын ағарған, қолын оңды-солды сермеп, өзiмен-өзi сөйлесiп бара жатқан адам көрсеңiз, ол – осы екiншi топтағы қазақ дей берiңiз. Бұған ендi дауа жоқ. Өз жанын өзi жеген бiр сорлы!
Шендi мен шекпендiлердiң ұлт мәселесiне қырын қарауы, тозған тiл, тоқыраған рух, азғындаған жастар, арақкеш ағайын, қираған ауыл, қиналған қауым.., әйтеуiр бәрi-бәрi осы қазақтың жүйкесi арқылы өтедi. Бұл қазақ таңертең тұра сала, теледидарды қосады. Таусылмайтын кәрiс пен түрiктiң сериалы. Дереу басқа арнаға ауыстырады. Ол да оңып тұрған жоқ. Гитарасы өзiнен үлкен бiр әншiсымақ. “Сүйгенiм, арманым.., неге алдап кеттiң.., өлдiм... талдым...” – кiлең бiр мағынасыз сөздер, құлағыңды кемiретiн жағымсыз әуенсымақ. Амалсыз басқа арнаны қосады. Көсiлiп бiр депутатымыз сөйлеп жатыр: “Мұнай-газ секторы... халыққа... жалақымыз аз, шыдап жүрмiз... ел үшiн... қазақ тiлi... болашағы бұлыңғыр... құр беталды еңiрей бермеу керек... не надо политизировать... Ресейге қаралық... бiздiң болашағымыз Ресейде... қайтсек те елу елдiң қатарына... жердiң сатылуын қолдаймыз...”.
Үстелдi бiр ұрып, шайын iшпестен сыртқа беттейдi.
Көзге көрiнбейтiн бiреуге кiжiнiп, көшеде кетiп бара жатса, полиция тоқтатады. Қазақтың жап-жас баласы.
– Сколько выпили? Почему сам с собой разговариваете?
– Ау, ендi сөйлесетiн денi дұрыс адам болмаса не iстеймiн? Сонан кейiн өзiммен-өзiм...
– Жүрiңiз, проверим...
Түс ауғанша қызылкеңiрдек болып, әйтеуiр өзiнiң мас емес екенiн дәлелдеп шығады.
Шағымданбақшы болып әкiмдiкке барса, бет-аузы бiр уыс хатшы қыз бұның қазақшасын тыңдағысы да келмейдi:
– Говорите по русский...
– Әй, қарағым, бiз қай елде, қай мемлекетте...
Тағы да айқай-шу: “Полиция шақырыңдар, грубиян несчастный... националист... патриот босоногий..!”.
Естiмеген сөзi жоқ. Есалаң боп үйiне келедi. Жаны ашитын жалғыз әйелi ғана:
– Сорлы-ау, қойсаңшы ендi, кiмдi жеңем деп жүрсiң?! Өзiңдi ойламасаң да, мына балаларды ойласаңшы! Солардың болашағы үшiн қазақ болмай-ақ қояйықшы! Орыс болғың келмесе, тым болмаса татар болайықшы. Жүр ғой, әне, ешкiмге ештеңе дәлелдемей-ақ, өз тiлiнде сөйлеп, өз тiлiнде ән салып. Не болмаса, өзiңмен талай жыл бiрге iстеген Зигфирд секiлдi немiс болайықшы. Кiм бiледi, күндердiң күнiнде Германияға қоныс аударармыз. Қандай керемет болар едi, ә?! Әйтпесе, анау қарсыдағы дүкен ұстайтын екi-үш кавказдықтарға қосылып, солардың ұлтына кiрсек қайтедi? Екi-үш үй болса да, бүкiл ауданды солар билеп отыр. Әкiмнiң өзi ертелi-кеш солардан шықпайды. Әйтпесе, қытай бола салайықшы. Келiп жатыр ғой әне, қаптап. Үкiмет те солардың сөзiн сөйлейдi, солардың тiлiн үйрен деп жатыр. Әйтеуiр, қазақ болмай-ақ қояйықшы. Әйтпесе, сен мына түрiңмен не жындыханаға түсесiң, не болмаса ажалыңнан бұрын өлесiң! Сөйтшi, жаным!
Мiне, екiншi топтағы қазақтың тiрлiгi осы. Не iстеймiз ендi, Құдай аясын!
Бұның бәрiн жазудағы себебiм – осы екi топтың қайсысына қосылсам деп басым қатып жүр. Сiздер не дейсiздер? Әлде шынымен де қазақ болмай-ақ қоямыз ба?!
Сайлау БАЙБОСЫН,
Павлодар қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті