1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
7 наурыз 2017
Жағмин

Мынау тағы да нені шығарды, Жағмині несі? Балконды – қылтима, киоскіні – дүңгіршек деп аударғандай, бірдемені бықсытайын деді ме деп отырған шығарсыздар? Алаңдамаңыздар, мен аудармашы емеспін. «Қылтима» дегенді кім шығарғанын білмеймін, білгім де келмейді. Ал Жағмин дегенге келсек, ол – жаңадан құрылған министрліктің қысқартылған атауы. Иә, солай! Қысқасы, Жағмин, яғни Жағымпаздану министрлігі құрылған бетте жан-жақтан оның бөлімдері де ашыла бастады. Жұмысы оңай жүріп кетті. Бір ай ішінде бүкіл штат толып қалыпты. Сондай бөлімнің бірі біздің ауданда да ашылды. Кәдімгідей той болды. Бастық болып сайланған Жақ Ашпасұлының нөкерлері жанында елпілдеп жүгіріп жүрді. Өйтпегенде қайтсін, бөлімнің жұмысы сол емес пе, заңмен бекітілген. Солай! Біреуі аяқ астындағы кілемді сыпырғышпен сыпырып, екіншісі үстіне түскен қарды үрлеп әлек.
Той-тойымен. Кейін сол бөлімде не болғанына көшейін. Жақ Ашпасұлы кабинетінде өзінің біртуар адам, бұл әлемдегі теңдессіз бастық екендігі туралы қызметкерлерінің әңгімесіне ұйы-ы-ып отырғанда есік дүңк етіп ашылып, ішке бір жігіт кіріп келді.
– Бұл не деген бассыздық? Бастығымыздың кабинетіне баса-көктеп кіріп келетін сен кімсің? – деді бас маман.
– Шығыңыз да, қайтадан есікті қағып, біздің ауданымыздың қазіргі қорғаны, алып орманы болып отырған Жақ Ашпасұлынан рұқсат сұрап кіріңіз, – деп шәңк етті жағымпаз әйелдер бөліміндегі Гүлпатша ханым.
– Мен мұнда жұмысқа тұруға келдім, аты-жөнім – Кір Жұқпасұлы.
Жақ Ашпасұлы орнынан атып тұрып, түлкідей жылмыңдап, жаңағы жігіттің жанына жетіп барды. Қолын созып:
– Ассалау... Кір Жұқпасұлы, сізді күткеніме үш күн болды. Маған сізді келеді деп облыстағы бастық Бақ Ашарұлы айтып еді. Қош келдіңіз! – деп еді, анау қолын алған да жоқ. Ішке кірді де, Жақ Ашпасұлының орнына былш етіп отыра кетті. Бәрі аң-таң. Басекеңдеріне қарады да қалды...
Келесі күні Жақ Ашпасұлы көңілді келді. Түнде облыстағы көкесіне жаңа келген қызметшісінің қылығын мәймөңкелеп жеткізгенде ол «бәрін шешем» деген. Кір Жұқпасұлы да келді:
– Мен сізді «нәрмәлній» ма десем, «стучайттап» қойыпсыз ғой.
– Айналайын, менің жұмысым солай – бұл жерде болып жатқанның бәрін жоғары жаққа жеткізу. Олай болмаса, неге отырмын мұнда қонжиып?..
Екеуі біраз тіресіп қалды. Қалта телефондары бірінен соң бірі шырылдай бастады. Анау өз көкесіне, мынау өз көкесіне қоңырау шалуда. Ақыры бұл дауға орталық телефоннан түскен қоңырау нүкте қойды. Ар жақтан қаһарлы да әмірлі дауыс естіледі:
– Әй, боқмұрындар (ол кісі басқаша айтты, боқтап айтты, мен соны жеткізуші болғаннан кейін сөздерін сәл әдемілегім келіп кеткені ғой, әншейін) біреуің – менің әйелімнің подружкасы Мықтыгүлдің ағасы Қақпыштың садикке барып жүрген ұлының досы Ботиктің әкесінің туысы екенсің, енді бірің – менің құрдасым Боряның ағасы Мығымның досы Моняның ағасының баласы екенсің. Енді бұдан былай екеуің бір-біріңе жағымпазданбай, прямой маған жағынасыңдар. Болды!
– Әміріңізге құлдық, басеке!
– Сіздің айтқаныңыз бізге заң ғой...
Екеуі бірінен-бірі асып түсіп жатты. Ақ тер-көк тер болған олардың үні телефон өшсе де, өшер емес...
Тағы да бір апта өткенде жоғары жақтан бұйрық келді. Әуелде бұл жағымпаздануға қарсы министрлік болып құрылуы тиіс екен. Сол «қарсы» деген сөз түсіп қалған ғой. Бір күннің ішінде бүкіл қызметкерлер басқа жұмысқа ауысып кетті! «Опыт» бар ғой.
Жағымпаздануға қарсы министрлік пен оның өңірлердегі басқармаларында қазір конкурс жарияланған. Жұмысқа тұрасыз ба? Әй, білмейм... Маған Жағмин ұнап қалып еді, енді не болатынын!..

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті