1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
7 наурыз 2017
АЕК ПЕ, МАЕК ПЕ?

Түктібай қария шай үстінде әңгімесін төтесінен бастады.
– Талап барады түге! Оқасқа «ақ сызықты бастың» деп 10 АЕК, Сыздықтың баласына «көпірге тоқтадың» деп 15 АЕК салыпты. Ауыл, көлігімен адам тасып нәпақасын айырып отыр еді, оны да құртты. Кеше жер салығы келген.
Кесе ұзатып отырған кемпірі кекештене сұрады:
– Ш-ш-шал-ау, мәйек деген не?
– Мәйек емес, АЕК! Өсе беретін айыппұл.
– Абай атамыз айтпақшы, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді екен. Тауық жылы болған соң «туа береді» дейді де. Сиыр жылы сауып еді...
– Доғар! Әпербақанның әзілін... Келіннен сұрашы, газ, су қаншы бопты?
– Міне, ата, қағазы. 30 мың газ. 7 мың свет. Мектепке де ақша жинайды екенбіз.
– Не үшін?
– Үш мың комиссияға, екі мың пердеге. Бұл «ойыншық аламыз» деп мың теңге сұраған балабақшаны қоспағанда.
– Сиырды сырғалады ма?
– Ол да бар, айтпақшы.
– Талап барады түге! Пенсия жұқ болар емес. «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» дейді. Депутаттарды айтам да! Шетел дейді. Оу, олар АЕК салса – әлеуметтік жағдайы жақсы, жалақысы жоғары болған соң салады. Нанын әзер тауып, қалт-құлт еткен қазаққа АЕК-тің керегі не, ей-а? Екі айыппұлың – бір жалақы. Өкшесі жылтыңдап, шұлғауы шұбатылып жүрген ауылды қашанғы тонай береді осы!
– Шал, шайыңды іш. Шамырқана берсең, «даблениең» шығып кететін әдетің бар-ды.
Кемпірі кемсең қағып, шал шалқасынан жатып тағы бір әңгімені бастады:
– Алмасбектің әйелі қайтыс бопты.
– Қиын заманда арты ашылатын болды десеңші, жиырма мәйек жетер ме екен?
– О, көк ауыз! Жиырмаң не? Болмағанда елу АЕК де. Онда да жетсе. Бейшара баласы АЕК табамын деп Астанаға кетіп еді, тапты ма, жоқ, «тіркелмедің» деп байғұстың өзіне салды ма сол АЕК-ті. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» әйтеуір. Айтпақшы, ауылға депутаттар келеді дейді. Кездесуге. Жұрт ойлайды соларды «есі дұрыс заң шығарады» деп. Тіфу, мә! Олар болса АЕК шығарып әлек. Қара қазақ танасын сатып төлей ме, жоқ тайын сатып төлей ме?
– Бармағыңды тарт. Келін келіп қалса, ұят! Шал, сенің фәктімен сөйлеймін дейтін әдетің бар ғой. Әлгі депутаттардың көзінше залды адымдап өлшеп жүрме. Аяғың – протез. Бәрібір «жүз қадам» шығара алмайсың. Сүрініп кетсең... «Гүлденіп, өркендеп келеміз» де. Бітті!
– Ой, Алла-ай, қартайғанда өтірік айт демексің бе?
– Айт әдіре қалғырды! Өзіңнің қара басың, тыныштығың үшін айт! Балаларыңның болашағы үшін айт!
Кіріп-шығып жүрген келіні сөзге араласты:
– Балаңыздың бір тиын табысы жоқ. Жұмыссыз.
– Шыда, балам!
– Шыдағанда... үйде май жоқ.
– Қатықсыз қара көже ішкен қазақпыз.
– Шай да жоқ!
– Қара суға нан батырып жеген қазақпыз.
– Немереңіздің аяқкиімі...
– Ағасыныкін кисін.
– Көйлегі...
– Әкесінікін кисін.
– Әкесі не киеді?
– Әкесі бәрібір үйде отырған жоқ па?..
– Шатырдан су ағып...
– Нағып айта бересің? Айттым ғой шыдаңдар! – деп.
– Келін, шал дұрыс айтады. Заман өтер. Бәрі де жөнге келер...
Кемпір кетік тісін көрсетіп бір күліп қойды. Міне, содан бері біздің ауыл шыдап-ақ келеді.
 

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ
Төлеби ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті