1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 35 (16221)   3 мамыр, сәрсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
3 мамыр 2017
Мысық

Биыл үйде тышқан пайда болды. Бұрын жоқ еді. Жалғыз менде емес, көрші үйлерде де солай екен. Не істеуге болады? Жұрт «мысық асырамайсың ба?» деп кеңес берді. Асырағанда да үлкендеуін алу керек. Кішісін алсаң, ол өсем дегенше қанша уақыт кетеді.
Содан ОLX жарнамасынан мысық іздедім. Бізге бәрі мысық болып көрінгенімен, бұлардың да сан түрлі тұқымдары бар екен. Бірақ әттең... бағасы қымбат. Кейбіреулері 500 мың теңгеге дейін барады. Ал маған тұқымы жақсы, өзі үлкен, әдемі әрі тегін мысық керек. Еркек болса тіптен жақсы. Балалап бәле болмайды. Ақыры тегін мысықтың біреуін таптым. Сібірлік тұқым екен. Дереу егесіне телефон шалып: «Мысығыңызды кешке барып алып кетейін», – деп келісіп қойдым.
Кеш болды. Қасыма Рүстем деген көршімді ертіп, «Жұлдыз» мөлтекауданына бардық. Егесі орыс кемпір екен. «Келіңдер, отырыңдар» деп ілтипатын көрсетіп жатыр. Арғы бөлмеде бір ересек қыз жылап жүр. О байғұс мысығын қимай жүр екен, сөйтсек. Содан сұрақтар кетті.
– Мысықты не үшін беріп жатырсыздар? – дедім.
– Басқа қалаға көшіп бара жатырмыз.
– Мысығыңыз қанша айлық?
– Айлығы несі, екі жасар...
– А, кешіріңіз... Асылтұқымды ғой, ә?
– Сібір мысығы.
– Ол қандай?
– Қазір көресің, – деді де, «Балу» деп дауыстады. Есіктен тоқтыдай мысық еріне басып кіріп келді. Жүндері ұзын. Әбден семіріп алған. Көріп шошып кеттім. Сөйтсем, сібірлік мысықтардың жүндері ұзын, терісі қалың болады екен ғой. Қайдан білейін?! Кәдімгідей ойланып қалдым. Орыс кемпір мысықты әрең дегенде көтеріп, қолыма берді де:
– Ал, енді тыңда, – деді. – Егер қағаз-қаламың болса, жазып ал.
– Жоқ, есіме сақтап аламын. Айта беріңіз, – дедім.
– Мұның есімі – Балу. Құжаты, міне. 2014 жылдың 1 сәуірінде дүниеге келген, – деді құжатын беріп. «Айдоспен туған күні бірдей екен, ә» деп қойдым ішімнен.
– Мұны екі айда бір рет арнайы клиникаға апарып тексертіп тұрасың. Мынау медкітапшасы. Үш екпесін салғыздым. Қалған жетеуін өзің салғызасың. Мынау шампуны. Айына екі рет шомылдырасың. Мынау сүлгісі. Жүнін міндетті түрде фенмен кептіресің. Әйтпесе суық ұстап қалады. Бұл фенге үйренген, қорықпайды, уайымдама, – деп қояды. Құдды бір мен соны қатты уайымдап тұрғандай...
– «Киткаттан» басқа тамақ бермейсің. Соған үйренген. «Вискас» беріп құдай ұрып қалмасын, ішіне жақпайды. Мынау жастығы. Түнде осыған ұйықтайды. Төсегі жылы жерде болсын. Күнде кешке жүнін тарап бересің. Мынау тарағы. Сосын қатаң ескертетін нәрсе! Канализацияның суын беріп, ауыртып қойып жүрме. Бес литрлік «Тассай» суын алсаң біразға жетеді. Тамақ ішетін ыдысын ас ішкен соң бірден жуып қой. Бірақ «Фэйримен» жуған соң әбден шай. Сабынның иісі шығып тұрса Балу тамақ ішпей қояды, – деп барып тоқтады әжем.
Балудың түріне қарасам, көзін жұмып алып, тіземде пырылдап жатыр. Мойнына «Балу» деген жазуы бар алқа тағып алыпты.
– Балу сипалағанды қатты жақсы көреді. Егер мазасы қаша бастаса алдыңа ал да, сипала. Ашуы тез басылады. Егер ашуландырып алсаң, үйіңнің бәрін шашып тастайды. Далаға шығарма. Қорқып, үрейленіп қалады. Енді сен маған үйіңнің мекенжайын, телефон нөміріңді бер. Екі күнде бір рет телефон соғып, Балудың жағдайын біліп тұрамын.
Бердім, жазып алды.
– Бір сұрағым бар еді. Бұл тышқан ұстай ма? – дедім.
– Тышқан?! Жоқ, ұстап көрмеген. Сонда сен мұны тышқанға салайын деп тұрсың ба? – деді көзі атызданып.
– Иә... Үйде тышқан көбейіп кетіп еді. Соған мысық керек болып...
– Қарағым, сен білесің бе, тышқанда қаншама инфекция болатынын... Балу оны жеп ауырып қалса қайтесің? Бірақ үйде тышқан болып жатса, әрине, Балу қуатын шығар. Мүмкін, қорқытады. Мысықтың иісін сезіп те тышқандар қашып кетеді. Уайымдама, – деп жұбатқандай болды.
Мұндай кезде шұғыл шешім қабылдау қиын екен. Мысықты не алар, не алмасымды білмей отырып қалдым. Рүстемге сыбырлап: «Рәке, не істесем болады?» – дедім. Ол ішек-сілесі қатып күліп отыр. Кемпір де түріме қарап: «Айбек, все порядке? У тебя глаза больше стало чем моего кота», – деп қояды. Мен байғұс не дейін... Сұрап, іздеп келген өзім. Амал жоқ, аюдай мысығын арқалап есіктен шықтым. Жол бойы мысық машинаның салдыр-гүлдірінен қорқып мазасызданған сайын, ашуланып кетпесін деп басынан сипалап қоямын.
Содан үйге жеттім. Әйелім мысықты көріп шошып кетті. «Есің дұрыс па? Кәрі, дәу мысықты неменеге әкелгенсің? Мынаны тойдыра алмайсың ғой», – деп ұрсып жүр. Менде үн жоқ. Егер кемпірдің айтқан талаптарын тізер болсам, әйелім талып құлайтын шығар. Мысық үйдің бөлмелерін аралап, кердең-кердең басады. «Тышқандар Балудың иісін сезіп, жүктерін жинап жатқан шығар» деп іштей өзімді жұбатып қоямын. Төсегін салып бердім. Әйеліме айтпай, табағына «Тассай» суынан құйып қойдым. «Киткат» да дайын. Тарағын, шампунын бір бұрышқа қойдым. Бір кезде телефоным шырылдады. Тұтқаны көтерсем, орыс кемпірім. Балудың жағдайын сұрап жатыр.
– Бір нәрсе айтуды ұмытып кетіппін. Балу еркек мысық қой. Оның күйлейтін кезі болады. Оны дәрігеріне апарсаң, уақытын өзі айтады. Сол кезде бір ұрғашы мысық әкелесің де, бір күнге екеуін бір бөлмеге қамап қоясың. Далада жүрген жабайы мысықты әкеліп жүрме. Бүргесі жұғып кетер. Оны дәрігермен ақылдасасың ғой, – деді.
Шыдамым осыған жетті... Тышқан ауламаса мұның несі мысық?! Енді мысықты бағып-қағу қалып еді. Түнімен дөңбекшіп, таңғы сағат 5-ті әрең болғызып, мысығын егесіне апарып тастадым. Құрысын, бүйтіп тышқан ауламай-ақ қойдым.

Айбек НӘБИ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті