1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №45 (16231)   6 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
6 маусым 2017
Мәшине керек

Қызым «байға шығам» дейді. «Шықсам, тек қана байға шығам, кедейге шықпаймын» дейді. «Дұрыс, айналайын» дедім мен. Менің ойыма бірден төленбей жатқан банктің несиелері түсті. Қызымды байға беріп, несиелерді жапсам, шіркін. Содан кейін өмір бойы несие алмасам...
Бірақ қызым «қазір байға шығу қиын, бай алмайды» дейді. Байға шығу үлкен проблемаға айналды. «Тура апатты жағдайда тұрмыз» дейді.
«Ойбай, неге?» десем, «мәшинем жоқ, мәшинем болса тап бүгін кетейін деп тұрмын...» деп жыламсырайды қызым.
Мәшинесі жоқ қызды бай алмасын деген қайдан шыққан?.. Кім айтып жүр оны? А-а-а? «Айт, ойбай, мұрныңды сүртіп» десем, «қазір бәрі солай» дейді қызым. «Бес-алты жігіт сөйлесті, бәрінің сұрайтыны бір-ақ нәрсе... Тек мәшине!»
«Түрің де әдемі, пигураң да жақсы екен, аяқтарың да түп-түзу... бүгін алар едім, әттең... мәшинең жоқ. Мәшине ғана жетпей тұр, ренжіме, сорри» дейтін көрінеді әлгі иттің балалары.
«Пигурасы күшті, аяқтары түзу, түрі әдемі әрі ақылды, бірақ мәшинесі жоқ сені алғанша, аяқтары қисық, мұрны пұшық, пигурасы нашар, бірақ мәшинесі бар ақымақ қызды алғаным жақсы» дейтін көрінеді әлгі сұмырайлар.
Мен қызыма не айтарымды білмей қалдым. Тура тілім байланып қалды. Әйелім асүйде бірдеңені көк түтін ғып пісіріп жатыр. Ол естіген жоқ мұны. Естісе, ол мына жақты да көк түтін қылады, мен оның мінезін білем ғой.
– Міне, – дейді қызым, – жағдай осы. Байға шығайын десем, бір мотор ғана жетпей тұр.
– Мотор... мотор? Балам, – дедім, – мен қалай істесем екен? Көрші «Жигулиін» сатамын деп жүрген, соны қарызға... – дей беріп едім, қызым шыңғырып жіберді.
– Ойбай, не болды? – десем, қызым: «Папа, тек «Жигули» емес, «Жигулиге» жібі түзу, дені дұрыс күйеу кездеспейді, түрмеден шыққан біреу болмаса, алсаңыз Роллс-ройс немесе Бентли алып беріңіз», – дейді.
«Роллс-ройс, Бентли деген не нәрсе?» десем, қызым сондай машиналар бар дейді. «Мысалы, Роллс-ройспен жүрсем кем дегенде облыс әкімінің баласын ұстаймын, ал енді Бентли немесе Майбахқа мінсем... кем дегенде министрдің ұлын, иә, министрдің ұлын құрықтаймын. Үй де, аппартамент те, шетелге круиз де, бәрі болады. Жүз пайыз гарантия».
Менің үнім шықпай қалды. Құдай-ау, қызым не айтып тұр? «Қызым-ау, сенің есің дұрыс па? – дедім мен, – қайдағы Роллс-ройс, тамаққа ақша таба алмай отырғанда. Төленбей жатқан несиелер анау... Әлде сен байға шығады деп мен банк тонайын ба?.. Өзіміз сияқты қарапайым біреуге шығуға болмай ма?»
– Папа, егер мен бай жігітке байға шықсам, Бентли мәшинем болады, он бөлмелі аппартаментім болады. Байым кешке дейін бизнеспен айналысады. Ал мен бір ғана бала тауып, қолымды жылы суға малып, кешке шейін диванда жатып түрік, корей сериалдарын көремін. Ал кедейге күйеуге шықсам, баспанам жоқ, пәтерден-пәтер жалдап, жеті-сегіз бала тауып, таңертеңнен кешке шейін ит болып жұмыс істеймін. Күйеуім күні бойы диванда жатып түрік сериалдарын көреді. Ұқтың ба? Осы маған керек пе? А-а? Айтшы, кәне?
Құдай-ау, мынаған не айтам... Не десем дұрыс болады?
– Айналайын, – дедім, – барлығыңа Абрамович қайдан жетеді? Байлар тарақан емес қой өріп жүрген? Аппартаментің не? Он бөлмеге қой қамайсыңдар ма? Бір бала тапқан деген қайдан шыққан? Қазақ жетпей жатқан кезде, қазақты құртайын дедіңдер ме? Сәбет кезінде...
– Міне, – деді қызым, – сәбет кезінде... сәбет кезінде, кешке дейін соны айтасың, қазір заман басқа, біз қазір Американы қуып жетіп қалдық. Сен артта қалып қойғансың. Сәбет кезінде бәрі «Жигули» мінген, етікші де, министр де... Қазір министр Майбах, етікші есек мінеді, есек!
– Есек емес, «Жигули» мініп жүр ғой, мына біздің көрші етікші... – дей беріп ем, асүйде бірдеме дүрс ете қалды. Шкаф құлаған екен деп жүгіріп барсақ... қатыным! Жатыр көзі алайып. Бетіне су шашып, әрең тұрғызып алдық.
– Өй, саған не болды? – десем,
– Қайыршы, мен саған су тегін тиіппін ғой. Не деген ақымақпын, не деген жындымын, – дейді басын шайқап.
Мен тура жынданып кете жаздадым. Мыналар ақылдасып алған ба?
– Кім тегін тиді? Сен бе, с-с-сен бе... – тұтығып қалдым. – Әй, мен сені неше рет киноға апардым емес пе, ұмыттың ба, а? Ұмыттың ба? Киноға тегін апарды дейсің бе? Оның бәрі ақша. Тағы да есіңде ме... Буфеттен қанша рет пирожок әпердім, есіңде ме? А-а? Ал зоопарктің билеті? Драмтеатрдың билеті... а-а? Аузың «морожныйдан» босамайтын. Мұндайыңды білсем, барлық пирожоктардың чегін сақтап қояр едім.
Осылай дедім, тура күйіп кеттім, маған тегін тидім дейді. Қалай айтады ұялмай...
Жігіттер, жігіттер... Көрдіңдер ғой, чектеріңді жоғалтпаңдар.
Әйелім сұңқылдады:
– Пирожок дейді, пирожок. Пирожокты айтуға қалай ұялмайсың сен? Мәшинесі бар қанша жігіт менімен сөйлескен еді, соның біріне тимей, әттең, әттең, қандай ақымақпын... Енді, міне, қызыңа Роллс-ройс ала алмай отырсың. Кешке дейін жейтініміз тек роллтон. Роллтон көрсем құсқым келеді, ойбай, құсқым...
– Роллтон, роллтон.... Біз қазір тек доширак жейміз, роллтонды ұмыт, – дедім кеудемді көтеріп.
Қысқасы, қызымның айтқанынан ұққаным, жақсы мәшине әперсем, жақсы байға тиеді екен. Жаман мәшине әперсем, жаман байға тиеді екен. Ал мәшине әпермесем, мүлдем байсыз қалатын көрінеді.
Мен таңғалдым, бұл не деген мораль? Мұндай моральмен біз қайда барамыз, а?
Әрі ойланып, бері ойланып, бұл мәселені шешу жалғыз менің қолымнан келмейді екен деп шештім. Бұл тамыры тереңге кеткен мәселе сияқты, өкімет көмектеспесе... Баспана мен Бентлиді мына күйіп тұрған заманда қалай әперем? Өкімет бір жағына шықпаса...
Құрметті жолдас премьер-министр мырза! Қыздар байға шыға алмай жатыр, жігіттер қатын ала алмай жүр. Үйленгендердің жартысы баспанасыз өмірден шаршап айырылысып жатыр. Статистика солай дейді.
Көмектесіңіз! Бәрі ақшаға, баспанаға тіреліп тұр. Теледидардан, газеттен, радиодан бәленбай деген министрлікте түгенбай миллиард игерілмей қалыпты деп естиміз.
Құрметті жолдас премьер-министр мырза! Осы миллиардтарды жаңа үйленген жастарға тегін, иә, тегін баспана салып беруге жұмсауға болмай ма? Қазақ жастары үйленбесе қазақ қайдан пайда болады?
Ой, кешіріңіз, құрметті премьер-министр мырза! Қызым мен қатыным миды ашытып... Қайдағыны айтып кетіппін. Бәрі тамаша! Бәрі жақсы! Байқамай тек асүйде ғана айтатын әңгімені қағазға жазып жіберіппін.
Мен қазақтың жігіттеріне ренжимін. Құдай-ау, «Жигулиі» бар қызға үйлене салса болмай ма, тіпті «Жигулиі» болмаса да...
 

Қабдырахман ОТАРБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Әділ | 9 маусым 2017 16:35
мына жақты да көк тутін қылады деп қатырады екенсің, ия олар сондай
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті