1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №45 (16231)   6 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
6 маусым 2017
Білгір шәкірттер

Мұғалім ең ересегі он жасқа толар-толмас оқушыларының бастауыш сыныпты бітіретін соңғы сабағын өткізіп жатып, тұлымды түлектерінің білім деңгейін, ой-өрелерін байқамақ болып соңғы сұрағын қояды.
– Еліміз ілгері озып, бұдан да тәуір тұрмыс орнау үшін нендей өзгерістер қажет деп ойлайсыздар? – деп еді, бүткіл бала қол көтеріп: «Мен айтайыншы» деп жарыса шулағанда, мұғалім «қандай ғажап!» деп мәртебесі өсіп марқайып қалды.
Не дер екен деп, сыныптағы үлгерімі өте нашар оқушысына алғаш рет мейірім төге ілтипатпен «сен айта ғой» деп еді, кідірмей айта жөнелді.
– Экономикамыз түзелді. Ендігі жерде саяси реформа қажет. Билік халыққа жақындап, көптің мұң-мұқтажын тыңдағаны жөн. Коррупцияны ауыздықтап, әділ де тәуелсіз сот үстемдік құрып, нағыз демократия жолымен нық қадам басуымыз қажет, – дегенінде, мұғалім: «Айналдым, айтқаның келсін, қысқа да нұсқа қандай ғажап тұжырым айтылды», – деп, оны әрі қарай айтқызбай отырғыза салды.
– Ал кейін өздерің халыққа қайтып қызмет еткен жөн деп санайсыңдар? – деп еді, ойпыр-ай, бар оқушысы қол көтере, кейбірі «мен айтайыншы» деп ентелеп орындарынан тұрып кетіпті.
Артқы жақта ылғи да жым-жырт өзімен-өзі отыратын маубас оқушысының да селқос көтерілген қолын байқап: «Сен айта ғой», – деп жанына тақап барып тұрды.
– Депутат болған жөн... Біз есейгенге дейін депутаттардың өкілдігі артып, үкіметті толық айтқанына көндіретініне сенімдімін. Сонда халықтың жағдайы жақсарады, нағыз демократиялық ел болуға қадам жасалады, – дегенінде, мұғалім бұл оқушысының басынан сипап, маңдайынан сүйді.
Мұғалім бір сәт «ойпыр-ай, сыныптағы маубастың жауабы мынау, ал қалған қағілез де қағып алма жиырма шәкірті бұл сұрақтың майын тамызып, түбін түсірері сөзсіз-ақ!» деген ойға беріліп, ер кезегі үшке дейін – сырт әлемнен сырғып сыныбына еніп, «қалай болар екен, не дер екен...» деп жүрексіне білгір саналатын оқушыларына:
– «Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге –
Ықыласпен тоқылық!» – деген өлеңді қай аталарың айтып еді? – деп еді, ойпыр-ай, үнсіздіктен шыбын ызыңы естілгендей.
Мұғалім мына үнсіздіктен ыңғайсызданып, оның үстіне бүгінгі бастауыш сыныпты бітірер соңғы сағаттарында тығырыққа тіремей-ақ қояйын деп: «Олай болса, бастауышпен қоштасар сәтте, біріңнен соң бірің тұрып, екіліктен тартып ондықпен аяқталар көбейту кестесін айтып жіберіңдер», – деп еді, жым-жырт... шыбынның да ызыңы естілмейді...
Мұғалім бір сәт орнай қалған өлі тыныштықтан өзі де қобалжып: «Ата заңға қандай өзгерістер енгізген жөн?» – деп қалғанын аңғармай да қалды. «Мен айтайыншы!» деген айқайдан селт етіп, сол сәт айналайын қоңырау соғылып, мұғалім білгір шәкірттеріне риза кейіппен: «Алдарыңнан жарылқасын, осыларыңнан танбаңдар!» – деп батасын беріп қала берді.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті