1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №45 (16231)   6 маусым, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
6 маусым 2017
Нарша ақын

Нарша Қашағанұлы туралы Жамбыл жерінде көп айтылады. Ақынның о дүниелік болғанына бірнеше жыл өтсе де, Жамбыл жұртының Нәкеңді құдды кеше көріп, қол алысып, амандасқандай арқалы ақынның аңғал мінездерін, әпенділігін, тауып айтқыштығын сан түрлі құбылтып, аңыз ғып айтып, аузынан тастамай жүруінен елдің оған деген зор сағынышы мен құштарлығын байқайсыз. Шынында, Нарша ақын әлі күнге әдемі ғана жымиып қойып, сол Талас жерінде, болмаса Ақкөл ауылында, әйтеуір, қарт Қаратаудың бір бөктерінде ел аралап, қонақ болып, өткір әзілімен елді күлкіге көміп жүргендей көрінеді де тұрады...
Журналист Ерман Әбдиев Нарша ақынның көзі тірісінде айтқан әңгімелерін, әзілдерін көптен бері жинастырып жүр. Арқалы ақынның мінезін, болмысын дөп басып суреттей білген осы әңгімелердің бір парасын беруді жөн көрдік.


«АДАМ КЕРЕК ПЕ, ИТ КЕРЕК ПЕ?»
Сонау 90-жылдардың соңында Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына ауысып, жұмыс жоқтықтан бұрынғы орталық Ақкөлден елдің үдере көшіп жатқан кезі. Кезінде көзге алыстан менмұндалап көрінетін ғимараттардың іргесі сөгіліп, біраз үйдің бұзылып, тек Нәкеңнің үйі ғана қалады. Уақытында «Ақкөлден көшіп жатыр талай адам» деп өлең жазып, алтын бесігі ауылдан көшіп жатқандарды тоқтатпақ болған ақын қалай қисын туған мекенін.
Ол кезде мен Ақкөл орта мектебінде мұғалім боп жүрген кезім. Бірде шалғай ауылда тұратын жездем келіп: «Осы Нәкең үйін сататын шығар, барып саудаласып қайтайық», – деп қолқа салды. Шілденің кезі, күн ысып тұр. Нәкең ауласына киіз үй тігіп қойған екен. Сыртқы темір қақпадан басымды ғана сұғып: «Ит бар ма?» – деп айқайладым. Араға біраз уақыт салып киіз үйден шыққан Нарша аға: «Әй, сендерге ит керек пе, адам керек пе?» – дегені.
Қапелімде үй алғыш жездем екеуміз ұялып қалдық.

«ЕРКІН АЛЫССЫН ДЕДІМ...»
Ақкөлден таңертеңгі елең-алаңда шыққан жеңіл көлік қара жолда ағызып келеді. Рульде Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Нәкеңнің ағасы Берден Байқошқаров. Қасында Нарша. Он шақты шақырымды артқа тастаған кезде алдарынан есік пен төрдей арлан қасқыр кесіп өтеді. Бекең оны жолсыз жазықта көлігімен қуып береді. Тағы бес-алты шақырымдай жүрген кезде қасқыр ескі бір базаға кіріп кетеді. Қосауыз мылтығын қолына алған Бекең көліктен түсіп, түз тағысының артынан кіреді. Тек төбесі ғана жабық, айналасы сыммен қоршалған баз іші Наршаға анық көрініп тұрады.
Бекең қасқырды екі рет атады. Бірақ бытыра оққа елең ете қоймаған арлан аңшының өзіне қарай шабады. Бекең де тұра ұмтылып, мылтығының дүмімен екі мәрте салып өтеді. Қасқыр сәл ғана ауырсынғаны болмаса, құлай қоймайды.
Ендігі сәтте жекпе-жек айқас басталады. Ырылдап, айбат шеккен арланға Бекең де батылдана, жігерлене тап береді. Бірнеше мәрте қолындағы мылтық-шоқпарымен аямай соққылайды. Ал Нарша көлік ішінде тапжылмай, бәрін бақылап тұрады. Әлден уақытта қасқырды сұлатып салған Бекең Наршаға «арқан әкел» деп айқайлайды.
Шала-жансар жыртқыштың аяқтарын мықтап тұрып байлаған ағасының ашулы екенін байқаған Нарша үнсіз тұра алмайды.
– Бәке, бәрін де көріп тұрдым. Үй тағысы мен түз тағысының айқасы еркін, оңаша болсын дедім. Сізге қарсы ұмтылған бұл арланыңыз да осал емес екен, – дейді.
Әрі қасқырмен алысып ентіккен, әрі інісінің көмекке келмегеніне ашуы келіп тұрған Бекең мына сөзге еріксіз күліп жіберіпті.

«ШЫДАҢДАР, МЕН ДЕ АШПЫН»
Талай тарландарды түлетіп ұшырған ҚазМУ-дың қабырғасында ұзақ жыл оқыған сабаздардың бірі – Нарша Қашағанұлы. Бас-аяғы 17 жыл оқып, қолына дипломын алады. Сыртқы бөлімге ауысып, әр жылдары сессияға барған Нәкең ауылдан келген жастардың жағдайын сұрап тұратын болса керек. Нәкең ол кезде ақындығымен танылған. Жанында өңшең «ақындық әлемінің» сұңқарлары жүреді. Сондай жақсы-жайсаңдармен «ҚазГУ-градқа» жиі бас сұғатын Нәкеңе ауылдан келіп, білім алып жатқан інілері жапа-тармағай сәлем береді.
Сонда Нәкең: «Қалайсыңдар, қарындарың ашып жүрген жоқ па?» – деп, жанашырлық танытып қоятын болса керек. Інілерінің бәрі: «Ой, аға, бәрі жақсы, қарнымыз аш емес...» – деп жауап беретін көрінеді.
Бір жолы осы жай тағы қайталанып, Нәкең өңшең ақындармен келе жатқанда, інілері амандасып, хал сұрасады. Нәкең тағы да: «Қалайсыңдар, аш емессіңдер ме?» – деп сұрапты. Сонда ҚазМУ-дың заң факультетінде оқып жүрген інісі Әбиірбек Қонысбаев: «Аға, шынымызды айтсақ, ашпыз...» – депті.
Нарша ондай жауапты күтпесе керек, сәл ойланып: «Айналайын, шыдаңдар, мен де ашпын...» – деген екен.

«БІЛЕЙІН ДЕГЕНІМ ҒОЙ...»
Бірде Нәкең жанында ұятты кісілер бар, аудандарды аралап жүріп, түстенуге бір таныс інісінің үйіне түсіпті. Сөйтсе, үйде інісі жоқ екен. Келіні дастархан жайып, алайда тек шаймен қатырса керек. Үш құман шай түгесілген, елдің қарны ашып отыр. Үйде інісі де жоқ, болмаса «қазан көтер» деп айтуға болатын еді. Содан бағанадан бері ыңғайсызданып отырған Нарша:
– Рақмет, келін, шай іштік, енді біз тұрайық, – депті.
– Отырмадыңыздар ма, мен бір нәрсе қуырып жіберейін, – депті келіні.
Сөйтсе, Нарша: «Жарайды, соны білейінші дегенім ғой...» – деп қайта отыра кетіпті.

«МОЙНЫМ АУЫРЫП КЕТТІ»
Нарша ағаның аудандық мәдениет бөлімін басқарып тұрған кезі. Күнде бухгалтерлік құжаттарға қол қоймаса, толып қалады құрғырлар. Сол тұста аудандық қаржы бөлімінде Айгүл есімді бойы ұзын келіншек жұмыс істесе керек. Мәдениет бөлімімен арадағы құжаттарды реттеуге көбіне сол Айгүл келеді екен.
Бірде Нәкең сырқаттанып үйінде жатса, шұғыл қол қойдыру керек болып тағы сол ұзын қыз келеді. Нарша жерде жатыр, Айгүл қасында түрегеліп тұр. Нәкең етпеттеп жатып құжаттарды алу үшін қайта-қайта Айгүлге қол созады. Сөйте-сөйте мойны талған Нәкең: «Айналайын, Айгүл, қолымды, мойнымды соза-соза өлдім ғой, қасыма жатшы», – дейтін көрінеді.

Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті