1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №55 (16241)   11 шілде, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
11 шілде 2017
Ұйықтап қалсам екен...

Мен бүгін жұмыстан көңілді оралдым. Енді ше, жалақымыз 10 пайызға көбейетін болды. Қуанышымда шек жоқ. Жағымды жаңалықты әйеліме жеткізгенше асықтым. Үйге келсем, келіншегімнің көңіл күйі пәс. Оны да түсінуге болады. Бірақ ол бүгінгі жаңалықты білмейді ғой. Әзірше, әрине. Арсалаңдап кірген бойда ту сыртынан құшақтап, шөпілдетіп сүйіп алдым. Мұндай қылығымды бұрын-соңды көрмеген әйелім жақтырмай, бетін тыжырайтты. Бірақ оған мән берген мен жоқ.
– Кемпір, шәйіңді дайында. Дастарқанға барын салшы, –дедім қутыңдап. Бетіме ожырая қараған ол:
– Үйде түк жоқ. Нан мен қара шай ғана. Әне тұр, өзің іше бер, – деп шаңқ етті.
– Жарайды, бүгінше нан мен шай ішейік. Ал ертең шұжық пен сары май жейміз.
– Қайдағы шұжық, қайдағы май?
– Енді үндемесейші. «Құдай берем десе, терезе мен тесіктен де береді» ғой.
Аузыма түскен бұл сөзге өте разы болып, жымың-жымың етіп қоямын. Жалақымның 10 пайызға көтерілгенін естігенде есі шығып қуанған әйелімнің келбетін көз алдыма әкеліп те үлгердім.
– Шұжық пен сары майың қымбаттады, – деді ол жайбарақат қана.
– Онда ет пен жұмыртқа жейміз.
– Ол да оңып тұрған жоқ.
– Ірімшік, айран, сүт, қаймақ, – дедім мен де өршелене түсіп.
– Азық-түліктердің барлығы қымбаттады. Алатын 70 мыңыңды қайда жеткіземін?
–Жоқ, 70 емес, бүгіннен бастап 77 мың. Айлық көтерілді, – дедім мен қуанышымды бұдан әрі жасыра алмай.
– Қызың биыл 11-сыныпты бітіреді, – деді әйелім тағы да селқос қана.
– Тамаша!
– Киетін көйлегі жоқ.
– Аламыз.
– Туфлиі де тозған.
– Табамыз.
– Банкеттері болады. Ақша жинап жатыр.
–Береміз.
– Грантқа іліне алмай қалса, оқуға түсіру керек.
–... көреміз. Болды ма?
–Жоқ. Болған жоқ. Ұлың 9-сыныпты бітіргелі отыр. Олардың да отырыстары бар.
– Болсын.
– Ол да «костюм-шалбар алам», – дейді.
– Алсын.
– «Колледжге барам», – дейді.
– Барсын.
– Анау кішкентайың да....
– Жарайды, бас қатырмай тоқ етерін айтшы. Кімге не, қанша керек?
– Енді өзің есептей бер: қыздың көйлегі құрығанда – 40 мың. Біреу емес, екеуін алуы керек. Туфлиі – 20 мың. Банкеті – 15 мың. Суреті –10 мың.
Менің екі құлағымда тұрған екі езуім салбырап төмен түсті. Әйелім түңілген түріме қарайтын түрі жоқ. Жалғастырып жатыр:
–Кішкентайды қойшы. Бір мәнісі болар. Киімін жамап-жасқасам да, жалаңаш қалдырмаспын. Ал ана 9-сыныпты бітіргелі отырған жүгермегіңнің киім-кешегі мен кафесіне құрығанда 70-80 мың теңге керек.
Менің көзім қарауытып, басым айналды. Ақылым айран, ойым ойран. «Еще ет пен шұжық жеп, қаймақ пен сүт ішкім келеді. Ал енді ішіп, жеп көр», –деймін өз-өзіме кіжініп.
Осы кезде кішкене балам кіріп келіп, алдыма отыра кетті.
– Әке, әке, – деді мені түрткілеп.
– Не?!
Оқыс шыққан даусымнан шошып кетсе керек, көзі мөлт-мөлт еткен балам жәутеңдеп шешесіне қарады. Қателігімді түсінген мен ұлымның маңдайынан сипап, бетінен сүйдім. Даусымды мейлінше бәсеңдетіп:
– Айта қойшы, құлыным, не болды? – дедім.
– Әке, қарным ашты. Айран ішкім келеді.
– Ішейік. Бірақ бүгін емес, ертең. Қазір шаршап тұрмын, – дедім де, лып етіп көтеріліп, жатын бөлмеге кіріп кеттім.
Телевизорды қоссам, жаңалық жүріп жатыр. Жүргізуші: «Депутаттардың жалақысы 50 пайызға артып, 1 миллионға жетті», – дейді. 1 милли-и-о-о-н! Мен өз құлағыма өзім сенер емеспін. О құдайым-ау, ондай да жалақы болады екен-ау. Журналистерге сұхбат беріп тұрған сақалды депутат сайрап тұр:
«Біз халық үшін қызмет етеміз. Халықтың қамын ойлағанымыз сонша – күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмыттық. Ләж жоқ, сессия барысында көз шырымымызды аламыз. Қалғып-мүлгіп отырып-ақ қаулыны да қабылдап, заңды да шығарып жатырмыз. Мемлекеттік қызметкерден неміз кем? 1 миллионға еңіріп жүріп енді ғана жеттік. Айлығымыздың артқанына ағайындар көз алартпай-ақ қойсын. Біздің де құлқын, біздің де құлындарымыз бар».
Осы кезде менің де құлынымның: «Әке, айран ішейінші» деген даусы шықты.
Шешесі мені «ұйықтап жатыр, мазасын алма» деп шыр-пыр болуда.
Ал баланың қыңқылы басылар емес. Мен көзімді тарс жұмып, басымды бүркеп алдым.
Иә, шынында да, ұйықтап қалсам екен. Ұйықтап... Ұйықтағанда – мәңгілікке... Шаршадым...

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті