1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №64 (16250)   15 тамыз, сейсенбі 2017
"Жас Алаштың" сатиралық беті.
15 тамыз 2017
Мейірімді мемлекет

Жұмыр жердің бетінде дәл осындай мейірімді мемлекет бар да шығар, жоқ та шығар. Олай-былай шығып көрмегесін кесіп-пішіп айту да қиын екен. Бір білерім – біздің мемлекет өте-мөте мейірімді. Халық үшін, ел үшін шыр-пыр болады да жатады. Бұл үкіметтің халыққа деген қамқорлығын, жанашырлығын дәлелдеймін десеңіз мың сан мысал келтіруге болады.
Бізде төтенше жағдайлар қызметі бар. Бірақ бұл мекеме жаны қысылған адамға көмекке келетін, адам жаны үшін от пен судан тартынбайтын, бесқаруын асынған жігітті емес, ауылдарда күннің шуағында ақыл айтып отыратын мейірімді әжейді елестетеді. Болмашының бәрін уайымдап отыратын ондай әжелер бәріңіздің естеріңізде болар. «Самауырдан су ағыпты десе, Сарыарқаны су алыпты» дегендей асыра сілтеп жүруші еді ғой. «Әй, балдар, мына күннің райы жаман, шөптеріңді ертерек жиып алыңдар. Жауын-шашын деген аяқасты, қалың киімдеріңді ұмытпаңдар» деп мазасызданып отырушы еді ғой. Біздің мына мекеме тура сондай. Алты ай қыста тоқсан күн бойы «Үшарал – Достық тас жолы жабық, бұрқасын» деген хат жазып шықты. Күні ертең сол жақтан келін алып, иә болмаса сол маңға қыз ұзатып барып та қалуымыз мүмкін-ақ шығар. Әл-әзір жол түсіп тұрған жоқ. Бір үйде тұратын бесеуіміздің де, нан тауып отырған қызметіміздегі бір кабинетте отыратын төртеуіміздің де табанымыз тимеген жер екен. Бірақ сол тоғызымызға күн сайын хат келіп тұрды. Қыс бойы «ойбай, мына қардың жауысы жаман, қазірше жолға шықпай тұра тұрыңыздар» деп шыр-пыр болды. Не деген қамқор, не деген мейірбан, не деген жанашыр мекеме. Мұндай мейірімді мекеме өзге мемлекетте бар да шығар, жоқ та шығар. Көктем шығып жер аяғы кеңігенде енді тынатын шығар дегенбіз. Жо-о-о-қ. Күн сайын «селдің қаупі бар» деп ескертумен болды. Қар еріп, су сіңіп, селдің беті қайтқанда тынатын шығар дегенбіз. Жо-о-о-оқ. Дауыл деді, жел деді, боран деді. Жаз шығып еді, «ойбай, ертең күн қатты ысығалы тұр» деп хат жазумен әлек.
Жә, оған бола неге шыр-пыр боласың дерсіз. Қаламасаң ашпа, оқыма дерсіз. Оған да көндік. Бірақ миыма бір сайтани ой кіріп алып, маза берер емес. Күн сайын ұялы телефонымызға жіберіліп жатқан «жанашыр хаттардың» бәрі тегін болса қоя салайын. Ал егер әр жіберілген «жанашыр хат» үшін мейірімді мекеме сіз бен біздің салығымыздан жиналған қаржыдан байланыс операторларына үш теңгеден төлеп тұратын болса ше? Атай көрмеңіз. Олай болса бұл мекемеңіз қар мен жаңбырдан сақтандырып келіп, өз үйімізде тыныштан-тыныш отырған жерімізде қан қысымымызды көтеріп жібермей ме... Өйткені жаңағы «жанашыр хатты» 7 миллион адамға жібергенде бір ғана сақтандыру үшін 21 миллион теңге кетпей ме? Ал Мұндай хатты олар екі тілде жібереді. Мемлекеттік тілді білмесе білмесін, олар да Құдайдың жаратқан пендесі, олар да осы елдің азаматы деп жанашырлық танытатын болса керек, ресми тілде де бір ескертіп қояды. Алда жарылқағырлар-ай.
Әй, айналайындар, бізге жандарың ашығаны жөн-ақ, бірақ кішкене ақшаларыңды үнемдеңдер. Дос бар, дұшпан бар дегендей, мына ЭКСПО-ларыңды абыроймен өткізіп алыңдар, бар ақшаны шашау шығармай сонда жұмсаңдар деймін ғой. Жо-о-о-қ, олар өйтпейді. Ел аман болсын дейді ғой.
ЭКСПО демекші, осы көрме арқылы да біздің үкіметтің соншалық жанашыр екені көрінеді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің бәрін қолынан жетелегендей етіп апарып жатыр. Дұрыс. «Жақсыны көрмекке» деген. Көрсету керек. Бізді қинап апару керек. Қинамаса жүре береміз. Бұл біздің бала күнімізден қанымызға сіңген қасиет. Ойын баласы кезімізде өз еркімізбен үйге қайтып, тамақ ішкен кезіміз бар ма? Жоқ! Шешелеріміз ойнап жүрген жерімізден шырылдатып жетелеп алып кететін. Егер олай етпесе аштан-аш ойнап жүре беретін едік. Бұл да солай. Тіршілікке алданып рухани аштан-аш күйімізде жүре береміз. Бізді осы үкімет жанашырлықпен шешелеріміз құсап жетелеп апаруы керек.
Енді білім министрлігіне келейік. Не деген көреген тірліктер бастап жатыр үлкен жанашырлықпен... Ал біз тағы да кері тартамыз. Түсінбейміз. Айналайындар-ау, заман да, адам да жаңарып отырады. Жаңа заман келе жатыр. Дүбәра заман. Біз сол дүбәра заманға лайықталып өзіміз де дүбәра болуға тиіспіз. Ендігі заман дүбәралардың заманы. Қаймағы бұзылмаған қазақ боламын десеңіз, осы орныңызда қалып кетесіз. Дүбәра болудың жолы қандай? Оны, міне, осы бір жанашыр министрлігіңіз көрсетіп берді. Балаңның белі бесіктен шықпай жатып үш тілді оқыт. Тілін бұз, санасын қойыртпақ қыл. Болды. Сөйтсеңіз, кейін осы министрлік жасап жатқан адам түсінбейтін бағдарламаларды меңгеріп-ақ кетеді. Әйтпесе «біздің кезімізде мұндай жоқ еді» деп отыратын сіз құсап жүреді, болмашыға басы жетпей. Көрдіңіз бе, министрліктің жасап жатқан ізгі ниетті шаруаларын. Біз бейшара оны ұқпаймыз. Қашан болсын, әйтеуір, кері тартып отырамыз.
Бұлай болмайды, ағайын. Осылар бірдеңе біліп істейтін шығар. Олар да оңай адам емес. Мен білсем олар шетінен ғұлама. Әйтпесе ондай биік лауазымға қалай қолы жетеді? Сондықтан «өзің білме, білгеннің тілін алма» дегендей қылмай, осылар не айтса да көнуіміз керек. Бұлар сол бүкіл әлем өзгеріп дамып жатқанда, біз бір орында қалып кетпейік дейтін болса керек.
Кеше кім болдың? Скиф, сақ, ғұн болдың. Сол бабаларың ғұн болып қалып кетпей, қазақ болды. Енді біз де қазақ болып қалып кетпей, бір орында тұрып қалмай, тіршілік істейік дейтін шығар... Беті аулақ...
Адамзат баласының он сегіз мың ғаламдағы бес аяулы мекені болған жұмыр жердің бетінде дәл осындай мемлекет бар да шығар, жоқ та шығар... Олай-былай шығып көрмегесін кесіп-пішіп айту да қиын екен.

Бейбіт САРЫБАЙ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті